• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экономика 08 Тамыз, 2023

Азық-түлік бағасы дес бермей тұр

250 рет
көрсетілді

Қымбатшылықтың басталғаны бірер жылдың, айдың айналасы емес. Кейінгі төрт жылда сәбіз, қызыл­ша және ұн 3 еседен аса, ет орташа есеппен 2 есе қымбаттады. Тіп­ті нан сияқты әлеуметтік маңы­зы бар өнімнің бағасы айтарлықтай өскенін байқап жүрміз. Ал бұл – Үкімет делдалдармен үнемі күресіп жатқанына қарамастан орын алып жатқан жағдай.

Ұлттық статистика бюросының мәлі­метін­ше, кейінгі бір жылдың өзінде азық-түлік бағасы 13,5 пайызға қымбаттаған. Ең көп өскен баға – күріштікі, бұл бірден 44,3%-ға, ал қырыққабат 27,5%-ға, ет 11%-ға қымбаттады. Көкөніс пен еттің құнын пандемияға дейінгі 2019 жылмен салыстырсаңыз, бағаның 2-3 есе өскенін байқауға болады. Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев журналистермен кездескен кезде 2022 жылы қантты, ірі мүйізді (ірі қара) және ұсақ мүйізді малды, картопты, сәбізді экспорттауға тыйым салынғанын, бидай, бидай ұны, күнбағыс тұқымдары мен күнбағыс майын экспорттауға сандық шектеулер (квота) енгізілгенін айтты. Вице-министрдің айтуынша, маусымаралық кезеңде көкөністердің бағасы бақылауда. Маусымдық бағаның өсуін тежеу үшін нарыққа 118,6 мың тонна көлемінде көкөністер (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат) шығарылды.

«Energyprom» агенттігінің дерегін­ше, көкөніс сегментіндегі тапшылық 20%-ға жетіп қалды. Жемістің жекелеген түр­лері – шабдалы, жүзімнің 50%-ы сырт­тан келеді. Май, күнбағыс, сүт өнім­дерінде де тапшылық бар. Шұжық өнім­дерінің жергілікті өндірісінің үлесі – 56,4%, құс еті 67,4%-ды құрайды. Басты себеп – шикізат аз, полимер қаптамалары тапшы. Сонымен қатар азық-түлік бағасының шарықтауы халықтың арзан баға іздеуіне мәжбүрледі, мұның соңы ішкі нарықта сапасыз тауарлардың толып кетуіне жол ашты.

ЕАЭО шеңберінде өнім өндіру көлемі және сапасы жөнінен Ресей, Беларусь елдерінен артта қалып келеді. Санкцияның қыспағынан ол елдер өз өнімдерін сыртқа шығаруға асығып отырған жоқ, нарықтағы бар тауарларының бағасын екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Барлық сегментте отандық өндіріс әлі де импортқа тәуелді және тәуелділік бағаны қос өкпеден қысып жатыр.

Қазақстан Ет одағының бас директоры Мақсұт Бақтыбаев бұл шаралар еш нәтиже бермейтінін, нарыққа жаңа әдістер қажет екенін айтады. Ырық бермей кеткен бағаға себеп болып отыр­ған фактор – тауар тапшылығы мен алыпсатарлық. Елде ет тапшылығы бар деп ешкім айта алмайды. Еттің бөлшек бағасында өндірушілердің бағасы – небәрі 60%, ал қалған 40%-ы ортадағы делдалдардың қалтасында кетіп жатыр. Кейбір тәуелсіз сарапшылар ішкі на­рық­та ет бағасын «ойнатып» отыр­ған­дар да нақ сол делдалдар деген пікірді ашық айтып жүр.

«Егер әрбір қалада коммуналдық базар ашылып, фермерлерге өз өнімдерін саудалауға мүмкіндік берсе, ет бағасын өзіндік құнынан 25 пайызға ғана сау­да­лауға мүмкіндік туар еді. Егер бұл тәжірибе жалпы мемлекеттік деңгейде қолданысқа енсе, ірі сауда дүкендерінің қожайындары сауда саясатын осы бағаға қарай үйлестіреді», дейді М.Бақтыбаев.

Қаржы сарапшысы Бейсенбек Зиябе­ков мұндай компанияларды құрудан макро­экономикалық нәтиже күтуге бол­­майтынын айтады. Ал тауарлар мен қыз­меттердің қымбаттауының теңге трен­діне қатысы жоқ. Себебі алтынның буы­мен күш алып тұрған теңге тауарлар мен қызметтер бағасының төмендеуіне әсер ете алмайды. Сарапшының айтуынша, бағаға ықпал ететін факторлар монополиялық компанияның, ал кейде олигополиялық, яғни бірнеше ком­панияның келісіміне тәуелді. Инфля­ция­ны тежеу арқылы бағаны байлап қою Үкіметтің де, Ұлттық банктің де қо­­лынан келмейді, себебі мұнай да, көмір де, жарық та – жекелеген мо­но­­полистердің қолында. Әсіресе, банк секторы, мұнай, әуе тасымалы нары­ғы­ның жекеменшік монополияға тәуел­дігі Үкіметті ойлантуға тиіс. Олар­дың бір-бірімен текетіресі нарықта жаңа ойыншылардың пайда болуына мүм­кін­дік бермейді. Тіпті агросекторда да монополистер қаптап отырғаны, бұл салада өнім өндірушілерге бақылау жоқтығы айтылып та, жазылып та жүр. Заңды қатайтып, жекелеген моно­по­листердің бағаны негізсіз өсіре беруіне осыдан 10 жыл бұрын шектеу қойыл­ған­да қазір жағдай басқаша болар еді.

«Үкіметтік стратегиялық құжаттарда инфляцияның себеп-салдары ашық талданбайды. Сондай-ақ инфляциямен күресте Ұлттық банкке емес, Үкіметке үлкен жауапкершілік жүктелетінін екі­нің бірі біле бермейді. Осындай белгі­сіз­­діктен инфляция тақырыбы Ұлт­тық банк пен Үкіметтің арасын айналып жүретін допқа ұқсап барады. Мемлекеттік бюджетте контрциклдік бюджеттік саясаттың жоқтығының кері әсері барлық жерде байқалып қала­ды. Мемлекеттің кірісі мен шығысы мұнай бағасына тәуелді болмауы керек.Энер­гия, газдың бағаға әсері – бізде зерделенбеген тақырып. Айталық, логистикалық қызмет құнында жанармай бағасының құрамына жеткілікті мән берілмейді», дейді Б.Зиябеков.

Экономистің айтуынша, бағаны реттемей, халықтың табыс деңгейін көтеруге мүмкіндік беру керек. Азық-түлік инфляциясы – біздің елде ғана емес, дүниежүзіндегі проблема. Пан­демия жылдар бойы қалыптасып қалған ло­гис­тикалық тізбекті бұзып жіберді. Ба­­ғаның өсуі экономикадағы ақша мас­сасы бәсеңдегенде ғана баяулауы мүм­кін. Бұл ретте сарапшы кешенді нарықтық реформаларды – реттелетін бағаларды ырықтандыруды, нарыққа қарсы мемлекеттік қолдаудан бас тартуды, сауданы ырықтандыруды және қатаң ақша-несие және фискалдық сая­сат­тың көмегімен экономиканы тұрақ­тандыруды тез арада жүргізу керек еке­нін айтып өтті.

«Қазіргі экономикалық саясат инфля­ция­ның асқынуының себептері мен салдарын терең талдауға негізделмеген. Бірақ біз басымдық беретін фактор осы бағыт болу керек екенін сарапшылар талайдан бері айтып келеді. Нарықтық-экономикалық реформаның деңгейі, оны жүзеге асыру ел басшылығының саяси ерік-жігеріне байланысты. Қазір­гі жүйеден толыққанды нарықтық эконо­ми­каға көшу – күрделі міндет», дейді Б.Зиябеков.

Тәуелсіз сарапшылар либералды экономикалық нарық құрамыз дегенді көп айтады. Бұл ұстанымның басты шарты Үкіметтің экономикаға араласа беруін құп көрмейді. Ал Б.Зиябеков болса, дәл қазір Үкімет нарықтан кетем десе де кете алмай отырғанын айтады. Бізде нарық мәдениеті қалыптасқан жоқ. Үкімет босаңсып қалса, ортадағы делдалдар арам шөптей қаптап кетіп, бір-бірімен келісіп, өздерінің оң жамбасына келген бағаны «заңдастырып» қояды. Ал Үкіметтің араласуын, бағаны тежеп ойнауын кейінге қалдырылған инфляция деп қабылдауға болады. Сондықтан Үкімет бұл жерде жүйелі түрде жұмыс істеуі керек.

Инфляцияның одан әрі өзгеруін бол­жаған экономист көп нәрсе сыртқы фак­торларға байланысты болатынын атап өтті. Мәселен, жақында Ресейдің «астық мәмілесінен» шығуы азық-түлік бағасына кері әсер етеді. Біздің астық мәмілесіне тікелей қатысымыз болмаса да, астыққа қойған бағамызға әсер ететіні туралы өткен жолы жаздық. Қазір бұл келісімнің немен аяқталарын ешкім болжап айта алмайды.

Логистикалық тізбектің Ресейді айналып өтуі тасымалдау құнын өсірді. Бұл шығындар жалақының, жалға алу және шикізат бағасының өсуіне әсер етіп жатыр. Атап айтқанда, күзгі дала жұмыстары кезінде дизель жаңа бағамен пайдаланылады. Бірақ, сарапшының айтуынша, бізге азық-түлік тауарларының басым көпшілігі Ресейден, тұтыну тауарлары Қытайдан келеді. Ресейдегі геосаяси ахуал ушығып тұрғанда, тауар жеткізу тізбегі қалпына келмейді. Түйіп айтқанда, біздің баға импортқа байланып тұр. Ал коммуналдық базарлардың құрылуы инфляцияға емес, көрші елдермен сауда ынтымақтастығын жақсартуға әсер етуі мүмкін.

Экономистің айтуынша, Қытаймен шекарадағы «Қорғас» шекара маңы ынты­мақтастығы халықаралық орталы­ғының жұмысы бүкіл Алматы, қала берді еліміздің оңтүстік аймағындағы саудасының күретамырына қан жүгіртіп тұр. Бірақ мұндай орталықтардың мүм­кін­дігін тек осымен шектеп қалу­ға болмайды. Өзбекстанмен, Қырғызстанмен шекарада дәл осындай орталықтарды ашсақ, мемлекетаралық кооперацияның қалыптасуына жол ашамыз. Бұл дегеніңіз – қазақ-өзбек, қазақ-қырғыз арасындағы сауда байланысының екінші тынысын ашу деген сөз. Екінші тыныстың екпіні инфляцияның импорттық сипатын әл­сіре­теді.

«Қазір қазақ пен өзбек немесе қа­зақ пен қырғыздың арасын мемлекетара­лық кооперация емес, жекелеген саудагерлер жалғастырып жатыр. Олар­дың қаншасының заңды түрде, қаншасының көлеңкелі экономикаға жұмыс істейтінін білмейміз. Мұндай орталықтар уақыт өте келе елдің барлық аймағында сауда қоймаларын немесе сауда нүктелерін ашады, коммуналдық базарларды да осындай орталықтардың жұмысымен интеграциялауға болады. Бізге қазір мемлекетаралық кооперация мәселесі туралы шындап ойланатын кез келді. Үкімет осы бағыттың «тілін тапса», инфля­цияның делдалдық сипаты әлсі­рей­ді», дейді Б.Зиябеков.