Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен Абай облысында жаңадан құрылатын аудандар қатарында Мақаншы елді мекені аталғаны белгілі. Қазіргі күнде құрамына 27 ауылдық округі енетін Үржар ауданына қарасты Бақты ауылы осы Мақаншы аумағында орналасқан. Мақаншының маңдайы қашан жарқырайтыны – өз алдына бөлек тақырып. Ал Бақты – көршілес Қытай еліне тікелей тұмсығын тіреп жатқан және сонымен қатар кедендік бақылау нысаны орналасқан үлкен ауыл.
Жақында осы Бақты ауылына жол түсті. Ауыл әкімі Алмас Чушековтің айтуынша, қазір мұнда Алматы, Семей қалаларынан көшіп келіп, кәсібін дөңгелете бастағандар да бар. 650 шаңырақтағы 2 500 адамның барлығы да Мақаншының жеке аудан болатынын естігелі бері болашаққа сенімі күшейе түскен. Ең бастысы ауылды жарықтандыруға және көшелерін асфальттауға баса көңіл бөлініп отыр.
– Расын айту керек, кезінде әртүрлі себептермен ауылдан көшіп кеткендер қазір Бақты ауылына қайтадан қоныс аударып жатыр. Қытай мен Ресей арасында тауар тасымалын нығайтуда маңызы айрықша Бақты кеден бекеті де – осында. Екі елдің арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың артқанының бір дәлелін ауыл үстімен ағылып жатқан көліктердің жыл он екі ай бойы үзілмейтінінен көруге болады. Қазір Абай облысын дамыту жоспарындағы «Аягөз – Бақты» теміржолын салу жұмыстарының қалай жүргізілетіні жөнінде халыққа түсіндіру мақсатымен қоғамдық тыңдау өткізуге әзірленіп жатырмыз. Яғни теміржол тартылғанда 500 адамның жұмыспен қамтылатыны, стансалардың қай жерлерге салынатыны сияқты маңызды істер жайынан хабарлар етпекпіз. Биыл «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы бойынша, жарықтандыруға 25 млн көшелерді ағымдағы жөндеу мақсатына 116 млн 658 360 теңге қаражат бөлініп, игеріліп жатыр. Аманшылық болса, қыркүйек айына дейін бұл жұмыстар аяқталады, – дейді ауыл әкімі Алмас Ахметұлы.
Ауылды аралай жүріп байқағанымыз, халықтың игілігіне қажетті істердің барлығы да жүйелі, ортақ тәртіппен жүзеге асып жатыр. Ауыл шетіндегі ипподромға көрік беріп тұрған «Baqty Arena» алыстан көз тартады. Келгендер дамылдап, саялайтын киіз үй формасындағы арнайы орынды 1983 жылы туған ауыл түлектері тарту етіпті. Жалпы, бақтылықтардың өз ауылына құрметпен қарайтынының бір көрінісі осы болса керек.
Бұл күнде «ауылда тұрып кәсіп ашсам, халыққа қажетті іспен айналыссам» деген жанға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау бар екенін қанша насихаттасақ та артықтық етпейді. Өткен жылдың мамыр айында ойластырған жобасын сәтті қорғай білген Елназ Нұрмұхаметова қайтарымсыз грант алып, тәтті тағамдар тағы да басқа ас пісіретін шағын дәмхана ашыпты.
– Негізі өз мамандығым бойынша жұмысым бар еді. Бірақ мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларға мемлекет тарапынан көмек берілетін арнайы бағдарлама барын білдік. Есесіне, оның маңызын түсіне білген адам өзінің жеке кәсібін ашуына болады. Жолдасым Әділбек екеуміз ойласа келе осы мақсатымызға қол жеткіздік. Яғни Үржар аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 1 млн 380 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, нәтижесінде осындай халық тұтынатын дәмхана аштық. Алғашында торттарды үйде пісіріп, тапсырыс орындайтынбыз. Бақты ауылы жол үстінде орналасқанымен, негізінен жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетеміз. Қазір халық жақсы біліп қалды. Ауылдастарымыз үнемі келіп тұрады. Дайындаған тағамдарымыз ертеңге қалып көрген емес. Күнделікті жұмыс атқарамыз. Алғашында екі адам істейтін едік, қазір өзімді қосқанда бес адам істеп отырмыз. Болашақта бұрын дүкен болған, өз қаржымызға сатып алған осы ғимаратты кеңейтуді жоспарладық. Басты айтайын дегенім, жас отбасылар болсын, қандай аналар болсын, кәсіп ашуды қаласа, оған мемлекет тарапынан грант бөлінетін қайтарымсыз қаржылай қолдау бар. Тек бизнес жобаңды ауыл қажеттілігімен байланыстырып, сәтті қорғай білсең болғаны, – дейді Елназ.
«Ұқсата білген ұтады» дегендей, осылайша мемлекеттік қолдау қаражатын ел игілігіне ұстай білген Әділбек пен Елназ келешекте балалардың ойын алаңын ашуды да жоспарлап отыр. «Жас келсе, іске» деген – осы. Ауыл халқына адал қызмет көрсетіп, кәсібін ширата бастаған жас отбасыға сәттілік тіледік.