Экономикалық тұрғыдан алғанда биыл еліміз үшін сәтсіз жыл болды деуге келмес. Өйткені бірқатар инфрақұрылымдық тиімді жобалар ел игілігіне ұсынылды. Біраз жоба әлі жалғасып жатыр. Ең бастысы, ізденістердің экономикалық өсімге берер пайдасы орасан. Бұл орайда Еуразиялық даму банкімен бірлесе жүзеге асырылып жатқан жобалардың салмағы басым екені байқалады.
Даму институты Орталық Азияға көбірек көңіл бөліп отыр. Мұның себебі де жоқ емес. Бес елдің де теңізге тіке шығар мүмкіндігі жоқ, бұл орайда елдерге экспорттық һәм өндірістік әлеуетті арттыратын инфрақұрылым өте қажет. ЕАДБ басқарма төрағасы Николай Подгузовтың айтуынша, теңізге шығар жолдан бөлек ОА елдері үшін тағы үш тәуекел бар, олар – қаржы секторы дамуының төмен деңгейі, су-энергетика саласындағы келісімнің жоқтығы және жағымсыз климаттық өзгеріс.
«Жаңа теміржол бағыттары және контейнерлік тасымалдар транспорт шығындарын азайтуға және жаһандық жеткізу тізбегіне тиімді интеграция жасауға септеседі. Сондықтан дәл осы секторларда ОА елдері шетелдік инвестицияны қажет етіп отыр. Еуразиялық көлік қаңқасы қазір жаңа теміржол және автомобиль жолдары есебінен кеңейіп жатыр. Каспий теңізі порттары, әуежайлар, көлік-логистикалық орталықтар, шекарада өткізу бекеттері пайда болды. Кейінгі 10 жылда Қытай-Еуропа бағытындағы контейнерлік пойыздар саны 200 есе өсті. Алайда өңірлік және сыртқы сауда байланыстарының жедел қарқынмен дамуы үшін кедендік және шекаралық ресімдер әлі де жеңілдетілуі керек», дейді банк басшысы.
Қазір Орталық Азиядағы су пайдалану деңгейінің тиімділігі өте төмен болып тұр. Өңірдегі орташа тиімділік көрсеткіші – текше метріне 2,5 доллар. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен (текше метріне 19,01 доллар) айтарлықтай төмен.
«Халықтың жылдам өсуі, урбанизация, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің дамуы суды бұрынғыдан да көбірек қажет ете түседі. Біздің банктің позициясы бойынша, Орталық Азия өңірдегі су ресурстарын басқаруды ұжымдық тәсілдерін пайдалануға тиіс. ЕАДБ бағалауынша, кооперация есебінен кемшіліктерді жоюдың нәтижесінде аймақтағы ішкі жалпы өнім өсімі жылына 1,5 пайызға ұлғаяды», дейді Н.Подгузов.
Әрине, Орталық Азиядағы ілкімді жобалардың табысты жүзеге асуы біз үшін де пайдалы. Дегенмен ең бірінші кезекте ел ішіндегі жобалардың келешегіне айрықша үмітпен қарайтынымыз тағы түсінікті. Қазіргі кезде Қазақстан – ЕАДБ-ның ең басым үлесіне ие және өз кезегінде даму институты да Қазақстанда бірнеше жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бірқатары мәресіне жетіп, пайдалануға беріліп те қойды. Жалпы, банк былтырдың өзінде Қазақстанға 1,2 млрд доллар инвестиция салды (2021 жылғы көрсеткіштен 5 есе жоғары). 2023 жылғы жоспар бойынша 1,1 млрд доллар бөлу қарастырылған. Банктің 2026 жылға дейін жалпы 3,8 млрд доллар құюды жоспарлағанын ескерсек, әлі 1,5 млрд доллар банк қазынасынан Қазақстан қазынасына ауысуы керек.
Сондай ауқымды жобаның бірегейі – Үлкен Алматы айналма автожолы (БАКАД). Алматы облысындағы 14 елді мекенді басып өтетін жолдың жалпы қашықтығы – 66 шақырым. ЕАДБ басшылығының мәлімдеуінше, Үлкен Алматы айналма автожолы Қазақстан мен Еуразия аймағында көлік маршруттарын кеңейту бойынша маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар халықаралық автокөлік маршруттарын байланыстырып, көлік қатынасын жақсартуға, жүк тасымалының мүмкіндіктерін кеңейтуге оң ықпал етпек. Осы жол арқылы тасымалданатын жүктің болжамды көлемі таяу 10-15 жылда 87 пайызға ұлғайып, 35,9 млн тоннаға жетуге тиіс, дейді даму институтының басшылығы.
Мемлекет-жекешелік әріптестік негізінде салынып, іске қосылған жолдың бойымен күніне 30-70 мың аралығында автокөлік жүріп өтпек. Бұл, әрине, күн сайын адам саны да, көлік саны да көбейіп келе жатқан Алматы секілді үлкен шаһар үшін тәуір көмек. Алматыдағы игілікті іс легі мұнымен тәмам емес. Бірнеше ай бұрын Алматыға жасаған сапарымыз аясында Алматы әуежайының жаңа халықаралық терминалының құрылысымен таныстық. Жаңа терминал пайдалануға берілгеннен кейін қазір 7 млн адам болып тұрған өткізу қабілеті бірден 14 млн-ға жетпек. Жобаның жалпы құнын құрайтын 737 млн доллардың 40 млн-ын ЕАДБ құйған. Кредиторлар синдикатына ЕАДБ-дан бөлек Еуропалық қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы және DEG германиялық инвестициялық корпорациясы кіреді. TAV Construction Co атқару комитетінің мүшесі Джимхур Каурдың айтуынша, егер қыс айларында тосын климаттық ахуал туындамаса, құрылыс 2024 жылы тамызда аяқталуға тиіс.
«Жаңа терминалда жерасты көлік тұрағын жоспарлап отырған жоқпыз. Соның есесіне қазіргі тұрақ аймағын кеңейтеміз. Пайдалануға берілгеннен кейін транзиттік жолаушылар орналасатын 800 және 1000 шаршы метрлік аумақты алатын лаунж-аймақ жұмыс істейді. Түрлі ойын-сауықтық және коммерциялық аймақтар салу да жоспарда бар. Сондай-ақ сейсмоорнықтылық бойынша да қажетті талаптарды сақтадық», дейді әуежай басшылығы.
Инвесторлар сөзіне сүйенсек, әуежайды заманға сай модернизациялау тұрақты экономикалық өсімге серпін беріп, халықаралық транспорттық-логистикалық инфрақұрылымның жандана түсуіне түрткі болады. Айтпақшы, Алматы әуежайы былтыр халықаралық IJGlobal Awards премиясының ұйғаруымен жыл мәмілесі (DFI Deal of the Year) атағына ие болды.
«Марапат мұндай жобаларды жүзеге асырудың маңызды екенін айғақтай түседі. Алматы әуежайының дамуы қала үшін де, әуе транспорты саласы, тіпті Орталық Азия өңірі үшін үлкен стратегиялық мәнге ие. Транзиттік қуаттың артуы, логистикалық мүмкіндіктердің жақсаруы және маршруттардың кеңеюі Еуразиялық транспорттық каркастың дамуына және орнықты экономикалық өсімге ықпал етеді. Сонымен қатар жоба жаңа жұмыс орындарын құрып, әлеуметтік эффект береді», дейді ЕАДБ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Дәленов.
Сонымен қатар ЕАДБ Түркістан әуежайының да құрылысына атсалысты. Қасиетті қаладағы әуежай құрылысын Н.Подгузов Қазақстандағы транспорттық инфрақұрылымды дамыту бойынша ауқымды бастама деп бағалаған еді. Туристік әлеуеті аса жоғары Түркістанға мұндай заманауи әуежай өте қажет болды.
«Әуежай құрылысына салынған қаражат көлемі 167 млн доллар болса, соның 134 млн-ы – банк салымы (салымның 80 пайызы). Қалған 20 пайызы YDA Group-қа тиесілі. Тиісінше, үш жыл ішінде банк заемы пайызымен қосқанда толықтай өтелді. Жобаға сәйкес, әуежай мемлекет меншігінде болады, ал оның эксплуатациясымен YDA Group айналысады», дейді ЕАДБ транспорт және инфрақұрылым дирекциясының директоры Бинура Рисмухамедова.
Банк дерегінше, құрылыс барысында 1,5 мыңнан аса жұмыс орны құрылып, соның 1 300-інде Қазақстан азаматтары жұмыс істеген. Әуежай Қазақстан авиациялық әкімшілігі инспекциясының сертификатын алған, тиісінше ішкі және халықаралық рейстерді қабылдай алады. Көлік тұрағы 88 орынға лайықталған, әуежай ғимаратында 14 жолаушыларды тіркеу орны бар. «Turkistan International Airport» ЖШС техникалық директор орынбасары Бақтияр Атажановтың сөзінше, әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 450 және жылына 3 млн адамды құрайды. 2022 жылы жолаушылар ағыны 371 мың адамға жеткен.
Банк қаржыландыруы мүмкін жоба қатарында Алматыдағы ЖЭС-3 бар. Жоба жүзеге асса, онда жылу электр орталығы көмірден газға ауыстырылады. Жобаға кірісетіндерін қолдап, қуаттап осыдан екі жыл бұрын ЕАДБ, «Самұрық-Энерго» және «АлЭС» АҚ үшжақты келісімге қол қойған еді. Мұндай жобаларды қолға алу даму институтының өңірде жасыл және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру ұстанымымен үйлеседі. Қазіргі уақытта банк портфеліндегі ESG-жобалар үлесі 15 пайызды, ал аймаққа салынған ESG-инвестиция көлемі 700 млн долларды құрайды. Сәйкесінше, жасыл жобалардың көпшілігі Қазақстанда іске асырылғанын да айта кетейік. Жоғарыда айтылған жобалардан бөлек, банк елімізде «Сарыарқа» магистралды газ құбырының, Ақтөбе ЖЭО-сының, күн электр стансаларының құрылысына және Атырау көшелерін жарықтандыру жобаларына қатысты.
Банктің бағалауынша, ЕАДБ Қазақстан экономикасына 10 млрд доллардан аса инвестиция тарта алады. Инвестициялаудың басты бағыттары – «жасыл» экономика, азық-түлік қауіпсіздігі, инфрақұрылым, «БҰҰ орнықты даму мақсатына» қол жеткізу, экспортты алға жылжыту.
«2022 жылы Қазақстан экономикасы сыртқы шоктарға жоғары орнықтылық таныта алды. Қиын жағдайларға қарамастан, республика ІЖӨ-сінің өсімі 2023 жылы 4,2 пайызға дейін жеделдейді деп болжаймыз. Бұған мемлекеттің экономиканы қолдау іс-шаралары да әсер етпек. Былтыр шикізаттық және азық-түлік нарығындағы жаһандық инфляцияның жылдамдауына Қазақстан экономикасы тым сезімталдық танытты. Осы фактордың салдарынан елдегі тұтынушылық бағалар 20 пайызға таяды. 2023 жылы инфляция 8 пайызға дейін баяулайды деп күтеміз. Жаһандық экономика тарапынан туындап отырған бірқатар тәуекел бар, соның бірі – орталық банктердің пайыздық мөлшерлемені көтеруі. Соның әсерінен дамыған елдердегі рецессия терең әрі жалғаспалы сипатқа ие болмақ. ОПЕК+ келісімі аясында мұнай өндірісінің шектелуі ұзаққа созылуы және бұл Қазақстанның экспорттық және бюджеттік кірістеріне жағымсыз әсер етуі ықтимал», дейді ЕАДБ басқарма төрағасы.
Институт өз алдына үш басты мақсатқа негізделген стратегияны орындау міндетін қойған. Олар – Еуразиялық транспорттық каркасты құру, Орталық Азияның су-энергетикалық кешенін және Еуразиялық тауар тарату желісін дамыту. Бес жылға негізделген (2022-2026) бұл стратегияны банк әзірлеген және қатысушы-мемлекеттер мақұлдаған. Банк жұмыс бастағалы бері Қазақстанда 5 млрд долларға 97 жобаны қаржыландырыпты. Қаржының басым бөлігі энергетика, агроөнеркәсіп кешені, өнеркәсіп, әлеуметтік сала және инфрақұрылымға бағытталды. Алдағы уақытта Алматы ЖЭС-3 модернизациясы, Түркістан облысында бу-газ қондырғысы базасында электр стансасын салу, Жамбыл және Қостанай облыстарында жел электр стансаларын салу қарастырылып отыр. Сонымен қатар елімізде теміржол желілерінің құрылысы және локомотив паркін жаңартуға қатысу да жоспарда бар. Елімізде 2025 жылға дейін 900 шақырымнан аса теміржол салынып, 12 мың шақырымнан аса автожол жөнделмекші.
Айта кетейік, ЕАДБ – еуразиялық кеңістікте инвестициялық қызмет атқарып келе жатқан халықаралық қаржылық ұйым. Банк жұмысына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан қатысады. Банктің жарғылық капиталы – 7 млрд доллар.