• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Тамыз, 2023

Бейіт айналасындағы «бәсеке»

1006 рет
көрсетілді

Күмбезді зират пен алтынмен апталған бейіт құлпытасы тірілер арасында бәсекеге айналғанына қоғам 2015 жылдан бастап назар аудара бастаған-ды. Қазіргі кезде ақы­рет мекенге де көк тиын­сыз кіре алмайтындай жағдай қа­лып­та­сып тұр.

Жерлеу рәсімін реттейтін уақыт келді

2017 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар Кеңесінің XV мәжілісінде мешіт жамағаттары мен жекелей азаматтардан келіп түскен сұ­рақ­тар мен өтініштерге байланысты мұсылман зиратының қағидалары мен талаптарын бекітті. Қабылданған қағидалар мен талаптар мәтінінде қабірді қоршау, қабір үстіне құрылыс нысандарын салу, қабір басына белгітас қою, оның айналасын тазалау, түзету, тағы да басқа мәселелер қамтылған. «Мұсылман зиратының қағидалары мен талаптары» деп аталатын құжат мә­тінінде: «Қабір тапталып, аяқасты бол­мауы үшін қоғамдық зиратты тұтас қор­шаған абзал. Тұтас қоршалған зират­тың ішіндегі қабірді жеке-жеке қоршау қажет емес. Егер қабірстан толықтай қоршалмаса, аяққа тапталмас үшін қа­бірді шариғат шеңберінде төртқұлақ етіп қоршауға рұқсат беріледі. Қабір үстіне құрылыс нысандарын салуға ша­риғи тұрғыдан рұқсат жоқ», делінген.

Сол кезде салттық кызмет көрсететін құ­зырлы орын басшылары БАҚ бет­те­рінде өз пікірін айтты, қоғам ден қой­ған­дай ыңғай танытты. Осыдан кейін шектен тыс ысырапшылдыққа нүкте қойылар деп үміттенген едік. Бірақ нәтиже болмады.

Елімізде жерлеу рәсімдеріне қа­тыс­ты ереже жоқ. Зираттарды жоба­лауға, күтіп-ұстауға қойылатын санитар­лық-эпидемиялық ережелері мен нормалары Денсаулық сақтау ми­нис­трі­нің 2010 жылғы 30 маусымдағы №476 бұйрығымен бекітілген. Норма­тив­тік құжаттардан әзірге «Халыққа рәсімдік (жерлеу) қызметтерін көрсетуді жобалау, ұйымдастыру және елді мекендердегі зираттарды ұстау реті туралы» ереже ғана бар. Оның өзі әділет органдарында тір­кел­меген болып шықты. Заңдық күші жоқ. Жерлеу рәсіміндегі бәсекені тек заң ғана тоқтата алады.

2019 жылы Ұлттық экономика ми­нистр­лігі жерлеу рәсіміне қатысты ереже жоғын айтып, заң жобасы ма­құл­данса, жерлеу рәсімі ғана емес, адам о дүниеге аттанғаннан кейінгі үдерістер қандай тәртіпте қаралу керек, қай органдарға жүгініп, қандай шешімдерді қабылдау керек, барлығын жалпы ережелер төңірегінде шешуге болады деген мәселе көтерген. Ұсыныс әлі күнге қолдау таппады. Жерлеу рәсімі ғана емес, бейіт құлпытасына қатысты әртүрлі пікір айтылып жүргенде, зираттарға QR орнататын жаңалық бізге де жетіпті. Технологияның мұндай сегменті алғаш рет Азияның технологиялық дамыған елдерінде – Қытайда, Жапонияда, Корея­да, кейіннен Ресейде пайда болған. Ал елімізде жаңа тәжірибеге үрке қара­ған­дар көп болыпты.

Осы бағдарламаны елімізге алып келген Сергей Профир журналистермен кездескен кезде QR-кодтың көме­гі­мен бейітте жерленген марқұмның фотосуреттерін көріп, аудиожазбалардан да­уысын естуге мүмкіндік болатынын айтыпты. Оның айтуынша, жобадағы мәтіннің мазмұнына тапсырыс берушінің өзі жауапты. Өлілерге арналған цифрлық жоба авторының айтуынша, қоғам мұны әзірге құп көріп отыр. Әзірге бұл күпірлік немесе дінімізге, салтымызға қайшы дегендер жоқ. Егер солай болған күннің өзінде автордың мұндай қарсылықтарға айтар дәлелі де бар екен. Себебі мұндай бастамаларды бірден жерсініп кетуі де, ха­лықтың бірден қабылдап кетуі де қиын.

Қазақстан мұсылмандар діни басқар­ма­сының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлының айтуынша, QR – әлемнің дамыған елдерінің бәрінде бар тәжірибе. QR-ға ұялы телефонды жа­қындатып, өмірден озған азамат туралы толық мәлімет алуға болады. Тәжірибе ретінде Астанада шамамен 20 зираттағы құлпытасқа орнатылыпты. А.Қонарбайұлы айтып өткендей, құл­пы­тасқа QR орнату азаматтың өтініші болған кезде ғана жасалады.

Алматының шығысы мен батысы қабірстанға айналып кеткенін кө­зі­міз көріп жүр. Бейіттің бейіт күйінде қалуына тірілер жол бермейтіндей жағ­дай қалыптасып тұр. Дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлының пікірінше, ритуал қызметінің шектік бағасын ен­гізіп, жерлеу рәсімін реттейтін уақыт келді. Таратып айтқанда, қабірге бөлінетін жердің өлшемін қалыпқа түсіру керек. «Мұның бәрін заңды түрде рет­теуге болады. Тек қана мүфтият өз ұстанымын білдіруге, зират тұрғызу, жерлеу тәртібін ұсынуға тиіс», дейді Қ.Жолдыбайұлы.

 Көк тіреген күмбездер

Алматыдағы салттық қызмет көрсету комбинаты директорының орынбасары Марат Исмаилов бізбен әңгімесінде бейіт басындағы «бәсеке» есте жоқ заманда да болғанын айтты. Бірақ тарихтың жадында көк тіреген күмбез емес, адамның артында қалдырған хаты, ісі қалады. Дамыған елдерде бұл мәселе жүйеленді, қалыпқа түсті. Тарихтан сабақтасақ, Осман патшаларының тұсында марқұм­ның «басын қарайту» бәсекеге айналып кеткені соншалықты, қабір басына алтынмен апталған құлпытастардан бас­тап зәулім сарайларға дейін салыныпты. Түркияда Ататүрік бұл салада да тәртіп орнатқаннан кейін түрік молаларының басына қойылатын құлпытастар стан­дарт­талған. Түркияның барлық елді ме­кендердегі қабір бір-біріне ұқсай­ты­нын сол елге барғанда талай рет бай­қағанбыз. Қоршалмаған, шағын ғана мәрмәр тастарға марқұмның аты-жөні, дүниеге келген, бақилық болған күндері жа­зыл­ған.

Осы мақаланы жазуға дайындық барысында Алматыдағы орталық зират пен «Кеңсай-1» мен «Кеңсай-2» деген зираттарды бір-бірімен салыстырып көрдік. Алғашқы екі қорымдағы ескерткіштердің басым көпшілігінде портреттік мазмұн басым болса, соңғысында сән-салтанат басым. Бұл өзгеріс 2000 жылдан бері пайда болған зираттарда көбірек бай­қалады.

«Кеңсайдың ең биігіндегі кейбір ескерт­кіштердің құны 100 мың доллар­дан асып кетеді. Шамасы жеткендер француз дизайнерлеріне тапсырыс береді. Туыстары немесе ата-анасы марқұмның басына зәулім ескертіш қою арқылы өздерінің жаралы жанына дауа іздейтінін білемін. Алғашқы сәт­те мұның бәрінің өткінші екенін санаң қабылдай алмайды. Кенеттен ой­сырап қалған кеңістікті әйтеуір бір нәр­с­емен толықтырғысы келетін алдамшы сезім. Жақын адамыңнан айы­­рылу оңай емес, бәріміз сол жолдан өткенбіз. Ана дүниелік болған әке-шешені, бауырды, артында қалған пер­зент­тері, бірге туғандары, көзін көрсе немерелері іздейді. Одан арғы толқынға – бөтенсің. Бұл – табиғаттың заңы», дейді М.Исмаилов.

Оның айтуынша, салттық қызметке қатысты заңсыздықтың бәрі ауруханада, мәйітханадағы аса құпия саналатын ақпараттардың сыртқа шығып кетуімен басталады екен. Басқаша айтқанда, кейбір жекеменшік компаниялар артында қалған туыстарының есігін қағып өздерінің «қызметтерін» ұсынатын көрінеді. 2019 жылы Астанада құқық қорғау қызметкерлерінің қаза тапқандар туралы деректерді жерлеу қызметтеріне сат­қаны туралы ақпараттан жанымыз түршіккен. Сол кезде Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция департаментінің басшысы Анар Жарова жерлеумен айналысатын компаниялар өкілдері қайғылы оқиғадан кейін қайтыс болған кісінің үйіне бірден келетін жағдайлар жиі кездесетінін айтқан. Анықталғандай, қаза болған азаматтардың жеке дерегін «102» деректер базасынан сыйақы үшін полиция қызметкерлері берген. Нәтижесінде, Астананың Алматы және Сарыарқа аудандарының полиция басқармалары кезекші бөлімдерінің 9 қызметкері (көбісі майор шеніндегі) қызметтік тәр­тіпті өрескел бұзғаны, құқық қорғау ор­га­нына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін қызметтен босатылды.

«Мұндай жағдай өзімнің де басымнан өтті. Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматыда ауруханада жатқан анамның қайтыс болғаны туралы хабарлады. Жиналып, жолға шықпай жатып, өздерін салттық қызмет көрсететін компания өкілдеріміз деп таныстырған жас жігіт есігімді қа­ғып, жерлеу рәсімдерін ұйымдастырып бере алатынын айтып тұр. Жалпы, бұл мәселені осыған дейін де бірнеше рет көтердім, тіпті бірнеше министрлік деңгейінде баяндама жасадым. Мұндай рәсімдік қызмет көрсету бизнесін шырмап алған сыбайлас жемқорлықтың құрсауын ыдыратуға әзірге ешкімнің шамасы келер емес. Себебі мемлекет ритуалды қызмет нары­ғын­дағы бағаны реттемейді, осы қызмет түрімен айна­лы­су үшін лицензия да қажет емес. Де­мек бұл сала көлеңкедегі «ық­палды көкелердің» қолындағы май­шел­­пек», дейді М.Исмаилов.

Ол сөз арасында еш жерде тіркел­ме­ген бірнеше компания туралы біле­тінін де айтып өтті. Оларға кеңсенің де қажеті жоқ. Қолында ақпарат берушілердің және қайтыс болған адамның жақын туысының мекенжайы жазылған ұялы телефоны болса, болды. Катафалкіні басқалардан 25-30 мың теңгеге жалға алып, қаралы үйге 40-50 мың теңгеге ұсынады. Қордайдағы мәрмар тасты қашап, Алматыға әкелу 30-50 мың тең­генің айналасында болса, «қара агент­тік­тердің» араласуымен 150-200 мыңға дейін өсіп кетеді.

 Кеңсайда жер – тегін

Алматыдағы рәсім қызметтерін көр­сету комбинаты Алматы әкімдігіне қа­рай­ды. Қаладағы 70 зираттың бәрі – солардың қарауында. Сарапшының айтуынша, жерлеу мен рәсім қызметтерін көрсету – екі бөлек міндет. Халық тек жерлеу қызметін төлейді. Жер ко­дек­сіне сәйкес, зираттарға бөлінген жер ортақ қолданыста болғандықтан аза­мат­та­ры­мызға тегін беріледі.

«Жер үшін ақы алуға ешкімнің ха­қысы жоқ. Зираттағы жер марқұм болған адамның қайтыс болғанын растайтын медициналық құжат негізінде беріледі. Біреудің өлімімен өмірін түзейтін кей делдалдар осы қызмет түрлеріне аспан­да­ғы бағаны қойып алып, бизнесін дөңгелетеді. Салттық қызмет көрсететін заң зират басына қойылатын құлпы­тас­тардың өлшемін, жерлеу бағасын реттейді. Бізге марқұмның аты-жөні мен өмір сүрген жылдары жазылса, болды. Заң түзелсе, көлеңкелі бизнестің де жолы кесіледі», дейді М.Исмаилов.

Бірақ бұған алматылықтарды сендіру қиын болып тұр. «Кеңсай» алматы­лық­тардың ұғымында ұлттық пантеон ретін­де қалыптасып қалған. Қоғамда шамасы келгеннің бәрі ақыреттік мекенін Кең­сай­дан сайлап қойғысы келетіндер да көбейіп барады. Есенғали ақын айт­пақ­шы, «Кеңсайдың жолы – қиын жол, оны қиындатқан – тірілер».

«Менің жұмыс күнім өзімізге қарасты қабірстандарды аралаудан басталады. Осыдан бес-алты жыл бұрын «Кеңсай-2» қорымынан жер саудалап жүрген бір жекеменшік компания өкілдерін ұстап алдық. Осы сәтті пайдаланып мынаны айтқым келеді. Жерлеуге қатысты кейбір заңсыздықтар біздің бақылауымыздан тыс жүріп жатыр. Жерлеу, салттық рәсімдерге қатысты заңның не себептен кешігіп жатқанын түсінбеймін. Қабір қызметі индустриясындағы көлеңкелі бизнестің Алматыдағы жылдық айналымы миллиардтардан асып кетуі мүм­кін деген деректер бар. Заңның жоғынан адамдар ақыреттік орын­дарын да сатып алып жатыр. Ақын Нұрлан Мәукенұлы айтпақшы, «өлі­нің қамын тірі жеп, тірілер бір-бірін жеп жүр». Бізде тірілердің құқығын қорғайтын заң көп. Бірақ марқұмдарды соңғы сапарға шығарып салу мәселесі заңдастырылмағандықтан заңсыз бизнестің қолындағы күлшеге айналды. Мұндай заң марқұмның артында қалған балаларына, туған-туыстарына салмақ салмау үшін керек», дейді М.Исмаилов.

Осы орайда Алматыдағы салттық қызмет көрсетумен айналысатын ком­пания­лардың бірімен хабарластық. Өзін Наталья Игнатова деп таныстырған маман 2015 жылға дейін Алматыдағы құрылыс компанияларында дизайнер-сәулетші болған. Тапсырыс азайып, тірлігінен мән кете бастаған соң осы кәсіпке ауысқан.

Н.Игнатова бізбен әңгімесінде бейіт басындағы құлпытас сәулетінен сол елдің ұлттық сәулет өнерінің ерекше­лік­тері байқалып тұратынын айтып берді. Өзбек зиялыларының пантеоны Фараби даңғылында орналасқан. Ша­ғын ғана болса да, керемет абаттан­ды­рылған. Себебі кез келген елде бұл бағыт сәулет өнерінің бір бағыты деп қарастырылады. АҚШ қоғамының бейіт құлпытасына деген көзқарасы барынша салқынқанды. Ескерткіш көле­мі тек аты-жөні, дүниеге келген, кет­кен күндерін көрсеткен кішкентай ғана белгітаспен ғана шектеледі. АҚШ қоға­мы­ның бейіттерге деген көзқарасы біз­дің өлшеммен қарағанда түкке жары­май қалған. Үлкен құлпытастарды және ескерткіштерді сирек көресіз, мү­сін­дер­ді, періштелерді, жүректерді, көгер­шіндерді, тіпті қабіртасқа жа­зыл­ған ода сөздерді сирек көресіз. Францияның оңтүстігіндегі Ницца қорымындағы әрбір бейіт басындағы құлпытас – бұл дүниеде қалғандардың бар мұңын, басқа әлемге кеткендердің нұры мен үмітін білдіретін мүсіндер ансамблі. Ал посткеңестік елдердегі, әсіресе Қазақстандағы бейіт басындағы ескерткіштер – солардың сауат­сыз кө­шір­месі ғана.

Н. Игнатованың айтуынша, қазақтың қалталылары зират көтеруге келгенде ақшаның мөріне де, бетіне де қара­май­ды. Тек өзгенің зиратынан биік, әсем және айбынды болса, болғаны. Ал біз өз кезегінде тек бейіттеріміз ғана емес, ақыл-парасатымыздың да, тұр­мы­сы­мыз­дың да өзгелерден ерекшеленіп тұрғанын қалаймыз...