• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 21 Тамыз, 2023

Соқпағы соны суреткер

264 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қазақ әдебиетінде ерекше буын берік орнықты. Ерекше болатыны бұларға дейінгі қаламгердің барлығы ғасырдың бірінші жартысындағы төңкерістерді, қырғын соғыстарды, ашаршылықтар мен саяси қуғын-сүргіндерді тікелей басынан өткізгендер еді. Ата буынды айтпағанда, әдебиетке қырқыншы жылдардың аяғы мен елуінші жылдары келген ең тете буын Бауыржан Момышұлы, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ахтановтардың жасында көргенімен салыстыруға келмейтін еді бұлардың өмірбаянын.

Бірақ сарыауыз «балапан­дардың» да айтары бар екен. Өйткені сол қуғын-сүргін мен со­ғыс әкелерін, басқа жақын­да­рын жалмапты. Содан жүрек­терінде айықпас шер байла­ныпты. Жесір аналардың етегіне ора­лып өскен жетім балалардың көкі­регіндегі сол шер «Біз со­ғысты көрген жоқпыз» (Дулат Иса­беков) дегізіп, ер-азамат­сыз қал­ған ауыл суреттерін әкелді әдебиетке.

«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, алға жылжып айтсам, бұнымен шек­телмеді көбісі. Ой-өрісі ұлға­йып, халқының өткені мен бүгі­нін танып-білген сайын ше­ріне шер қосылды олардың. Сон­дықтан да 1956 жылғы КОКП съе­зінен кейін ғана біршама мүм­кін болған тақырыптарды ашу­ға «ашкөздене» кірісті. Мәсе­лен, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекіл­баев, Софы Сматаевтар қа­зақ та­рихының ХІХ ғасырдың екін­ші жартысымен ғана шектелген көркем көрінісін әлденеше ға­сырға тереңдетті. Шерхан Мұр­­таза болса, әлі толық саяси ақ­талмаған арыстар туралы туын­­дылардың төлбасы болған «Қызыл жебесін» жазды.

Ал Әкім Тарази бұлардың ара­сынан көрінген жоқ. Кейбір қатарластары сияқты балалық шақ­тың ауылын шиырлап отырып алмады да. Сырт қарағанда оңай көрінетін қазіргі шағын жаз­ды. Әдетте қазіргі шақты жа­за­тындар көп болады. Бірақ бә­рі­нің бірдей шығармаларының көркем туынды ретіндегі ғұмы­ры ұзаққа бара бермейді. Ұзақ­қа бару үшін – жазушы заманы алдына көлденең тартқан көп қиындықты жеңуі шарт. Олар­дың бастылары мынау: бірі – сол кезеңнің саясаты мен жа­зушы көзқарасының үй­лесім таба бермеуі. Екіншісі – өзі өмір сүріп отырған кезеңнің бол­мы­сын суреткердің әлі жан дү­ние­сімен сезініп үлгермеуі. Үшін­шісі – қаламгердің кейіп­керлері қасыңда жүруі. Ал қа­сыңда жүрген кейіпкер кірпияз, тал­ғампаз, тіпті талапшыл, мін­шіл де күншіл келеді. Өзін тани қойса, өштесіп аяқтан шалудың да небір әдісін біледі. Бұл үш және одан басқа да толып жат­қан кедергіні жеңе алмай, ке­зең­дік саясаттың шылауына іле­сіп кеткен жазушылардың шы­ғармаларында жасандылыққа ұры­нып жатқандары Әкім әде­биет­ке келген тұста да аз емес еді. Бірақ Тарази олардың қата­рын­да да болған жоқ. Тарази жа­ңағы үш және одан да басқа то­лып жатқан кедергілерді жеңе алатынын паш етіп, әде­биетте өзге жұлдыздарға ұқ­са­май «Құйрықты жұлдыз» бо­лып жарқ ете қалды. Ол өзі­нің осы аттас шығармасында жас та болса жаңа өмір, жаңа қо­ғам­ның болмысын сезініп, заман­дас­тарының психологиясында өз­герістер жүріп жатқанын айқын аңғара алды. Айқын аңғара оты­рып, өз шығармасында ой­на­қы жеңілдікпен ойната сурет­теді. Бірақ оның ойнақылығы мен ойнатуы материалын жетік біле­тін шебердің білімпаз­дығы­ның көрінісі еді.

Әлі есімде, алпысыншы жыл­дардың бір топ студенттері сабақ үстінде Қалихан Ысқақовтың «Қоңыр күз еді» хикаяты мен Сайын Мұратбековтің ауыл әң­гі­­мелерін сөз етіп жатқанбыз. Ұстазымыз профессор Темір­ғали Нұртазин «ал сендер Әкім Таразидің «Құйрықты жұлды­зына» назар аударыңдар» деді бізді біраз тыңдап алғаннан ке­йін. Темкең айтса тегін айтпай­ды. Ол кісі бұдан бұрын «Ғасырдың басында бүкіл қазақ зиялылары бір жаққа кетті де, жалғыз Сәкен Сейфуллин бір жаққа кетті. Артынан бес-алты жылдан кейін жалпақтап Сәбит Мұқанов ілесті» деген-ді. Сонда біз олар кімдер деп сұрамаймыз ба? Сол сұрақтарға жауап берген болып профессорымыз оқу бағдарламасына кірмек түгілі есімдерін атауға тыйым салынған Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев бастаған арыстарымыз туралы әңгімелеп кетуші еді, жарықтық.

Міне, енді біздің назарымызды «жалғыз» Әкім Таразиге аударып отыр. Тауып оқыдым «Құйрық­ты жұлдызды». Мені ә дегеннен жас жазушының жазу стилі қатты таңғалдырды. Өйткені бүгіндегі үлкен жазу­шыларымыздың бірі ұлы жазушы М.Әуезов салып берген сара жолға түсіп алып зау­ла­тып келе жатқаны, ал екін­шісі, Б.Майлиннің қарапайым әңгі­мешілдігін қағып алғаны, үшін­шісі, Ғ.Мүсіреповтің юмормен астар­ланып, шымыр өрілген шиы­рынан шыға алмай келе жат­қаны көрініп тұратын. Ал Таразидің аяқ тастасы тай кезі­нен-ақ ешкімге ұқсамай бө­лек шықты. Не Жетісудың, не Ар­қаның, не қырғыздың әуендеріне ұқсамайтын Кенен атасының ән­дері сияқты бұның стилінің де төркінін табу қиын. Әрине, әне бір қайталаулар пәленде бар еді деп бірлі-жарым ұқсастықтар­ды теруге болар. Түбі халқымыз­­дың әңгімешілдігінен шыққанын­да айтармыз. Бірақ бәрібір бұл Тарази­дің төл стилі, суреткерлік соны соқпағы.

Тағы бір сонылығы Ғаби­ден Мұстафиннің «Миллионер», Сәбит Мұқановтың «Сырдария» ро­мандары қазақ әдебиетінде қа­лыптастырмақ болған кеңестік социалистік ауылдан мүлдем бө­лек еді мұндағы суреттер. Әсі­ресе адамдары.

Социалистік қоғамды орнатып жатқан жақсы дегендері­нің өзінде міндері бар. Шетінен пен­делер. Солардың бірі – Кір­піш­бай. Автор кейіпкерін бекер бұлай атап отырған жоқ, әри­не. Өйткені кірпіш деген қа­лып­пен құйылады. Демек со­­циа­лизм адамдары да қа­лып­­­тан шыққандар. Бедері, өр­негі, көз тартар бояуы жоқ жып-жыл­­тыр, тұп-тұлдыр. Өз­де­рін қоғамның қара нары етіп көр­сеткісі келгенімен, бергенінен, ал­ғаны көп бас пайдасын бірінші қоятындар. Сол Кірпішбай (есім­дері бөлек болса да) жазу­шының бір шығармасынан екіншісіне күрделене, зорая, зұлымдана, қорқаулана түседі. Сөйтіп, Әкім Тарази қазақ әдебиетіне Кір­піш­бай деген типтік бейне алып келді.

Жалпы, өз басым социализм адамдарының типтік бейнесін жасай отырып, оларға ортақ атау берген екі жазушыны білемін. Бірі – Тәкен Әлімқұлов. Ол кісі кеңес билігін не тұрғын үй, не мазар, әлде сарай екені белгісіз дүбәра құрылыс салып жатқан өздері де дүбәра адамдар деп суреттеп еді. Әкім Тарази болса оларды бір қалыппен құйылған Кірпішбайлар деп атады.

«Құйрықты жұлдыздан» (1966) соң «Үлкен ауыл» (1968), «Асу-асу» (1970), «Қиян-соқпақ» (1976), «Гнездо на облаках» (1984), «Журавли-журавушки» (1984), «Басынан Қаратаудың...» (1985) повесть, әңгімелер, «Қыз махаббаты» (1982) пьесалар жи­нақтары, «Бұлтқа салған ұясын» (1978), «Тасжарған», «Кен» (1968), «Шер», «Қиянат», «Жаза»(1998), «Мұстафа Шоқай» романдары, көптомдықтары бірінен соң бірі жарық көрді.

Жалпы, Әкім Тарази бір тақы­рыппен немесе жеке жанрмен шектеліп қалған бір ішек жазушы емес. «Балуанға оң-терісі бірдей» дегендей ол көп жанрда жазады. Бұл энциклопедиялық мәліметтер жазушының бүгінгі күн тақырыбын жазудан көп ауыт­қымағанын әрі өнімді еңбек ет­кенін көрсетеді. Әрі шығар­ма­ларының ешқайсысы да оқыр­ман, әлде сыншы сынына ұшыра­ған жоқ. Қайта мақталды. Бірақ осынау сан жанрлы ұланғайыр шығармаларында жазушы тек Кірпішбайларды ғана қашап шы­ғарды деуге болмайды.

Коммунистік билік талап ет­кен қазіргі заман қаһарманда­рын жасағанда Тарази жасасын. Оның Сәнжаны мен Периза­ты, Қодарқұлы мен Танасы, Тұң­ға­тары мен Лимасы («Қорқау жұл­дыз»), Омары («Бұлтқа салған ұясын», «Тасжарған») нағыз қаһар­мандар. Дәл сол кеңестік заман­ның қаһармандары. Олар да типтендірілген кейіпкерлер. Бірақ кезінде жазушы сомдаған бұл образдарды, міне, әдебиетке біздің заманымыздың нағыз қа­һар­мандары келді деп кеңестік идеология айқайлатқан жоқ. Қо­ғамды алға жылжытатын осын­дай ойлы, белсенді, инициатива­шыл қара қылды қақ жара алатын әділетті, сөзінен таймайтын шыншыл адамдар болуы ке­рек деп үлгі етіп ұсынбады. Неге? Өйткені тоталитарлық қо­­­ғам тез тоғышарланады екен. Сөз жү­зінде бізге қоғамды ал­ға сүй­­рейтін тұлға керек деп да­был­датқанымен іс жүзінде Кір­пішбайлардың өсіп-өнуіне қо­лайлы екен. Міне, сол қара құ­рым болып қаптап кеткен Кір­пішбайлар жаңашыл, озық ойлы, іскер жандарға өріс берсін бе? Бермейді. Олардың оң ісін теріс қылып көрсетіп, шәпкесін кері кигізіп жібереді. «Менің ісім оң» деп қайда барып арызданса да, алдарынан бір Кірпішбай шыға келеді. Содан тауы шағылады. Тіпті жалған жаламен істі бо­­лып, қоғамды алға сүйремек түгілі қа­ра бастарын арашалап алу мұң бо­лып қалады. Бір сөзбен айт­қанда, Кірпішбайлар үстемдік құр­ған қоғамға еш үйлесе алмайды. Бірақ сонда да алған бетінен қайтпайды олар. Бір ұжымнан қуылса, екінші ұжымға барып, өз жаңалығын енгізіп, жан баласына ортақ әділетті алға тартады да отырады. Ал Лима болса үстіне бензин құйып тұтатып, әділетсіз шешім шығарған сот ғимаратын өртеп жіберуге тұра ұмтылды. Өкінішке қарай, өзі өртеніп өлге­німен сот ғимараты аман қал­ды. Кеңестік өмір шындығын автор бұдан артық қалай сурет­тесін? Кірпішбайлықтың қалы­бын бұзу­ға ұмтылған Лима сияқты өз за­ма­­нының танылмай кеткен қа­һар­­мандарын бұдан артық қалай жыр­ласын? Қалай алаулатсын?

Шамада сол алпысыншы ­жыл­­дардың аяғы мен жетпістің ба­сында «Новый мир» журна­лын­да жарияланған Семин деген­нің «Бір шаңырақтың астын­дағы жетеу» повесі мен Макаров­тың «Үйде» деген әңгімесі одақ ­сыншылары тарапынан шеттегі шетін тұрмысты суреттегені үшін қатты сынға алынды. Социалис­тік реализмнен ауытқыған деп сынады бұл шығармаларды олар. Тіпті «Вопросы литературы» журналында реализм туралы ­бір жылға созылған айтыс-тартыс­қа мұрындық та болды.

Лиманың өзін-өзі алау қылып жа­ғып, әділетсіздік ұясын өртеп жібер­мек болған әрекетін оқыса ол сыншылар не дер еді? Мүйізі қарағайдай Айтматовтың «Ақ кемесі» де сыналды емес пе?

Дегенмен жазушының шы­ғар­машылық жолы тақтайдай тегіс болды деп айтуға тағы бол­­майды. Бір сұхбатында ол «Күл­­мейтін комедиясын» бір кө­­кесі сахнадан алдырып таста­ғанын, ал Латвияның театрында қойылған «Жолы болғыш жі­гітті» тағы бір көкесі сол жаққа барып жаптырып келгенін айтады. Шырылдаған шындыққа төзе алмайтындар болған, әлі де бола береді. Ең бастысы, бұл екі шығарманың сахнадан осал­дығынан түспегені қойылған театрларының деңгейі мен қол­ға алған режиссерлерінен-ақ көрі­ніп тұр. Оларды мәскеулік, лат­виялық режиссерлер сахналаған екен. «Күлмейтін комедияға» көптеген қазақ режиссері құмартып, сахнаға сан сүй­ре­леп­ті. Бірақ спектакльге ұзақ ғұ­мыр бере алмапты. Сонда, гәп неде? ХХ ғасырда көп қойылған «Күлмейтін комедияның» сах­на­лық ғұмыры неге қысқа болып отырды? Меніңше, гәп «Күл­мей­тін комедияның» табиғатын­да жатыр. Бұл тақылеттес пьесалар қазақ драматургиясында бұ­рын-соңды жазылмаған еді. М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов сал­­ған клас­­сикалық үлгідегі пье­са­лар­дың табиғаты басқаша бола­тын. Жалпы, әлемдік клас­сика­лық үлгідегі драмалар, әдетте, оқыр­ман, көрермен назарын бір қиын­ға, шешуі табылмайтын тү­йінге аударады. Оның кейіп­кер­лерінің характерлері сол қиын түйінге қатынасы арқылы ашылып дараланады. Ал «Күлмейтін комедияда» ортаға тастаған ондай қиын түйін жоқ. Есесіне «Әр көңілде бір қиял» дейтін ха­рак­терлер, не күлеріңді, не жы­ларыңды білмейтін өмір бар. Адамдардың ішкі жан дүние­сін­дегі ағыстарды, олардың тоғы­суларын көре алмайсың, бірақ сезінесің. «Күлмейтін комедия» сондай тылсым шығарма. Шекс­пирдің емес, Чеховтың таби­ғатына жақын шығарма. Чехов­тың да «Шағаласын» кез келген режиссер қоя бермейді.

Оның үстіне Асан мен Рая­ның, Сәнжан мен Китидің, Катя­ның ішкі иірімдерін көрермен­ге бере алатын, сыртына ішкі әлемі сай сахна шебері керек. Мұның бәрі үйлескенде сахнаны нәзік сезінетін көрермен керек. Өйткені «Күлмейтін комедия» уақытынан ерте жазылған шығарма. Жап-жас автор сонау 60-жылдардың өзінде адамдар психологиясындағы осынау нәзік өзгерістерді, қоғамдағы көрінбей жүріп жатқан құбылыстарды іліп ала қойған.

Ақша мен тауар қуалаған бү­гінгі адамдар да сол күлмейтін коме­дия кейіпкеріне айналып бара жатыр. Демек автор белгілі дәре­жеде болжампаздық та та­ныт­­қан.

«Жаза» романы жазушының кеңес­тік өмір туралы шығарма­ларының қорытындысы іспет­тес. Табиғаты да бөлек, дүние­та­нымында да оқшаулық, заманынан түңілген Абай сияқты айтып отырған моралінің өзінде сұмдық бір шарасыздық бар. Дегенмен ойлы оқырман сонау «Құйрықты жұлдыздан» басталып, «Қорқау жұлдыз», «Шер», «Кен», «Қиянат» романдарында тереңдеп кеткен жақсы мен жаманның кескілескен күресінің бір байламын іздері де бек мүмкін еді. Жазушы асқан шеберлікпен айта біліп, көркем жеткізе алған сол философиялық байламды қарабайыр мақаланың қарадүрсін тілімен жеткізу өте қиын. Оқырманға жеңіл болсын деп алыстан орағытсам әйтеуір бір ақырзаман болары анық қой. Анық. Әрі ол ақырзаманды адамдар өзі жеделдетіп жатқаны да дау тудырмайды. Адамзат өзі отырған бұтағын өзі кесіп жатыр деп талай айтылған. Бірақ перзентін аяғаннан өзі өлтіріп жатыр дегенді естімеппін. Жарық дүниеде қалып кетсе баласы, адам шыдатпас азаппен өледі деп есептейді әкесі. Өйткені сыбайластық жайлаған қоғамда қарапайым адамдар үшін азаптан өзге ештеңе жоқ. Ал Або болса, арнайы дайындықтан өтіп ауған соғысына қатысқан, өлтірудің 365 түрін білетін жан алғыш маман. Сол тәсілдердің ішінде жанды қинамай алатын бір тәсіл бар. Тек, Або ғана біледі. Бұрын ол бұл тәсілмен балалардың тәрбиесіне жауапты сыбайлас жемқорларды ешкімге білдірмей өлтірген. Міне, сол Або баласы өмірдің азабынан қиналып өлгеннен гөрі, өзі ғана білетін тәсілмен қи­налмай өлгенін қалайды. Оның байлам-түсінігі осындай. Әлемде бұндай тосын шешімді туын­ды бар ма, жоқ па кесіп айта алмай­мын. Бірақ «Жаза» романы қазақ әдебиетінде бұрын-соңды болмаған ерекше құбылыс екені даусыз.

Тәуелсіздік жылдары жаз­ған роман, хикаят, әңгімелерінде жа­зушы бүгінгі күнді қойып, хал­­қымыз тарихының тереңі­не, қал­тарыс-бұлтарыстары мен ақтаң­дақтарына тереңірек сүңгіп, тыңға түрен салды десе болады. Бұл да кемелденген қаламгерге лайық қылық. Ол «Көк аспанда қырағы көз бар», «Таңшықай» (жұбайы Розаға арна­ған), «Нұртай хан» роман­да­рында ежелгі ғұн, үйсін дәуі­рін­дегі Тәңірқұт, Күнби атан­ған ел билеушілеріміздің данагер­лігімен бірге жіберген құйттай кемшілігінің зардабы халыққа аса ауыр тиетінін «қызым саған айтамын, келінім сен де тыңда» деген тәліммен ұсынады. Ал «Андрей» атты әңгімесінде отар­лаушылардың қазақ хал­қына жасаған зұлымдығын тағы да сол өзгелерге ұқсамай қылмыс­керлердің өзінің ішкі жан дүниесі арқылы биік интеллектуалдық деңгейде баяндайды. «Мұстафа Шоқай» романының бірінші кітабы болса, қилы заманның қараниет өңешіне халқының жұ­тылып кетпеуі үшін өзі өткір пы­шақтың жүзінде өмір сүріп жүріп күрескен бірегей тұлғаның шәкірттік шағына арналыпты. Сондықтан әңгіме етуге әлі ертелеу сияқты.

Алла, жазушыға денсаулық, ұзақ ғұмыр берсін!

 

Елен ӘЛІМЖАН,

жазушы, драматург

 

ТАРАЗ