«Көмекей әулие» деген сөз бар. Бұл Бұқар жырауға қатысты айтылған. Көмейі бүлкілдеп сөйлегенде аузынан алтын төгілгендей, айтқаны келіп отырады екен. Сонымен қатар Қазақ даласында көмейін бүлкілдетіп қойып таңды таңға ұрып жыр айтатындар бар. Оны тұма бастауынан тартсаңыз, томдарға жүк.
Сол көне сарынды ұстаушылар қазір бірен-саран ғана. Саусақпен санап алатын шығарсыз. Қатары сирейтін себебі, ұлтқа керегі бар рухани дүниелер мен оларды осы күнге жеткізушілерді керек қыла бермейміз, мәртебесі жоқ, заңмен қорғалмаған. Әлгіндей көне мұраны жеткізушілер азайып, біртіндеп табыс көзі бар бұқаралық өнерге бет бұрмай қайтсін? Әрине, қарынның тоқтығынан емес, амалдың жоқтығынан жүрегін тулатып, көмейін бүлкілдетіп салған өнері бола тұра далада қалып бара жатқандықтан. Қорғаусыз, панасыз аштан өлуі керек пе олар сонда? Бүйтіп жатқандар тек көмеймен ән салып, жыр айтушылар ғана ма? Әлемнің ешбір елінен табылмайтын сонау Сыр бойы, батыс жағының күңіренген ұлы сарындары, жыраулық, жыршылық өнер, Қаратау, Арқа, Жетісу, Атырау, Маңғыстау жерінің күйлері, тағы басқа мұралар заңмен қорғаусыз жатыр. Осы уақытқа дейін өлтірмей келушілер орындаушылар мен оны тыңдаушы халық қана.
Ұлт жанының ұйытқысы – ұлы өнер неге өгейдің күйін кешті? Осыны жыл басында Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан көтеріп, депутаттық сауал жолдады. Депутат «Мәдениет туралы» заңымызда балет бишілерінің айрықша мәртебесі туралы жазылса, тұжырымдамада мектеп жасындағы балаларды балет пен операға апару арқылы олардың «көпмәдениетті тұлғасын қалыптастыру» көзделгенін атап көрсетті.
«2022 жылы Қазақстанда «Оқушының мәдени нормативі» деп аталатын құжат қабылданған екен, сол жерде сөзбе-сөз осылай жазылып тұр», деді өзінің сауалында депутат. «Және бір мысал, бізде жырдың ондаған түрі бар. Өңірлерге байланысты бірнеше мектепке бөлінеді, олардың ішінде көне заманнан келе жатқан жырлардың жөні бөлек.
Көршілес қырғыз елінде «Манас» эпосы туралы арнайы, өз алдына бөлек заң бар, ал әзербайжан бауырларымыз «Әзербайжан халқының фольклорын қорғау туралы», «Әзербайжан халқының кілем тоқу өнерін қорғау және дамыту туралы» заңдар қабылдап тастаған. Ал біздің заңнамада «жыр», «жыршы», «жыршылар» туралы, жалпы қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен өнеріне қатысты бір ауыз сөз жоқ.
Ең қиыны, жырды жалықпай тыңдайтын орта жоғалып барады. Біле білсек, қазақ жырында ұлттық кодымыз жасырынып жатыр! Егер қазақтың жыршылық өнері жоғалатын болса, ұлттық мәдениетіміз орны толмас апатқа ұшырайтыны анық. Сондықтан ел ішіндегі жыршыларды іздеп тауып, Берік Жүсіп сынды мықты мамандарды қолдап, бұл салаға тың серпін беру керек. Жыршылық – мәртебелі кәсіпке айналса, жас ұрпақты жыр тыңдауға қалыптастыра білсек, патриоттық тәлім-тәрбиеден бөлек, телефонға телміру сынды ғасыр дертіне де бір тосқауыл жасар едік», деп кесіп айтты депутаттық сауалында.
Осы орайда біз атақты эпик жыршы, фольклортанушы Берік Жүсіпті әңгімеге тартқан едік. Бұл кісі мәселені тамырынан тартып, жіктеп берді.
«Жыршылық құбылысқа қатысты мәселе түйінін бізбен байланыстырған Абзал Құспанға ілтипат, әрине. Айтып отырғаны сақтап, қолдап, қайта жаңғыртудың жайы ғой. «Үмітсіз – шайтан», десе де өте қиын шаруа. Бұған байланысты ерте дабыл қаққан елдер де (Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Әзербайжан, т.б.) толық үдеден шыға алмай отыр. Өйткені жыршылық дәстүрдің семуі бізде ғана емес, баршаға тән. Бірталай жұртта болған құбылыстың тағдыры қазір жалғыз қадаға байлаулы. Саланы салғастыра зерттегенде көзімнің жеткені, біз жыршылық өнерді құрайтын мың сан мәселені зерттеу мен қайта тірілтуде дер кезінде қолға алатын шаруадан ғасырға кейіндеп қалдық. Сіздер «Қолды мезгілінен кеш сермеп» отырсыздар. Мына тұрған Ресейде, осыдан жүз жыл бұрын лақтырған таяғың сказительге тиетін. Ал қазір ше? Біз түгілі, қалың орыс та сол сказительдерінен ақи-тақи қол үзіп, жер сипап қалды. Басты себептің іргесінде халықтың ықылас, құлқы, тыңдау мәдениетіне қатысты түйткілдер жатыр. Тыңдалмаса сөз жетім. Ал елдің ықылас-құлқын оятып, тыңдау мәдениетін қалыптастыру үшін жоспарлы жүйе керек. Ол болған күннің өзінде, байырғы эпикалық жыршылық толық тіріліп, төрт аяғын тең басып кетуі күмәнді. Өйткені қазір өнердің қай түрі де сахналық сипат алып кеткен. Ал жыршылықтың осы күйге түсуіне белгілі бір саланы күстаналау нәтиже бермейді.
Сөз жоқ, алдымен оларға «Қазақстанның халық жыршысы» деген мәртебе (статус) берудің жайын қарастырып, заңдастыруды күн тәртібіне қою қажет-ақ. Өйткені бұл – айдың, күннің аманында ұлттың көз алдынан жылыстап бара жатқан құндылық. Есіңізде шығар, бір кезде қазақ поэзиясын дамытуға үлес қосқандарға беретін «Қазақстанның халық ақыны» деген құрметті атақ болатын. Кейін мұны сиырқұйымшақтандырып жіберді. Жойылып бара жатқан қазақ эпикалық жыршылық өнерін қайта дамыту үшін, мүмкін, осындай қадамдарға бару керек шығар? Мен Президентке осы мәселені құлаққағыс еткен болар едім. Өйткені жыршылық өнер ұлттық идеяға суарылған идеологиядан тамыр тартады. Тап осындай абыржы кезеңде, идеологтер осы құралды кеңінен пайдаланса игі. Ол үшін алдымен жыршының сөз қоры (репертуары) соған лайық болуға тиіс. Бүгінгі таңда бізде ондай санатқа сай, эпикалық репертуармен (батырлық, қаһармандық, тарихи, лиро-эпостық жырлар) мұздай қаруланған халық жыршысы бар ма? Мәселенің бұл жағын да жан-жақты ойластырған дұрыс шығар. Әйтпесе, құр бос дабыра, ұран-сүренмен шаруа бітпейді ғой.
Жалпы, халық қалаулысы көтерген мәселеден кейін де жағдай жым-жырт. Былайғы жұрт мұндайға жеңіл қарайды. Абай данышпан «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп жүз жыл бұрын дабыл қақты. Негізі жыршыны қалыптастыратын сауатты орта. Басқаны айтпағанда дәл қазір бізде дайындығы жан-жақты, кемел орта бар ма? Қалай десек те эпикалық орта жоқ жерде эпикалық жыршылық өнердің дамуы мүмкін емес. Қауіп еткеннен айтылған жайттардың түйінін қазір көзіміз көріп отыр. Конституция жазылады, ал адамның болмыс-жадын ұстап тұратын қасиет жылдар бойы жүре қалыптасады. Сол қалыптастырғыш құралдың аты – жыр, иесі эпик жыршы еді. Амал қанша, асылдың бәрі «бәлду-бәлду, бәрі өтірік» күйде тұрған соң. Есіңізде болсын, ендігі жерде ешқандай концерт, байқау, фестиваль атаулы жыршылық өнерді қайта түлетіп, бәз қалпына келтіре алмайды. Бұл өнердің бар болуы, сақталып қалуы жеке тұлғаның бас амандығымен байланысты. Мен білетін ендігі қалған шешім жолы: балабақша мен мектепке, сондай-ақ көгілдір экранға лайықталған арнайы бағдарлама жасалуға тиіс. Асылымызды мүмкін сонда сақтап қалармыз, егер ырғалып-жырғалып жүріп, кешігіп қалмасақ», дейді Б.Жүсіп.
Мұнда екі тараптың тәуелсіз пікірі, бірін-бірі толықтырып тұр. Депутат пен жыршының сөзі бір жерден шыққан соң шешімін таппас мәселе емес сынды. Абзал Құспан «Біздің заңнамада (Мәдениет туралы) «жыр», «жыршы», «жыршылар» туралы, жалпы қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен өнеріне қатысты бір ауыз сөз жоқ!», деп ұлт мұрасының заңмен қорғалуын, жыршылардың мәртебе алуын көздеп отыр. Бұл салаға бар өмірін арнап, зерттеу еңбегін жазған Берік Жүсіп болса, мәселенің шешілу жолын іздестіреді. Балабақша, мектеп жасынан қолға алынбаса жағдай оңалмайтынын айтады. Жыршының бұл ұсынысы орынды, себебі ертедегі қазақ балалары ертегі, жыр тыңдап есеймеуші ме еді? Махаббатын, елін, жерін сатпайтын ерлік, батырлық рухта. «Абай жолында» ақынның оқыған кітаптарын жол-жөнекей естіп алып, күллі ауыл жастарына қайта әңгімелеп беретін Баймағамбет әңгімеші, Барлас пен Байкөкше ақындардың кіріктірілуі тегін емес. Оның үстіне 90-жылдардың соңына таман бастауыш сыныпта оқыған бізге ән-күй пәнінен консерватория бітіріп келген музыкалық сауаты жоғары Жетпісбай атты мұғалім сабақ бергені есімде. Сол кісі «Алпамыс батыр» жырын магнитафон әкеліп, аудиожазбадан тыңдатқаны күні бүгінге көкейімде. Мақамы мен сөзіне шейін жадымда сайрап тұр. Ол кездегі әсер бөлек әңгіме енді. Демек жыршының бастамасымен келіспеске болмайды.
Біз жыршылық өнер туралы пікірін білу үшін белгілі жыршы, ғалым Елмұра Жаңабергенге хабарласқан едік.
«Бірқатар жыршылар мәдениет қайраткері, мәдениет саласының үздігі дегендей атақтарды алып жүр. Жыршы, жыршы, күйші деген атақты ертеде халық арасындағы беткеұстар тұлғалар беретін болса керек. Қазір мұны университет, консерватория беріп жатыр. Лайықтысы, лайықсызы бар, жыршы, күйші, әнші аталып кететіндері қаншама? Мәселен, мемлекет жыршы деген атақты қайтарса болар еді. Қырғыздар манасшыларын қалай дәріптейді? Өзбекстан, Қарақалпақстан бақшылары (жыршы) мен мақамшыларының арнайы академиялары бар. Мемлекеттік тұрғыда көңіл бөледі.
Ертеде қазақ жыршылары ханнан кейінгі адам болған. Бүгінгі жыршыларды бұрынғыларымен салыстыруға болмайды. Бірақ олар да халықты ұйытып, насихат айтып, таңды таңға ұрып жырлайды. Елдік сананы қалыптастыруда орны зор. Мемлекеттік, халықтық сананың ұйытқысы есебінде. Алайда оларды біз өнерпаз ретінде ғана қабылдап отырмыз. Қайсыбір жыршыларды тыңдай қалсаңыз, депутаттардан артық әңгіме айтады. Мәдениеті, рухы өте жоғары. Жастайынан ұлттың асыл қасиеттерін бойына сіңіріп өскен, халықтың жанашыры ретінде қалыптасқан тұлғалар. Сондықтан жыршыларды құрметтеп, мемлекеттік марапат берсе, өте керемет болар еді.
Жыршылық өнерді балабақшадан бастап тыңдатқан жөн. Бесіктен, ананың құрсағынан жыр мақамдары арқылы ұлт қасиетінің нәрін сіңіре бастаса артық емес», дейді Елмұра жыршы.
Қазақ барда, оның қасиетті тілі барда жыршылық өнер өлмейді. Алайда қазір белгілі бір өңір немесе ортада ғана сақталып, оқу орындарында дәріптеліп, аудиториясы шектеліңкіреп қалған. Ұрпақ бойына ұлтжандылықты дарытатын ұлы өнерді мемлекеттік деңгейде қастерлеп, жүйелі насихаттау тетігін бүгін таппаса, ертең кеш болады. Сонда біз ұлттық бай мұрамызды сақтап қана қоймай, балабақша, мектеп жасынан мемлекетшіл рухта елдік сананы ту еткен ұрпақ тәрбиелеп, жарқын болашақтың негізін бірге қалаймыз.