Жастар арасындағы жұмыссыздық пен еңбек жағдайын жақсарту мәселелерін шешуге Кәсіподақтар федерациясының жанынан ашылған «Келешек» жастар кеңесі де араласып жүр. Осы мақсатта мекеме Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетімен меморандумға қол қойды. Құрамына 400 мыңнан астам адам кіретін кеңес жас жұмыскерлердің құқығын қорғап, ұсыныстарын қабылдайды.
«Келешек» жастар кеңесі – кәсіподақ бірлестігінің құрамындағы жастар саясатын үйлестіруші ұйым. Оған еңбекші жастардың әлеуметтік, еңбек қатынастарындағы құқықтары мен мүдделерін заң аясында қорғау, жастардың күнделікті тұрмыстағы өзекті мәселелерін шешу, жастардың старт-ап жобаларын іске асыру, сонымен қатар оларды кәсіподақ құрамына тарту, т.б. міндеттер жүктелген.
– Біздің ең басты мақсатымыз жұмысшы жастарға қолайлы жағдай жасау. Әлеуметтік еңбек саласында проблемалар бар, соның ішінде жалақының өсуі, ең төменгі жалақыны көтеру, қауіпті және қиын еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдар үшін зейнеткерлік жасты төмендету және басқалары. Бұл мәселелерді шешудің мысалдары федерацияның 2025 жылға дейінгі стратегиясында көрсетілген және біз үшін жастардың белсенді қатысуы алға қойылған мақсаттар үшін маңызды. Прогресс ескі мәселелерді шешуде жаңа тәсілдер пайда болған кезде мүмкін болады. Яғни жастардың құқығын қорғау, мүддесін қорғау. Қандай да бір ұсыныстары болса, қандай да бір жоба ұйымдастырғысы келсе, біз осы меморандумның аясында оларға көмек көрсете аламыз, – деді Кәсіподақтар федерациясы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Аян Сәлімгереев.
Бүгінде тараптар еңбек құндылықтарын насихаттап, жастардың өзін өзі жұмыспен қамтуына жағдай жасамақ. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Роллан Құспанның айтуынша, қазір 35 жасқа дейінгі азаматтарға ведомство тарапынан жүйелі қолдау жасалады.
– Қазір елімізде 15-ке жуық республикалық жастар ұйымы жұмыс істеп тұр. Оларға біз өзіміздің тарапымыздан қолдау көрсетіп отырамыз. Бүгінде азаматтық бастамаларды қолдау орталығы арқылы осы ұйымдарды қаржыландыру, гранттар бөлу жұмыстары үйлестіріледі, – деді ол.
Биыл Кәсіподақтар федерациясының жастар кеңесінің алдында тек ұлттық емес, халықаралық деңгейдегі міндеттер тұр. «Келешек» ұйымы еліміздің атынан Орталық Азия елдерінің кәсіподақтары жанынан Жастар кеңесін құрып, төрағалық етпек.