• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 09 Тамыз, 2023

Балық өсір, пайдасы оның көл-көсір

293 рет
көрсетілді

Елімізде балық шаруашылығын дамытуға ертеден ерекше көңіл бөлініп келеді. Соңғы сараптамалар, экономикалық болжамдар ел көлеміндегі су ресурстары 270 мың тоннаға дейін балық өсіріп, экспортты 6 есеге арттыруға мүмкіндік беретінін көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында балық шаруашылығына айрықша мән беріп, тиісті сала өкілдеріне нақты міндеттер жүктеген еді. Елдегі балық шаруашылығының даму барысы, проблемалары, жетістіктері мен кемшіліктеріне қатысты статистикалық, ресми дерек-дәйектерден, түрлі ақпараттардан түйгеніміз – бұл бағытта біршама мақсатты, жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.

Жалпы, балық шауашылығын дамыту­дың жан-жақты пайдасы бар. Оның өнімдерінің құнарлылығы бесенеден белгілі, соған сай оған сұраныс қашанда жоғары. Балық өнімдері – жүрек, қан тамырлары, ми талшықтарына, иммунитетке жақсы әсер ететін көптеген пайдалы дәрумендердің қайнар көзі. Бір сөзбен айтқанда, оның өнімі көптеген ауруға ем. Мұны медицина саласы­ның қызмет­керлері, білікті мамандар әлдеқашан растап, дәлелдеп қойған. Содан да болса керек, кешегі кеңестік кезеңде бейсенбі балық тағамдары күні ретінде белгіленіп, тіпті котлетке дейін балық өнімдерінен жасалушы еді.

Қашаннан қазаны оттан түспеген хал­қымыз­дың Құдайға шүкір, дас­тар­қаны – көл-көсір. Үлкенді-кішілі сән-сал­та­нат­тар тұрмақ, кішігірім той-тома­лақ­тар­дың өзінде үстел үстінен таппайт­ын тама­­ғыңыз жоқ. Соның ішінде кезінде а­тын ғана еститін ақ балық, қызыл балық деге­­­ні­­­ңіз­дің өзі бүгінде таңсық болудан қал­­­ған. Ба­лық өнімдерінің өзін таңдап, тал­­­ғап жей­тін дәрежеге жеттік. Дегенмен адам ден­­­сау­лы­ғына аса пайдалы осы балық өнім­­­де­­рін өндіру, тұтыну көрсеткіштеріне көз жү­гіртсек, көңіл көншітпейтін жайттар да бар.

Айталық, ел тұрғындары балық өнімдерін белгіленген мөлшерден мүл­де аз тұтынады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам басына жылына кемінде 16 кг балық өнімдерін тұтынуды ұсынса, елімізде бұл көрсеткіш төрт килограммнан да аз. Салыстырмалы түрде іргелес Ресей мен Қы­тайда бір адамға шаққандағы балық тұтыну жылына 20-40 килограмға жетеді.

Мұның негізгі, мүмкін бас­ты себебі еліміздің теңізге шығу аумағынан тыс жатқаны, ай­дын­­д­ы көлдеріміздің, ағын­ды өзен­деріміздің, тоспа-тоған­дар­  дың аз­дығы, су қорының тап­шылығы болса керек. Жалпы, Қа­зақстанның ба­лық шаруа­шы­­лығының негізін су айдын­да­­рының балық шаруашылығы қоры құрайды. Оның құрамына Каспий және Арал теңіздерінің акваториялары, Балқаш, Зайсан көлі, Алакөл көлдер жүйесінің су айдындары (Алакөл, Сасықкөл, Қош­­қаркөл), Бұқтырма, Өске­мен, Шүлбі, Қапшағай, Шар­дара су қоймалары, Іле, Ертіс, Сырдария, Жайық, Тобыл, Нұра, Шу өзендері кіреді. Оларда ба­лық­тың 70-тен аса түрі, оның ішінде коммерциялық тұрғыдан неғұрлым құнды түрлері де (көк­серке, сазан, дөңмаңдай, ақ амур) мекендейді.

Кезінде саланы дамытуға арналған бағдарламаның жоқ­ты­ғы, мемлекеттік қол­дау шара­ларының тиімсіздігі, бөлін­­ген қаржы көздерінің мақ­сат­сыз жұм­сал­уы балық шаруашы­лы­­ғындағы проблемаларды қалыңдатып жі­берді. 2021 жыл­дан бастап елі­мізде Балық шар­­уашылығы комитеті Эко­ло­­гия және табиғи ресурс­тар министрлігі жанынан өз жұ­мы­сын қайта жандандырып, 2021-2030 жылдарға арналған балық шаруашылығының даму бағдарламасы бекітілді. Бағдар­ла­ма бо­йынша балық өсіру көле­мін 2030 жылға дейін жылына 6,9-дан 270 мың тоннаға дейін, балық өнімдерін ішкі тұты­ну­ды 2030 жылға қарай жылына 67-ден 134 мың тоннаға дейін, балық өнімдерінің экспортын жылына 2030 жылы жылына 30-дан 181 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған. Сондай-ақ балық саласына инвестиция тарту мақсатында қолайлы жағдайлар жасалуда және әкімшілік кедергілер жойылуда, олардың ішінде мыналарды атап өткен жөн: өндірістік және инвестициялық шығындарды субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау шаралары кеңейтілді; су қорғау белдеуінде балық өсіру тоғандарын орналастыру бойынша шектеулер алынып тасталды; жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлемей және мем­­лекеттік сараптамадан өтпей, эскиздік жобалар негізінде балық өсі­ру то­ған­дарын салуға жол беріл­мей­тін болды.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шар­уа­­шылығы коми­тетінің бас­қар­ма басшысы Асхат Жұ­баев­тың мәлімдеуінше, осы және басқа қабылданған шара­лар­дың нәтиже­сінде бизнес субъек­ті­ле­рі­нің іскерлік бел­сен­діл­ігі артып келеді. Мәсе­лен, 2020 жылмен салыс­тырғанда балық өсіру шаруашылықтарының саны 2 есе артып, 2022 жылы 380-ге жетті. Өсірілген балық көлемі де кейінгі 5 жылда жылына 3 мың тоннадан 19 мың тоннаға дейін өсті. Балық өсіру және қайта өңдеу кәсіпорындарын ашу үшін қолайлы жағдайлар жасау және инвестиция тарту жұмыстары жалғасуда.

Балық шаруашылығын дамыту бо­йынша қабылданып жат­қан шараларға қара­мастан, шешуді талап ететін бірқа­тар мәселе бар екенін де атап өткен жөн. Айталық, су ресурстарының тапшылығы артып келеді. Бекіре және албырт балық түрлерін өсіру кезінде балық азығы мен балық отырғызу материалдары бойынша импортқа тәуелділік бар. 2025 жылдан бастап балық өсіру көлемінің едәуір ұлғаюына байланысты қол­даныстағы жүйе ветеринарлық қа­уіпсіздікті қам­тамасыз ете алмайтыны болжанады. Халықтың тұтыну дең­гейінің төмен болуына орай 2025 жылдан бастап балық өнімдерін өткізуде де қиындықтар туындайды деп күтіледі. Ғылыми сүйемелдеудің жет­кіліксіздігі және білікті кадр­лар­дың жетіспеушілігі – қашанда күн тәртібінде.

Қазіргі уақытта Экология және таби­ғи ресурстар министрлігі Үкіметтің 2023 жылға арналған заң жобалау жұ­мыс­тарының жос­парына енгізілген «Ак­ваөсіру туралы» заң жобасын әзір­леді. Бұл заң жобасында балық шаруашылығы саласындағы биз­нес үшін қосымша қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі құ­қықтық негіз қарастырылған. Заң жобасын Парламентке осы жылдың қараша айында енгізу жоспарланған.

Қазіргі уақытта браконьер­лік­пен күрес, балық ресурс­тарын сақтау, мо­лай­ту және орнықты пайдалану, мем­ле­кеттік қолдаудың жаңа шараларын енгізу, сондай-ақ ғылыми және кадрлық қамтамасыз етуді кү­шейту мәселелерін кешенді шешу жөнін­дегі шаралар бөлі­гін­де Балық шаруашылығын дамы­ту­дың 2030 жылға дейінгі бағ­дар­ламасына өзгерістер пысық­талуда.

Балық шаруашылығы ел экономикасында табыс көзі және халықты жұмыспен қамту, эконо­миканың экспорттық әле­уетін арттыру және биологиялық әр­түр­­ліліктің жаңартылатын көзі ре­тінде маңызды. Осы орай­да Балық шаруа­шылығы коми­те­тінің қызметі ба­лық ресурс­та­рын тұрақты пайдалану үшін оларды сақтауға және молай­ту­ға бағытталған. Маңызды мін­дет­тер­дің бірі – табиғи өсімін молайту үшін жағдай жасау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру жолымен балық ресурстарын ұлғайту, сондай-ақ жасанды өсімін молайтуды жүзеге асыру.

Балық шабақтарын жасанды өсіру жөніндегі функция­­ларды кейіннен табиғи мекендеу ортасына шығара отырып, республикалық бюджет есебі­нен Жайық-Атырау бекіре ба­лық өсіру зауыты, сондай-ақ Қызылорда және Солтүстік Қа­­зақстан облыстарында ор­на­­лас­қан Қамыстыбас және Пет­ро­павл балық питом­ник­те­рінің мем­ле­­кеттік кәсіп­орын­дары іске асырып келеді. Олар өсірген бағалы балық түрлерінің шабақтары жыл сайын балық шаруашылығы су айдындарына жі­бе­рі­леді. Осылайша, 2022 жылы бағалы балық түрлерінің 58,7 млн ба­лық шабағы – бекіре, ақсаха, тұқы және өсім­дік­жемді балық түрлерінің ша­бақ­­тары (ақ амур, дөңмаңдай) өсірі­ліп, табиғи мекендеу ортасына жіберілді.

«Су айдындарын балық­тан­дыру бо­йынша қызмет­тер көрсетуге мемлекеттік тапсырыс жыл сайын жеке балық өсіру кәсіпорындары арасында бәсе­ке­лестік негізде орындалады. 2022 жылы Арал-Сырдария, Есіл, Жайық-Каспий және Зайсан-Ертіс бассейндерінің су айдындарына 32,4 млн дана бағалы балық түрлерінің шабақтары, оның ішінде 500 мың дана бекіре тұқымдас балықтар түрлерінің шабақтары жіберілді. Өсірілген шабақтарды су айдындарына жіберу облысаралық балық шаруа­­шы­лығы бассейндік инс­пек­ция­лары қызметкерлерінің, жергілікті ат­қарушы органдар, қоғамдық және ғы­лы­ми ұйымдар өкілдерінің, сондай-ақ БАҚ өкіл­­дерінің қатысуымен комис­сиялық түр­де жүзеге асырылды», дейді Асхат Бақтығалиұлы.

Балық өнімдерінің ішкі нарықтағы жай-жапсарын ба­ғам­дау үшін елорда­дағы бір­неше супермаркет, ірі сауда үйлерін аралап көрген едік. Мұнда да балық түрлерінің молдығы ерік­сіз таңғалдырады. 1 кг құны кіші­гірім бір табақ еттің құнына пара-пар (10-12 мың теңге көлемінде) семга, белугалардан бас­тап өзімізде өндірі­летін көксерке, тұқы, сазан, сом сынды балықтар көздің жауын алып, сауда сөрелерінде сіресіп тұр. Сақ­та­лу, дайындалу реті де сан алуан – көбісі сал­қын­датылған, мұздатылған. Қақтал­ған, кептірілген түрлері де жетеді. Уылдырық, балық консервілері деге­ніңіз – екі бастан. Қысқасы, балық өнімдерінде тапшылық байқалмайды, бағалары да анау айтқандай қымбат емес. Тек той-томалақтарға болмаса, сон­шалықты үлкен сұраныс жоқ. Тір­шілігі қым-қуыт алып шаһардағы жағ­дай мұндай болғанда, ауыл-аймақ­тағы тартылып қалған қара сулардан, кішігірім тоғандардан ұсақ ақ балық, алабұға, шортан, шабақтарды әуестікпен аулап, қосымша азық етіп жүрген алыс ауылдардың балыққа деген ынта-ықыласы айтпаса да түсінікті. Сөз басында айтқан тұтынудың 4 па­­йызы да осы жерден келіп шы­ғады.

Өркениет көшінде аты оз­ған елдер­дің барлығы дерлік азық-түлік нары­ғында балық өндірісіне айрықша ба­сымдық береді. Оның негізгі себебі, ба­лықтың және басқа теңіз өнім­де­рінің тағамдық, дәмдік құнары, олардың құра­мындағы нәруыз (белок) мөлшері мал мен құс етінен артық болмаса, кем емес. Сондықтан да балық тағамдары олардың ас мәзірінен бір де үзілмейді. Сондықтан да қазіргі таңда дүниежүзінің су айдындарында балық және басқа да теңіз өнімдерін аулайтын 20-30 мың аралығындағы ірілі-ұсақты кемелер жүзіп жүр. Олардың дені озық технологиямен жабдықталған. Балық аулаудан бастап, дайын өнімдер шығарумен тұрақты айналысады.

Түйіндей айтқанда, балықтан түсетін табыс көл-көсір, адам денсаулығына пай­дасы да аса зор. Тек балықтарды өсіру, табиғи көбеюі үшін жағдай жасау, балық өсіру шаруашылықтарын, өңдеу кәсіпорындарын дамыту шараларын ұтымды ұйымдастыра білу керек.