• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 04 Тамыз, 2023

Қолөнер – ұлттың қазынасы

443 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен екінші Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде ұлттық құндылықтарды дәріптейтін кәсіпкерлерді қолдау қажетін атап өтті. «Шын мәнінде, қазақтың мәдениеті сан түрлі саланы қамтиды. Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек», деді Президент.

Қазақтың ұлттық құнды­лық­та­рын қолөнер арқылы насихаттап жүрген сондай жандардың бірі – қызылордалық Пахриддин Садықов. «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында ол көркем де кірпияз өнердің қыр-сырымен бөлісті.

– Пахриддин Шәмшідінұлы, қолөнер шебері болу – туабітті даритын талант па немесе бі­реу­ге еліктеу арқылы келетін қа­білет пе? Сіз бұл өнерді қай­дан үйрендіңіз?

– Әр бала өмірге келгеннен қырық өнерге бейім болады екен. Кейін отбасында алған тәрбиесіне, өскен ортасына, ай­наласындағы адамдардың ықпалына қарай 7 жасқа келгенде сол өнердің бірін ұстауға машықтанатын көрінеді. Мен де мектепте оқып жүргенде қол­өнерге қызыға бастадым. Жас кезде адам бар өнердің құ­ла­ғынан ұстағысы келеді ғой. Әнші де, ақын да болғым кел­ді. Бірақ уақыт өте жаныма жақыны – қолөнер ұстасы болу екенін түсіндім. Оқушы шағымда оянған сол әуестігім өсе келе бо­йыма мейлінше дарып, әскерден келген соң толыққанды айналыса бастадым.

Адам қандай өнерді де ұстаз алдында отырып үйренуі керек. Маған қолөнерді ең бірінші үйреткен адам – өз әкем. Одан бөлек, ауылда жеті бірдей адамнан оның қыр-сырын меңгердім.

– Жасаған бұйым­да­ры­ңыз­ды қарап отырсам, бәрінде қобыз көрініс тауыпты. Қо­быз­ды жақсы көресіз бе?

– Қорқыттың қобызы – тұла бойына қазақ мәдениетін толық жиған ұлттық аспап. Қобыз – қазақ­тың дүниетанымы. Ата-бабадан мирас болған бұл құн­дылығымыз арқылы халқы­мыз­дың әдет-ғұрпын, болмыс-бі­тімін, дүниетанымын, т.б. жан-жақты көрсетуге болады. Мен осы аспабымыз арқылы ұлтымыздың бай мәдениетін бүкіл әлемге танытқым келеді. Қобыздан бөлек, бес қару, жеті қазына, жеті ата, үш арыс, үш ана, төрт түлік, басқа да көп дүниенің бәрін менің туындыларымнан көруіңізге болады. Сол арқылы қазақтың тілін, дінін, мәдениетін, ділін насихаттап жүрмін дей аламын.

– Тартуға болатын шынайы қобыз жасайсыз ба?

– Алғашқыда тартатын 2 қобыз жасадым. Алайда менде музыкалық есту қабілеті жоқ, сондықтан ол ісімді әрі қарай жалғастырғым келмеді. Қазіргі күні тек кәдесый ретінде жасаймын.

– Қолөнермен негізінен хобби ретінде айналысасыз ба, әлде кәсіпке айналдырып, табыс тауып жүрсіз бе?

– Қазақтың өнерін хобби қылдым деу – кешегі кейбір сепаратистер секілді домбыраны сындырып, далаға тастағанмен бірдей нәрсе. Әр істің өз маманы болады. Абай хакім: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» дейді ғой. Біз осы өнер саласынан өз кетігімізді тауып, оны насихаттау үшін барымызды салып жүрген азаматпыз. Қолөнер – менің хоббиім емес, мен оны көпке барынша таныту үшін еңбектеніп жүрмін. Мұны Алла тағаладан берілген аманат десем болатын шығар. Қазақта «Бала атадан батпан артық туады» деген әдемі сөз бар. Батпанмын деп айта алмаймын, бірақ осы өнерді өзіме аманат ретінде қабылдаймын.

Кәсіп жағына келсек, әрине, өнерім арқылы табыс та табамын. Еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыстар түседі. Дәл қазір Астана қаласынан «Қазақтың тілі, діні, ділі» деген тақырыпта өнер туындысын жасауға сұраныс келіп жатыр. Сол туындыны жасау үстіндемін. Шетелдерден де тапсырыстар келіп жатады.

– Қолөнерді кейінгі ұр­пақ­қа үйретесіз бе? Мәселен, үйір­ме­лер ашу, бала оқыту туралы жос­парларыңыз жоқ па?

– Иә, бұрын шәкірт оқыт­қан­мын. Тек Қызылорда емес, Түркістан және Ақтөбе облыстарынан келіп, менен қолөнердің қыр-сырын үйренген адамдар бар. Қазір Қызылорда қаласында және облыстың жеті ауданында «Дәстүр» атты шығармашылық орталығымыз жұмыс істейді. Облыстың елді мекендерін аралап жүріп өнерімізді насихаттаймыз. Қызылорда облыстық орталық музейінің галереясында, Жаңақорған аудандық музейінде өзімнің бұрышым бар. Алдағы уақытта Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Жамбыл облыстарынан да өз бұрышымды ашуға ұсыныстар келіп жатыр. Жансейіт Түймебаев облыс әкімі болып тұрған уақытта ол кісіге Түркістан қаласынан Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Ұлттық ағарту қолөнер орталығын ашу туралы ұсыныс тастағанмын. Мақсатым – сол жерде қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін, қадір-қасиеті мен болмысын елге дәріптейтін адам тәрбиелеу. Биыл сол мектепті салуды бастау туралы ой бар. Жылына кемінде 5 ұл, 5 қызды дайындап, қазақ қолөнерін алға сүйрейтін өнерлі ұрпақ тәрбиелегім келеді.

– Жалпы, бүгінгі жас­тары­мыз­да қолөнерге қызығу­шы­лық бар ма?

– Балаларымыздың ұлт­тық мәдениетімізден алыс­тау болып, жатжұрттық жыл­ты­рақтарға қы­зы­ғып өсуі, қолынан телефонын тастамай, виртуалды әлемде жүр­уі – ең біріншіден ата-ананың айы­бы. Бұл жерде баланың ешбір кінәсі жоқ. Ұялы телефон қазір жас жеткіншектерімізді ауру қы­лып жатыр. Өткен жылы 6 жасар баланың қан қысымынан қайтыс болуы, 9 жасар баланың компьютер алдында отырып о дүниелік болып кетуі соның айқын дәлелі. Біз оларды телефоннан бір сәт алыстатып, қызығушылығын арттыратын өнерге баулуды ойлауымыз керек. Шын мәнінде, ел ішінде он саусағынан бал тамған өнерлі жеткіншектер же­терлік. Бірақ соларға бағыт-бағдар беретін ата-анада ықылас жоқ.

– Қазіргі күні қандай бұйым­дар жасап жүрсіз?

– Дәл қазір «Арбаң өрге дөң­гелесін, арда қазақ» атты бір туындым өмірге келіп жатыр. Жалпы, жоғарыдағы әңгіменің жалғасы ретінде айтайын, менің өз балаларым да қазақтың қол­өне­ріне әуес. Мәселен, соңғы 20 жылда 130-дай туынды жасаппын. Соның ішінде шамамен 80 туын­дымның сызбасының авторы – Гүлзинат атты қызым. Он шақтысын Айсұлу есімді қызым сызды. 5-6 туындымды әйелім сызып берді. Қалғаны өзімдікі. Сондықтан менің барлық жасаған бұйымымды отбасылық өнер туындылары деп атауға әбден болады.

 

Әңгімелескен

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»