Мемлекеттің ономастикалық саясатын іске асыруда Солтүстік Қазақстан облысындағы қызметшілер аса белсенділік таныта алмай отырғаны жасырын емес. Оның басты себебі – басқа этностардың қалыптасқан атауларға қарсы шығатын консервативтік көзқарастары.
Кейбір консерваторлар тіпті өрекпіп, өздерінің мүдделеріне қол сұғылып жатқандай айғай-шу шығаратыны да бой көрсетіп қалады. Ал ондайды кез келген жергілікті әкімдер қаламайды, оларға алдымен өздерінің аймақтарының тыныштығы керек. Сондықтан ономастикалық саясатты белсенді жүргізгісі келетін шенеуніктер әкімге жалтақтап, белсенділікке бара қоймайды. Сөйтіп, «былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледінің» керімен ономастикалық саясат сылбыр жүргізіліп жатыр.
Осыны ескерген солтүстіктің шенеуніктері жергілікті жерлерге, әсіресе орыс тұрғындары көп қоныстанған мекендерге мемлекеттің ономастикалық саясатын түсіндіретін топтар аттандыруды қолға алып жүр. Ондайға мемлекет тарапынан арнайы грант бөлдіріп, ал оны ұтып алған қоғамдық ұйымдар осы саясатты жүргізетін белсенділерді тартып, ауыл-селоларға, аудан орталықтарына топтар шығарады. Бізді де сондай топтардың бірнешеуіне тартып, орыс ауылдарына барып, мемлекеттік ономастикалық саясатты түсіндіруге тырыстық.
Ономастикалық саясат алдымен қазақ атаулардың орыс тілінде жазылғанда түсініксіз түрге енгендерін түзетуді қалайды. Мысалы, біздің өңірде кезінде «совхоз техникумы» болған Чаглинка деген үлкен ауыл бар. Осындағы «Чаглинка» деген сөздің мағынасын көп адам соңғы кезге дейін білмей келді. Ол қазақтың «Шағалалы» деген атауы екен. Сол жерде осындай аты бар өзен болған соң жаңа қонысқа да соның әдемі атауы берілген. Бірақ орысша жазған біреу оны түсініксіз атау етіп шығарған. Міне, осындай атаулар алдымен түзетілуі керек. Екіншіден, ономастикалық саясат патша заманының идеологиясын, отаршылдық, басқыншылық саясатты халықтың миына сіңіретін атауларды өзгертуді қалайды. Мысалы, Николаевка, Покровка, Святодуховка, Романовка, Боголюбово, Спасовка деген сияқты толып жатқан атаулар алдымен қазақ даласына православие шіркеуінің идеологиясын сіңіруді көздеген. Бұлардың ішіндегі адам аттары архангел Александр, апостол Павел мен Петр, чудотворец Николай және т.б. православие қайраткерлері мен әулиелерінің есімдері. Қатар жатқан бірнеше ауыл-селоларға осылардың есімдері берілген. Кеңес өкіметі атеизмді қолдап, дін атауларын жоқ қыламыз дегенімен, жергілікті биліктегі шовинист шенеуніктер оларды қолдап, алдарына «ново» деген жұрнақ қойып, «Новоалександровка», «Новомихайловск», «Новониколаевка» дегендерді шығарды. Сонымен бірге бұл атаулар көшіп келген орыс шаруаларының есімдері, осы қоныстарды алғаш салған солар деген аңыз да таратты. Ал орыс шаруаларының есімдері ешқашан Николай, Александр, Петр, Павел және т.б. болған емес. Мұндай грек есімдері орыстарға тек христиан дінінен еніп, оларды дворяндар ғана қолданатын болған. Ал шаруалардың есімдері Потап, Антип, Ермолай, Фёкла, Авдотья, Марфа, Богдан, Вадим, Прасковья деген сияқтылар болған. Шаруалар балаларына тіпті сыртқы түрлеріне қарап Худяш, Молчанка, Угрюм, Первыш, Ждан, Томилко, Беляк деп те қоя салған. Сондықтан ауылдар алғашқы қадасын қадаған шаруаның атымен аталған дегеннің еш негізі жоқ. Болса да өте сирек.
Сонымен бірге большевиктер төңкерістен кейін кеңестік идеологиялық атауларды көбейтті. Күні бүгінге дейін олардан аяқ алып жүргісіз. Ленин, Киров, Куйбышев, Крупская, Дзержинскийлермен қатар Красногвардейск, Комсомол, Коминтерн, Интернационал, Большевик сияқты атаулар әлі де қаптап тұр. Осындай идеологиялық тұрғыдан ескірген большевиктік, коммунистік атауларды біздің ономастикалық саясат жергілікті топонимдермен алмастыруды қолға алып отыр. Өйткені жердің аты тарихтың хаты екені аян. Сондай-ақ бір әкімшілік аумақта бірнеше рет қайталанатын атаулар да бар. Осындайлардың да біреуін қалдырып, басқаларын өзгертуге тура келеді. Тоталитарлық жүйеде ондайлар да бір ауданда бірнеше реттен қайталанған.
Соңғы жолы біз Қызылжар ауданындағы Бескөл, Новокаменка, Есіл ауданындағы Чириковка, Николаевка ауылдарына барып, мемлекеттің ономастикалық саясатын таныстырдық. Бұлардың бәрінде де орыс тұрғындарының үлесі барынша жоғары. Халық әртүрлі, кейбір азаматтарымыз ономастикалық саясаттың талабына құлақ асса, кейбіреулері ештеңені тыңдағысы келмей, төрттағандап қарсылық көрсетеді. Дегенмен бұрынғыдай емес, халықтың қарсылығы түсіністікке ұласып келе жатқандай.
Облыстық ономастикалық комиссияның соңғы отырысында қаладағы №24 орыс тілінде білім беретін мектепке оның алғашқы директоры болған Мәті Құсайынов ағамыздың есімін беру қаралды. ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысып, жараланып келген ағамыз соғысқа дейін алған педагогикалық мамандығына сәйкес Қызылжардағы бірнеше мектепте директор болған. Соның ішінде қазақ мектеп-интернатында да директор болып, Қазақстан компартиясы ОК бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовті де осында қарсы алған жан. Ол кезде мектептің айналасы саз, мұғалімдер мен оқушылар батпақтан әбден азап көріп жүреді екен. Осының бәрін өз көзімен көріп тұрған бірінші хатшыға Мәті ағамыз обкомның бірінші хатшысының көзінше өзінің шағымын айтып, ешкімнің көмек бергісі келмейтінін ашық жеткізеді. Ж.Шаяхметов обкомның бірінші хатшысына дүрсе қоя беріп, жалғыз қазақ мектебіне жанашырлық қыла алмай отырған сен жергілікті халыққа қандай көмек беретінің көрініп тұр деп ұялтып кеткен екен, айналасы бір аптаның ішінде мектептің айналасына асфальт жол салынады. Бірақ бір себептер тауып, Мәті Құсайыновты директорлықтан алып тастайды. Алайда бірнеше жылдан соң жаңадан ашылғалы тұрған №24 мектепке директор табылмағанда Мәті ағамыз қайтадан директор болған. Содан зейнет демалысына шыққанша қаланың «Бензострой» деп аталатын шеткергі ауданындағы осы мектепте 14 жыл директор болып, зейнетке шыққан. Мектеп ұжымының ұсынысын ономастикалық комиссия ұзақ қарады. Ұжымның ұсынысында оның педагогикалық еңбегімен қатар жастарды батылдыққа, адамгершілікке тәрбиелегені, мектептің ғана емес, сол аумақтың әлеуметтік проблемаларын шешуге белсене араласқандығы баса айтылған. Қатардағы мектеп директоры ғана болғанымен, оның бойында алаштықтарға тән ұлттық, халықтық іске батыл кіріскен белсенділік болғанын ескеріп, ономастикалық комиссия оның есімін мектепке беруді қолдады.
Сондай-ақ Шал ақын ауданындағы Кривощеково ауылдық округі мен ауылын Арай (бұрынғысы «Заря») деп, Айыртау ауданындағы Карасевка ауылын Қамысақты, осы аудандағы Воскресеньевка ауылын Баянтай, сондай-ақ Имантау, Қамысақты ауылдық округтеріне қарайтын ауылдардағы 6 көшені, Тайынша қаласындағы 11 көшені, Шал ақын ауданындағы Аютас, Жаңажол, Приишим ауылдарындағы 5 көшені, Уәлиханов ауданындағы Бидайық, Кішкенекөл, Қарасу ауылдарындағы 23 көшені, Аққайың ауданының Лесной ауылдық округіне қарайтын ауылда 3 көшені, Мамлют қаласындағы 5 көшені жергілікті топонимдерге сәйкестендіріп қайта атау туралы ұсыныстарды бекітті.
Соңғы кездердегі талаптарға сәйкес ономастикалық комиссия Жамбыл ауданы Майбалық ауылының тумасы, ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысып, екі орден, бірнеше медаль алған Ерғали Құсайынов пен осы аудандағы Айтуар ауылында дүниеге келіп, бөлімше басқарып, бірнеше медаль алған Кәрішал Ыбыраевқа көше атын беру туралы ұсынысты бекітпеді. Шынында, олардың елге сіңірген айрықша еңбегі жоқ екен, тек жұрт қатарлы өздерінің міндеттерін орындаған.
Міне, Солтүстік Қазақстан облысындағы ономастикалық саясаттың бүгінгі таңдағы жай-күйі осындай.