• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 15 Тамыз, 2023

Кофе және әдебиет – 9

222 рет
көрсетілді

Кейде таңғы кофеңді ішіп отырып, әріптесіңе кеше ғана оқыған шығарма туралы айтасың. Сол әсерден арылмаған қалпы автордың шеберлігіне ерекше тоқталып, әңгіменің динамикасы оқиғаларды ұстап тұрғанын, кейіпкерлердің ішкі толғанысы, жан тебіренісі қалай суреттелгенін беріле баяндайсың. Ал өзі де көп кітап оқитын әріптесің шығармадан алған әсеріңе селт етпейді. «Ол жазушының бір әңгімесін бастап, аяқтай алмадым» дей салады самарқау.

 

Әр оқырман шығарманы әртүрлі қабыл­дайды. Сізге ұнаған әңгімені заман­дасыңыз тіпті менсінбеуі мүмкін. Көркем шығарма барша жұрттың көңілінен шығуы үшін – ол адамзаттық деңгейдегі туынды болуы керек шы­ғар, сірә. Мәселен, Толстойдың, Дос­тоевскийдің шығармаларын тек орысқа тиесілі дей алмаймыз. Олар әлдеқашан адамзаттың ортақ игілігіне айналып үлгер­ген. Не үшін «Құдіретті комедия» әлі күн­ге дейін көп оқылады? Ол да жалпы адам­затқа тән кесірлі ғадеттерді әшкере етуі­мен құнды. Осыдан жарты ғасыр бұрын-ақ мақталған кейбір шы­ғармаларды бүгінде тіпті керек қылмаймыз – себебі де мәлім. Бәл­ки, бүгінгі тұрмыс-салтымызбен үйлес­пейді. Бәлки, көркемдік қуаты уақыт сынынан өте алмады. Десек те, Ах­мет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» деп аталатын Абай жайындағы мақаласында айтылатын өлшемдер негіз болса, кез келген шығарманың ғұмыры ұзақ болатындай көрінеді. «Не нәрсе жайынан жазса да, Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады», дейді ұлт ұстазы. Енді бірде ақын туралы: «Сөзі аз, мағынасы көп, терең» дейді. Ендігі жазылар шығармалар да «сөзі аз, мағынасы көп, терең» болуы шарт.

Жазғанының бәрі кіл шедевр деген жазушы да болмаса керек. Мәселен, Абайдың алғашқы өлеңдері классикалық туындыға қойылатын талаптарға сай емес. «Өлең сөздің теориясы» атты монографиясында ақын өлеңдеріндегі кейбір ырғақтық бояулардың жұтаңдығын академик Зәки Ахметовтің дәйекті дәлелдермен таратып жазатыны бар-ды.

Ең бастысы, қаламгер, алдымен сурет­кер болса екен дейміз. Яғни қоғам бейне­сін көркем шындық аясында образды түрде әңгімелеу. Кейіпкердің ойын ғана емес, мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, көңіл күйін, жан дүниесін, жүрек сырын, сағынышы мен мұңын сөйлету. Бұны­мыз ойшылдықтан ада болу керек дегенді білдірмейді. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясын жазған кезде үнемі өзімен бірге Джон Дрепердің «Еуропа ақыл-ойының тарихы» деген кітабын алып жүріпті. Оны әуелде Абай оқыған, сосын Әуезовтің жазу үстелінде тұратын кітабы болған деседі. Яғни Батыс әдебиеті мен мәдениетін терең білген Абайдың тұлғасын ашып көрсету үшін заңғар Әуезовке Еуропа ақыл-ой тарихына дендеп енуге тура келді.

Ешкім жазайын деп жазбайды. Сол сияқты жазбайын деп те жазбай кет­пейді. Сурет­кердің қаламынан туған көр­кем дү­ниенің бәрі – өмірдің ісі. Қоғам­ның дерті. Қоғамның күйі. Мың сан ойды әб­ден қоры­тып, көркем тілмен кесте­леп оқыр­манға ұсынған қалам иеле­рі­нің айырма­шылығы – бейнелі ойлай­тынында ғана. Әри­не, жазушы­лық шеберлік екібастан керек.

Бүгінгі әдеби ортада өткенді аңсау симп­томы әлі де белең алып тұр. «Бұқа­ралық сана» қалыптастырған бұл сағы­ныштың басты себебі, әрине автордың материалдық жағдайы. Шығармашылық адамдары, салыстырмалы түрде алғанда, тым жақсы өмір сүрген кешегі дәурен ит басына іркіт төгілген заман болғаны рас. Өйткені кеңес уақытының көзқарасында әдебиет, ең бірінші, идеологияның насихатшысы рөлін атқарды. Сол үшін де әдебиетке көзсіз қо­мақ­­ты қаржы бөлінді. Бір жағынан, ол кез­де ақын-жазушылардың халық алдын­да қадірі де бар-тын. Ал қазір, мойын­дау керек, қарапайым адамдардың ақын-жазушыларды абырой көрмейтіні ауыр шындық. Қоғамдық санада «өлең жаз­ғанша мұғалім бол, бала оқыт» дейтін психология қалыптасқалы да біраз болды. Кәсіби түрде шығармашылықпен айна­лысуға қолдаудың жоғы екібастан бел­гілі. Жұрттың жапа-тармағай кітап оқы­майтыны тағы бар. Міне, бүгінгі қоғам­дағы осындай жазбауға мәжбүр ететін жағдай көп болса да, адамдардың әлі күнге жазуға құлшынысы бар екенін көріп таңғаласың. Ақын-жазушылардың шама-шарқыларынша еңбектеніп жүргені өз алдына, әдебиеттен тым алыс жандардың әкесі, яки ата-бабасы туралы кітап шы­ғаруға құмар екендіктері ойландырады. Адам қуанса да, мұңайса да ішкі ойын, жан-дүниесін қаражаяу болса да жазғысы келіп тұрады. Демек бұл жазу дегеніңіз, адамның санасымен тылсым бір байланыстағы күш. Мысалы, электронды кітаптар қосалқы рөлді атқарады демесеңіз, қағаз кітап әлі өз биігінде. Алдағы бірнеше ғасырдың жүзінде де кітапты ешқандай құдірет алмастыра алмайтын сияқты. Сонда ғана жазудың ғұмыры әлемнің ең соңғы адамына дейін жалғасатынына сенесің.

Енді бір жағынан, тәуір әңгіменің шеті көрінсе, бір деммен оқып шығуға асығатын біз осы, жазушының ой еңбегін бар жанымызбен сезіне бермейтін сияқтымыз. Кірпияздығымыз тағы бар. Оған белгілі бір дәрежедегі эгоизмді қосыңыз. Әманда тек классика оқығымыз келеді. Рахатқа бөленіп, көркем шығармадан сұмдық әсер алсақ дейміз. Алакөңіл күйімізді кітаптан тауып, құшақ айқаса қауышсақ, ғажап бір сезімге бөленгенің. Көңілдің жыртығын жамап, дәтке қуат етерлік жүрекке жып-жылы сәуле іздеп, үмітің ақталса, қанеки. Адамның жан-дауасын көркем шығармадан іздеп, Жер бетіндегі барша ләззат атаулыдан жалығып, баз кешіп, түбі жұлма-жұлма көңілін сүйрелеп, кітаптың алдына келуі – ішіңді толтырып, рухани байытатын әдебиеттің құдіреті. Осы құдіретке бас игеннен болар, оқырманның талғамы аласарған емес. Әлімсақтан биік қалпында.