Биыл дәстүрлі Тамыз кеңесі жаңа форматта ұйымдастырылды. «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында өткен кеңесте 20 аймақ бір уақытта білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Алқалы жиынға Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты.
Кеңестің құлақкүйі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласы қызметкерлерінің республикалық Тамыз кеңесіне қатысушыларға құттықтау жолдады. Құттықтауды Тамара Дүйсенова оқып берді. «Сіздерді білім саласы қызметкерлерінің республикалық Тамыз кеңесінің басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа оқу жылы қарсаңында педагог мамандардың басын қосып, өскелең ұрпаққа білім, тәрбие беру мәселесіне қатысты алқалы жиын өткізу игі дәстүрге айналды. Бұл – еліміздің болашағына ықпал ететін маңызды басқосу. Сапалы білім беру – бәсекеге қабілетті, өркениетті ел болудың кепілі. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы ілім, ғылымның жемісі екендігі сөзсіз. Сауатты ұрпақ өсіру арқылы ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастыра аламыз.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Мектептің жаны – мұғалім, мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы», деген. Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың білімді, еңбекқор әрі отаншыл болуына байланысты. Жастарды адал азамат етіп тәрбиелеу, олардың бойына ізгі құндылықтарды сіңіру аса маңызды міндет. Осы жауапты жұмысты абыроймен атқарып жүрген ұстаздар қауымына шынайы ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі басқосуда жас ұрпаққа озық білім, өнегелі тәрбие беру мәселесіне қатысты салмақты ойлар мен салиқалы пікірлер айтылады деп сенемін», делінген Президент құттықтауында.
Жоғарыда айтқанымыздай, дәстүрлі Тамыз кеңесі биыл жаңа форматта өткізілді. Бір тақырыптық бағыт қағидаты негізінде 20 өңірде білім саласындағы 20 өзекті тақырып жан-жақты талқыланды. Жаңа форматтың тағы бір артықшылығы – Тамыз кеңесінде көтерілетін мәселелер ауқымы кеңейіп, талқылауға қатысушылар саны артты. Өңірлердегі тақырыптық бағыттар бойынша жүзден астам секция өтті. Оған 32 мыңға жуық адам, оның ішінде 12 мың адам оффлайн, 20 мың адам онлайн қатысты. Сонымен қатар жергілікті педагогтердің жиыны ұйымдастырылды. Онда өңірдің білім саласындағы жетістіктері мен жаңа оқу жылында алға қойылған міндеттері сөз болды. Сондай-ақ Тамыз кеңесі аясында әрі Білім күні қарсаңына орай еліміздің 852 педагогі «Еңбек ардагері» медалімен, алғыс грамоталарымен, құрмет дипломдарымен марапатталды.
Тамара Дүйсенова білім саласында біршама оң өзгеріс барын, әсіресе, жастардың көбі мұғалім болуға ынта білдіретінін, бұл іс жүзінде мұғалім мәртебесінің көтерілгенінің айғағы екенін атап өтті. «Тек биылдың өзінде ғана мемлекеттік грантқа үміткерлердің әрбір төртіншісі, сонымен қатар 1,5 мыңнан астам «Алтын белгі» иегері мұғалім болғысы келді. Естеріңізде болса, осыдан небәрі 5 жыл бұрын педагогикалық мамандықтарға талапкерлер 50 балмен түссе, бүгінде шекті балл – 111», деді ол.
Сондай-ақ Т.Дүйсенова оқу жылының ұзартылуына қатысты пікір білдіріп, мұңдай өзгеріске жақсы дайындықпен келу керегін айтты. Ол Оқу-ағарту министрлігі асығыс шешім қабылдағандықтан, оқу жылын аяқтауды қайтадан 25 мамырға ауыстыруды ұсынды. Ал оқу жылы 34 аптадан 36 аптаға 2025 жылдан кейін ғана ұзарады.
Мектептің басты міндеті – тәрбие
Бұдан кейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім саласына қатысты ауқымды баяндама жасады. Оның айтуынша, «Педагог мәртебесі туралы» Заңға сәйкес, педагогтердің еңбек жағдайлары жақсартып келеді.
– Педагог кәсіби стандарты педагогтің үздіксіз кәсіби дамуына ықпал етеді. Еліміздің 620 педагогі 2012 жылдан бастап үздік педагог республикалық байқауының жеңімпазы атанды және оның нәтижесі бойынша 1 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы алды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдың бірінші қаңтарынан бастап мектеп педагогтерінің жалақысы тағы да 25 пайызға өсті. Бүгінгі таңда 217 мың мұғалім жаңа жүйемен аттестаттау қорытындысы бойынша негізгі жалақыға қосымша ақы алып отыр. Енді мұғалімнің қызметі туралы барлық ақпарат оның жеке кабинетінде жинақталатын болады. Сонымен қатар жаңа оқу жылынан бастап педагогика және оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталынады. Мұғалім тек өзі сабақ беретін пәні бойынша ғана тестілеуден өтеді. Болашақта педагог-зерттеуші мен шебердің біліктілік санатын беру тәртібі де қайта пысықталады. Күні кеше отандық білім беру саласына зор еңбек сіңірген беделді азаматтардың басы қосылып, министрлік жанынан республикалық ардагерлер кеңесін құрдық. Мұндай кеңестер әр өңірде құрылуға тиіс, – деді Оқу-ағарту министрі.
Ғ.Бейсембаев бұдан кейін балабақшалардың жайына тоқталды. Оның пікірінше, мектепке дейінгі білім беру саласындағы мемлекеттік саясат әрбір балаға мектепке дейінгі сапалы білім мен саналы тәрбие беруге бағытталған.
– 11 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйымға 1 миллионға жуық бала барады. 100 мыңға жуық педагог балабақшаларда тәрбие және оқыту мәселелерімен айналысады. Балабақшалардың кезек мәселесін шешу үшін жыл басынан бері 32 мың орындық 332 мектепке дейінгі ұйым ашылып, жыл соңына дейін тағы да 48 мың орынның енгізілуі көзделген. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша баланы кезекке қою және мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау үшін жолдама алуға мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында есепке алудың бірыңғай базасы құрылып жатыр. Өткен жылы енгізілген мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделі де оң нәтижесін бере бастады. Тәрбиешілердің қауіпсіздігі үшін мемлекеттік балабақшалардың барлығы бейнебақылаумен жабдықталған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кәсіби мамандарды тарту мақсатында биыл қыркүйек айынан бастап тәрбиешілердің жалақысы 30 пайызға артады және бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады. Балабақшаның әр тәрбиешісі өз қарауындағы баланың мектепке дайын болып баруына жауапты екенін білуі керек, – деді сала басшысы.
Министр орта білім беру мазмұнын одан әрі жетілдіру жұмыстары да жүйелі түрде жалғасып жатқанын атап өтті. Оның баяндауынша, осы жылы оқулықтардың 80 пайызы цифрлық форматқа көшіріліп, алғаш рет ауыл мектептері мен шағын жинақты мектептерді қолдау жұмыстары басталған. Жобаның мақсаты – инновациялық әдістерді пайдалана отырып, ауыл мен қала мектептерінің арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайту.
Сондай-ақ оқушылардың әлеуетін дамыту үшін өткен жылы заңнамалық деңгейде халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына және оларды даярлаған педагогтерге материалдық сыйақы төлеу нормасы да енгізілген. Мәселен, өткен оқу жылында отандық оқушылар 312 медаль жеңіп алған. 27 жеңімпаз пен 26 педагогке 500-501 мың айлық есептік көрсеткішке дейін сыйақы берілген.
Ғ.Бейсембаев әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларына ерекше назар аударылатынын айтты. Бүгінгі таңда 421 оқушыға Білім-инновация лицейінде, «Дарын» және республикалық физика-математика мектептерінде оқуға мүмкіндік берілген. «Министрлік жұмысының маңызды бағыттарының бірі –ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау. 5 760 мектепте мүмкіндігі шектеулі 50 мыңнан астам балаға инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған. Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қорымен арнайы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша меморандум жасалды. Қазіргі уақытта 31 мектеп арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілген», деді ол.
Оқу-ағарту министрі биылдан бастап мектептегі тәрбие жұмыстары қолға алынатынын атап өтті. Осыған байланысты жаңа оқу жылынан бастап білім беру ұйымдарында ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы жұмысын бастайды. Олардың басты басымдықтары – балаларды оқыту мен тәрбиелеуде отбасы мен мектептің өзара іс-қимылы бойынша жұмысты күшейту және ата-аналардың позитивті мәдениетін дамыту. Жаңа оқу жылынан бастап 2023-2025 жылдарға арналған біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырыла бастайды. Министрдің айтуынша, бұл құжат жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Балалар кітапханасы» жобасы іске асырылған. Оның шеңберінде мектеп кітапханаларының қорын отандық және әлемдік әдебиеттің үздік үлгілерімен толықтыру жоспарланған. Бұл жобаның мақсаты – балаларды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу және жалпы кітапқа деген қызығушылықты ояту. Бұқаралық спортты дамыту және саламатты өмір салты қағидаттарын қалыптастыру үшін министрлік спорттың он түрі бойынша мектеп және колледж студенттері лигаларын, сондай-ақ қысқы-жазғы гимназиядан республикалық көп деңгейлі жарыстар мен турнирлерді өткізуді қолға алған. Тоғызқұмалақ, асық ату сынды ұлттық спорт түрлерін де дамытуға ден қойылған. Биыл Ұлттық мектеп лигасы аясында 2 миллионнан астам оқушының қатысуымен 39 жарыс өткізілген.
Жайлы инфрақұрылымның маңызы
Тамыз кеңесі аясында Астана қаласында жайлы инфрақұрылымды қалыптастыру мәселесі талқыланды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында 2025 жылға дейін республика бойынша 740 мың оқушыға 369 мектеп, ал елордада 90 мың оқушыға 24 мектеп салу жоспарланған. Былтыр Астанада 1-сыныпқа барған балалардың саны 25 мың болса, мектепті бітірген балалардың саны 9 мың. Айырмашылық 16 мың баланы құрады. Яғни жыл сайын кем дегенде 10-15 мектеп салынуы керек.
– Кейінгі жылдары мектеп құрылысының қарқыны демографиялық үдерістерге, жинақталып қалған оқушы орындарының тапшылығына толық ілесе алмады. Кейінгі 10 жылдың ішінде оқушылар саны 1 миллионнан аса өсіп, қазіргі күні 3 миллионнан асып кетті. Бұл мәселелерді шешу үшін 2020 жылдан бастап мектеп құрылысына ерекше назар аударылып келеді. Кейінгі 3 жылда 340 мың орынды 626 мектеп іске қосылды. Оның ішінде Түркістан облысында – 153, Шымкент қаласында – 90, Алматы қаласында – 72, Жамбыл облысында – 62, Астана қаласында 40 мектеп салынды. Биыл білім беру инфрақұрылымының қолдау қоры есебінен 76 мың оқушыға 62 мектеп салынды. Жергілікті бюджеттер есебінен 28 мың оқушыға 53 мектептің құрылысы аяқталуға таяу. Бүгінгі таңда мемлекет пен қоғам тарапынан білім сапасына қойылатын талаптар күшейіп келеді. Оқу үдерісінің тиімділігін атқаратын жаңа технологиялар мен заманауи инфрақұрылымдық шешімдерге сұраныс көп. Бұның барлығы білім кеңістігін дамытуға кешенді көзқарасты қажет етіп отыр. Мемлекет басшысы 2022 жылғы Жолдауында әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасалуға тиіс деген болатын. Білім беру кеңістігінің қолайлы болуы білім алу үдерісінің тиімділігіне, оқушының ынтасына оң ықпал етеді. Сондықтан да заманауи білім ордасын жобалаудың маңызды аспектісі экономикалық компонент болуы қажет. Экономикалық компонент дегеніміз не? Біріншіден, бала организмінің ерекшеліктері ескерілген кеңістік пен жиһаз. Екіншіден, оқу үдерісін неғұрлым жеңілдететін инновациялық және смарт технологиялардың қолжетімді болуы. Үшіншіден, экологиялық таза және энергетикалық тиімді материалдардың қолдануы. Төртіншіден, сыртқы қатерлерден қорғайтын заманауи қауіпсіздік жүйелер кешені. Бесіншіден, балалардың түрлі ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескеретін инклюзивті орта, – деді Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.
Жайлы мектептердің басым бөлігі Астана, Алматы қалаларында, Түркістан, Алматы, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында салынады. Себебі аталған өңірлерде орын тапшылығы мәселесі өте өзекті. Ал ұлттық жоба аясындағы 369 жайлы мектептің 163-і (44 пайызы) ауылдарда, ал 206 білім ошағы, яғни 56 пайызы қалаларда салынады. «Samruk-Kazyna Constraction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетовтің айтуынша, барлық 369 мектептің сырты да, ішкі жабдықтауы да бірдей болады. Қаладағы жайлы мектептер мен ауылдағы жайлы мектептердің бір-бірінен айырмашылығы болмайды. Осылайша білім беру сапасындағы алшақтық азаяды.
Жайлы мектептердің артықшылығы – олардың заманауи технологиялармен жабықталып, оқушыларға жақсы жағдай жасалуында. Жайлы мектептер жалпы мектептерге қарағанда 15-20 пайызға кең етіп салынады. Техникалық жарықтандыру, компьютер, интерактивті тақта және басқа да құрылғылардың саны төрт есеге артық болады. Сондай-ақ кабинеттер мен спортзал да көбірек болады. Мәселен, орта мектептердің көбінде тек бір спортзал болса, жайлы мектептер 3-4 спортзалдан тұрады. Қазақтың мәдениетін дәріптеуге де көңіл бөлінеді. Мектеп аумағында ұлттық ойындарға арналған алаңқайлар жасалады. Мектеп айналасында ұзындық пен биіктікке секіру аймақтары, әмбебап спорт алаңы мен футбол алаңдары бой түзейді. Солтүстік аймақтарда хоккей корты орнатылады. Оқушыларға, ата-аналар мен қызметкерлерге мектепке келу барынша ыңғайлы болу үшін әр жайлы мектептің төрт жағынан кірме жолдар жасалады. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олардың ені алты метрден кем болмайды. Сонымен қатар таңертең балаларды әкелгенде және кешке алып кеткен кезде мектеп ауласында кептеліс болмау үшін автотұрақ салынады. Қауіпсіздік мәселесі де ерекше назарға алынған. Мектептерге бейнебақылау камералары орнатылып, кіріп-шығуды қадағалау жүйесі орнатылады.
«Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асырылуына қатысты біршама мәселе көтеріліп, сұрақтар туындаған болатын. Тамыз кеңесінде баяндама жасаған Мәулен Айманбетов алаңдауға еш негіз жоқ деп сендірді.
– Біз ақпаратты жасырып, біреудің мүддесін қорғау сияқты қоғамға жат қылықтардан аулақпыз. Керісінше, барынша ашықпыз. Сол себепті мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алғаны жайлы мектептердің жобалық құжаттамасын бүкіл қоғам болып қадағалауға шақырамын. Ел азаматтары білім ошақтары жобаларымен танысып, конституциялық ескертулер мен ұсыныстар білдіремін десе, оны қарастырамыз. Жеке өзім сіздерден түсетін барлық ұсыныс, тілекке ашықпын. Болашақта балаларымыздың, ата-аналар мен ұстаздар қауымының алдында осы мектептердің сапасы үшін ұялатындай жағдайда қалмауымыз керек, – деді М.Айманбетов.
Ұрпақ білімді болу үшін мектептің жайлылығы ғана емес мұғалімдердің біліктілігі де аса маңызды. Саланың басты мәселелерінің бірі де осы – біліктілігі жоғары педагог мамандарды даярлау. Себебі балалардың болашағы мұғалімдердің біліктілігіне тікелей байланысты. Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұловтың баяндауынша, 2027 жылы елордада мұғалімдерге деген сұраныс 3,5 мыңға дейін артады. Жалпы, республика бойынша жыл сайын педагог мамандардың тапшылығы байқалады. Бұл мәселені шешу үшін педагогикалық бағытқа арналған мемлекеттік тапсырыс ұлғайтылатын болады. Көзделген гранттар шеңберінде 2029 жылға дейін, яғни 7 жылдың ішінде 111 мыңнан астам педагог маман даярлау жоспарланып отыр. Оған қоса, елордадағы педагогикалық кадрлардың жетіспеушілігін барынша тез шешу үшін «Астана» халықаралық университетінің базасында педагогикалық колледж, педагогикалық институт кешенін дамыту қарастырылып жатыр.
– Мұғалімдерді даярлайтын жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар күшейтіледі. Жоғары оқу орындарының санын бүгінге дейін екі есе азайттық. Саны жай азайып қана қойған жоқ, білім беру қызметіне қойылатын талаптар толығымен қайта қаралып, саннан сапаға ауыстыруға бағытталған жұмыстар жүргізілді. Педагогикалық білім берудің мазмұны мен сапасын қамтамасыз етудің педагогикалық білім беруді акредитациялау стандарттарын қабылдадық. Бұл стандарт педагогикалық білім беру сапасына қойылатын нормалар мен талаптарды айқындады, – деді Талғат Ешенқұлов.
Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова білім беру қызметкерлерінің республикалық Тамыз кеңесінің қорытындысы бойынша Оқу-ағарту министрлігіне кадр тапшылығын төмендету бойынша жұмыстар жүргізуді, облыс әкімдеріне инфрақұрылымды дамытудың жол картасын әзірлеуді, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін жеке бақылауға алуды, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға қаражат бөлуді, мектептердің материалдық-техникалық базасы бойынша мәселені шешуді, ұйым басшысы етіп тиісті біліктілігі, дағдысы бар, ұжыммен және балалармен жұмыс істей алатын, даярланған мамандарды тағайындауды, тиiстi нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеп, жүйені дайындау, аймақтарда тартылған сарапшыларды оқытып, өңірлерге бағалауды жүргізу кестесiн ұсынуды, әкімдер мен облыстық білім басқармаларына мектептерді дайындап, ұлттық үйлестірушімен келісім жасап, бағалаудың жүргізілуін ұйымдастыруды тапсырды.