Елімізге кеңінен танымал азамат, республикалық «Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбаевтың құрастыруымен жуырда «Барлыбаевтар ақиқаты» атты жинақ жарық көрді.
Бұл жинақ Қызылжар өңірі ғана емес кейінгі жылдары бүкіл елімізде айрықша аталатын, кеңес жылдарына дейін сол өңірдің ұйытқысы, мал өсірумен ғана емес, сауда, егін шаруашылығының да алғашқы ізашарлары болған Барлыбай әулетінің бірнеше ұрпағының өмірі мен өнегесін танытады. Барлыбайдың балалары шаруашылықпен ғана емес мектеп, мешіт ашып, халықтың көзінің ашылуына да, оқимын деген жастарға қамқорлық көрсетіп, меценаттық жасағанымен де мәлім.
Жинақта автор алдымен Тәбей Барлыбаевтың өмірі мен еңбегіне шолу жасайды. Барлыбай – ХVІІІ ғасырдың орта кезінде өмір сүрген адам. Сол ғасырдың аласапыранына да оның қатысы болуы мүмкін, бірақ ол туралы әзірге нақты дерек жоқ. Ал 1783-1863 жылдар аралығында өмір сүрген екінші баласы Тәбей Барлыбаев туралы архив деректері мол көрінеді. Алынған мәліметтерге қарағанда, ол саятшы, сері, мырза, дәулетті адам болған. 1824 жылы патша өкіметінен «Құрметті қазақ» атағын алып, Батыс Сібір генерал-губернаторы шекаралық комиссиясының мүшелігіне сайланыпты. Бір кезде аға сұлтан Шыңғыс Уәлихановтың кеңесшісі, кейін Есеней Естемісовтің орынбасары (заседатель) болғаны айтылады. Осы тұста оның Батыс-Сібір генерал-губернаторы И.Вельяминовке хат жолдап, казактардың қазақ шаруаларының шабындық жерлерін күшпен тартып алып жатқанын, сол істі тоқтатуды сұрап жазған хаты да архивтен табылған. Сонымен бірге жинақта Тәбейдің ауыз әдебиетінің жоқтаушысы, шежірешісі, шешендік сөздерді жинаушы, фольклорист, тарихшы болғаны да айтылады. Тәбейдің ұлы Тәшмұхаммед (Тәштит) те атақты адамдардың бірі. Ол да өз заманының орысша оқыған әрі озық ойлы жандарының бірі ретінде патша өкіметінің жергілікті басшылығында қызмет атқарып, мүмкіндігінше еліне жақсылық жасаған. Музыкалық көптеген аспапта ойнаған өнерлі болыпты. Кейін Ақмола облысы Петропавл уезінің биі болады.
Тәбейдің інісі Әлжихан – (Алжыған атанып кеткен) ірі саудагер болып, Омбы мен Қызылжарда дүкен ашқан. Қытай мен Ресейге керуен жүргізіп, сауда жасаған, елге шетелден сапалы тауарларын жеткізген. Дін жолына түсіп, қажылық парызын да атқарған жандардың бірі. Қызылжарда мешіт салдырғаны да бар.
Тәбейдің кіші інісі – Көкен. Бұл кісі мал-дүниенің билігін, ел басқару жұмыстарын – бәрін ағаларына тапсырып қойып, өзі серілік жасап, өнер қуыпты. Барлыбай әулетінің атағын алты Алашқа жайып, біздің заманымызға жеткізген оның баласы – Әлти. Ол байлықты малдың сүттісі мен құттысын, өсімталы мен өнімдісін таңдап өсірумен жинап, желі мен табын басын құтайтқан. Сауданың да ебін тауып, бір шеті Атбасар, Тайынша, Қоянды жәрмеңкелерінен мыңдаған құнажынды жинап, оларын жол бойы баққызып, семіртіп әкеліп, қара күзде Қорғанның ет комбинатына құлатқан. Жинақта мынадай жолдар бар: «Әлтидің кәсібі ауыл шаруашылығының бірер саласымен ғана шектелмейді. Соның бірі малдың негізгі азығы саналатын шөп жинауды да пайда көзіне айналдырады», дей келіп, ол алғашқы болып орыс, қазақтың шаруаларына шөп сатқанын айтады. Ал ақшасын Әлти Қорған банкіне салып, оның төрт акционерінің бірі болады. Бұл туралы С.Мұқанов та жазады.
Қазіргі қазақ тарихына Әлти байлығымен емес, үш облыстың отыз мыңдай тұрғынын жинап, өзінің Аққусақ қонысында Алашорда өкіметінің әскер жинауға арналған 1918 жылғы аса үлкен форумын өткізіп, оның шығындарын түгелге жуық өзі өтегенімен атағы қалды. Бұл туралы табылған құжаттарға сүйенген деректер жинақта мол. Соның ішінде Қызылжар және Жамбыл ауданының орталығы Преснов селосында өткізіліп, еліміздің атақты ғалымдары, тарихшылары қатысқан конференцияларда жарияланған фактілер, айтылған дүниелер, қабылданған қарарлар жинақта келтірілген.
Жинақта Алаштың осы аймақтағы басқа қызметтері, соның ішінде Қызылжар қаласында Алашорданың жастар ұйымы шығарған «Жас азамат» деген газеті туралы да айтылған. Ол большевиктермен ауыз жаласқан Көлбай Тоғысовтың «Үш жүз» партиясы шығарған газеттің орнына шыққан екен.
Кеңес одағы жылдарында халықтың құты болған Барлыбай әулеті қалай қуғын көргені, қылмыс жасамаса да, жазықсыз қудалағаны шынайы фактілермен айтылады. Соның ішінде осы өңірден шыққан тағы бір – Мұқыш деген байдың ұрпағы Т.Қасымованың бастан кешкен сұмдық оқиғалары адамның жағасын ұстатады.
Қалай десек те, «аталы ұрпақ арымаған», қанша қуғын көріп жүрсе де Барлыбайдың кейінгі ұрпағы Сабырдың балалары тегіне тартып мықты болып, кеңес одағы кезінде, өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап Сабырдың бес баласы бес кеңшарға директор болды. Тәуелсіздік жылдарында біразы бизнеспен айналысып, әрқайсысы өздеріне лайықты табыс көзін ашты. Соның ішінде Сабырдың бесінші ұлы Нағашыбай Барлыбаев астық өсірумен қатар асыл тұқымды жылқы жинап, қымыз өндіруді жолға қойған. Ол бірнеше халықаралық көрменің жеңімпазы болып, «Қымыз королі» атанған жан. Ата-бабасының асыл қасиетін тереңнен танып, барлық еске алу, ардақтау іс-шараларының ұйытқысы болып жүрген де өзі.
«Барлыбаевтар ақиқатында» белгілі қаламгер, ақын, драматург Баянғали Әлімжановтың «Әлти әулетінің тағдыры» атты драмасы да қоса беріліпті. Сөйтіп, Солтүстік қана емес, жалпы Алаш қозғалысы тағдырын сөз еткен бір толымды жинақ оқырманға жол тартты.