• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әдебиет 25 Шілде, 2023

Ғафу «феномені»

454 рет
көрсетілді

Қазақ өлеңіне олжа салған өрен жүйріктің бірі – Ғафу Қайырбеков. Оның жан-жақты талант иесі болғанын көзіқарақты қауым жақсы біледі. Ағыл-тегіл ақындығынан бөлек, прозашылығы, көсемсөздігі – бір-бір тақырыпқа жүк болады. Айтқыштығы мен әншілігі де керемет.

Ғафекең Қасым Аманжоловтың «Дариға, сол қыз» әнін нақышына кел­ті­ріп шырқағанда, кәсіби әншілердің өзі жіп есе алмайды деп айтады. Ал аудар­машылығы туралы сөз мүлде басқа. Әдебиетіміздегі аударма өнерін биікке көтерген санаулы саңлақтың бірі. Ол тәржімалаған Рудаки, Байрон, Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Шевченко, Мақтымқұлы, Лев Толстой, Куприн, Короленко, Бунин, Есенин және тағы басқа да әлемге әйгілі ақын-жазушылардың шығармалары қазақ­тың өз төлтуын­ды­сындай қабыл­дан­ды. Соның ішінде авардың атақты ақыны Расул Ғамзатовтың «Менің Дағыс­таным» атты көлемді еңбегін бір апта ішінде аударып, баспаға дайындап бергені талайды қайран қалдыр­ған. Бұл кітап кезінде оқырман қолы­нан­ түспеген туындыға айналды.

Айтулы ғалым, сыншы Шериаздан Елеу­кенов «Мен білетін Ғафу» атты эссе­сінде осы жинақтың қалай ауда­рыл­ғаны туралы егжей-тегжейлі жазыпты. 1973 жылы Алматыда Азия және Африка елдері жазушыларының V кон­фе­ренциясы өтетін болып, соған дайын­дық бас­талады.

«Менің Баспа комитетінде істейтін кезім. Біздерге үш ай мерзімнің ішінде алпысқа тарта Азия және Африка жазу­шыларының кітаптарын биік сапада, әдемілеп шығару жүктелді. Күні емес, сағатына белгілеп, қатаң гра­фик жасадық. Бәрі ретімен дұрыс жүріп жатыр. Тек бір ғана кітап көңі­лімді алаң қылады. Аудармашы қол­жазбасын әлі «Жазушы» баспасы­на тап­сырып үлгермеген. Бұл жауапты­ ба­сылым. Расул Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным» атты атақты шығар­ма­сының екінші кітабы. «Жазушы» бас­пасының директоры Әбілмәжін Жұмабаевқа телефон шалып:

– Мына бір кітабың кешігіп барады. Аудар­машысы кім еді? – деп сұрадым. Әбе­кең бір сыйлы ағамыздың есімін атады. Өзі қызметінен түсіп қалып, рен­жіп жүрген ағамызды мазалап, тақақ­татқым келмеді. Үндемедім. Оның үстіне «Менің Дағыстаным» кітабы­ның бірінші бөлімін аударған сол кісі-тін. «Үлгірер» деп ойладым да, үндемедім. Сөйтіп жүргенде бір күні полиграфистер келіп:

– Шериаздан Рүстемұлы! Егер «Менің Дағыстаным» кіта­бы­ның­ қол­жаз­басы бір аптаның ішін­де­ қолымызға тимесе, бізге өкпе­ле­мей­сіз. Одан әрі кешіксе, техни­калық жағы­нан еш мүм­кіндік қал­май­ды, – деп қарап тұр. Амал­сыздан жаңағы ағамызға телефон соқтық. Сөйтсек, ол «Кешірерсіздер, менде аудар­ма жоқ, – деді үзілді-ке­сілді. Мұны есті­генде маңдайымнан тер­ бұрқ ете түсті. Р.Ғамзатовтың дүріл­деп, басынан құс ұшпай тұрған кезі. Оның кіта­бын­ құлатсаң – бір­та­лай­ымыз бірге құлай­мыз. Ой дегенің осын­дайда басыңды даң қылады екен. «Ал керек болса...Кім саған ауда­руы қиын көр­кем кітапты бір жеті­нің ішінде үлге­ріп, тәржімалап бер­мек? Және Р.Ғам­затов ақын екенін ұмыт­паңыз. 12 баспа табақ прозасы аздай, оған үсте­мелеп мың жарым жол өлеңін және қосқан. «Қиналған Жам­был жері осы» дегендей, миымды қазып, қалам­гер атаулыны ойша тізбек­теймін. Есіме түскендердің бірі кө­кейі­ме қонбайды. Бірі шабан және бап­ тілейді. Екіншісіне редакция керек. Оған уақыт қайда? Ау, сонда кім ау­дар­мақ? Кенет Құдай сәтін салып, Ғафу­­дың есіме түсе кетпесі бар ма. Теле­­фон соғып, мән-жайды айтып жалы­­нып жатырмын. «Мерзім – бір апта яғни жеті күн! Жақсылығыңды ұмыт­паймыз!» – деймін. Тілеуің бергір:

 – Жарайды, тез жіберт кітабыңды! – деді.

Өзі де ұзақ жылдар «Жазушы» баспа­сында поэзия редакциясының мең­герушісі болып істеген арқалы ақын баспа кестесінің қатал заңын жақ­сы біледі. Сондықтан күндіз-түні бас алмастан еңбек етіп, аударманы дәл уақытында аяқтайды. Осы жерде Шериа­здан ағамыз жазған эссенің үзін­дісіне оралайық.

«Бізді қуантып, дәл жеті күн өт­кен­де, қолжазбаны әкеп тапсырды.­ «Ма­шинкаға баспай-ақ қой. Жазған күйін­де алып кел»,  дегем. Ғафекеңнің жазуы қандай еді. Әр әріпті бұзбай, мар­жандай етіп түсіруші еді ғой саба­зың. Аударманы парақтап қарап отыр­ған­да бір аңғарғаным, еш жерінде түзету жоқ.

– Ау, Ғафеке, мына түсірген сөз­де­­рі­ң­нің бірінің үстінде шимай жоқ. Сон­­да не, жазғаныңды қайта көшір­дің бе?­

– Е, жоқ-а. Құдай құлағыма қалай сыбырласа, солай түсіре бердім.

– ?!

Біз өзіміз бір сөйлем аударсақ та, әлек-шәлегіміз шығып, бір жазғаныңды екін­ші қайтара түзеп, әуре-сарсаңға түсе­міз. Ал мына Ғафу даңғылға түс­кен «Волгадай» жүйткіген де отырған. Оны айтасың-ау, мың жарым жол өлең тәр­жі­масының бір жолына түзету енгі­зіл­меген. Осының бәрі миыма жеткенде, орысшалап:

– Феноменально! – деп айқайлап жіберіппін» (Ш. Елеукенов. 8-том. 64-65 бет).

Шынында да, адам таңғаларлық құбылыс. Мұндай жағдай әлем әдебиетінде де сирек кездеседі. Соны білгенде, Ғафу Қайырбеков феноменіне бас иесіз.