• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Ғылым 15 Тамыз, 2023

Ғалымға құрмет

351 рет
көрсетілді

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев 90 жасқа толған көрнекті академик, танымал ұстаз, қоғам қайраткері Зейнолла Молдах­ме­­­товті қабылдап, мерейтойымен құттықтады. Аймақ басшы­сы­ ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын жеткізді. Сәулелі сәт әрмен қарай Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде ұйымдастырылған ғылыми конференцияға жалғасты.

 

Мемлекет басшысының құт­тық­тау хатында «Торқалы тоқсан жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын! Халқымыз өзі­ңізді көрнекті ғалым, ұла­ғат­ты ұстаз, ұлтжанды азамат ре­тінде жақсы біледі және құр­мет­тейді. Еліміздің оқу-ағарту сала­сын дамытуға қос­қан үле­сі­ңіз өте мол. Ұзақ жыл­ғы ғылыми-педагогикалық қыз­ме­тіңіз және бойыңыздағы асыл қасиет­теріңіз Сізді абырой биі­гі­не көтерді», делінген.

– Зейнолла Молдахметов қара­­­­ған­­ды­лықтарға ғана емес, бүкіл республикаға танымал және елімізде зор беделге ие. Ол – білім, ғылым және жалпы рухани даму саласында бірегей тұлға. Ғылым мен қоғамның дамуына бұлайша үлес қосу екінің бірінің қолынан келмейді, – деді қоғам қайраткері Бірғаным Әйтімова.

1980 жылы Зейнолла Мол­дах­метов Қарағанды мемлекеттік уни­верситетінің тізгінін өзінің аға-ұстазы Евней Бөкетовтен кейін алған. Университет тари­хын­дағы екінші ректор. Атақты Евней Арыстанұлынан бата алып бас­таған жауапты қызметін сегіз жыл атқарады. Басшылық еткен жылдары физика-матема­ти­ка факультетінің оқу-лабора­то­рия­лық корпусы мен студенттер мәдениет сарайы, оқытушыларға арналған сексен пәтерлік тұрғын үй бой көтерді. Сондай-ақ қала­ның оңтүстік-шығысындағы уни­верситет қалашығы мен биоло­гия факультетi ғимаратының құ­рылысы басталған. Ғалымның тұ­сында осындай игілікті шаралар қолға алынып, жүзеге асқан.

З.Молдахметов 350-ден астам ғылыми еңбек, 6 монография жазды. Физикалық химия саласында маңызды зерттеулер жүргізген. Ғылым саласындағы жемісті және көп­жылдық еңбе­гі­ үшін Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет бел­гі­сі» ор­ден­­­дерінің лауреаты атан­ды.­ «Ерен еңбегі үшін» және «Қазақ­стан­ ғылымының еңбек сіңір­ген­ қай­­­раткері» медальдарымен мара­пат­­талған.

Ол 1933 жылдың 3 тамызында Солтүстік Қазақстан облысының Октябрь ауылында дүниеге кел­­ген. 1965 жылдан бастап Қара­­ған­ды­ қаласында тұрады. Қала­ның ғы­лы­ми және білім беру әлеуетін қалып­­тастыруға, дамы­ту­ға, жоғары білікті кадрлар даярлауға, өскелең ұрпақты тәр­бие­леуге қосқан зор үлесі мен қала­ өміріне белсенді қатысқаны үшін 2001 жылы «Қара­ған­ды қала­сының құрметті азаматы»­ ата­ғына ие болды.

Конференцияға отандық ­жә­не шетелдік ғалымдар мен ұс­таз­­дар­,­ зиялы қауым өкілдері ке­ліп, Зейнолла Молдахметовтің ғы­лымға сіңірген еңбектеріне шо­лу­ жасады. Сонымен қатар «Жа­сан­ды интеллект» тақырыбы кон­фе­ренцияға арқау болды.

 

Қасымхан ҒАЛЫМ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Қарағанды облысы