• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Еңбек 26 Шілде, 2023

Тоқыма өнеркәсібі тоқырамаса игі

372 рет
көрсетілді

Шымкенттегі ауқымды кәсіпорындардың бірі ретінде «Бал текстиль» кілем фабрикасы саналады. Әрі шаһардың брендін қалыптастырған өндіріс орны мемлекет қазынасын салықтық түсімдермен толтырып отырған іргелі компания. Отандық кілем және кілем өнімдерімен ішкі нарықты қамтамасыз еткен фабрика тауарларын алыс-жақын шетелдерге де жөнелтеді. Осылайша, мегаполисте бұрын-соңды шығарылмаған жаңа инновациялық өндірісті қолға алды.

«Бал Текстиль» фабрикасының Қазақстан бойынша 400-ден астам серіктесі бар. Олар да ірі кәсіпкерлер. Мегаполиске жасаған іс-сапарында серіктес компания өкілдері  фабрика жұмысымен, жаңа кілем топтамаларымен танысты.  Олармен болған басқосуда 10 жыл ішінде жеткен жетістіктер, жаңалықтар мен өзге де өзекті мәселелер талқыланды.

«Бал текстильдің» алғашқы өнімі 2013 жылдың қазан айынан бастап шыға бастаған. Бірінші кезде өндіріс ошағында 4 кілем тоқу станогы болған. Өндіріс көлемі артып, шығарылған өнім саудасы пайда әкелудің нәтижесінде, кәсіпорын қуат­тылығын едәуір ұлғайтты. Соның есебінен станоктар саны 16-ға көбейді. Сонымен қатар 2015 жылы қосымша полипропилен жіп өндіру цехы іске қосылса, 2023 жылы жіп өндірісі екі есеге артты. Бүгінде өндіріс қуаты

6 млн шаршы метр кілем, 7 500 тонна полипропилен жібін өнді­ретін дәрежеге жетті. Қосымша 2020 жылдан бастап «Бал декор» атты жаңа заманауи принт-кілемдер өндірісі іске қосылды.

Компания басшысы Талғат Ысқақовтың айтуынша,  шетелге экспортқа шығары­латын кілем­дердің негізгі тұтыну­шылары Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей мен Тәжікстан елдері саналады. Жалпы, отандық экспорт көрсеткіштерінің ішінде фабрика кілемдерінің алатын орны үлкен. Себебі елімізде сыртқы нарыққа кілем және кілем өнімдерін жөнелтуде «Бал текстиль» компаниясы алға шығып отыр.

Биыл кәсіпорынның құрылғанына 10 жыл толуына орай және Шымкент­тің республикалық қала мәртебесін иеленгеніне 5  жылдығына байланысты «OTANDYQ KILEM FORUMY» атты іскерлік іс-шарасы ұйымдастырылған болатын. Форумның ашылу салтанатында қала әкімі Мұрат Әйтенов, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университетінің ректоры Дария Пер­нешқызы тағы да басқа өңірге белгілі азаматтар сөз сөйлеп, отандық өндірістің өсіп, өркендеуіне өздерінің ізгі тілектерін қосқан еді.

Аталған іс-шараның негізгі мақ­сатының бірі де сол – «Made in KZ» брендімен отандық тауар экспортының әлеуетін арттыру үшін не істеу керек деген мәселе төңірегінде пікір алмасу болды. Әлбетте, ол үшін өндіріске қолайлы жағдай жасау керек, кәсіпкерлікті дамыту қажет және отандық тауарлардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілет­тілігін арттыруға күш салған жөн. Осы ретте форумның спикері  ретінде сөз сөйлеген компания басшысы тоқыма өнеркәсібіндегі өзекті мәселелер мен олардың шешу жолдарын атап өтті.

Спикердің мәлімдеуінше, ең бірінші, ол – отандық кілем нарығының шетелден келген импорттық тауар ағынынан қорғалмағандығы. Мәселен, көптеген мемлекеттер өзінің ішкі нарығын түрлі акцизбен, кеден салықтарымен және басқа да бұғаттау әдістерін қолдану арқылы қорғайды. Елімізге де ішкі нарықты қорғауды мықтап қолға алатын уақыт келді. Қазіргі таңда, отандық кілем фабрикалары өзіміздегі нарық сұранысының үштен бір бөлігін, яғни бар-жоғы 35% қамтамасыз етіп отыр. Бұл – тек қана кілем өндірісінде ғана емес, жалпы жеңіл өнеркәсіп тауарларын өндіретін басқа да кәсіпорындар үшін өзекті проблема. Сондықтан маманның пікірінше, егер жеңіл өнеркәсіп саласы дамып,  осы салаға инвесторлар көптеп тартылсын десек, алдымен өзіміздің нарығымыз­ды қорғаудың түрлі тетіктерін қолдана білуіміз керек екен.

Екінші мәселе ол – кілем өндірісіндегі мамандардың аздығы. Өйткені еліміз бұрын заманауи технологиялармен кілем өндіріп көрмеген. Сол себепті де жұмыс нарығында  кілем тоқуды білетін, өндірісті жақсы түсінетін мамандар некен-саяқ. «Бал текстиль» фабрикасы ашылғалы осы өзекті мәселені шешуге тырысып келеді. Бұл ретте кәсіпорын өз қаражаты есебінен көптеген жастарды Түркияға тәжірибе алмасуға жіберіп отырады. Дегенмен Қазақстанда кілем өндірісінде мықты тәжірибесі бар білікті мамандар әлі де тапшы.

Үшінші мәселеге тоқталған спикер кілем өндірісінде қолданылатын шикізаттардың елімізде өндірілмейтініне қынжылыс білдірді. Осы орайда Президент тапсырмасына сәйкес мұнай-газ, химия саласында тереңдетіп өңдеу технологиясын дамытып, сол арқылы кілем және басқа да текстиль өнімдеріне керекті шикізаттарды көбейту қажет. Компания басшысының пікірінше, Пре­зиденттің бұл тапсырмасы іске асқан жағдайда ғана күнделікті тұтынатын заттар шығаратын шағын және орта бизнес ойдағыдай дамитын болады.

Тоқыма өнеркәсібіндегі төртінші мәселе, ол – логистикалық проблемалар. Өйткені кәсіпкерлер тек  шикізат сатып алғанда ғана емес, кілем саудасында да логистикалық қиыншылықтарға тап болуда. Оның ең басты себебі – еліміздің теңіз жолдарынан, жалпы көп елдермен шекаралық алыстығы. Қазақстан аумағы өте үлкен болғанымен, өкінішке қарай, дамыған мемлекеттерден шалғайда орналасқан. Сондықтан осы жайт кілем саудасында логистикалық шығындармен бірге  өнім құнын бірталайға өсіріп жіберіп жатыр.

Бесінші мәселені қозғаған спикер, қазіргі жастар арасындағы өндіріс ма­ман­дығына деген қызығушылықтың төмен­дігіне тоқталды. Жасыратыны жоқ, бүгінгі жас ұрпақ станоктың алдында тұрып өндірісте жұмыс істегенді ұната бермейді, көпшілігі тіпті менсінбейді деу­ге болады. Сол бұрынғыдай жастардың қы­зы­ғатын мамандығы заңгер мен эконо­мист болып тұр.  Керісінше, электрик, ме­­ханик, дизайнер, технолог, инженер сын­­ды мамандар жұмыс нарығында әлі де аз.

Соңғы алтыншы мәселені көтерген баяндамашы, қазіргі ЖОО-лардағы материалдық-техникалық базаның әбден ескіргендігін тілге тиек етті. Тоқыма саласында соңғы жылдары технологиялар өте жылдам қарқынмен дамып келеді. Алайда өкінішке қарай, салаға қажетті мамандарды дайындайтын оқу орындары бұл технологияларға ілесе алмай отыр.

Осы орайда компания басшысы жоғары аталған алты проблемаға байланысты олардың шешу жолдарын да көрсетіп берді.

Біріншісіне келсек, әлбетте, отандық кілем нарығын сырттан келетін импорт­тық тауарлардан қорғау мәселесін күшей­ту маңызды. Сондықтан импорттық жеңіл өнеркәсіп тауарларының кедендік са­лығын немесе тауардың кедендік шартты бағасын өсіру қажет. Нақты мысалмен айтар болсақ, шетелдік кілем өнімдерінің шартты бағасын қазіргі төмен деңгейден 1 килосына 10 АҚШ долларына дейін көтерген жөн. Сол арқылы отандық кілем нарығын қорғай аламыз. Бұл шара тек  кілемге ғана емес, жалпы сырттан келетін барлық тауарға қатысты.

Екінші мәселеге тоқталған спикер, көршілес елдермен әділ сауда қағидатын ұстанудың маңыздылығын  атап өтті. Егер қандай да ел біздің тауарға шектеу шараларын қолданып жатқанын байқасақ, онда біз де сол елдің тауарына шектеу енгізуіміз қажет. Мәселен, бауырлас Түркия елінен көптеген импорттық өнімдер келеді, алайда ол елге қарай экспортталатын отандық дайын тауарларға үлкен кедендік салықтар салынады. Яғни халықаралық саудада әділдік пен теңдіктің болуы үлкен мәнге ие.

Үшінші мәселеден шығар жолдың бірі, ол жалпы отандық өнімді дамытамыз десек, онда сол тауарды жарнамалау мәселесіне кеңінен көңіл бөлуіміз қажет. Мәселен, Coca-Cola сынды шетелдік алпауыт компанияларда, жарнамалау арқы­лы өз брендін дамыту мәселесі жүйелі жолға қойылған. Бұл компаниялар жылына миллиардтаған қаржыны тек қана жарнамалауға жұмсайды. Әрине, отандық өндірушілер үшін жарнама жасауға көбісінің қалтасы көтере бермейді. Сол себепті, мемлекет тарапынан отандық өнім жарнамасына қолдау көрсетілсе игі. Мұндай шараның ұлттық экономиканы дамытуға ықпалы орасан зор. Өз өндірушілерімізге жарнама ақыларын төлеуде жеңілдіктер қарастырылса, отандық брендтерді халыққа жеткізу, танымалдылығын арттыру оңайға түседі. Бізге отандық өнім ұғымын ұлттық идео­логия деңгейіне көтеретін уақыт таяды. Сол кезде ғана халық импорттық өнім сапалы, отандық тауар керісінше сапасыз деген ұғымнан арылар еді.

Төртінші мәселеде шынымен де мемлекет тарапынан кілем өндірісіне қажет мамандарды даярлауға көбірек көңіл бөлінсе, деген тілегін жеткізді кәсіпкер. Әсіресе тоқыма саласында жастарды мамандыққа оқыту жайы бірінші кезекте қаралауы тиіс. Өйткені тоқыма нарығында еліміз көп жағдайда артта қалып келеді. Қарапайым ғана мысал айтсақ, мәселен қазір базарға бара қалсаңыз, отандық киімдерді табу қиын. Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Қытай секілді елдердің тауарлары базар қатарларын жаулап алған. Сондықтан тоқыма өнеркәсібінде қордаланған проблемалардың  бір шешімі  тиісті мамандарды даярлау болып отыр. Осы ретте кәсіпкер егер  министрлік тоқыма мамандығына бөлінетін грант көлемін көбейтсе, жастардың да осы мамандықты игеруге қызығушылықтары оянар еді деген пікірін білдірді.

Бесінші мәселеге назар аударған компания басшысы еліміздің экономикасын шикізатқа тәуелділіктен арылтып, терең өңдеу арқылы дайын тауарларды өндіру керектігін баяндады. Әрине, соңғы жылдары мемлекет бұл проблемаға көбірек көңіл бөле бастағанын білеміз. Дегенмен бұл бағытта шешілмеген түйткілдер әлі де баршылық. Кәсіпкер өз сөзінде Атырау өңірінде KPI атты отандық полипропилен түйіршіктерін өндіретін тұңғыш зауыттың іске қосылғанын тарихи оқиғаға балады. «Бал текстиль» компаниясы бүгінде осы кәсіпорынмен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Ендігі жерде атыраулық зауытпен бірге фаб­рика кілем өндірісінде қолданылатын полипропилен түйіршіктерінің арнайы маркасын шығармақшы. Әлбетте, «Бал текстиль» компаниясы бұл сәтті асы­ға күтті. Себебі осы күнге дейін полипропилен түйіршіктерін Ресейден немесе Қытайдан алып келетін. Жалпы, кәсіпкердің ойынша, отандық мұнай-химия саласының келешегі өте зор. Полипропилен шикізатынан тек кі­лем тоқуға қажетті жіп емес, күнделікті қолда­на­тын тұрмыстық тауарлардың сан алуан түрін шығаруға болады.

Алтыншы мәселе жөнінде сөз қозғаған компания басшысы жастарды дұрыс тәрбиелеу – ел болашағы үшін өте керекті дүние дегенді айтты. Яғни балаларды кішкентай кезінен бас­тап имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеумен бірге еңбекке де баулып өсіруміз қажет. Бүгінгі алдыңғы толқын ағалардың көпшілігі жастық шағында үй шаруасына пісіп өсті. Қоғамдық  еңбекке араласты. Олардың барлығы да жас кездерінде еңбек мамандықтарын игеруді аңсады. Ал қазіргі жастар керісінше, еңбек еткенді онша қаламайды. Бұл – шын мәнінде қоғамның өткір проб­лемасы. Тіпті оның өзектілігі ұлттық идеология деңгейіне шығып барады. Сондықтан өскелең ұрпақты жастайынан еңбекке баулу қажет. Кәсіпкердің па­йымынша, әсіресе мектеп қабырғасы­нан бастап «өндірістік туризмді» қолға алу керек. Соның аясында оқушыларға көптеген өндіріс орындарына экскурсиялар ұйымдастырылып тұрса жақсы. Сол кезде ғана мектеп бітірген жас еңбек мамандықтарын таңдайтын болады. Мемлекет басшы Қасым-Жомарт Тоқаев та еңбек адамы деген ұғымды көбірек айтады. Кешегі өткен ұлттық Құрылтайда да Президент осы мәселеге баса назар аударды.  Себебі экономиканы өсіретін  – виртуалды жеңіл табыстар емес, өндіріс пен нағыз еңбек күші.

«Жоғары оқу орындары өздерінің материалдық-техникалық базасын жаңартуға көңіл бөлсе екен. Егер олар­дың оған шамалары келмесе, біз секілді фабрика, кәсіпорындармен тығыз қарым-қатынас орнату арқылы мәселені бірлесіп шешуге болады. Бүгінде біздің компания Шымкенттегі М.Әуезов атын­дағы Оңтүстік Қазақстан университеті­мен көптеген меморандумдарға отырып, келісімшарттар негізінде нәтижелі жұмыс атқаруда. Келешекте де дуальды оқыту жүйесімен мамандарды даярлап, білім мен теорияны  ұштастырудың озық тәжірибесін жалғастыра беретін боламыз. Сонда ғана тоқыма өндірісі саласының нағыз білікті де сапалы мамандарын тәрбиелеп шығамыз деген үміт бар», деді Талғат Ысқақов.