Әлемде адам саудасы қызып тұр. БҰҰ-ның соңғы дерегін ескерсек, жылына қылмыстың бұл түрінен шамамен 25 млн азамат зардап шегетін көрінеді. Елімізде де жағдай мәз емес. Биылдың өзінде 100-ден аса факті тіркелген. «Тірі тауарға» айналғандардың 20%-ға жуығы – кәмелетке толмаған балалар.
Еріктен тыс құлдыққа жегу, жезөкшелікке салу, бала саудасы, қайыр сұрауға мәжбүрлеу, қара базарда ағзаны сату әлемді алаңдатқан мәселеге айналғалы қашан. Тіпті әлі күнге дейін заңсыз қару-жарақ сату мен есірткі бизнесінен кейінгі үшінші орынды иемденіп келеді. Халықаралық көші-қон ұйымы мен халықаралық еңбек ұйымының есептеуінше, тек қана мәжбүрлі еңбек қанауынан түсетін жылдық табыс 150-160 млрд долларға жетеді екен. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш жуырда өткен жаһандық жиында осы қатыгез, әккі саудагерлердің қылмыстарына жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей келеді деген еді.
«Бүгінде теңсіздіктің өршуі, климаттық апаттардың күшеюі сынды кезеңде халықтың орын ауыстыруындағы бұрын-соңды болмаған көрсеткіштері тұсында көп азамат адам саудалаушылар қармағына ілініп отыр. Басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Құрбандар зорлық-зомбылыққа, еңбекке мәжбүрлеу, қорлауға ұшырайды. Алайда адам саудалаушылар жазасын алмайды. Олардың қылмысына жеткілікті көңіл бөлінбейді. Жағдайды өзгерту керек. Ол үшін зардап шеккендерді анықтау және оларды қорғау шараларына инвестиция көлемін ұлғайту қажет. Сондай-ақ тірі адамды тауарға айналдыратын қылмыскерлерді жауапқа тарту үшін құқық қорғау қызметін күшейтейік. Біз жәбірленушілерге өз өмірлерін қайта құруға, әлеуметтендіруге белсенді түрде көмектесуіміз керек. Ешкім ешқашан сатып алынбайтын, сатылмайтын және құлдыққа айналмайтын әлем құру үшін бірге жұмыс істейік», деді Антониу Гутерриш.
Бас хатшы сөз еткен проблема бізде де бар. Елдегі жауапты органдар адам саудасына мейлінше тосқауыл қою үшін арнайы заңның жоқ екенін алға тартады. Ал Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішевтің пікірінше, одан бөлек жәбірленушілерге кәсіби көмек көрсететін адвокаттар санының аз болуы, құрбандардың құқық қорғау органдарымен іс-әрекеті өз деңгейінде болмауы мәселені ушықтырып отыр.
«Шынында, Қазақстанда жыл сайын адам саудасына қатысты жүзден астам қылмыстық іс қозғалады. Оның 8 құрамы Қылмыстық кодексте көзделген. Қылмыстық істердің сотқа жетпеуінің бір себебі – елімізде арнайы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заңның жоқтығы. Бұл заң әлі қабылданған жоқ. Талқыланып жатыр. Мәжіліске түсті. Осы жылдың аяғына дейін қабылдануға тиіс. Егер заң қабылданатын болса, онда еліміздегі адам саудасына қатысты қылмыстық істердің басым көпшілігі сотқа дейін жетеді. Екіншіден, адам саудасымен айналысатын адамдарды көбіне кәсіби біліктілігі өте жоғары адвокаттар қорғайды. Ол әлемде табысы жағынан үшінші орында тұрған заңсыз бизнес екені белгілі. Сондықтан олар өздерінің заңсыз бизнесін сақтауға, оны одан әрі жалғастыруға мүдделі. Осындай жағдайларда адам саудасына байланысты қозғалған қылмыстық істердің басым көпшілігі сотқа жетпей қалуы әбден ықтимал. Тағы бір себебі, жапа шеккендер немесе адам саудасының құрбандарының құқық қорғау органдарымен іс-әрекеті өз сипатын немесе дәрежесін бермейді деп санауға болады. Олардың көпшілігі қорқып, өздерінің куәлігінен айнып кетуі мүмкін. Бұл да адам саудасына байланысты қылмыскердің сотқа дейін жетпеуіне себеп болады», деді Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы Тастемір Әбішев.
Бұдан қалды еліміз «тірі тауар» дәлізіне айналған. Яғни Қазақстан Орталық Азиядағы адам саудасының транзиттік аумағы болып отыр. Бұл туралы Орталық Азиядағы адам саудасына және мигранттарды заңсыз әкелуге қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі БҰҰ ББП аймақтық кеңесшісі Рэда Сиргедиене де мәлімдеді.
«Адам саудасымен тек бір адам айналыспайды. Олар – арнайы жасақталған, өздерінің жауапты салалары бар адамдардан құралған топ. Біреулері жәбірленушілерді тасымалдау жолымен айналысса, енді біреуі келгендерді қабылдайды. Үш жыл бұрын Қазақстанда барлық жұмысшы үйден жұмыс істеуге мәжбүр болды. Бұл кезеңде қылмыстық топ интернет кеңістігіне толығымен ауысты. Содан бері Орталық Азияда жағдай күрделенді. Оның себебі, 2020 жылдан кейін адам саудасына қатысты арнайы зерттеулер аз жүргізілген. Орталық Азия елдерінде Telegram желісі арқылы жұмысқа шақырып жатады. Мұны өзім де байқаймын. Желідегі көпшілік шоғырланған топтарға қысқа ғана хат жолданып, онда жұмыстың қандай екені және жалақысы көрсетіледі. Сонымен бірге өздерінің байланыс нөмірлерін қалдырып, кері байланыс жасауға уәде береді. Жұмыссыз жүрген адам оларға жазып, қызығушылық танытады. Хат алмасу кезінде қылмыскерлер адамның сеніміне кіріп, көндіруіне мүмкіндік туады. Қылмыстық топтың жұмыс істеу жүйесі осал болмайды. Қазақстан адамдарды басқа елдерден тасымалдаушы өңірге айналып отыр. Аймақ арқылы Оңтүстік Азияға адамдар жіберіледі», деді ол.
Ең сорақысы, «құл иеленушілерге» құқық қорғау органдары өкілдерінің де қатысы бар. Осыдан екі ай бұрын БАҚ беттерінде елімізде жыл басынан бері мұндай қылмысқа қатысы бар үш полиция өкілі әшкере болғанын хабарланған-ды.
«Көп жағдайда қылмыс ұйымдасқан сипатқа ие. Мысалы, жыл басынан бері 110 қылмыс жасалған. Оның бесеуі – эксплуатациялау мақсатында бостандығынан заңсыз айыру, 14-і жезөкшелікпен айналысуға тарту болған. Құрбандардың 7-уі – кәмелет жасына толмағандар, 24-і – адам саудасына ұшыраған, соның ішінде 16-сы – кәмелетке толмағандар, 67-сі – жеңгетайлық пен притон ұстау қылмысы. Жалпы, бір жылда орташа есеппен жүзден астам қылмыс тіркеліп, 5-тен астам ұйымдасқан қылмыстық топ анықталады. Бахрейн корольдігіне, Оңтүстік Кореяға, өзге де мемлекеттерге құлдыққа жіберу үшін азаматтарды шетелге әкететін арналар жойылды. Мұндай қылмыстың жасалуының негізгі себебі – әлеуметтік-экономикалық үдерістер, криминалдық бизнестің табыстылығы, жазаланбайтынына деген сенімділік итермелейді. Адам саудасымен айналысатындар материалдық баюды көздеп, құрбанды алдау мен күш көрсетудің түрлі тәсіліне барады», дейді Ішкі істер министрлігі Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Адам саудасына қарсы күрес және қылмыстық процеске қатысушыларды қорғау басқармасының бастығы Самат Құсетов.
Негізі, адамдар құқықтық сауатсыздығынан, интернеттің ықпалынан, тез әрі жылдам ақша табуға ұмтылуынан құлдық қамытын киеді. Қазақстаннан шетелге кетіп, арбауға түсіп қалатындардан бөлек, біздің елге келіп те осындай жағдайға тап болатын өзге мемлекеттің азаматтары да бар. Биыл 15 шетелдік елімізде құлдыққа жегілген. Бүгінде олар дағдарыс орталықтарына жүгініп, көмек алған. Тәртіп сақшылары жәбірленушілер көп жағдайда полицияға жүгінбейтінін айтады. Себебі кезіндегі егелері кек қайтара ма деп қорқады. Жалпы, елімізде жыл сайын құзыретті органдар арнайы алдын алу шаралары мен тексеріс жұмыстарын жүргізеді.
«Адам саудасының құрбандарына мемлекеттік бюджет есебінен көмек көрсетіледі. Зардап шеккендерге қылмыстық іс қозғау фактісінің болуына қарамастан, қызметтердің 8 түрі: әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық және құқықтық қызметтер көрсетіледі. Бұл нормалар Қазақстан азаматтарына, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады. Биылғы басты бағыт Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында әзірленген «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» арнайы заң жобасы болды. Оны талқылау мен құрастыру 50-ден астам сарапшының қатысуымен жүргізілді. Заңнама жобасын талқылау барысында халықаралық конвенциялар, ТМД елдері мен БҰҰ-ның үлгі болар заңдары, ұлттық әрі шетелдік тәжірибелер қарастырылды. Құжат субъектілердің шеңбері мен рөлін, сондай-ақ олардың арасындағы өзара іс-қимыл тетігін айқындайды. Кемшіліктерді, жаңа қатерлерді анықтауға және оларға уақтылы ден қоюға мүмкіндік беретін тәуекелдерді бағалау сияқты жаңа тетіктер арқылы адам саудасының кідірісін, сондай-ақ полициямен ғана емес, басқа да мемлекеттік органдармен анықтауға мүмкіндік беретін құрбандарды қайта бағыттау тәртібін төмендетеді. Жәбірленушіге мемлекет тарапынан өз құқықтары мен қорғау шараларын жақсы түсінуге мүмкіндік береді. Жәбірленушілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау кепілдіктері оларды полицияға жүгінуге ынталандырады және істерді сотқа жеткізуге ықпал етеді», деді С.Құсетов.
Десек те, қазіргі статистика осы уақытқа дейін жасалған жұмыстардың жеткілікті деңгейде емес екенін көрсетеді. Сондықтан әлемдік мәселеге айналған адам саудасы ісіне тек құқық қорғау органдары ғана емес, кешенді түрде арнайы мамандандырылған үкіметтік емес ұйымдар, Қазақстанның барлық азаматы, бизнес субъектілері белсене күресуі қажет.