Әлемдік экономикалық ахуалдың қай қырына ауып түсерін әлі ешкім тап басып айта алмай отыр. Жалпы, қай заманда да жаһан экономикасының дамуға немесе құлдырауға бет алуын дәл айтып, көрегенділік таныту бола қоймаған шығар. Өйткені алуан елдің экономикалық үдерісінің бір арнада тоғыса қоймасы белгілі. «Экономиканы қолданбалы зерттеулер орталығының» (AERC) мәлімдеуінше, жаһандық инфляция орталық банктердің таргетінен жоғары және оның тәуекелі әркез назарда болғаны жөн.
Тап қазір базалық инфляция G-20 елдерінің барлығында дерлік тұтынушылық инфляция қарқынынан асып тұр. Осы және басқа да экономикалық ахуал турасында AERC-тің кезекті макроэкономикалық шолуында егжей-тегжейлі баян етіледі.
AERC дерегінше, қаңтар-мамырда республикалық бюджет кірісі 13 пайызға өскен, ал осы уақыт аралығында шығын өсімінің қарқыны кіріс көлемінен 2 есе артық (28 пайыз) болған. Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдай келешекте қысқартылатын шығындар көлемінің айтарлықтай қалыптасуына алып келуі ықтимал. Ондай жағдайда Ұлттық қор трансферттерінсіз немесе мемлекеттік қарызды шығарусыз қаржыландыру мүмкін болмай қалады.
Орталық сарапшылары жаһандық инфляция өсімінің баяулауы Қазақстанға да оң әсер етіп жатыр деп пайымдайды. 2023 жылдың маусымында жылдық инфляция елімізде 14,6 пайыз болды (ең қатты өсім былтыр желтоқсанда тіркелген – 20,3 пайыз). Алайда жанар-жағармай өнімдерінің көршілес елдерге жаппай сатылуынан ішкі нарықты қорғау мақсатында Үкімет 2023 жылы сәуірде отын өнімдеріне қатысты шекті бағаны бекітті.
Бұл жолғы шолуда AERC еліміздің экономикалық өсіміне қатысты болжамын жақсартқан. Базалық сценарийге сәйкес биыл елдің ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ) жиынтық сұраныс моделі бойынша 4,3 пайызға жетуге тиіс. Жиынтық ұсыныс моделі бойынша болжам 4,2-ден 4,3 пайызға тәуірленген. Ал жанар-жағармайға шекті бағаның бекітілуі инфляцияны 11,2 пайызға дейін жеделдетіп жіберуі мүмкін.
2023 жылы қаңтар-маусымда негізгі капиталға салынған инвестиция 6717,6 млрд теңгені құраған. Бұл былтырдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 13,1 пайызға көп.
«Биыл маусымда іскерлік белсенділік индексі біршама баяулап (51,1), сәуірден бері 0,4 тармаққа төмендеді. Маусымда қызмет көрсету және тау-кен өнеркәсібі секторында жақсару байқалды. Өндіріс пен құрылыста іскерлік белсенділік көрсеткіші айтарлықтай төмендеді (48,4 және 47,7 болып)», делінеді шолуда.
AERC ұсынып отырған базалық болжамға сәйкес биыл Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 83 долларға жетуге тиіс. Бұған дейінгі макроэкономикалық шолумен салыстырғанда аталған маркаға қатысты баға біраз төмендеген (бұрын барреліне 84,9 доллар деп болжанған). Өзгерістің енгізілуі мұнайға деген әлемдік сұраныстың төмендеу тәуекелімен байланысты екен.
«Біріншіден, ОПЕК+ қатысушы-елдері мұнай өндірісін қосымша қысқартуға келісті. 3 шілдеде Сауд Арабиясы өндірісті тамызға дейін тәулігіне 1 млн баррельге дейін қысқартуға шешім қабылдады. Бұл Сауд Арабиясындағы мұнай өндірісінің тәулігіне 9 млн-ға дейін қысқаруына алып келеді. Сол уақытта Ресей тамызда мұнай экспортын тәулігіне 500 мың баррельге азайтатынын мәлімдеді. ОПЕК+ елдері тарапынан мұнай өндірісін қысқартуға қатысты мұндай шаралардан кейін қатысушы елдер мұнай өнімдеріне деген сұраныс төмендеп кетер ме екен деп қауіптенеді. Екіншіден, Қытайда өндіріс белсенділігі қысқарып, бұл сұранысты әлсіретіп жатыр. Аталған көрсеткіштің төмендеуі Қытайда осымен үшінші ай қатарынан байқалып отыр», дейді сарапшылар.