Аға сұлтан Құнанбай қажыға Тұңғышбай Ешен әулие көрген түсін: «Жидебайда аспанды тіреген ғажап заңғар шың орнапты, жоғарыда Құнанбай, одан төмен Ұлжан екеуіңізді көрдім. Сіз түрегеп тұрсыз, ал отырған Ұлжанның етегі шыңнан асып, Шыңғыстауды орап алған. Шыңның ұшар басына қарап едім, сіздің артыңыздан басы асқан бір жігітті аңдадым», деп айтады. Мұның алдында әулие Түркістанға, Бұхараға сапар шегіп, бабалардың басына зиярат етіп, Ибраһим атаның бейітіне түнеген-ді.
Сонда Құнанбай: «Ендігі перзентімнің есімін Ибрагим атаймын», дейді де, Тұңғышбай Ешен әулиеге үш құлынды бие, бір ат берген екен.
Қайран, тылсым дүние-ай! Құдіреттің құпиясы-ай! «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» жер-дүниені ұлы тілектерімен, дұға-дуадай шынайы сырларымен қапысыз қапсырып, әлдилеп-тербететін мыңжылдықтардың тұлғасы Ұлы дала төрінде қанат қағатынын мәлімдегендей-ау!
Ойшыл ұстаз, ақылман абыз Абайдың билік айтудағы әділдігі, кемеңгерлік байламы, адамшылық, рухани таза болмысы, Атымтай жомарттығы жайындағы мына бір сипаттама қандай ғанибет десеңізші: «Жалпы, өміріндегі мұрат қылған қиялы әділшілік пен дұрыстық болғандықтан, қазақтағы өтірігі жоқ шыншыл кісі болатын.
Өтірік айтпай, шынын айтатын болса, мал ұрлайтын ұрыны болса да сүюші еді. Ұрыдан алатын парасы – шынын айтқаны. Шындыққа, дұрыстыққа құмарлығын билікте анық көрсетіп жүрді. Билікке келгенде Абайдан әділ, таза, дұрыстығы күшті биді тобықты іші бұрынғы заманда көрген жоқ деп айта аламын.
Абайдың билігіне, Абай тергеуіне әрқашан ел ішінде шиеленісіп, ұстасып жүрген жаулары құмар болатын. Сондықтан Абай айтқан биліктің көбі әрқашан сол жау жақтарының даулары туралы бола ма деп ойлаймыз.
Өзіміз көріп, өзіміз естіп білген заманда жауына келіп, билік айтқызу Абайдан басқа кісінің тұсында болды деп білмеймін. Тобықты ішінің өзге ешбір адамына дәл билік турасында мұндай сенім болған жоқ.
Биліктегі әділдігімен қатар осыған егіз сияқты бір мінез – Абайдың ерекше мырзалығы, жомарттығы, дүниеқор еместігі болатын. Жақын маңайдағы елде өз атағын есіткен, атышулы жүйрік ат, қыран құс, ит сияқты сауық аспаптары болса, Абай қалап та алады. Қызыққаны кедейдікі болса, Абай сатып та алады. Бір жазда бес түйе беріп, екінші ат алғанын көрдім. Солардан екеуін де сұраған екі кісіге өзі қызықтамастан беріп жіберді.
Тобықты іші: «Бір досыңнан қызығып алып, бұлдап алған жақсыңды үйіне жеткізбей, бір жақсы көрген адамы алып кетсе, содан қызық не бар, деп Абай айтпап па еді? деп аңыз қылысады». (Көкбай Жанатайұлының естелігінен).
Ойшыл Абай табиғатынан – 1) тыңдау, 2) оқу, 3) шешендік тапқырлықпен сөйлеу, 4) жазу өнерін толық меңгерген. Көргенін де, естігенін де, оқығанын да ақыл таразысында сыншылдықпен салмақтап, салиқалы ой-топшылаулар, тұжырымдар жасай білген афористік һәм көркем ойлауға ұста біртуар дарын. Сол себепті өзіндік көзқарасы, өзіндік мәнері, өзіндік үздік пайымдауы бар ұлт абызы. Егер де Абайдың әрбір асыл ойларын, ақын сөздерін ғасыр жауһары деп бағалайтын болсақ, ол нағыз, таза Абайдың сырлы лебізі. Демек «Артық ғылым кітапта» деп өзі білім мен тәлімге нақтылы жол көрсеткендей, Абайдың кітап оқумен шұғылдануы хақында: «Абай Еуропа ғалымдарының ірі пәлсапамен жазылған кітаптарын оқығанда, өзінің басындағы ой-пікірлерінің ірге, негізін аналарға оңай беріп жіберіп отырған жоқ. Жұртқа өсиет қылып, өз сөзіне мысал қылып сөйлегенде әрқашан өз ақылының елегінен өткізіп алып айтушы еді. Көп насихатының түп қазығы адамшылық, ақтық, әділет болса, осының барлығын мұсылман дінінің діңгегіне әкеліп, бір шалып кетіп отыратын.
Абай діншіл еді. Бірақ діншілдігі молда, қожа айтып жүрген сыртқы сопы, діншілдік емес-ті. Бергі жерлердегі кітап сөзі, молда сөзі, шариғат жолы дегеннің барлығына сынмен қарап, діннің негізін, мақсат-бағытын ғана алып, соны хақиқат діні деп қолданған» (Көкбай Жанатайұлы дерегі).
Тегінде Абайдың нақты өмір жолындағы тағдыранықтағыштық ұстаным-қағидаты – хақиқат діні.
Абай мектебі, Абай дәстүрі, Абай тағылымы дейтін шынайы ұғымдар ел тарихында ерекше айтылады. Өз қоғамында Абайдың тарихи һәм әдеби-мәдени қызметі орасан зор болғаны ақиқат. Ұлы даланың ұлық дәстүрлерінің бір парасы – халықтың ертегі-аңыздарын, жырларын жатқа мөлдіретіп айту. Бұл – өзі ғажайып бір симфония, гармония, философия, энергия, музыка, яғни сан қырлы полифаниялық құбылыс. Расында, Абай да осынау елді рухани тұрғыдан тәрбиелеуде осы бір халықтық дәстүрді жандандырып шарықтатқан, шалқыта пайдаланған.
«Ауыл қысы-жазы өте қонақшыл. Әрдайым күндіз-түні басып жатқан неше алуан кісі болады. Солардың ішінде «Абайдың түстігінен жейміз» деп ас аңдып келетін кедей-кепшікпен бірге ел-елдің басты адамдары, ертекші, құсбегі, домбырашы, әнші, не болмаса тоғызқұмалақ, дойбы ойнағыш ойыншылары да жатады.
Абай қысты күнгі бос уақыттарының бірталайын да өзі оқып алған романдарды кейде ертек қылып маңындағы жұртпен бірге, әсіресе өзінің ұдайы қасында болатын ертекшісі Баймағамбетке айтып беретін.
Баймағамбет орыс романдарын бір айтқаннан жаңылмай ұғады. Ішіндегі еуропаша заттарды да жаттап алады. Содан кейін бірнеше күн өткенде өзі айтып берген ертектерін Баймағамбетке қайтып айтқызады да, ешнәрсеге алаңдамастан, бөлінбестен қайтадан түгел тыңдап шығады. Қатесі болса, сонда түзеп береді. Содан анау айтып, таратып кете барады.
Осындай әдетпен қатар Абай қырдың тоғызқұмалақ, дойбы сияқты ойындарына көп уақыт беретін. Әсіресе көп салынып ойнайтыны тоғызқұмалақ болушы еді. Бұл ойындарға тобықты ішіндегі ірі ойыншылардың ең ілгері қатардағы бірі болып саналады. Ойнай-ойнай келе бірден-біреу озып екшеліп келген соң тобықтыда бес, алты-ақ үлкен ойыншы шықты.
Солар: Көрпебай, Құттықожа, Қуаттың Құдайбердісі, Мақыштың Смағұлы дегендер еді» («Абайдың өміріне, өнеріне, ел басқару ісіне, көсемдік тұлғасына қатысты материалдар», ОҒК, Қ.599).
Абай дәуірі – тұтас бір тарихи дәуір, Абай ақыл-ойының қанат жайып шарықтап шалқыған заманы. Ақылдың кені, білімнің кеніші хакімнің ұлтқа, ұрпаққа қызмет жасауының ерекше бір түрі – ежелгі рухани-мәдени дәстүрлерді гүлдендіруі, өнерпаздық орта негіздеуі, білім қазынасынан сусындатуы, ғылымның, жаратылыстың құпия қиырларына жетектеуі, даланың ауызша тарихнамасын түсіндіруі, ойлау мен сөйлеу мәдениетіне үйретуі, өзгеше білімділер, ілім-білімге құштарлар қауымдастығын жасақтауы, ізгіліктің, әділеттің, турашылдықтың жолына үндеуі. Шындығында, Абай дәстүрінің сипаты осындай еді.
Иә, Ұлы даланың шамшырағы Абай ілімін, білімін, тәлімін, тәжірибесін аянбай бөліскен, тыңдаушыларына жеткізген.
Уәсила Абайқызының (Мағауия қызының) есінде қалғандарына тоқталайық: «Әкем балаларды жеті жастан сегізге шығарғанда оқуға беретін. Еркек балалармен қабат, қыздарын да оқытатын. Қазақ тілінде кітап жоқ болатын. Сондықтан «Балалардың ойы, дүние тануы кемсін болады», деп әкем көп айтып жүрді.
Әлі есімде, бір күні біздің оқып отырған үйімізге әкем келді. Әдеттегідей бәріміз орындарымыздан тұрдық. Әкем айнала қарады да:
– Отырыңдар, – деді.
Біз отырып жайласқан соң молдаға қарап:
– Балаларға мына бір кітап әкелдім. Осыны көшіріп, көбейтіп, бала басына бірден таратып бер. Бүгіннен бастап осы кітапты қоса оқыт! – деді.
Біз қуанып кеттік. Әкем үйден шыққан соң, молда әлгі кітапты алды да, бас жағын оқыды. Кітап қолжазба екен. Біз ол кітапты көшіріп алып, оқи бастадық. Басқа кітаптарға көңіл бөлмейтін болдық. Өйткені бұл жаңа кітаптың тілі ұғымды, сөзі түсінікті, ыңғай ақыл айтып отыратын жақсы кітап болды. Кейіннен байқасам, сол кітап әкемнің «Ғақлия» атты қарасөзбен жазылған кітабы екен. Біздің молдадан бұл кітапты естіген басқа молдалар да келіп көшіртіп алып, өз шәкірттеріне оқытып жүрді».
Мағнауи ғаламы байтақ, тағдыр тәмсілдеріне адамшылық, тіршілік, даналық қағидаттарына бай ой еңбегінің, жан толғаныстарының, қоғам өмірінің айнасындай ғасыр кітабы «Ғақлия» шығармасының оқулық ретінде қолданылуы – ұлт руханиятындағы ұлы белес.
Абайдың тәлімгерлігінің, үйретушілігінің, оқыту шеберлігінің қандай болғанына тағы бір дәлел.
«Әкем балалардың оқып, білім алуына көңілін жиі бөліп отыратын. Біз сабақтан шыққанда не өз үйіне шақырып алып, не ортамызға келіп әңгіме айтатын, әңгімесі өте қызық болатын. Тыңдауға жалықпаушы едік. Әңгімесінің көбі өзіміз естімеген, білмеген атақты адамдардың өмірі, ісі жөнінде болатын. Орыстың Пушкин, Лермонтов деген ақындарының атын тұңғыш рет тоғыз жасымда әкемнің аузынан естідім. Әкем әңгімені өте қысқа айтатын және «Ұғып алыңдар, ұқпағандарыңды сұрап алыңдар», деп айтып отыратын. Әкемнің әңгімесінің қызықтылығы, түсініктілігі сондай, біз бір естігенімізді ұмытпаушы едік. Егер бір бала әкемнің әңгіме айтқан күнінде болмай, ести алмай қалса, әкем ол баланы келесі бір күні шақыртып алып, біздің біреуімізге: «Кешегі естіген әңгімені мынаған айт» деп айтқызып, өзі тыңдайтын еді. Сондықтан біз әкемнің аузынан естіген сөзді бұлжытпай ұғуға міндетті сияқты едік.
Әкем балалардың сұрауларына қолма-қол жауап беретін. Ол балаларға өте кішіпейіл еді. Кейде біздің кішкентай болымсыз сұрауларымызға да зор мағына беріп, талдап түсіндіретін».
Абайдың ұлт тілінің тек-төркінінен, қалайша қолданылу аясынан, халықтық тыйым сөздердің мәнісін де жеткіншектерге түсіндіріп береді екен.
«Бір күні ауыл көшіп-қонып жатыр еді. Біз Қорамжанның үйінің жанында ойнап жүр едік. Қорамжанның бір келіні үйдің бауын «байла» деудің орнына «жапсыр» деді. «Бірдеме түсіп қалып еді» деудің орнына «қонып қалды» деді. Біз өзіміз естімеген жаңа сөздерге таңдандық. Кешке естігенімізді әкеме келіп айттық.
Әкем былай деді:
– Бір адамның не бір заттың өзін әйелдердің қайнағасына, не атасының, не сол елдің бір үлкен адамының атымен аттас болса, сонда ол адамды, не сол заттың атын атамайды да, жалған ат қойып алады. Мысалы, үлкен атам Құнанбайды халық «Тәте» деп атаған. Кеңгірбай биді «Қабеке» деп атаған. Жас әйелдердің «әтиім», «сылқым», «ортаншым», «тетелес», «кішкентай», «төрежан» деп қайындарына, аталарына жалған ат қойып алуы да сол ғұрыптан шыққан, әдепті болудан шыққан. Ал Қорамжанның келіні «бауды байла» деудің орнына «жапсыр» дегені, «түсіп қалды» дегеннің орнына «қонып қалды» дегені бұл әдепті болудан, үлкен-кішіні сыйлаудан, келіншек болғандықтан, ата-аналардың атын атаудан ұялғандықтан шыққан емес. Олар Жігітек дейтін ел болады. Жігітектің ұрылары көп болады. Сондықтан олар ұрлыққа аттанғанда, артында қалғандары тілеуін тілеп отырады. Ұры қолға түсіп қалды деген жаман сөз. Сондықтан «түсіп қалды» десек, аттанған ұрыларымыз «түсіп қалады» деп «қонып қалды» деп сөйлейді. Ұрыны қолға түссе, байлап қояды. Сондықтан байлау деудің орнына «жапсыр» дейді. Олар мұны ырым қып айтады. Міне, содан Қорамжанның келіні жаттығып, дағдыланып кеткен сөзін айтып жүр. Енді ол ондай сөзді айтпайды. Ұрлыққа аттанбайды және ұрлық істейтін ұрылармен көрші болмайды. Сендер балаларын өздеріңе жақын тартып, оқуға шақырыңдар, тату болыңдар! – деді».
Ойшыл хакім нағыз, таза қазақ тілі тарихи дерек, көркемдік мүлік, халық өмірінің, жанының, сенім-нанымының, ой жүйесінің, рухының көрінісі екендігін білген, ой жүгірткен, зерде-зейінін аударған. Дала данасы шәкірттерін көзінің нұрындай, өмірінің сырындай, тағдырының жұлдызындай көрген екен-ау!
Уәсила Абайдың тұла бойы тұнып тұрған асыл қасиеттер екендігін былайша жік-жігімен жіліктеп түсіндіреді: «Әкем көбінесе таңертең ерте тұрып, жазу жазып не кітап оқып отырушы еді. Түнде қонақтар мен үй адамдары жатқан соң өзі жеке отырып оқитын не жазатын. Біз әкем ыңғай хат жазып отыра ма, болмаса Құран оқып отыра ма деп таңданушы едік. Кейіннен білдім, әкем өлең жазады екен әрі кітап оқиды екен. Үйде қонақ көп болса, не бір жаңалықты хабар болса, ондай уақытта кітап та оқымайтын, жазу да жазбайтын. Қызмет уақытында өте тыныштықты жақсы көретін.
Март айы туып, қар кете бастағанда киіз үй тіккізіп, жылы күні түскі тамақты киіз үйде отырып ішетін. Әкемнің бір ғадеті күнде түскі тамақтан кейін екі сағат мөлшері жатып ұйықтап, демалатын. Бірақ ұзақ жол жүрсе де, түнде көп отырып, ерте тұрса да, шаршадым деп не әңгімеге, не жұмысқа ерінбейтін еді. Және қонаққа, жолаушыға ренжіген пенде емес еді. Кісі де босатпайтын, сонда да қонақтың, кісінің көп келгенін жақсы көретін, әсіресе сый кісі, ақын, әнші, күйші, өнерлі, құсбегі, үйші, ұста, ертекші келсе, бір жасап, масайрап қалатын.
Мен ес білгенімде Қаракесек Мауқай ақын, әнші, күйші Мұқа, әнші Мұқаметжан (туысқаны), әнші Алмағамбеттер қасында көп болды».
Сонда ойшыл хакімнің үйі бейне бір университет (ғалымдар қауымдастығы) аудиториясы немесе театр сахнасы іспетті. Яғни сұхбат құру, әңгімелесу, ой бөлісу, кеңесу, ақылдасу – рухани дамудың кепілі.
Ел тарихына жүйрік Абай ақын шәкірті Көкбайға хан Абылай мен қаһарман Кенесары жорықтарына қатысты дастан шығартқан. Оны барынша мұқият тыңдаған, сын-пікір білдірген, бағасын берген. Сөйтіп, ойшыл, зерек шәкірттерін дұрыс ойлауға, дұрыс жазуға, дұрыс сөйлеуге дұрыс бағыт сілтеген, жақсы тәрбие берген, елім өссін, ерім есті болсын деген ұлы тілекпен ілгері жетелеген, ақылын, ойын, тәжрибесін толықтырған. Абайдың басты ұстанымы – қауымына, қоғамына, заманына шамшырақ болу, жұртын білімді-өнерлі, өнегелі жолға бастау, әділеттің туын ұстау, адам баласының барша асыл қасиеттерін гармониялық үйлесімділікте жарасымды дамыту, шыншылдық пен қайырым-мейірімнің ұлы идеяларымен нұрландыру, ойлау өнері мен мәдениетінің үйлесімін ыждаһаттау.
«Өзі біреуге ұзақ әңгіме, ұзақ жыр сияқты нәрселерді айтқызғанда еш уақытта басқа бөтен нәрселерге аумай, таза көңілмен, үлкен ықыласпен тыңдайтын. Және әрқашан сондайды тыңдап болған соң, сол нәрсенің мағынасы мен жөнін ұғындырып, сын айтатын. Сол ретпен «Ақбала-Боздақты» айтқанымызда, осы жырдың ішіндегі бір-ақ ауыз өлеңін жақсы көрді де:
– Мынаны шығарған кісі – ақын, – деді. Тегінде өлең ішінде бірер ауыз әдемі сөз табылса, сол үшін қатты риза болып қалушы еді. Жаңағы өлеңде Ақбала мен Боздақ тау аралап келе жатса, алдарынан шағылысып жүрген құр, үйгіп жүрген екі түлкі кездесіпті. Сонда Боздақ Ақбалаға:
– Бір қораз, бір мекиен
талда ойнайды,
Адам түгіл, хайуан мал да ойнайды.
Құдайым бір нәрсеге бастап жүр ме,
Алдымыздан кез келген
аң да ойнайды... – депті.
Абай өз сөзінен айтушының ақындығы білінеді деп сынады. Әрқашан Абай ақындық туралы сөйлегенде:
– Ол – қуат, табиғат сыйы, Құдай сыйы, – деп құрметпен сөйлейтін. – Ақындық шабыты шын келгенде адамды қайта тудырып жібереді. Ол келгенде адам жай, жабайы адам болмайды, – дейді.
...85 жылдың шамасында Қарамолда болатын сыязға Абаймен бірге көп кісі келе жаттық. Ішімізде Байкөкше деген ақын да бар еді. Бір кезде Байкөкшенің түсіне Абайдың көзі түсті де:
– Мына кәрінің жыны ұстап келе жатыр екен, – деді. Айтқандай, сол арада Байкөкше Абайға түнде көрген түсін айтып, ұзақ өлеңді шұбатып жөнелді. Түсінде Абайдың бірталай қиындық, қауіптен өтіп, мұратына қолы жеткенін көрген екен. Соны айтумен бірге өзінің жоруын да өлеңге қосып, Қарамоладан жолы болып, алысқандарын жеңіп қайтатындарын айтты» (Көкбай әңгімелері. ОҒК, Қ.599).
Халық ақыны Төлеу Көбдіков (1874-1954) 1896 жылы Абайдың үйінде Абаймен пікірлес, мүдделес Наушабай дейтін қадірлі кісінің әңгімесін тыңдадым дейді. Әңгіме арасында 1895 жылы Жаркентте әскербасы қызметінде жүргенде, қыршын жастың дүниеден өткенін айтқанда, Абай «уһ» дегенде, төрде отырып аузынан шыққан өксік демі киіз үйдің есігін желпігендей болыпты.
Абайдың 1881 жылы Мырзақанға және отырғандарға айтқаны: «Адам баласының табатын өнері, білімі әлі көп. Құдай Тағаланың адамнан асыл жаратқан мақұлығы жоқ. Адам баласына жансызға жан салуға ұлықсат жоқ, одан басқаның бәрінің кілті бар. Өнер-білімнің кілтін жаңа-жаңа тауып келе жатыр. Әлі балықша суға жүзіп жүргенін де көресіңдер. Және дүние мұнымен тұрмайды, өзгерісі болады. Адам баласы осы күнгі балалардың мал өсіріп, «сенен мен артық бай боламын» деп таласқан бәсеке байлығындай, өнерге сенен мен артылам деп өнер арттыруға таласады. Мал, байлық бәсекесі болмайды, өнер-білім бәсекесі болады. Осы күні көз салатын да бар, бұлардың бәрі де ұсақ өнер, келешектегі болашақты әрбір тәжірибеден көріп, сезіп отырмыз. Бірақ кейіндеу болады, оны біз көрмейміз. Біздің баламыз, баламыздың баласы көрсе көрер, – деді» (Төлеу Көбдіков. 30/І-1945 ж. ОҒК, Қ.599).
Абайдың өнер-білімге көзқарасы, адам баласының өнерпаздық-шығармашылық әлеуеті жайындағы толғамдары ойландырары даусыз. Әсіресе Абайдың: «Адам баласына жансызға жан салуға ұлықсат жоқ, одан басқаның бәрінің кілті бар», деген пікірінің жаны бар.
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор