«Азия жаңғырығы» атты цирк өнерінің халықаралық фестивалінде Алматы циркінің әртістері тағы да жеңіс тұғырынан табылды. Әділет Тиканов жетекшілік жасайтын «Акробаты на двойной мачте» номерін орындаған Hassak тобы мен Майя Ұлықпанова 11 мемлекеттің әртістері арасында үздік атанып, XIY халықаралық фестивальдің қола жүлдесін жеңіп алды.
Тамылжыған тамыз айында Астаналық цирктің манежінде Қазақстан, АҚШ, Франция, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Венгрия, Қытай, Болгария, Израйль, Якутия, Германия, Тәжікстан елдерінің ең мықты әртістері кездесті. Байқауға қатысқандардың өнерін бүгінгі цирк өндірісіндегі танымал мәдени тұлғалар бағалады. Қазылар алқасының құрамына «Астаналық цирктің» бас директоры Ерік Жолжақсынов, Монте-Карлодағы халықаралық цирк фестивалінің вице-президенті Урс Пилз, Италиядағы халықаралық цирк фестивалінің президенті Фабио Монтико, Firebird Productions Ltd (АҚШ) жетекшісі Петр Дубинский, цирк өнерінің Ұлттық орталығы мен Будапешт қаласындағы астаналық цирктің директоры Питер Факете, CirqueD Hiver Bouglione президенті Одетте Буглионе, Беларусь мемлекеттік циркінің директоры Владимир Шабан, Тәжікстан мемлекеттік циркінің директоры Бихтиер Рахматуллозода, Саха Республикасы мемлекеттік циркінің директоры Сергей Расторгуев, Қазан мемлекеттік циркінің директоры Эльмира Булатова, Моңғолия циркін дамыту Орталығының президенті Ердене Нургуи, Мәскеудің Цветной Бульварындағы Никулин циркі директорының гастрольдерді ұйымдастыру мен шетелдермен жұмыс жөніндегі орынбасары Александр Огурцов, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Мақсат Жайықов, Өзбекстан мемлекеттік циркінің директоры Рустам Мажидов бар.
Қазақ мемлекеттік циркінің талантты әртістері жеңімпаз атану үшін «Азия жаңғырығының» өзге қатысушыларымен бірге кәсіби дайындықтың теңдессіз үлгісі мен биік деңгейдегі өнер өрнегін көрсетті.