Жер бетінде қызғылт түске боялатын көлдер көп емес. Соның бірі – Ертіс-Баян жерінде орналасқан Коряков көлі. Биыл айдынның суы тартылып қалғаны жайында аумақтағы тұрғындар дабыл қағып жатыр. Ал экологтер ежелден тұз өндірілетін көлдің келешегіне төнген қауіп жоқ дейді.
Облыс орталығынан 17 шақырым жердегі Коряков көлі ас тұзымен танымал. Тұзды су айдыны Павлодар ауданының аумағында, Коряковка және Кемеңгер елді мекендеріне жақын жерде орын тепкен. Көлдің табаны тегіс, соған сәйкес қар көп түскен және жауын-шашын мол болған жылдары кемеріне келеді. Аумағы 11 мың шаршы метрдей болатын көлдің тереңдігі 70 сантиметрден аспайды. Экологтердің айтуынша, оның табанында жатқан тұз қабатының қалыңдығы 42 сантиметрден 76 сантиметрге дейін өзгеріп отырады екен. Жазғы уақытта суы қызғылт тартып, алыстан қарағанда өте әсерлі көрінеді. Көлдің үстімен тұз тартқан ертедегі ағаш көпірдің бағандары да бұл жерге жараса қалған. Алыс-жақыннан келген туристер су айдынын жиі қызықтап, суретке түскенді ұнатады.
Жергілікті тәуелсіз экологтер маусым айынан бері көлдің суы өте таязданып, бұрынғы қызғылт реңкінен ажырап бара жатқаны жайында дабыл қаққан. Бұған қоса жергілікті ауыл тұрғындары ондағы тұзды ретсіз пайдаланып, табиғи байлықты үйлеріне тасып жатқан көрінеді. Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мамандары жуықта көлге барлау жұмыстарын жүргізіп, оған соншалықты қатер төніп тұрған жоқ деген қорытындыға келді. Жуырда Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова да Коряковқа арнайы барып, жағдайымен танысты.
– Коряковка ауылының маңындағы қызғылт көлдің жағдайы Павлодар облысының ғана емес, ел тұрғындарын да алаңдатып отырғанын жақсы білеміз. Экология және табиғи ресурстар министрі бастаған арнайы комиссия көлдегі жағдайды өз көзімен көрді. Көлдің жанына тәуелсіз экологтер, өңірдегі құзыретті ведомстволардың өкілдері жиналып, қазіргі ахуал туралы баяндалды. Комиссия табиғи құбылыстарға, атап айтқанда, биылғы аптап ыстыққа байланысты су қоймасы таязданып кеткен деген қорытынды жасап отыр. Өздеріңіз байқап отырғандай, биыл жауын-шашын өте аз. Бұл құбылыс – соның салдары. Екіншіден, Коряков көлі мұндай жағдайға бұрындары да тап болған. Мысал үшін Павлодардағы музейлердің бірінде көлдің осыдан 120 жыл бұрынғы фотосуреті сақталған. Онда су айдынының мүлде құрғап тұрғанын, монолитті тұз қабатымен жабылғанын көруге болады. Сондықтан барлығы өзгереді, бұл – табиғи құбылыс, – дейді өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева.
Бұл жерде 2020 жылдан бері «Мультисервис» компаниясы тұз өндірумен айналысады. Өндіріс көлемі шамалы болғандықтан, олар экологиялық жағдайға әсер ете алмайды дейді экологтер. 2019 жылы Коряков зерттеліп, ғалымдар көл артемия құртын өсіру үшін қолайсыз деген байлам жасаған. Сондықтан ол тек ас тұзын өндіретін орын ретінде ғана пайдаланылады. Көлде шамамен 1 млн 773 мың тоннадай тұз қоры жинақталған.