Экономиканың күрделі кезеңінде жылдар бойы ескерілмей келген салаларды қайта құрылымдау қиынға түсетінін, алдағы дамуды сол ескерілмей келген салалар тежейтінін сарапшылар талай рет ескерткен-ді.
Алматыда өткен «Sana Business Forum» жиынында Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Евгения Пак апта басында журналистерге бір кездері мүмкіндігіміз көтермесе де, қабылданып кеткен шешімдердің зардабын тартып жатқанымызды айтып берді. Бірақ азық-түлік, жанар-жағармай, коммуналдық қызметтер бағасының өсуі, инженерлік желілердің, жабдықтардың, көлік инфрақұрылымына қатысты жағдайға қарап дағдарыстың қыспағында тұншығып жатырмыз деп қабылдауға болмайды. Қазір барлық сала қайта құрылымдау үдерістерін бастан кешіп жатыр. Сырттан тартылған инвестиция мен несиенің нарықтық құны қымбат болып тұр. Сарапшының айтуынша, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс әлемдік логистикалық тізбектің арнасына қауіп төндіріп отыр.
«Қазір тек біз ғана емес, әлемдік экономика қайта құрылымдауды бастан кешіп, қазіргі жағдайға бейімделуді бастап кетті. Жылдар бойы еленбей келген, шешімін кейінге қалдырып келген салалардың қазіргі жағдайға бейімделуі қиын. Бұл өте ауыр, өйткені бұл саладаға реформа қажеттілігі тым ұзақ уақыт бойы қаперге алынбады. Мен жанар-жағармай нарығындағы жағдайды дағдарыстың қыспағында қалды деп ойлаймын», дейді Е.Пак.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен жанар-жағармай бағасы сияқты мемлекет бақылайтын салалар туралы айта келе, сарапшы нарықтық экономика жағдайында кез келген қарапайым өнімге бағаны тек сұраныс анықтайтынын айтып өтті. Егер арада дисбаланс байқалса, жағдай нарықтық сипатынан айырылып қалады. Оның айтуынша, тарифтердің көтерілуі біздің қоғам үшін ахиллестің өкшесімен бірдей. Сол себепті бұл мәселені шоктык әдіспен емес, халықтың табысына қарай кезең-кезеңмен шешу қажет.
«Біз жоспарлы экономика емес, нарықта екенімізді түсіну маңызды. Нарықтық экономика жағдайында пайдаға зиян келтіріп, шығынға ұшырап, негізгі қорларды жаңартып, бұрынғы бағамен қызмет нарықтағы баға шекті құннан әлдеқайда төмен болса, соңғы нәтиже инфрақұрылымның тозуымен аяқталады. Бағаны ырықтандыру экономиканың барлық салаларында қажет деген пікірмен ішінара келісемін. Дәрі-дәрмек нарығының кейбір сегментіне мемлекеттің бақылауы міндетті түрде керек. Бірақ мемлекеттің бақылауы да сол саладағы өзгерістермен қатар жүру керек. Әлеуметтік сегменттегі тауар бағасының сол ортаға қаншалықты сәйкес келетінін қадағалап отыруы керек. Нарықта бағаны қатырып қою деген түсінік болмайды. Мемлекеттік бақылаудың өзін сұраныс пен ұсыныстың деңгейімен ойнатып отыруға болады», дейді Е.Пак.
Осы ретте Е.Пак жанар-жағармай бағасын өзгерту маңызды екенін, мұны саланың инфрақұрылымын жаңғыртумен қатар жүргізудің маңызды екенін де қаперге салып өтті. Себебі кейінгі 30 жылда мемлекеттің бақылауымен «қатып қалған» бағаның құрсаудан шығуын халық құп көріп отырған жоқ. Нарық заңы бойынша инвестиция сапаға әсер етеді. Ал тұтынушылар алдымен ескі құны бойынша өзгерістерді қалайды. AERC болжамдары бойынша ІЖӨ өсімі жылына 4,4 пайызды көрсетіп отыр. Бұл көрсеткішті көтеруге мүмкіндік барын өзге зерттеулер де көрсетіп отыр. Экономикалық өсімнің нәтижесін халық қашан сезінеді деген сауал – біздің ел үшін әлі зерделенбеген тақырып.
Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбековтің пікірінше, экономикаға, оның ішінде шағын және орта бизнеске мемлекет өте көп араласып отыр. Дамуға кедергі болып отырған бағыттардың бірі осы. Оның айтуынша, «Yellou page rules» шарты бойынша шағын және орта бизнеске Үкімет араласпау керек.
«Біздің зерттеулеріміз бойынша «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры 321 секцияда араласып жұмыс істеді. Үкімет осы 321 сектордан кетпей отыр. Біз мұны 2 жыл бұрынғы жүргізген зерттеулеріміз кезінде анықтадық», деді экономист.
«Yellou page rules» қағидаттарын енгізу туралы Үкіметтің бағдарламасы жоқ екенін сарапшылар осыған дейін талай айтқан.
Қ.Арыстанбеков қаперге салып отырған келесі жайт одан да салмақты болып шықты. Жалпы, ішкі өнімді тұншықтырып отырған 14 блок бар. Үкімет сол мәселені шеше алмай отыр. Сол себепті жылына 20 млрд доллар шетелге кетіп жатыр, мемлекет ұтылып жатыр. Қызмет көрсету балансынан тағы да 5-7 млрд доллар шығыс бар. Үшінші ағымдағы есепшоттағы жағдай өткен жылы жақсарып қалған еді, бірақ биыл қайта тапшылық байқалыпты. Сарапшының пікірінше, осы төлем балансындағы төрт жыртықты жамайтын жаңа экономикалық саясат қажет. Себебі кейбір жеке кәсіпорындар мемлекет меншігіне шығынмен өтіп, Ұлттық қор мен бюджетке салмақ салып отыр.
Осы ретте Қ.Арыстанбеков 2013, 2014, 2015 жылдары 4 кәсіпорын мемлекетке берілгенін, бұл үшін Ұлттық қор мен бюджеттен 550 млрд бөлінгенін айтып берді. Сол кезде бір кәсіпорынның шығыны 30 млрд болған. Бірақ арада екі жыл өткенде сол кәсіпорындар жекешелендірудің жалпы жоспарына еніп кетіпті. Түйіп айтқанда, шығыны көп кәсіпорындардың қарызы мемлекеттік бюджет, Ұлттық қор есебінен жабылады да, қайтадан жекешелендіруге шығарылады.
Экономист Алмас Чукиннің айтуынша, елімізде реформаларды бастауға аз ғана уақыт қалды. Биыл өзгерістер стратегиясын анықтап, 2024 жылы бағдарламаларды іске қосып, олардың орындалуын бақылау, 2025 жылы нәтижелерді бағалап, бағдарламаларды түзету қажет. 2026 жылы алғашқы нәтижелер пайда болуы керек. Сарапшының айтуынша, еркін баға мен нарықтық экономикаға көшу керек. Бірақ халық жанар-жағармайды бұғаудан босатуға әзір дайын емес. Бағаны босатсаң, кез келген тауар құны 20 пайызға өсіп кетеді. Бұл алдағы бес-алты жылдағы инфляцияны қамтамасыз етуге кепілдік беріп отыр. Басқаша айтқанда, өткеннің барлық проблемасы болашақ дамуға кедергі болып тұр.
Қазақстан экономикасының талдауына тоқталған спикер басты иллюзия ІЖӨ өсімі екенін түсіндірді. Сарапшының айтуынша, 2015 жылдан бері нақты табыс бюджеттің тек жартысын ғана толтырып келеді. Қалған жартысы – мемлекеттік бағдарламалардың трансферттері. Қазақстанда нарыққа қате сигналдар жіберетін мүлде бұрмаланған баға құрылымы қалыптасып қалған. Жылдар бойғы жүргізілген экономикалық саясат бағаны жасанды түрде тежеумен шектеліп қалды.
А.Чукиннің айтуынша, Ұлттық статистика бюросының деректері бәріне ұнайды. Бірақ Ұлттық қордың трансфері жыл сайын өсіп барады. Кіріс пен шығыс арасындағы алшақтық 7 трлн теңгеге дейін өсіп кетті. 2022 жылы егеменді қарыз (53 млрд доллар) Ұлттық қормен (55,7 млрд доллар) теңестірілді. Осыны негізге ала отырып, А.Чукин бұл мәселелердің барлығын инвестиция көлемін арттыру арқылы шешу керек екенін атап өтті.
Сонымен қатар ІЖӨ-ге қатысты шетелдік тікелей инвестициялар азайып келеді. Оларды ынталандыру үшін нарықтық экономикаға көшуді кешіктіруге болмайды. Сарапшы айтып өткендей, осы күнге дейін шешілмей, назар аударылмай келген бағыттың бәрі дамуға кедергі болатынын түсінетін кез келді. Халықтың жылдың өсімі 1,5 пайызға жетті. Бізге кемі 5 пайыздық өсім керек. Ол үшін реформа керек. Қазіргі билікке өткеннің қатесін, өткен уақыттағы популистік шешімдердің зардабынан арылуы міндеті тұр.
«Бүгінгі бюджетіміздің төрттен бірі – Ұлттық қордан алынған ақша. Шын мәнінде, Ұлттық қор антициклдік сипаттағы болашақ ұрпаққа арналған қор ретінде ойластырылды. Мұнай бағасының жоғары кезеңінде мұнайдан түсетін артық түсімдерді сол жерде қалдырып, дағдарыс жағдайында оны тұрақтандыруға алуымыз керек. Алдағы бірер жыл Үкіметтің кәсіби біліктілігіне сын болғалы тұр», дейді А.Чукин.
АЛМАТЫ