• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Тамыз, 2023

Сапаны жақсартуға бағытталған жол картасы

306 рет
көрсетілді

«Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген мақалдың маңыздылығы дәл ХХІ ғасырда өзекті болып тұрғаны жасырын емес. Қазір интеллектуалдар алға озған, жаңа технологиялар үшін әлемдік нарыққа күрес жүріп жатқан заман. Осындай бәсекелестік ортада өз орныңды жоғалтып алмаудың жалғыз жолы, әрине, білімді ұрпақ тәрбиелеу. Біліммен қаруланған ұлт қана Отанын алға сүйреп шығады.

Тарихқа көз жүгіртсек, дүниежүзінде артта қалған аграрлы елден оқу арқылы индустриалды мемлекетке айналған талай мысалды көреміз. Мәселен, талай жыл Жапонияның қоластында болған, одан екі лагерьге бөлініп азаматтық соғысты бастан кешірген, соңында өз алдына бөлек ел болып қалыптасқан Оңтүстік Корея о баста ауыл шаруашылығымен күн көрген қарапайым ғана ел еді. Корей басшылығы біздегі «Болашақ» секілді арнайы бағдарлама құрып, сол бойынша жастарды шетелде оқытты. Индустриясы дамыған Батыс мемлекеттерінде инженерлік-техникалық мамандықты меңгеріп келген жастар өз Отанында өнеркәсіпті дамытып, Оңтүстік Кореяны шын мәнінде электроника мен көлік, тұрмыстық техника өндіретін державаға айналдырды. Көршілес Қытай елі де кезінде Батыстың инвесторларына бүкіл жағдайды жасады. Арзан еңбек күшін ұсынды. Сөйтіп өздері шетелдік шеберлердің қасында көмекші болып жүріп солардан технологияның қыр-сырын меңгерді. Ақырында технологияны өздері дамытуға, небір заманауи техникалар жасап шығаратындай қабілетке ие болып, бүгінде ғарышқа әуе кемесін ұшырып, Марс ғаламшарын зерттеп жүр. Осының барлығы жайдан жай келмейді, тынымсыз еңбек пен терең білімнің, ізденістің нәтижесінде пайда болатыны анық.

Жоғарыда аталған тәжірибелер біздің елде де жүзеге асып жатыр. Жыл сайын «Болашақ» бағдарламасымен қаншама шәкірт шетелде білімін шыңдап елге оралып жатыр. Одан бөлек елімізде шетелдік әріптестермен бірлесіп ашқан көптеген кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Арнаулы және жоғары оқу орнында оқитын студенттер дуальді оқыту жүйесі бойынша аталған кәсіпорындарда аудиторияда алған теориялық білімін практикамен ұштастыруға мүмкіндік алды.

Қазақ болмысынан зерек, алғыр халық. Ұлтымыз орта ғасырда қағаз қаламға көп жүгінбеген, мемлекеттік басқару ісінде де құжат айналымы деген тәжірибені көп қолданбаған, бірақ соған қарамастан есте сақтау қабілеті, ой ұшқырлығы керемет болған. Бұл қасиет дәстүрі мен өмір сүру салты түрлі жағдайлардың салдарынан өзгеріске ұшырап, бүгінде басылып қалғанымен халқымыздың бойында ұшқыны әлі де бар. Ендігі мақсат осы қабілетімізді оятып, талантымызды қайта ашып, сапалы білім мен саналы тәрбиеге негізделген қазақтың «алтын ғасырын» тудыру. Осы орайда Үкімет тарапынан көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Мәселен, бүгінде оқимын деген жасқа ешқандай кедергі жоқ. Ілімі бар бала қай жерде де өзінің талантымен топ жара алады. Әсіресе техникалық мамандықтарға гранттар үлесі біршама артты. Яғни білімді жастың тегін оқуына мүмкіндік бар. Оқуын бітірген талантты түлектерді де бүгінде кәсіпорындар құшақ жая қарсы алуға дайын. Өйткені оларға да болашағы зор білікті мамандар ауадай қажет. Сонымен бірге жас ғалымдардың ашқан жаңалығын коммерцияландыруға, яғни оны өмірде нақты іске асырып, бизнестің бір жобасы ретінде табыс көзіне айналдыруға Үкімет тиісті жағдай жасап отыр. Кейінгі жылдары отандық ғылымды дамытуға үлкен серпін берілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей Жарлығымен ұлттық ғылым академиясы мемлекеттің қамқорлығына өтті, екіншіден отандық ғылым саласына бөлінетін ішкі жалпы өнімнің үлесі біршама артты. Мұндай қадамдар келешекте ғылымның дамуына, еліміздің нағыз индустриалды, цифрлық мемлекетке айналуына жол ашатыны сөзсіз.

Сондықтан мемлекет білім саласына осы бастан мықтап көңіл бөле бастады. Тек шәкірттерге ғана емес, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатар ұстаздарға да ерекше қамқорлық жасалып отыр. Мәселен, осы күнде мұғалімдердің айлық жалақысы бұрынғымен салыс­тырғанда бірнеше есе көтерілді. Елі­міз­дегі ең көп төленетін еңбекақы білім саласында десек қателеспейміз. Тіпті ұстаздардың құқықтарын қор­ғай­тын кодекс қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жыл сайынғы Жолдауында міндетті түрде ағартушылық саланы қозғап, түйткілді мәселелерін ортаға салып, алдағы даму жоспарын белгілейді. Мәселен, өткен жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында Президент білім туралы баяндап, оның сапасын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын.

«Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек. Мектеп формасын барлық оқушыға барынша қолжетімді ету аса маңызды. Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз саналатын кейбір топтағы балаларға оны бюджет есебінен беру қажет деп санаймын. Мектеп формасына арналған мемлекеттік тапсырысты отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бейімдеген жөн. Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде кейінгі жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс атқарылды. Дегенмен бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет. Педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарты қабылданады. Сондай-ақ ұстаздардың құзырет аясы айқындалады. Жаһандық ғылыми-техникалық даму барысын ескерсек, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды барынша күшейту маңызды», деген еді Мемлекет басшысы.

Еліміз білім саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Сөз жоқ мұның міндетті түрде нәтижесі болуға тиіс. Еліміздің ғылым саласы үлкен өзгеріс алдында. Білімге жасалған түбегейлі реформалар жемісін беріп, келешекте елімізді өрге сүйрейтін білімді ұрпақ буыны қалыптасатыны анық. Жапония немесе Оңтүстік Корея секілді ел атану үшін отандық ғылым биікке самғауы керек. Индустриялық, цифрлық, ғарыш­­тық технологияларды меңгеріп, өзі­міз­ жасауға мүмкіндік беретін күш ол – білікті кадр. Яғни адам ресурсы. Ал болашақ мамандардың кені оқушылар мен студенттер. Ендеше, отандық ғылым саласында үлкен серпіліс жасауға бүгінгі шәкірттердің дайындығы қандай? Мемлекет бас­шы­сының былтырғы Жолдауында айтылған мәселелер жергі­лікті жерде қалай орындалып жатыр? Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиевамен болған кездесу барысында осы сауалдар төңірегінде нақты жауап алдық.

Мегаполистің бас ұстазының айтуынша, шаһарда жыл сайын жаңа мектептер саны артып келеді. Өйткені әр жылы мектепке баратын балалар саны 7-8 мыңға көбейіп отыр. Бұл Құдайға шүкір республиканың үшінші қаласындағы демографиялық ахуалдың жақсы екенін көрсетеді. Халық санының артуына табиғи өсім оң әсерін берсе,­ екінші жағынан ішкі көші-қон да демографиялық көрсеткіштердің жақсаруына септігін тигізіп отыр. Осы орайда бірінші кезекте балаларды бала­бақшамен және мектеппен қамтамасыз ету керектігі түсінікті. Басқарма басшы­сының мәлімдеуінше, осы мақсатқа орай Үкіметтің қолдауымен шаһарда білім саласын тиісті инфрақұрылыммен қамту бағытында оңды істер қолға алынып келеді. Айталық, осы күнге дейін 1200 орындық білім ұяларының құрылыс немесе мектеп жанынан қосымша ғимараттар салынып жатыр. Бұл нысандардың құрылысын мемлекет тікелей бюджеттен немесе жекеменшік компаниялар өз есебінен қаржыландыру үстінде. Сонымен бірге жан басына қаржыландыру бағдарламасымен де білім беру ісі жүзеге асып жатыр. Осындай ауқымды құрылыс жұмыстарының нәтижесінде қалада мектеп жетіспеушілігі мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын Шымкентте үш ауысымды 21 мектеп болған. Ал қазіргі таңда үш ауысымда балаларды оқытатын білім ошақтары мүлдем жойылды. Дегенмен мектеп құрылысы әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Яғни бас ұстаздың пікірінше, құрылыс жұмыстары тоқтап қалмауы керек. Себебі жоғарыда айтылғандай, жыл сайын мегаполис оқушылары 7-8 мың балаға көбейіп жатыр. Сондықтан мектеп салу демографиялық қарқынмен бірге жүріп отырмаса орын жетіспеушілігі мәселесі тағы да күн тәртібіне шығуы әбден мүмкін. Осы проблеманы шешу мақсатында Президент тапсырмасымен «Жайлы мектеп» бағдарламасы қолға алынды. Ол бір ауысымда екі мың баланы немесе екі ауысымда 4 мың оқушыны немесе 2,5-5 мың балаға дейін қабылдай алатын мектеп ғимаратын салуды көздейді. Мұндай білім ошақтары «Жайлы мектеп» деп аталады. Олар да кәдімгі білім ошақтары секілді пәндік кабинеттері тиісті көрнекіліктермен, компьютер басқа да электронды білім беру құралдарымен жабдықталған, қысқасы баланың алаңсыз білім алуына бар жағдай қарастырылған мектеп болады. Осы ретте қала әкімдігіне құрылыс ережесінде көрсетілген стандартты білім ұясынан бөлек «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 1200-ден екі-үш есе көп бала сыятын білім беру мекемесін салу туралы тапсырма келіп түскен. Ал оның құрылысына жауапты болып «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясы бекітілген. Республика көлемінде салынатын жайлы мектептердің қатарында Шымкенттің алар үлесі – 25 білім оша­ғы.­ Биыл сатып алу конкурстары аяқ­талып, 12 мектептің құрылыс жобасын іске асыру басталды. Келесі жылы «Жайлы мектеппен» бой көтерген білім ошақтарының он екісі де пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл мектептер мегаполистің халқы тығыз орналасқан, бірнеше білім ошағын салуға сұраныс тудырған аумақтардан тұрғызылып жатыр. Басқарма басшысы «Жайлы мектеп» бойынша құрылысы бітіп, ел игілігіне пайдалануға берілетін 2024 жылды шаһар үшін қуанышқа толы маңызды жыл болады деді. Сонымен бірге осы жылдың өзінде жан басына қаржыландыру бағдарламасы бойынша жаңадан 18 мектеп ашылып, оқушылар мен ата-аналардың көзаймына айналмақ. Сондай-ақ бас ұстаз өз сөзінде шаһардың үш ауысымды мектептерден құтылуы білім сапасын жақсартуға нақты тапсырмалар мен жоспарлар бекіткен Президент бастамасының және Мемлекет басшысының міндеттемелерін дер кезінде орындаған Үкімет пен жер­гі­лікті әкімдіктің жұмысының нәтижесі деп білетінін жеткізді.

– Білім басқармасы балаларды­ оқы­тып, тәрбие жұмысына жауап беретін құзырлы орган болғандықтан, бұл міндетке бізбен бірдей атсалысатын денсаулық сақтау, сәулет, ішкі сая­сат, мәдениет, спорт сынды басқа да мемлекеттік мекемелермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізеді. Қанша дегенмен барлығымыздың илегеніміз бір терінің пұшпағы ғой. Әрбір басқарма мемлекеттік қызметтің бір тармағы болса жас ұрпақтың жауапкершілігіне келгенде барлығы тұтаса келе бір күшке айналады. Биыл қаламызға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев арнайы іс-сапармен келген еді. Мектептердің жағдайымен танысқан министр қала­ әкімі Мұрат Әйтеновпен бірге Шым­кент­тің білім саласын дамытуға арнал­ған 2023-2029 жылдарға арналған жол­ карта­сын бекітті. Аталған құжат 114 бөліктен тұрады. Әрқайсысының өз индексі мен көрсеткіштері бар. Мегаполистің білім саласы жыл са­йын сол көрсеткіштерді бағындырып отыруға тиіс. Индикаторлардың қойылу себебі ағартушылық салада қалай бол­ғанда да өзіндік проблемалары болады. Ал оларды түбегейлі жою немесе біржақты шешу үшін арнайы мақсаттар белгіленеді. Міне осы мақсаттарға жеткен уақытта проблемалар да шешілген болып саналады. Жол картасын былайша айтқанда, білім саласын дамытудың іс-шаралар жоспары деп те атауға болады, – деді Жанат Тәжиева.

Бас педагогтің мәлімдеуінше, 2022 жылмен салыстырғанда биыл балаларды қорғау индексі бойынша Шымкент республика көлемінде сегізінші орыннан төртінші орынға көтерілген. Мұнда білім, денсаулық, жол көлік оқиғасы, құқықбұзушылық сияқты барлық жағдаят есепке алынады. Яғни осы салалар бойынша жұмыстар нәтижелі болғандықтан мегаполис рейтингісі жоғары болып отыр. Осы орайда 2029 жылға қарай Жол картасымен балаларды қорғау индексі одан сайын жақсара түсетін болса, онда сөзсіз Шымшаһар республикада бұдан да жоғары сатыларға көтеріледі.

Басқарма басшысы өз сөзінде білім сапасы да ерекше назарда екенін мәлімдеді. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын мек­теп­тердегі модификацияланған жаңа кабинеттер үлесі бар-жоғы 32 пайызды ғана құраған болса, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 85 пайызға жетіпті. Баланың дұрыс білім алуы үшін материалдық-техникалық базаның талапқа сай болуы қажет екені анық. Бұл ретте білім ошақтарын ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізу, кабинеттерді тиісті құрал-жабдықтармен жарақтандыру, компьютермен және басқа да цифрлық құралдармен қамтамасыз ету уақыт ағымына сай жүргізіліп келеді. Осынау жұмыстардың түпкі мән-мақсаты барлық мектепті үлгілі оқу ордасына айналдыру. Тіпті соңғы жылдары бұл үдеріс едәуір жоғары қарқын алды десе болады. Сондықтан да бүгінде мегаполистің ағарту саласы республика көлемінде мектебінің материалдық-техникалық базасы жағынан мықты өңірлердің қатарына кіреді. Ендеше, мемлекет тарапынан осындай мүмкіндіктер жасалып жатқанда оның да міндетті түрде қайтарымы болуы керек емес пе? Ал білім саласы мемлекет көрсеткен қамқорлыққа тек сапамен жауап беруге тиіс. Яғни қаншалықты материалдық-техникалық база жақсарған сайын оқушылардың да білім деңгейі артып отыруы керек. Бұл міндеттің орындалуы бала болашағына салынған қыруар инвестицияның ақталғанын білдіреді. Білім сапасы дегеніміз – ең әуелі жақсы оқитын оқушылардың статистикалық көрсеткіші. Бұл бойынша Шымкенттің үлесі 58 пайызды құрайды. Өз кезегінде республика деңгейінде орташа көрсеткіш 52 пайызға тең. Демек мегаполистің білім сапасы орта деңгейден жоғары деген сөз.

– Мемлекет оқушылардың білім алуына, ұстаздардың алаңсыз жұмыс істеуіне бар жағдайды жасап отыр. Осыған байланысты сапа да барлық параметр бойынша жақсаруға тиіс. Сондықтан білім басқармасы тарапынан қызметтің сапасы талапқа сай ма деген сауалға жауап алу мақсатында сараптау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ең әуелі ұстаздардың білім деңгейі сарапқа салынды. Зерделеу жұмыстарының нәтижесінде кейбір мұғалімдердің біліктілігі төмен екені, тіпті бірнешеуінің жалған дипломмен жұмыс істеп келгені анықталды. Осы ретте бірінші кезекте педагогтердің шәкірт тәрбиелеу ісіндегі шеберліктеріне айрықша көңіл бөлетін боламыз. Алдағы уақытта үздік ұстаздарды іріктеу жұмыстары қолға алынады. Сонымен бірге білім берудің халықаралық стандартқа сәйкестігі ескеріледі. Сондай-ақ ұстаздардың сауаттылығын әрдайым тексеріп, бақылауда ұстап отырамыз, – деді Жанат Тәжиева.

Басқарма басшысының пікірінше. карантинге байланысты екі жыл болған онлайн сабақтар білім сапасының төмен­деуіне кері әсерін тигізді. Сондықтан 2023-2024 жылғы жаңа оқу жылында­ мегаполис педагогтері орын алған кем­шіліктің орнын толтырып, білім сапасын жақсарту бағытында білек сыбана жұмысқа кіріспек. Сонымен бірге біліммен қатар тәрбие мәселесі де күн тәртібінен түспек емес. Өйткені Шығыстың ұлы ойшылы Әл-Фараби бабамыз айтқандай, «тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы».

Өз кезегінде шаһардың бас ұстазы бүгінгі оқушылардың ертеңгі күні отандық ғылымның көсегесін көгерте алатынына толық сенімді. Қазірдің өзінде мектеп шәкірттерінің арасында халықаралық білім додаларында бәйгеден оза шауып келіп жатқан талантты оқушылар жетерлік. Мәселен, Германияда өткен бүкіл әлемдік роботтехника жарысында шымкенттік өрендер қаншама топты баса озып, екінші орынды иеленіп қайтыпты. Жалпы, роботтехника пәні осыдан үш жыл бұрын мегаполисте әлі оншалықты дамымаған кезі-тұғын. Соған қарамастан талантты балалардан құралған жасөспірімдер доданы жарып шығып, елге күміс медаль әкеліп отыр. Бұл әлбетте оқушылардың цифрлық технологияны, электрониканы жақсы меңгеріп келе жатқанын, техникалық пәндерге деген қызығушылықтың арта түскенін көрсетеді.