Биыл интернеттен радикалды бағыттағы 11 мыңнан астам заңсыз материал өшірілген. Сондай-ақ 14 мыңнан аса әлеуметтік желі пайдаланушысы теріс ағымдағы топтардан шығарылыпты. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, ғаламторда діни экстремизмге қарсы насихат жұмысы жүйелі жүргізіліп келеді.
Министрліктің дін саласындағы жұмысының басты стратегиялық бағыты – мемлекет дамуының зайырлы қағидаттарын нығайтуға, үйлесімді мемлекеттік-конфессиялық қатынастарды қамтамасыз етуге және қоғамда радикалды идеологияның таралуына жол бермеуге негізделген. Бұл дін саласындағы жұмыс атаулы ақпараттық-түсіндіру, интернет кеңістікте діни экстремизмге қарсы насихаттау мен оңалту және дерадикализациялау жұмыстары негізінде іске асырылып жатыр.
Министрлік халықтың дінтанулық сауаттылығын арттыруға, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарын түсіндіруге, діни экстремизмнің алдын алу және радикалды діни идеологияларға қарсы иммунитетті қалыптастыруға 3 028 адамнан құралған 228 өңірлік ақпараттық-түсіндіру тобын жұмылдырған. Нәтижесінде, биыл бірінші жартыжылдықта 17 500 іс-шара ұйымдастырған. Оған 700 мыңға жуық азамат қатысқан.
Радикалды діни ағымдар идеологиясы негізінен интернет ресурстар арқылы таралатыны белгілі. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дерегін бағдарласақ, оңалту жұмысына деструктивті діни ағым идеологияларын насихаттауға қарсы тұра алатын және азаматтарды дәстүрлі ислам принциптеріне және Қазақстан қоғамының құндылықтарына бейімдейтін жоғары білікті теологтер мен психологтер, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресурстары тартылған. Жалпы, түсіндіру жұмыстарының нәтижелері бойынша діни экстремизм идеологиясын ұстанатын адамдар санының азаюы байқалыпты. Демек елімізде радикалды және экстремистік көзқарастар мен идеяларды қабылдамау ахуалы қалыптасқан. Бұған қоса сала өкілдері шетелдік миссионерлер тарапынан 10 құқық бұзушылықты анықтаған.
Жалпы, 2023 жылдың ІІ тоқсанының қорытындысында ел аумағында 373 шетелдік миссионер тіркелген. Оның ішінде православ, католик, иудаизм, елуіншілер, адвентистер, Иегова куәгерлері тағы басқалары бар.