• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экономика 27 Шілде, 2023

Тамыздағы шешім қандай болмақ?

235 рет
көрсетілді

Экономистер тамыз айында қазіргі базалық мөлшерлеме төмендейді деп болжап отыр. «Базалық мөлшерлеменің келесі деңгейі қандай болады?» деген сауал ішкі нарықты тым ойландырып қойды. Қаржыгерлер мен тәуелсіз сарапшылар мұның кездейсоқ қадамы емес екенін, Ұлттық банк пен Үкіметтің экономикадағы үйлесімділікті реттеп отыруға бағытталған саясатының кезекті қадамы екенін айтып отыр. Сегізінші шешімді оң деп бағаласақ та нарыққа әсері жуық арада сезіле қоймайтынын қу ішіміз сезеді. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені сегіз ай қатарынан қозғамай, 16,75 пайыз деңгейінде ұстап тұрды. Ал инфляцияның осы аралықта ең жоғарғы деңгейі – 20 пайызға дейін «секіріп», «күйіп-жанды» емес пе? Сабасына түскені енді ғана...

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың базалық мөлшерл­е­мені төмендетуге кірісуі мүмкін еке­нін де мамыр айында білдік. База­лық мөлшерлеме осымен сегізінші рет өзгеріссіз қалды. Сарапшылар бұл жолғы көрсеткіш төмендетуге апара­тын жол екенін айтып жатыр. «Біз өзіміз­­­дің деректерге, болжамдарға негіздел­ген шешім қабылдаған сайын және өте маңызды фактор – нақты инфля­­ция деректерінің біздің болжамдары­­­мызға сәйкестігіне назар аударамыз. Қазір инфля­цияның тұрақты бөлігін, яғни база­лық инфляция деп аталатын бөлі­­гі­н өте мұқият қадағалап жатыр­мыз. ­База­лық инфляцияның жанар-жағар май, коммуналдық төлемдерге әсері аз болса, базалық мөлшерлемені төмен­­­де­те­міз» деп атап өтті Ғ.Пірматов.

Экономикалық зерттеулер инсти­ту­тының сарапшысы Тоқтасын Бақберген апта басында журналистермен кездес­кен кезде тұрақты қолжетімділік опера­циялары бойынша мөлшерлеме 16,75 пайыз деңгейінде екенін атап өтті. Демек жылдық инфляция біздің консенсус болжамымыздың шеңберінен шы­ғып кеткен жоқ. Бірақ алдағы бол­­жамдар инфляция деңгейінің бол­жамға бағынбайтынын айтып әлек. Бағамен ішкі нарыққа сыртқы һәм ішкі қысымдар әсер етіп, қос өкпеден қысып жатыр дейді. Ұлттық банктің сегіз ай бойы 16,75 пайыздың жалына жармасып отыруының бірегей себебі осы болса керек.

Дегенмен болжаммен бәрі оңай әрі қарапайым секілді көрінеді. Бірақ қосымша фактор есептеуге кедергі келтіруі мүмкін екенін білу үшін экономист болудың қажеті жоқ. Қызмет көрсету саласындағы баға қазірдің өзінде тұрақты емес екені Ұлттық бюро мәліметтерінде келтірілген. Жылдың басы жалға берілетін тұрғын үй, қоқыс шығару, орталықтан жылыту, амбулаторлық қызмет көрсету, теміржол көлігінің бағасы көтерілумен басталды. Ақылы қызметтердің құны жылдық 14,2 пайызға, (2022 жылғы желтоқсанда – 14,1 пайыз еді) өсті.

«Ұлттық банк таратқан хабарла­ма­да инфляцияның қарқыны база­­лық­ мөлшерлеменің біртіндеп тө­мен­­­­деуіне жол ашатынын атап өтті. Мұны Ұлттық банктің базалық мөл­шерлемені төмендетуге берген­ белгісі деп қабылдауға болады. Пайыздық мөлшерлемені оңтайлы басқару тео­­рия­сына сәйкес орталық банк эко­но­ми­­калық циклдің басында оны күрт көтеру, содан кейін цикл жалғасуына қарай мөлшерлемені жүйелі түрде төмендету арқылы эконо­ми­калық белсенділіктің оңтайлы дең­гейіне және баға тұрақтылығына қол жеткізе алады деп болжанады. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешім­ қабылдаса, бұл жүйелі түрде 50 базис­тік тармақ шегінде болуы керек», деп болжайды сарапшы.

Айлық инфляцияның біртіндеп баяулауы, бірақ ол өзінің орташа жылдық мәнінен жоғары күйін сақтап қалуы, логистикалық тізбектердің құрылымдық өзгеруі экономикаға теріс ықпалын тигізіп келеді.

Дегенмен Ұлттық банк биылғы базалық мөлшерлеменің пайыздық көрсеткішін айқындап бергенін ай­туы­­­­мыз керек. Соның өзі ішкі нарыққа бағыт-бағдарын алдын ала үйлестіріп отыруға мүмкіндік беруге тиіс.

Қаржы талдаушысы сарапшы Диас Құмарбеков базалық мөлшерлеменің төмендеуі немесе монетарлық жұмсарту тек экономикалық белсенділікке әсер етіп қана қоймай, инфляцияға ықпал етуі мүмкін екенін, әсіресе экономика сыртқы белгісіздік жағдайында жұмыс істейтінін айтыпты.

Мұндай шешім жаһандық нарық­тар­ға­ тұрақсыздандыру тұрғысынан әсер ете­ді және инфляцияға жоғары қысым көр­сетуі ықтимал. Бұл Ұлттық банкті кон­сер­вативті ұстанымға мәжбүр етуі мүмкін деп болжайды.

Оның пікірінше, әлемдік нарықтағы соңғы оқиғалар, мұнай бағасының төмендеуі және Қытай экономикасының бәсең­деуі инфляцияның ырыққа бағын­бай кетуіне, валюта бағамының құбыл­ма­лылығына әкеліп соғуы мүмкін, бұл базалық мөлшерлемені төмендету сце­на­рийіне апаратын жолды мүлдем жауып­ тастайды, әрі қиындатады.

 Бұл ретте Құмарбеков инфляцияның ағымдағы деңгейі – 2023 жылғы шілде айын­дағы 14,6 пайыз деңгейінде – «база­­лық мөлшерлемені төмендетуге бел­гілі бір мүмкіндік» береді деп санайды.

Сондай-ақ сарапшы геосаяси тұрақ­сыз­дық пен басқа да экономикалық тәуе­келдерге қатысты мәселелер шешіл­ме­йінше немесе жақсарудың айқын бел­гі­лері байқалмайынша, Ұлттық банк мөл­шерлеменің төмендеуін күтуге тура келе­тінін атап өтті.

Келесі сарапшы Ерлан Ибрагим біз бағаның өсуіне төтеп бере алмай­ты­нымызды, сондықтан мұндай мөл­шер­ле­мені біраз уақыт ұстағанымыз дұрыс еке­нін, базалық мөлшерлемені кезең-кезе­ңі­мен азайту керектігін, оның төмен­деуі ең бірінші кезекте сол банк­тердің өзі үшін пайдалы екенін айта­ды. Сарап­шы осы пікірі арқылы ЕДБ үшін базалық мөлшерлеменің жоға­ры болуы тиімді деген қоғамды әб­ден жауыр қып кеткен пікірді жоққа шы­ғар­ды. Базалық мөлшерлеме арзандап, соған сай несие пайызы да төмен­деп, халықтың мейлінше көбірек несие рәсімдегені ЕДБ үшін тиімді. Ұлт­тық банкте банк эмиссияларын бас­қа­­рудан өзге тетік жоқ. «Ұлттық банк логистикалық тізбек­тің тетігін мең­­геріп, соны нарық­пен­ үйлестіріп отыр­­са – соның өзі жетіс­тік»,­ дейді Е.Ибрагим.

Сарап­шының айтуынша, теңгенің тағдыры базалық мөлшерлеменің деңгейіне байланып тұрған жоқ. Дәл қазіргі жағдайда, мәселен тамыз айын­да оны бірер тармаққа түсірсек, теңге­міз­ді аса қиын жағдаймен бетпе-бет­ қалдыруы да мүмкін. Сарапшы атап өткендей, Ұлттық банк базалық мөл­­шер­леме бойынша соңғы хабарла­ма­сында монетарлық шарттарды қа­тайту циклінің аяқталуы туралы нақ­ты форвардтық нұсқаулықты бер­ге­нін, сондықтан 16,75% жоға­ры­ ықтималдықпен базалық мөлшер­ле­менің шыңы болып табылатынын атап өтті. Қазір біз үшін маңыздысы, баға­ның төмендеуі, инфляциялық бол­жамды бақылауға алу, сондай-ақ ұлт­тық валютаның инвестициялық тар­тым­­ды­лығын сақтау.

Сарапшы айтып өткендей, ол басқа орталық банктердің келесі жылға арналған стратегиясы нақтыланып, ақша-несие саясатын қатаңдату циклі аяқталған кезде, төртінші тоқсанға таяу төмендеуі мүмкін. Инфляцияның нақты деңгейін біз төртінші тоқсанға қарай көретін боламыз.

Е.Ибрагим осы ретте нарықтың дамуы, теңгеміздің жағдайы, эконо­миканың дамуы базалық мөлшерлемеге тәуелді деген «мифологиялық» аңыздар көбейіп екі бағытта жүріп жатқанын айтып берді. Тіпті мұндай қисынсыз болжамдар кейде атынан ат үркетін азулы сарапшылардың да аузынан шығып қалады екен. Қысқасы, елдегі монетарлық шарттарды жеңілдету идеясын жақтаушылар өз болжам­дарын қорғау үшін макро­эко­номи­калық қатынастар туралы қате және жаңылыстыратын дәлелдерді қол­данады. Дамыған елдер базалық мөл­шер­леме деңгейін іскерлік белсенділікті арттыру үшін төмендетсе, біздің елде оның мүмкіндігін инфляция деңгейін ұстап тұруға ғана бағыттап келді.

Сарапшы айтып өткендей, инфляция – белгілі бір кезеңде (апта, ай, жыл) елдегі жалпы баға деңгейінің өсуі. Егер тауарлар мен қызметтерге жиынтық сұраныс жиынтық ұсыныстан асатын болса, баға өсіп, нарықта та­уарлар мен қызметтердің «дефициті» қалыптасады. Экономикалық теория сұраныстың өсуіне жауап ретінде инфляцияны төмендету үшін ұсыныстың кеңеюі керектігін құптайды. «Бизнестің жанына несие мен ақша күш береді. Біз базалық мөлшерлеменің деңгейі туралы айтпастан бұрын, бизнестің қарыздық жүктемесін бағалауға мән беруіміз керек. Мөлшерлеме көтерілсе, қабылданған міндеттемелерге қызмет көрсету қым­бат­тайды, сондықтан мөлшерлемені төмендету керек. Азайту немесе ұлғайту қабылданған міндеттемелерге әсер етпейді», дейді Е.Ибрагим.

Базалық мөлшерлемені төмендету бизнес үшін жаңа несие алуға мүмкіндік береді деген пікірге басымдық бере­тіндер көбейіп барады. Базалық мөлшерлеменің ең басты міндеті – қымбатшылықпен күресу, баға өсімін баяулату. Төмен базалық мөлшерлеме экономиканы өсіреді. Бірақ инфляцияға ие бола алмай қалса, халықтың табысы жемірдің жемсауына жұтылып кетеді. Экономика өскенмен, теңгеміздің құнсызданып кету қаупінен құтыла алмаймыз. Бұл үдеріс бізді де айналмай өтпейді. Ал тауарлар мен қызметтердің қымбаттауы инфляцияны тудырады.

Базалық мөлшерлеменің төмендеуі ірі және орта бизнеске емес, жеке тұлғаларға несие беруді көбейткенін көріп жүрміз. Мысалы, 2020 жылдың тамызынан 2021 жылдың мамырына дейінгі кезеңде базалық мөлшерлеме 9,0 пайыз болды, бұл – ел экономикасы үшін төменгі көрсеткіш. Осы кезеңде экономикаға немесе заңды тұлғаларға емес, жеке тұлғаларға көбірек несие берілген. Себебі жеке тұлғаларға арналған тарифтер заңды тұлғалармен салыстыра қарағанда орта есеппен жоғары. «ЕДБ экономиканы несиелендірмейді деген өкпе жиі айтылады. Бұл – нарық заңына қайшы. Біз әміршіл-әкімшіл жоспарлы экономикада емес, нарықта екенімізді ұмытпайық», дейді Е.Ибрагим.

Осы ретте сарапшы «базалық мөлшерлеме инфляцияға әсер етпейді, өйткені Қазақстандағы инфляция импорттық, сондықтан базалық мөл­­шерлемені төмендетсек жағдай дұрыс­талады» деген пайыммен де келіспейтінін айтты. «Елімізде тұты­­нылатын тауарлардың басым бөлігі импортталатын болса, базалық мөл­шерлемені төмендету арқылы біз импорттық тауарларға деген сұранысты ынталандырамыз. Нәтижесінде, та­уар­лар мен қызметтердің импорты өсе бастайды да импорттық инфляцияның ауқымы ұлғаяды. «Жоспарлы экономика жағдайында тұтынушыларда таңдау болмады, қолда барға шүкіршілік етуден өзге жол ұсынылған. Ал нарық­­тық экономика тұтынушының таң­дауына басымдық береді, сұраныс отандық өндіріске ілеспеуі мүмкін. Мысалы, қарапайым ғана кір жуғыш машинаның үлгісі жеңілдетілген және жетілдірілгені анық, бірақ негізгі идея өзгеріссіз қалады. Көлік те солай. Тұтынушы отандық өндіруші сапаны жақсартқанша деп талғамын өзгерте алмайды. Іс тетігін отандық өндірісті дамытуға деген ықыласымыз емес, бәсеке шешеді. Ал базалық мөлшерлемені төмендету отандық өндірістің мұндай мәселелерін шешуге көмектеспейді», деп сөзін түйіндеді сарапшы.