АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесінің (ФРЖ) жоғары пайыздық мөлшерлемелерінің дәурені қанша уақытқа созылатыны басты мәселе болғалы тұр. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, АҚШ экономикасы мөлшерлеменің он бірінші рет көтерілуіне қарамастан тұрақты болып отыр. Құрама штаттарда жұмыспен қамту деңгейінің өсуі баяулады, бірақ көрсеткіш бұрынғысынша жоғары болып қала береді. Ал жұмыссыздық деңгейі – әлі де рекордтық төменгі деңгейге жақын, небәрі 3,6 пайыз ғана.
Bloomberg атап өткендей, ФРЖ инфляцияны тежеу мақсатында 1980 жылдан бері өзінің ең агрессивті қатаңдату науқанын жүргізіп келеді. Бұл өткен жылдың маусымында 40 жылдағы ең жоғары көрсеткіш – 9,1 пайызды құрады. АҚШ-та 2022 жылға арналған жылдық инфляция 8 пайызбен аяқталды. Шілдеде мөлшерлеме бойынша шешім қабылдай отырып, ФРЖ американдық экономиканың қалыпты өсуін атап өтті. Инфляция бұрынғысынша жоғары, бірақ баяулады. ФРЖ-ның шешімі экономикалық белсенділікке, жалдау мен бағаның өсуіне қысым жасауы мүмкін екенін мойындайды. Бірақ қанша екені әлі белгісіз. Сонымен қатар ФРЖ 2 пайыз инфляция мақсатына жету үшін саясатты одан әрі қатайту қажет болуы мүмкін екенін ескертті.
Жалпы, сарапшылар ФРЖнің шілде айындағы шешімі нарықтарды тағы да қорқытқысы келетін пиғылдан алыс екенін айтып жатыр. Бірақ жақын арада мөлшерлемені төмендету туралы әңгіме айтылып жатқан жоқ. АҚШ Федералды резерв жүйесінің төрағасы Джером Пауэлл қыркүйектегі келесі отырыста пайыздық мөлшерлеменің көтерілуі мүмкін екенін, бірақ бәрі шешім қабылданар сәттегі факторларға байланысты екенін айтыпты.
ФРЖ-ның негізгі мақсаты – инфляцияны мақсатты 2 пайызға дейін төмендету болып қала береді. АҚШ-та маусым айында жылдық инфляция 3 пайызға дейін төмендейтіні айтылған болатын. Ал болжам 3,1 пайыз ғана екенін айтып жатыр. Қазір нарық барлық жағдайға оптимистік көзқараспен қарайды: Ал сарапшылар болса қыркүйекте, қарашада және желтоқсанда ФРЖ пайыздық мөлшерлемені бұрынғы деңгейде қалдырады, ал 2024 жылдың қаңтарында ақша-несие саясатын біртіндеп жұмсартуды бастауы мүмкін екенін алға тартып отыр.
Өткен аптада доллар индексі де (DXY) жазу кезінде 100,55 пайыздан 102 пайызға дейін көтерілді. DXY АҚШ валютасының жалпы күшін көрсетеді және АҚШ долларының алты негізгі әлемдік валюта – еуро, иен, фунт стерлинг, канадалық доллар, швед кронасы және швейцариялық франктен тұратын қоржынға қатынасы ретінде есептеледі.
АҚШ Федералды резервтік жүйесінің пайыздық мөлшерлемесін арттыру басқа елдер мен олардың ұлттық валюталарына әсер етуі мүмкін. Осылайша, АҚШ-тағы мөлшерлеменің көтерілуі АҚШ-тың қаржылық активтерінің тартымдылығын арттырып жатыр. Осының нәтижесінде инвесторлар әдетте дамушы елдерден өз қаражатын алып, оларды АҚШ-қа аудара бастайды, экономикасы тұрақты және тәуекелі аз. Бұл дамушы елдерде шетел инвестициясының азаюына және несиелендіру құнының өсуіне әкелуі мүмкін.
Тұтастай алғанда, АҚШ Федералдық резервтік жүйесінің пайыздық мөлшерлемесін көтеру дамушы елдердің орталық банктерін өз экономикаларының ықтимал теріс салдарынан қорғау үшін осындай шараларды қабылдауға ынталандыруы мүмкін. Бұл жаһанданудың ықпалымен және бір елдегі өзгерістер басқа елдерге таралуы мүмкін қаржы нарықтарының өзара байланысымен қатысты болып тұр.
Дамушы елдердің орталық банктері өз активтерін инвесторлар үшін тартымды ету үшін пайыздық мөлшерлемелерін көтеруге мәжбүр болуы мүмкін екенін сарапшылардың бәрі айтып жатыр. Мәселен, Қазақстанның Ұлттық Банкі шілде айының басындағы отырысында базалық мөлшерлемені +/-1 пайыздық тармақ дәлізімен жылдық 16,75% деңгейінде қалдырды. Осының барлығы теңгедегі депозиттер көлемінің өсіп, ал шетел валютасындағы депозиттердің, керісінше, азаюына ықпал етеді. Мұндай динамика қазақстандық валюта бағамына да оң әсерін тигізуде.
«2023 жылдың бірінші тоқсанында халықтың теңгедегі депозиттерінің өсімі 367,8 млрд теңгені құрады, ал олардың үлесі жеке тұлғалар депозиттерінің жалпы көлемінің 67,3 пайызына жетті. Нәтижесінде, депозиттердің долларлануы 2010 жылғы бірінші тоқсанның соңында 32,7 пайызға, тағы 1,2 пайыздық тармаққа төмендеп, тарихи төменгі деңгейлерді көрсетуді жалғастырды. Долларлану шетел валютасына айқын сұраныстың жоқтығын және теңге жинақтарына қызығушылықтың жоғарылауын сипаттайды. Бұған айырбас бағамы динамикасының тұрақтылығы мен салыстырмалы болжамдылығы, сондай-ақ теңгедегі депозиттер бойынша тартымды мөлшерлемелер ықпал етеді. Жеке тұлғалардың депозиттері бойынша шекті сыйақы мөлшерлемесі бірінші тоқсанда өзгеріссіз қалды. Мұның бір себебі – Ұлттық банктің инфляциямен күрес аясында базалық мөлшерлемені 16,75 пайыз деңгейінде ұстап тұруын жалғастыру», деп хабарлады Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының баспасөз қызметі.
Екінші жағынан, ФРЖ пайыздық мөлшерлемелерді біртіндеп төмендету үдерісін бастағанда бұл ұлттық валютаны нығайтудың оң факторы болуы мүмкін. Дегенмен Қазақстан Ұлттық Банкінің де базалық мөлшерлемені төмендететінін ескеру қажет.
KASE-дегі доллар/теңге валюта жұбының бүгінгі саудасына келетін болсақ, олар бір доллар үшін 445,01 теңгеден басталды. Бір күн ішінде ұлттық валюта 1 доллар үшін 444,96-446,13 теңге аралығында саудаланды. Соңғы мәміле қазірдің өзінде бір доллар үшін 445,50 теңгемен жабылды. Астана уақытымен 15.30-дағы жағдай бойынша Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттық барысында жалпы сомасы 111,6 млн доллар болатын 614 мәміле жасалды. Нәтижесінде, Ұлттық банктің алдағы күндерге ресми бағамы 445,68 теңгемен тоқталып тұр. Бұл өткен аптаның соңындағы бағамнан 1 теңгеге аз. Әзіргі болжам доллар қымбаттайды деген пікірді құптап тұрған жоқ.