Бата – тәлім-тәрбиелік мәні айрықша, ұрпақтан-ұрпаққа үлгі болып келе жатқан мұра. Ал осындай құнды мұраны сақтап, өзгелерге дәріптеу ұрпақ тәрбиесінде өте маңызды. Осы ретте облыстық ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен Талдықорғандағы Ардагерлер үйінде «Батамен ел көгерер» байқауы өтті.
Тағылымы мол шараға дуалы ауыз, шежірекеуде қариялар қатысып, өскелең ұрпаққа өнеге көрсетті. Ақыл додасына облыс қалалары мен аудандарының ақылгөй қариялары қатысып, жұртшылық алдында беріп жүрген баталарын жалпы көпшілік пен әділқазылар алқасының сарабына салды.
Сан ғасырлар өтсе де, қазақ халқының өзгеріссіз, салты болып қалыптасқан дәстүрінің бірі – бата беру. Бүгінде халқымыздың осынау тағылымды дәстүрі қайта жаңғырып, жаңару үстінде. Ардагерлер үйінде өткен шара осы тұжырымымыздың жарқын бір дәлелі іспетті.
Әйгілі Төле биден бала кезінде бата алған Ескелді әулие уақыт өте келе аузына қалың ел қараған дара да дана тұлғаға айналды. Осынау жан толқытар көрініспен ашылған байқауда облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт сөз сөйлеп, батагөй қарияларға сәттілік тіледі.
Ел мен жерге, ел мерейін көтерер ерлерге, желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ақ тілектер ағытылған байқаудың алғашқы кезеңінде қазыналы қарттар өздері дайындап әкелген баталарын әділқазылар алқасының сарабына салса, екінші кезекте жеребе бойынша белгіленген тақырыпқа бата берді. Тұсаукесу мен ас батасы, сапар мен Наурыз батасы тәрізді тақырыптарға берілген баталар қариялардың бәсекеге қаншалықты дайындалып келгендіктерін, яғни жалпы өмір тәжірибелерінің де молдығын байқатты. Әйтсе де «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, түптеп келгенде бағы мен бабы бірдей шапқан қараталдық қария Сейфолла Ержанұлы 1-орынға лайық деп танылды. Жүлделі екінші, үшінші орындарды талдықорғандық Қуаныш Күнболатов пен алакөлдік Әділғазы Нүсіпов ақсақалдар өзара бөлісті. Өзге қатысушыларға ынталандыру сыйлығы берілді.
Байқау соңында әділқазылар алқасының төрағасы Әміре Әрін сөз алып, тағылымы мол шараның өтуі мен маңызы жайында айтып өтті. Одан кейін облысымыздың түкпір-түкпірінен ат терлетіп келген қариялар ақ дастарқан басында шүйіркелесіп, ұлағаты мол әңгіме өрбітті.
Жетісу облысы