Алтынсарин ауданындағы Красный Кордон ауылында тұратын қылқалам шебері кәдімгі қайыңның қабығын сылып алып, кептіріп, кенеп қылып, оған орманның әсем табиғатын бедерлеумен әуестенеді.
Ольга Бибик арнайы оқу бітірген кәсіби суретші емес, ауылды айнала қоршап жатқан Арақарағай орманындағы қайың көмірін дайындайтын цехта еңбек етеді. Көмір салатын қағаз қапшық тігеді. Күнделікті жұмысы мен үй шаруасынан қолы қалт еткенде ғана сурет салуға отырады.
Әуесқой суретшінің айтуынша, қайыңның қабығы табиғат суреттерін салуға аса ыңғайлы. Қылқалам шебері қабықты ары-бері аударып, сыртындағы қоңырқай бүртік-бүдірлерге үңіліп отырып, қандай сурет салуға болатынын бірден түсінеді екен. Орман қызының қолынан шыққан көркем туындылардың дені пейзаж жанрына арналған.
Жастайынан сурет салуға бейім болып өскен Ольга мектеп бітірген соң әрі қарай оқи алмай қалғаны болмаса, бүгінге дейін қолынан қылқаламын түсірмеген. Ал қайың қабығына сурет салумен 15 жылдан бері айналысып келеді. Салған суреттерін көбіне ағайын-туыстары мен жақын таныстары кейде қиылып сұрап, тегін алып кетеді, кейде азын-аулақ ақшаға сатып алып жатады.
– Көңіл күйің бабында тұрса, бір-екі сағаттың ішінде бір сурет салып тастауға болады. Көбіне акрильді бояу пайдаланамын. Сурет салып болған соң, бетіне түссіз лак жағып шығамын. Орманның ішінен қайыңның қабығын таңдап жүріп іздеп табу оңай шаруа емес. Қабықты қайыңнан сылып алатын уақыты болады. Қайың қабығын мамырдан бастап маусымның басына дейін ғана жинайды. Одан кешіксеңіз қабық ағаш діңімен бітісіп кетеді, сылып ала алмайсыз. Кәрі ағаштардан алуға болады. Бірақ мұндай қабықтардың тесігі көп, сапасыз болып келеді. Мен өзіме қажет қайың қабықтарын әдетте көктемде жинап аламын. Қыста бос уақытым көбірек, сондықтан бұл мезгілді мен шығармашылыққа арнаймын, – дейді Ольга.
Суретші шығармаларында негізінен орманның табиғаты, жылдың төрт мезгілі бейнеленген.
Қостанай