• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 16 Тамыз, 2023

Сыйақы төмендеуі мүмкін

232 рет
көрсетілді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы секторындағы негізгі ахуалдар, соның ішінде жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) өзгертуге байланысты газет редакциясынан жолданған сауалға жауап берді. Олар Ұлттық банктің ақша-кредит статистикасының дерегіне сілтеме жасай отырып, тұтынушылық қарыздардың көлемі 8,5 трлн теңгеге жеткенін хабарлайды. Бұл – бөлшек несиелеудің жалпы көлемінің 54,2 пайызы.

2023 жылдың бірінші жарты­жыл­дығында екінші дең­гейдегі банктердің жеке тұлғаларға жаңадан берген қарыздарының көлемі 2022 жылдың бірінші жартысымен салыстырғанда 13,4 пайызға ұлғайып, 5 993,2 млрд теңгені құраған. Мерзімі өткен берешегі 90 күннен асатын қарыздардың үлесі – 5,5 пайыз немесе 519 млрд теңге. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бізге берген дерегіне қарасақ, тұтынушылық кредит беру нарығының көшбасшылары – Kaspi Bank (тұтынушылық портфелінің жалпы сомасының 33 пайызы) пен Halyk Bank (23,9 пайыз).

Халыққа ұсынылған банк секторының кредиттері негізінен еліміздің ірі қалаларында – Ал­маты (28,3 пайыз) және Аста­нада (16,9 па­йыз) шоғыр­ланған. Оның ішінде ипо­текалық қарыздар портфелі ірі экономикалық орталықтарға да тиесілі: Ас­тана қаласы (29,8 пайыз), Ал­маты қаласы (24 па­йыз) және Қара­ған­ды облысы (6,3 пайыз).

Әрине, тұтынушылық займ сегментінде ЖТСМ-нің маңызы өте үлкен. Қазір ЖТСМ-нің шек­ті мәні – 56 пайыз.

«Бұл мән Ұлттық банк бас­­қармасының 2012 жылғы қау­­лысымен белгіленді және содан бері өзгерген жоқ. Осы­ған байланысты кепілсіз тұтынушылық кредиттер бо­йынша мөлшерлемелерді шектеу үшін агенттік нарықтық жағ­дай­ларға байланысты кепіл­сіз тұтынушылық кредит­тер бо­йынша ЖТСМ-нің шекті мәнін реттеуді ұсынады. Осы­лай­ша, ЖТСМ-нің шекті мәнін есептеуді пайыздық маржа, тәуе­кел үшін сыйлықақы, опе­ра­циялық шығыстар және қор­ландыру құны сияқты 4 фак­тордың деңгейіне байланыс­ты жүзеге асыру ұсынылады. Агенттік жоғарыда аталған фак­тор­ларға байланысты кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша ЖТСМ-нің шекті мөлшерін қайта қарауды жоспарлап отыр», делінген берілген жауапта.

Еске сала кетсек, осыған де­йін кепілсіз тұтынушылық қа­рыз­дар үшін ЖТСМ мөлшерін 56 пайыздан 40 пайызға дейін төмендету туралы ұсыныстар айтылған еді.

Айта кетейік, ЖТСМ – несие төленетін мерзім кезіндегі клиент­тің банкке төлейтін бар­лық сомасының жиынтығы. Оған сыйақы мөлшерлемесінен бөлек комиссия, сақтандыру, бағалау, делдалдар қызметі және кредитордың басқа да төлемдері кіреді. Сарапшылардың айтуынша, кепілсіз тұтынушылық несие үшін ЖТСМ-нің төмендетілуі – азаматтар үшін тиімді бол­ғанымен, қаржы институттары үшін ұнамсыз бастама.