Ұлттық ойын-сауық пен тұрмыстық салт-жоралардың негізінде пайда болған Қазақстанның цирк өнерінің тарихында тұңғыш рет бес күн бойы 15 мемлекеттің 80-нен аса әртісі өнер көрсеткен Халықаралық цирк фестивалі дүбірлеп өтті. Қазақ мемлекеттік циркінің дөңгелек күмбезінің астында бес күнде 8 мың адам жүрек жұтқан таланттардың өнерін бір деммен тамашалап, шартараптан келіп бас қосқан шеберлердің өнеріне таңдай қақты. Almaty Sirkus Festival атты ірі өнер бәйгесіне дейін цирктің сиқырлы манежінде мұншама мықтының басы бұрын-соңды дәл осылай қосылған емес. Қазақстан, Қытай, Ұлыбритания, Чехия, Германия, Болгария, Украина, Ресей, Беларусь, Литва, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Якутия, Вьетнам, Эфиопия сияқты елдердің ең мықтысын бағалау 24 қазыға да оңай соққан жоқ.
Цирк өнерінің әлемдік байқауына бірінші рет жануарлар қатыстырылмады. Байқау шартын қабыл алған он бес мемлекеттің әрқайсысы хайуанатты қоспағанда, Қазақ мемлекеттік циркінің манежінде бұл өнердің барлық жанрында – эквилибристер, акробаттар, арқанмен жүрушілер, сайқымазақтар мен жонглерлер орындайтын ең үздік номерлерін ұсынды. Сондай-ақ іс-шара бағдарламасына каскадерлік өнердің әлемдік жұлдыздары болып саналатын және Netflix, HBO халықаралық жобаларына қатысатын теңдесі жоқ отандық «Nomad» ат спорты мектебінің ат акробатикалық номері фестивальдің салмағын арттыра түсті.
Шауып келе жатып, ат үстінен найза, қылыш, шоқпар сермеп, аттың бауырына түсіп, топырақ ішінен түймедей теңгені іліп алған, ат үстінде аударыспақ ойнап, көк серкені ортаға тастап, көкпар тартқан білекті һәм жүректі қазақ жігітінің тақымында ойқастаған тарпаң тұлпар тұрғанда, өзге өнердің шаң қауып шетте қалатынын дәл осы дода кезекті рет дәлелдеді. Заманауи цирк жарысында ат құлағында ойнаған Алаш баласының алдына түсудің мүмкін емесін талай жылдан бері бас бәйгені бәсіресі етіп алған Қазақстанның «Nomad» каскадерлер тобының өнері дәлелдеп, нағыз сенсацияға айналды.
«Қазақ жерінде өткізіліп отырған соң жүлдені өздері қанжығасына бөктереді де» деп біреулер ұшқары сөз айта салуы да мүмкін. Әттең, «тіл жоқ, сөйлемейді» демесең, мынау аттар адамнан бетер ақылды. Қолтығы сөгіліп, бауыры жазылып шабатын даланың кең жазық атырабы емес, аядай жерді айнала шапқан төрт аяқты тұлпарлар тапсырманы мінсіз, сұлу орындағанымен қоймай, Отанын, ордасын, иесін сүйетін патриот қой, шіркін. Үстіне қазақы жабу жапқан жылқылардың жанарындағы жеңіске деген жігер жон терісінен жылт-жылт етіп талпыныс-тер болып төгіледі. Даңғырлаған музыка, шартылдай соғылған шапалақ, тұяғы тітіркенетін жұмсақ кілемнен ара-тұра үріккендей құлағын оқыс қайшылап тіксініп қалатыны болмаса, ат үстіндегі акробатиканы Альфия Күнғожинова сияқты қайсар қыздар қылқұйрықты әртістермен тонның ішкі бауындай тіл табыса жүріп, әдемі орындап шықты. «Жігіттерге дес бермес арулар!» деген, міне, дәл осы қыздар.
Өзбек елі де ежелден цирк өнеріне бейім халық. Екі адамның ауада асылып тұрып көрсеткен өнеріне жердегі адам аузын ашып, көзін жұмып, бірі арқанды тістеп тұрып, екіншісі сол арқанмен түрлі қимыл жасап жатқанда бойын қорқыныш билеп, тіпті кейде бір орында байыз тауып отыра алмай кетеді. Қаупі мол қатерлі орындаудан кейін эфиопиялық кішкентай қарасирақ баланың қапталдасып бірге шыққан ағасының аяғында допша домалаған өнері бүкіл залдың көңілін көтеріп, шапалақ көмген риза пейілге шомылып қалды. Мәскеудегі Никулин циркінен келген Антон Михеевтің аспанда жүріп доппен көрсеткен өнерін де өзінен басқа ешкімнің қайталай алмайтыны анық.
Қазақстанда үш цирк мекемесі бар. Фестивальде Алматы циркі екі, ал Астана және Шымкент цирктері бір-бір номерден көрсетті. Тек Алматы циркінде ғана 120 әртіс жұмыс істейді. Қауіп-қатерге толы бұл мамандықты екінің бірі игере алмайды. Меңгеруге талпынатындар да аз, себебі жалақысы тым мардымсыз. Құлап, жарақат алып, айлап, жылдап зардап шегіп жүрсе де, көрерменге қуаныш сыйлау үшін сүйікті кәсібін тастамай жалғастырып, керісінше жандандыруды ғана ойлайтын жанкештілерді нағыз елжанды, отансүйгіш азаматтар деп атауға болады. Ал дәл осындай еңбек шетелде өте жоғары бағаланады. Соған қарамастан, қазақстандық цирк әртістері қай қиырдың байқауына қатысса да, жүлдесіз, олжасыз оралған емес. Қаражат тапқысы келетін кәсіпкерлер қала ішінен қаншама көңіл көтеру, сауық-думан кешендерін ашып, циркте көргендерін қайталағысы келетіндерді жалдап, табыс тапқысы келгенімен, нағыз цирк әртісінің өнерін бірде-бірі қайталай алмайды. Себебі бұл өнер – ешбір жерде баламасы болуы мүмкін емес дара өнер.
«Халықаралық деңгейдегі мұндай ауқымды іс-шараны өткізуге Алматы қаласының әкімдігі үлкен қолдау көрсетті. Бұл фестивальдің жыл сайын өткізіліп тұратынына және биіктеп, өсіп-дами беретініне сенім артамыз. Жүздеген шетелдік азамат қаламыздың сұлу көркіне тамсанып, таңырқағанын жасыра алмай, сұхбат беріп жатыр. Қазақ елінің циркі – әлемдік цирк өнерінде өз орны бар керемет мәдениет ордасы. Фестивальге келген әр әртіс жеңімпаз атану үшін өз өмірін тәуекелге тіге отырып, қауіпсіздік шарасын қабылдамай өнер көрсету еді. Өнер жолында аянып қалмайтын нағыз жанкештілік бұл», дейді Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Мақсат Жайықов.
Almaty Circus Festival – Еуропа, Америка, Ресей секілді өзге елдерге ашылған терезе, жаңа жоба, тиімді келісімшарттар. Алматы төрінде өткен бес күндік фестиваль жаңа таныстықтың, достықтың, алдағы бірлескен жобаларға уәделескен биік әріптестіктің алаңына айналды. Мысалы, «Росгосцирк» компаниясы дәл осы алаңда қазақ цирк мектебі әзірлеген «Nomad» тобының әртістері мен Вьтнамның «Moment of Love» номерін және Қазақстанның «Hassak» тобын қыркүйек айында Петербургте өтетін «Без границ» атты цирк өнерінің фестиваліне шақырды. Сондай-ақ Ресей, Вьетнам, Тәжікстан және Беларусьтен келген мамандар да «Мамонтенок-2024» VII Халықаралық цирк өнері фестиваліне шақырылды, ал Литвадан келген әртіске Германиядағы «Winterzauber Event UG» жаңажылдық цирк қойылымдарын ұйымдастыру жөніндегі компания директорының шақыру-келісімшарты берілді.
Almaty Cirkus Festival халықаралық цирк өнері фестивалінің соңы гала-шоуға ұласып, аптаға жуық үздік өнер көрсеткен әртістер марапатталды. Фестиваль ұйымдастырушылары әртістер арасында үш жүлделі орын, сондай-ақ арнайы сыйлық – Гран-при тағайындады. Арнайы Гран-приді «Құрмет» орденінің иегері Қанатбек Күнғожинов «Nomad» атты ат акробатикалық өнері үшін иеленді. Алтын жүлдені Вьетнам, Якутия және Ресей цирк әртістері өзара бөлісті. Күміс жүлдені Өзбекстан, Қазақстан және Вьетнам цирктері жеңіп алды. Қола жүлде Германия, Беларусь, Тәжікстан және Литва әртістеріне тапсырылды.
Алматыда Almaty Cirkus Festival бағдарламасы 27 тамызға дейін жалғасын табады. Қойылымдар Қазақ мемлекеттік циркінде өтеді.