Былтыр да бұл тақырыпты кеңінен тарқатып жазғанбыз, биыл тағы оралып отырмыз. Қаншама жылдан бері ауыз судан тарыққан жұрттың арызын ескермеген шенеуніктердің әрекеті бейқамдық секілді. Себебі өзеннен су ішіп отырған тау етегіндегі жұрт жаңбыр жауып, дауыл тұрса, лай ішуге мәжбүр. Осы түйткілге келгенде әкімдіктің ақылы жетпейді. Қыруар қаржы жұмсалғанымен, Текелі халқы жыл сайын кедергімен күресуге құмбыл.
Өңір басшысы Бейбіт Исабаев облыс құрылғанда моноқала тұрғындарымен кездесіп, осы ауыз су мәселесіне айрықша тоқталған. Сол жиында биыл мәселенің түбегейлі шешілетінін айтқан еді. Тіпті сала мамандарына арнайы тапсырма да берген.
«Өткен жылы 2 елді мекенді орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталды. Биыл 16 елді мекенде су жүйелерін салу және қайта жаңарту жұмыстарының аяқталуы жоспарланып отыр. Бұл тізімге де моноқала кіреді», деген облыс басшысы. Содан кейін мәселені шеше алмаған Батыр Молдахметовті қызметінен алып, орнына бұрынғы Көксу ауданының әкімі Алмас Әділді отырғызған. Сонда жаңа әкімге әуелі таза су мәселесін тиянақтауды тапсырған. Міне, содан бері бір жыл өтті. Біз кенді шаһардағы жұмыс жүйесі қалай жүріп жатыр, соны біліп қайттық.
Моноқалада су желісі жоқ емес, бар. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар өзегінде әр тұрғынның ауыз суға қолжетімділігі қамтамасыз етілген. Мәселе, үйге келген судың ішуге жарамсыздығында болып тұр ғой. Тұтас қалаға Қора өзенінен берілетін су көпшілік білетіндей тау мұздықтарынан не жерасты бұлақтарынан бастау алады. Әдетте көктемде өзен тасқындап, лайланып ағады. Су мол кезде. Жазғытұрым уақытта су тазартқыш құрылымның лайлы суды тазартуға шамасы келмей қалатын. Кеңес заманында салынған қондырғылар әбден ескірген еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу өңіріне сапарында мәселені түбегейлі шешуді, қала тұрғындарын сапалы һәм таза ауыз сумен қамтуды тапсырған еді. Содан бері Текеліде тынымсыз тіршілік басталды. Бастысы – Президент пәрменін жүйелі орындау. Жуырда моноқаладағы аталған мәселені шешуге бағытталған қарымды қарекетті көзбен көріп, жұмыс барысын бағамдап келген едік, соны баяндайық...
Жалпы, жергілікті әкімдік тұрғындарға таза ауыз суды қолжетімді ету мәселесін шешуге әуелден-ақ кіріскен еді. Мәселен, тіршілік нәрін өзеннен алғаннан гөрі жерастынан тарту жайын да қарастырған. Арнайы мамандар зерттеп-зерделеу жүргізгеннен кейін 2018 жылы тау бөктерінен 3 ұңғыма бұрғыланып, қалаға су желісін тарту керек болған. Осы мақсатта өткен жылы бюджеттен 993,6 млн теңге қаралды. Екі жылға жоспарланған жұмыс биыл қазан айында аяқталады деп күтілуде. Текелі қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ғалымжан Қызылбаевтың айтуынша, қазір құрылыс жұмыстары 70 пайызға орындалған.
«Жаз айының қолайсыз ыстығына қарамастан мердігер «ҚазЕвроСтрой» серіктестігінің жұмысшылары тынымсыз тірлік етуде. Қала бойынша 4 бригада күніге 10 сағаттан жұмыс істеп жатыр. Межеленгендей, қала тұрғындары қазан айында толық таза ауыз суды тұтынады. Бірақ тұрғындар ауыз суды үнемдеуді білмейді. Мәселен, қала бойынша қыста күніне 7 мың текше метр су тұтынса, жазда 12 мың текше метрден асып жығылады. Тұрғындар судың да сұрауы барын ескерсе, бау-бақша суаруды доғарса деген тілегіміз де жоқ емес», дейді Ғалымжан Төлегенұлы.
Бөлім басшысының сөзіне қарағанда, ауыз су 355 мм диаметрлік желі арқылы су сақтау қоймасынан қалаға беріледі. Ұзындығы – 9 шақырым. Ал үш ұңғымадан қоймаға дейін тағы 6,5 шақырым тартылған. «ҚазЕвроСтрой» серіктестігінің су желісін салып жатқан құрылыс бригадасының жұмысымен де таныстық. Қанат Сәрсекенов бастаған дәнекерлеушілер арнайы техникамен жер қазуда қиыншылық болып жатқанын алға тартты.
«Қарамағымдағы төрт жігітпен ауызсу желісін бір-біріне жалғаймыз. Қазір жер қазуда қиындықтар бар. Текелі қаласы тау бөктерінде орналасқан. Жер түгел тас. Соған қарамастан межелі уақытта жұмысты аяқтауға тырысып жатырмыз. Бізге жүктелгені желіні топырақ астына көміп кету ғана емес, оның ұзақ әрі ешқандай ақаусыз болуы маңызды. Сондықтан тасты топырақты қазып алып, содан соң желінің асты-үстіне 30-40 см жұмсақ топырақ салып, қайта көмеміз. Текелілік тұрғындар тынымсыз тірлігімізге қарап разылығын білдіруде», деді учаске бригадирі Қанат Сәрсекенов.
Таулы аймақта қыстың қатқыл келетінін ескерген құрылысшылар желіні 2 метр тереңдікке орналастыруда. Бір қызығы, біз барған кезде жер қазатын трактор беймәлім кабельге тап болған. Интернет не электр желісі екенін анықтау үшін біршама уақыт жұмыс та кідірді. Учаске бригадирі Қанат Сәрсекенов құзырлы мекемелерге байланысқа шығып, желінің ескі екенін анықтағаннан кейін ғана жұмысты одан әрі жалғастырды. Ауыз су желісін тартушылардың айтуынша, Кеңес заманында тартылған ескі сым-темірлер жерастында көп екен.
Мұнан соң қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ғ.Қызылбаев бізді бастап, су сақтау қоймасына апарды. Қаладан 9 шақырым жердегі қойманың жұмысы 90 пайыз аяқталған. 1 500 текше метрге жуық бетон қолданылған екі қоймада 3 мың текше метрден су сақталады. Бөлім басшысының айтуынша, қазір нысанды тазарту жұмыстары жүргізілуде. Әуелі қоймаға су лық толтырылып, дәріленеді. Сосын су қайта ағызылады. Осындай тазарту әдісі 3-4 мәрте қайталанады. Ғ.Қызылбаев бірер күнде 4 су сорғы насосы орнатылатынын да айтып қалды.
«Қазір ұңғымадағы су зертханаға жөнелтілді. Қала тұрғындары таза ауыз судан тапшылық көрмейді. Қажет болған жағдайда Шажа өзенінен де су тартуды көздеп отырмыз. Барлық жұмыс жоспарға сай қазан айында аяқталып, тұрғындар таза ауыз суға қол жеткізеді. Сол үшін 4 бригададан құрылған 25 адам, 7 техника тынымсыз жұмыс жүргізуде. Жоғарыда айтқанымыздай, қалада қауырт тіршілік. Ауыз су желісінен бөлек, газдандыру жұмыстары қатар жүруде», дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы.
Шажа мен Қора өзенін бауырға алған ағайынның бір өтініші – таза су. Дені сау ұлттың жаны да сау болмақ. Баласы үшін шырылдаған халықтың тілек-арызы – осы. Су сорғыларын ғана емес, жалпы желілерді толық жаңартпай, істің оңбасы анық. Қазір мамандар сәл сабыр сақтауды сұрап отыр. Не де болса, істің соңын күтейік.
Жетісу облысы