Еліміздің терістігінде үлкен орақтың басталып кеткеніне біраз күн болды. Бүгінгі таңда барлық егіс алаңының 20 пайызға жуығы жиналды. Егер алдағы күндерде де күн райы қолайлы болса, бүгінгі техникалардың өнімділік қарқынымен бар астықты бір айдың көлемінде жинап алуға болады.
Облыс әкімі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде биылғы астық көлемі былтырғыдан төмен болмайтынын айтты. Әкім жыл басынан бері облыс 48,2 млрд теңгеге 1768 дана ауыл шаруашылығының жаңа техникаларын алғанын да жеткізді. Қазір облыстың астық алқаптарында 13 мың техника жүйткіп жүр.
Жедел ақпараттарға қарағанда, жиналған 739 мың тонна астықтың әр гектардан алынған түсімі – 12 центнерден. Ал республика бойынша орташа көрсеткіш – 11,5 центнер. Майлы дақылдар 5 мың гектардан жиналған, гектар берекелігі әзірге 8 центнерден айналып отыр.
«Қазір астық қабылдау пункттері жаңа орақтың астығын қабылдауға тегіс дайын тұр. Олардың сыйымдылығы толығымен жетеді. Ауыл шаруашылығы құрылымдарына жеңілдетілген бағамен литрі 250 теңге болған 60 мың тонна жанар-жағармай жеткізілген. Күн райы қолайлы болса, астықты уақытында жинап аламыз», деді А.Сапаров.
Айта кететін болсақ, биыл солтүстікқазақстандықтар барлығы 4,5 млн гектар жердің егісіне орақ салады. Оның 3,2 млн гектары – таза астық. Ал республика бойынша барлығы 24 млн гектар жерге егін егілген, бұл былтырғыдан 652 мың гектарға артық. Соның 17,4 млн гектарына астық, 2,8 млн гектар жерге майлы дақылдар егілген. Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл Отан қамбасына 16 млн тонна астық құйылатынын болжап отыр. Ал былтыр министрлік 13,4 млн тонна деп болжап, іс жүзінде 16,4 млн тонна астық жиналған. Бірақ биылғы астық өнімі аномальды ыстықтардың кесірінен солтүстікте біршама төмендеп қалды. Қалай десек те, Премьер-министр Әлихан Смайыловтың Үкімет отырысында айтқан сөзіне қарағанда, қазақстандықтар ең төменгі деген астық өнімділігінен жиналған астықтан екі есе аз көлемде ғана астық тұтынады. Бірақ ондайға жеткізбесін, астық – шаруалар мен олардың отбасыларының миллиондаған мүшелерінің тұрмыстық әл-ауқатын арттырып тұрған негізгі табыс көзі. Астық мол болып әрі сату бағасы тиімді болса ғана елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарады.
Ресей мен Украина арасындағы кикілжіңнің кесірінен 2022 жылы астықтың жаһандық нарықтағы бағасы артты. Graincommerce сауда порталының мәліметіне қарағанда, үшінші класты бидайдың бір тоннасының бағасы былтырғы жазда 150-160 мыңға, бізде тіпті 185 мың теңгеге дейін барды. Алайда былтырғы күзден баға құлай бастады. Мамандар мұның басты себебі, Ресей аумағынан бізге астықтың заңсыз экспортталуынан екенін айтады. Соның кесірінен қазір бидайдың бағасы 80-85 мың теңгеге дейін құлдырап кетті. Кейбір сарапшылар баға әлі де түседі деседі. Үкімет алты айға Ресейден теміржол және автокөлік арқылы енгізілетін астыққа тыйым салды. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді деп жариялады.
Бұл қадам шаруаларды біршама тыныштандырды, бірақ соншалық қуантпайды. Өйткені былтыр күздегі баға тоннасы 125 мың теңгеден басталған. Жақсыға жұрттың бәрі тез үйренеді ғой, сондықтан биылғы баға шаруаның көңіл күйін біршама құлатып тұр.
Жоғарыда аталған кикілжіңнен Ресей астығының Қара теңіз арқылы тасымалдануы қиындап кетсе, ол арзан бағамен біздің Орталық Азия мен Қытайға шығатын нарығымызды басып кетуі мүмкін. Соның ішінде халықаралық санкциялардың астындағы Иран мен Ресей өзара ауыз жаласса, біздің жыл сайын Иранға шығарылатын 1,5 млн тонна астығымыздың да жолы кесілуі ғажап емес. Сол кезде бүгінгі бағаның өзіне жылап көрісетін күн тууы мүмкін. Оның үстіне астығын арзандата беруден бас тартпайтын санкция астындағы Ресей экспорттық баж салығы мен транзиттік тарифті төмендетіп, бағаны тіпті құлдыратып, Қытай мен Өзбекстан нарықтарын да жаулап алуы мүмкін. Бірақ алдағыны Алла біледі демекші, басқа нарықтар ашылып, мәселенің бәрі жылдам әрі тиімді жолдармен шешіліп кетуінен де үміт бар.
Солтүстік Қазақстан облысы