Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда ұлт келешегіне кепіл болатын өзекті мәселелерді ортаға салды. Оқу – өскелең ұрпақтың білімін, тәрбиесін және мәдениетін арттырудың маңызды факторы. Ал балалардың көпшілігі алғашқы кітаппен мектеп қабырғасының кітапханасында танысады. Бүгінгі таңда мектеп кітапханаларының жағдайы қалай? Кітапханашылардың жалақысы қанша? Мектеп кітапханаларының цифрландыру сатысына өту үдерісі қалай басталып, жүзеге асырылып жатыр? Осы туралы Оқу-ағарту министрлігі Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының директоры Әлия САЙДЕМБАЕВА айтып берді.
– Әлия Шуратқызы, мәртебесі айқындалмаған, көшке ілесіп келе жатқанымен, әлеуметтік ортадағы насихатының кемдігінен яки басқа себеппен жұмысы көлеңкеде көрінбей жататын білім саласындағы нәзік мәселелердің бірі кітапхана қызметі болса керек. Кітапханалардың бүгінгі ахуалы қалай?
– Бүгінгі таңда көптеген мектеп кітапханаларының жұмыс форматы сын көтермейді. Кейінгі жылдары кітапханашылардың мәртебесін арттыру, олардың еңбекақысын көтеру және жұмысының жаңа талаптарға сай болуы қайта қарастырылды. Оларды педагогикалық кадрлар санатына енгізу бойынша бастама көтерілді. Себебі білім саласында кітапханашылардың жалақысы әркез ең төмен болып келді. Былтыр мәдениет саласында жұмыс істейтін кітапханашылардың жалақысы көтерілді, бірақ мектеп кітапханашыларының жалақысы сол күйінде қалды. Енді кітапханашыларға педагог статусын тағайындап, жалақысын көтеру мәселесі де жақын арада шешімін таппақ. Бұл – керемет бастама. Сол сияқты қазіргі жастардың көбі ақпаратты цифрлық технологиялар арқылы пайдаланатынын ескере отырып, кітапханаларды цифрландыру сатысына да келдік.
– Бүгінгі таңда елдегі кітапхана қоры туралы толыққанды ақпарат жоқ. Сол себепті Қазақстандағы мектеп кітапханаларының жұмысын автоматтандыру және цифрландыруға байланысты бірқатар іс-шара тізбегін жүзеге асыру ісі қолға алынған болатын. Нәтижесінен хабардар ете аласыз ба?
– Өңірлердің кітапханаларында кейінгі жылдары кітап қоры еш толықпаған. Цифрландыру атымен жоқ. Жыл сайын цифрландыру бағдарламасына сәйкес электронды кітаптарға өту мәселесі алға тартылады. Алайда кітаптарды толықтай электронды жүйеге енгізу – қазіргі күннің біз әлі жетпеген белесі. Бірде-бір мектеп кітапханасында электронды кітаптар жоқ. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің сайтында жүктелген кітап қорының барлығы қолжетімді емес. Себебі олар планшет пен смартфон телефондарында ашыла бермейді. Атап өтсек, қолданыстағы автоматтандырылған бағдарламалар кітапханалық жазбаларды тек өз кітапханасының шегінде жүргізуге арналған. Бұл ретте деректер базасын басқа кітапханалармен синхрондау жоқ, сәйкесінше еліміздің кітапхана қоры туралы толық ақпарат жоқ. Сондай-ақ қолданыстағы автоматтандырылған кітапхана бағдарламалары бастапқы нұсқа негізінде жұмыс істейді, яғни ешқандай бағдарлама жаңартуынсыз жұмыс істеу. Бұдан басқа, автоматтандырылған кітапхана бағдарламаларында қауіпсіздік және деректерді сақтау үшін резервтік көшірменің болмауы да елеулі кемшілік. Egov және Ұлттық білім беру дерекқорымен синхрондау жоқ. Жүйені жетілдіру және жаңарту бойынша кітапханашылармен жұмыс жүргізілмейді. Осы автоматтандырылған кітапханалық есепке алу және мәліметтер базасындағы кітапхана қорын есепке алу кезінде кеңейтуге және өзгертуге болмайды. Тіптен кітапхана қорын кодтандырудың бірыңғай үдерісінің болмағаны біздің цифрландыру дәуіріне қадам басуымызды тежеді.
– Соның салдарынан қазіргі күні бірыңғай кітапханалар қызметінің жоқтығынан еліміздің білім саласындағы кітапханалар біртұтас кітапханалық жүйе ретінде қалыптаспай отыр. Солай ма?
– Ең үлкен мәселе – әр өңірдің өз бағдарламасын сатып алуы. Бағдарламаның тиісті түрде жұмыс істеп жатқанын білім басқармалары тексере бермейді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022-2026 жылдарға арналған білім беруді дамыту тұжырымдамасын іске асыру туралы Жолдауында жергілікті атқарушы органдар 2023 жылдың желтоқсанына дейін мектеп кітапханаларын трансформациялауды, электронды ақпараттық ресурстардың дерекқоры бар қосымша білім беру алаңдарына айналдыруды жүзеге асыруға тиіс болатын. Осы жолда бір жылдың ішінде біраз жұмыс атқарылды.
– Осы ретте елімізде кітапхана қорының толық технологиялық циклдерін жетілдіріп жүзеге асыратын «Qazaq mura» кітапханалық жұмысты автоматтандыру жүйесі қолданысқа енгізілгенін білеміз.
– Аталған жүйенің тиімді тұстарының бірін айта кетсем, мәселен, бұрын кітапхана қызметкерлеріне инвентаризация жасау бiрнеше аптаға созылса, бүгінде ол 15 минутта жасалады. Жаңа кітаптарды базаға жүктеп, оларды тіркеуге апталап уақыт кететін. Ал қазір барлық мектеп кітапханалары Ұлттық кітап палатасымен интеграцияланған ортақ жүйеде жұмыстары жолға қойылған. Яғни «Qazaq mura» жүйесі арқасында кітапханашылар мен олардың жұмыс барысы толықтай оңтайландырылған. Жаңа жүйе кітапхананы автоматтандырып қана қоймай, сонымен қатар оқушылар үшін «OQU» мобильді қосымшасын ұсынады. Бұл жерде әрбір оқушы кез келген кітапқа тапсырыс беріп қана қоймай, қажет кітаптың қорда бар-жоғын тексере алады. Сондай-ақ жүйеде мектеп кітапханаларының қолданыстағы кітаптарының электронды нұсқасы мен 300-ден аса басқа да Оқу-ағарту министрлігі ұсынған кітаптар тізімі тегін әрі қолжетімді.
Кітап – ғылым мен білімнің бұлағы. Кітапхана ісі еліміздің мәдени саласы ретінде ақпараттық білім беру қызметінің жемісі болып саналады. Сондықтан Жаңа Қазақстанда кітапхана ісі қайта жанданып, мәдени мекемелер арасында жоғары дәрежеге ие болып, мәртебесі биіктей түссе, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл ретте қазіргі автоматтандыру технологиясы дамыған заманда мектеп кітапханалары өз жұмысын автоматтандырып, цифрлық ресурстармен жұмыс істеуге толығымен көшсе, мемлекетіміздің болашағы – жас ұрпаққа заман талабына сай білім берудегі рөлі арта түсетініне күмән жоқ.
Әңгімелескен
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ