• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Энергетика 04 Тамыз, 2023

Тозығы жеткен инфрақұрылым

206 рет
көрсетілді

Энергетика министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы бұйрығымен электр энергиясының шекті тарифтеріне өзгерістер енгізілді. Тарифтерді түзету энергия өндіруші тәуелсіз ұйымдар үшін отын құнының өсуімен және алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындықпен байланысты болып отыр. Ал бұл тұста коммуналдық тарифтердің жаңа өлшемі тұтынушылардың қалтасына қалай әсер етеді деген күмәнді сұрақ туындайды. Себебі тамыздағы коммуналдық қызметтердің түбіртектері әдеттегіден басқаша болып келетіні анық.

Тариф бекітілген кезде үш түрлі шығын ескерілетіні белгілі. Алғашқысы – стансалардан электр энергиясын сатып алу. Себебі тариф құрылымының 50 пайыздан астамы осыған жұмсалатын шығындардан тұрады екен. Бұл міндет­ті «Электр энергетикасы туралы» Заңға сәйкес, Энергетика министрлігі өзге мекемелердің келісімінсіз бір өзі бекітеді. Ал екіншісі – электр энергия­сын беру. Мұндағы шығынның тариф құрылымындағы үлесі – 40 пайыз. Мұны табиғи монополияларды реттеу коми­теті бес жылға бекітеді. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, қайтарымды инвестициялар­дың жылдық лимиті өсті. Электр энергиясын генерациялау секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында қайтарымды инвес­тиция­лардың жылдық лимиті 32 млрд теңгеден 428 млрд теңгеге дейін көтерілді.

Электр қуаты нарығында шекті тарифті айына 1 МВт үшін 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Бұл шешім жұмыс істеп тұрған стансаларды жаңарту және жөндеу үшін генерация секторына жыл сайын 160 млрд теңге көлемінде инвестиция құюға мүмкіндік береді екен. Қазіргі электр қуаты үшін бекітілген тарифтер толыққанды жөндеу жүргізуге қажетті шығынды жаппайды деген уәж айтылады. Жетпейтін қаржы – 88 млрд теңге. Ал Энергетика министрлігі жетпейтін қаражатты өтеу үшін жыл сайын 100 млрд теңге қаржы бөлетінін айтып отыр. Қысқасы, Үкімет бұл жолы да бәрі де бақылауда екенін айтып отыр.

Электр энергиясы, газ және судың қанша тұратынын есептеп те үлгердік. Жаңа бағаның салқыны тек коммуналдық пәтердің ғана емес, қалғанының бәрінің де бағасын шарпып өтетініне дайын болуы­мыз керек. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров байбалам салуға себеп жоғын айтады. Министрдің пікірінше, коммуналдық қыз­мет тарифтерінің жаңа деңгейі 10-нан 30 пайызға дейін өзгереді. Қыс­қа­сы, өсім шамамен 3-4 мың теңгені құрайды. Халықтың әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтары коммуналдық тө­лем­дер шығындарының бір бөлігін әкім­­дік­тер өтеу мүмкіндігін пайдалана алады.

Премьер-министр Әлихан Смайы­лов­тың айтуынша, ке­йін­гі үш жыл бойы ком­муналдық кә­сіпорындарымыз іс жүзінде ешқандай кіріссіз жұмыс істеген, жөндеу мен жаңғыртуға қаражат салмаған. Мұның бәрі электр нысандарын жөн­деуге жұм­салатын қаржыны он есеге дейін өсіріп жіберген. Логистикалық тіз­бек­тегі өзге­рістер металл прокаты, құбырлар, арматуралар, подшипник мен электр жаб­дық­та­рының бағасын қым­баттатып жіберді.

Энергетика секторында жала­қы төмен болғандықтан, білікті м­амандардың өзге салаларға кет­уі жығылғанға жұдырық бол­­ды. Үкімет енді «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы арқылы энер­го­сек­тордың күретамырына қан жүгір­туге ниет­теніп отыр.

Энергетика саласының сарапшысы Әсет Наурызбаев осы бағдарламаны жүзеге асырған кезде тарифтің көте­рілуі­нен түсе­тін пайда тарифтердің құ­ла­ғында отырған олигархтардың іше­гін «майлап», бүйірін жылытып келгенін осыған дейін талай рет айтқан. Ал Үкімет бас­шысы Ә.Смайылов болса, бағ­дарламаны жүзеге асырған кезде тарифтің көтерілуінен түсетін пайда біреудің қалтасына емес, өндірісті нақты жаңғыртуға жұм­салатынын, жаңа саясат та­рифтерді белгілеудің бүкіл үдерісінің ашықтық, есеп берушілік және жария­лы­лық қағидаттарына негізделетінін айтып отыр. Бұл үшін тиісті заңнамалық тү­зету­лер, нормативтік құқықтық акті­лер қабылданыпты.

KPMG жақында тарифтердің тех­никалық аудитін аяқтағаны осыған дейін хабарланған. Тек­серу барысында жалпы елде­гі инфрақұрылымның басым бө­л­і­гінің жағдайы «инфаркт алдында» екені белгілі болды. 128 мың шақырым жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің жалпы тозуы – 51 пайыз. 37 ЖЭО-да жұмыс істейтін энергетикалық қазандықтардың 62 пайызы, тур­бина­лар­дың 58 пайызының қызмет ету мерзімі таусылғаны және оларды ауыстыру қа­жет екені анықталды.

Мамандардың айтуынша, қуаттарды ауыс­тыруға қажетті көлем 2,5 мың МВт құ­райды. Бұдан бұрын да электр стан­са­ларының бекітілген тариф шең­­берінде электр және жылу энер­гиясын сатудан түскен кірісі толық жөн­деу жұмыстарына кеткен шығынды өте­мейтіні, ал жеткіліксіз қаржыландыру көлемі 88 млрд теңгені құрайтыны бел­гілі болды. Жаңғыртуға және қал­пына келтіруге жатпайтын ЖЭО-ларды жою және олар жаңа қуаттар іске қосылғанға дейін жұмыс істеуі үшін Ұлт­тық эко­номика министрлігі 2023 жылға жағдайды тұрақтандыру мақ­сатында не­гізгі жабдықтарды күр­делі жөндеу, қа­зандықтарды, турбиналарды, түтін құ­быр­ларын қайта жаңарту, жаңғырту және жаңадан салу жұмыстарының көлемін анықтап, нақтылап отыр. Мұның бәрі қысқа мерзімді 182 млрд теңге көлемінде қаржыландыруды қажет етеді. Биыл 126 шақырым жылу желі­ле­рін жаңғыртуға 86,3 млрд теңге бөлінді. 3 айда 23 шақырым жылу желілері тартылды. Бұл – бас жос­пардағы желілердің 18 пайызы.

2009-2015 жылдарға арналған «Тарифті ин­вестицияға айырбастау» бағдар­ламасы бұрын қолданыста болған, бірақ ол тек электр энергиясын өндіруді дамытуға бағытталған болса, қазіргісі де барлық коммуналдық қызметті беруге бағытталған. Жиында талқыланған 2029 жылға дейінгі жоспар сәтті жүзеге асса, 62 мың шақырым инженерлік желілерді жаңғыртуға 3 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылып, желі­нің тозуын 20 пайызға дейін азайтуды межелеп отыр.

Ұлттық экономика министрі Ә.Қуан­тыровтың айтуынша, қазірдің өзінде 2023 жылы шамамен 250 млрд теңге инвестиция тарту перспективасы бар, соның нәтижесінде 5,8 мың шақырым инженерлік желілер жөнделеді. «Бағ­дарламаны жүзеге асыру іс жүзінде жүзеге асты. Жергілікті атқарушы органдар тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шылық кәсіпорындарымен бірлесе отырып, жөндеу жұ­мыстарының уа­қытылы және сапалы жүргізілуін қам­та­масыз етуі, сондай-ақ алдағы жылдары желілердің тозуын азайту үшін құ­­жаттаманы дайындауы қажет», деді Ұлттық экономика министрі.

Биылдың өзінде жылумен қамту саласына 112 млрд теңге, электр­мен жаб­дықтауға 92 млрд теңге, сумен жаб­дықтауға 29,5 млрд теңге инвестиция тар­тылады. Өнеркәсіптік сектордың ин­­вес­тициялық тартымдылығын арттыру мақсатында инвести­ция­лық кірістің жылдық лимиті 32 млрд теңгеден 428 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Электр энер­гиясы нарығындағы шекті тарифті айына 1 МВт үшін 1,5 млн теңгеге дейін арттыру жоспарлануда. Бұл генерациялау секторына жыл сайынғы 160 млрд теңге көлеміндегі инвес­тиция ағынын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Инвести­циялық келісімдерді жасау­дың негізгі өлшемдері – тозуды қазіргі деңгейден 10-15 па­йызға дейін төмендету, сондай-ақ компанияның жеке қажет­ті­ліктерін азайту, отынның үлестік шығынын жобалық бала­маға жеткізу және ең жақсы қол­же­тім­ді технологияларды енгізу.

Ұлттық экономика министр­лігі бас­шы­сының айтуынша, екі бөлмелі пәтердің жылу үшін орташа есепшоты 20 пайызға артады. Барлық коммуналдық қызмет бойынша орташа есепшоттың өсуі шамамен 3-4 мың теңгені құрайды. Министр коммуналдық қызметтерге тарифтердің өзгеруі қалыпты екенін және орташа есеппен 10-нан 30 пайызға дейін болатынын, бұл тұтынушылар мен кәсіпорындардың мүдделерінің теңгерімі ескерілгенін айтты.

Ұлттық экономика министр­лігі ком­му­налдық кәсіп­орындар қызметінің тиімді­лігін арттыру мақсатында «Табиғи монополиялар туралы» заңның 22-бабына өзгерістер енгізілгенін ха­барлады. Осы заңнаманың нәти­жесінде коммуналдық қыз­мет­шілердің еңбек­ақысы, оның ішінде сантехниктер, элек­триктер мен дәне­керлеушілер 50 пайыздан 100 пайызға дейін, ал орташа жалақы сала мен аймаққа байланысты 135 мыңнан 200-300 мың теңгеге дейін өседі. Иесіз желілерді кезең-кезеңімен беруге қатысты 25 мың ша­­қырымнан аса инженерлік желілер сенімгерлік басқаруға және коммуналдық меншікке беріледі.

Ұлттық экономика министр­лігінің хабарлауынша, бұған дейін Премьер-министр бұл туралы «тұрғын үйі жалғыз деп танылған немесе мемлекеттік тұр­ғын үй қорынан тұрғын үй­лерде тұратын аз қамтылған азаматтарды қолдау мақ­сатында мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй көмегі көрсетіледі. Кейінгі 4 жылда 174 мыңнан аса абонентке жалпы сомасы 5 млрд теңгеге тұрғын үй көмегі төленсе, биыл 6 айда 31 мың отбасына тұрғын үй көмегі көрсетілген.

Премьер-министр тариф мә­се­­лесінде біз алтын ортаны ұс­­­та­нуымыз керек екенін ашып айтып отыр. Өнеркәсіпті дамыту қажеттілігімен қатар, ха­лық­тың мүм­кіндіктерін де ескеру қажеттігі тағы да ай­тылды.

Ұлттық экономика министр­лігі да­йындаған 2023-2024 жыл­­дарға ар­нал­ған негізгі мін­деттер тізімінде ин­вести­ция­лық бағдарлама іс-шарала­ры­ның қалай орындалатыны сипат­тал­ған болатын. Онда рет­те­­летін коммуналдық қызмет­тер­ден түсетін инфляцияға жарна дәлізінің сақталуын қамтамасыз ету, тарифтерді кросс-суб­си­дия­­лаудан кезең-кезеңімен бас тарту айтылған. Ал дәл қазір «әлеуметтік тұтыну нормаларын» енгізу және тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу маңызды.