Ұлытау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен республикалық «Мәдениет» порталы бірлесе маусым айының басында «Ұлытау: Сөз бен сурет» атты республикалық байқау жариялаған еді. Байқауға 40 ақын мен 50 суретші қатысып, бақ сынады.
Байқауды ұйымдастырудағы мақсат – ұлт ұясы атанған Ұлытау өңіріндегі тарихи-киелі орындар мен есімдері ел арасына кең тараған тарихи тұлғаларды өлең және сурет тілімен дәріптеп, насихаттау. Сондай-ақ тамыры бір, тағдыры ұқсас сөз бен сурет өнерінің арасындағы ғажайып үндестіктің сырына ой жүгірту, оқырман мен көрерменнің талғам көкжиегін кеңейте түсуге ықпал ету.
Байқаудың қорытындысында қазылар алқасы 6 ақынның және 6 суретшінің еңбектерін лайықты санады.
Ақындар – Әскерхан Ахтай, Әсел Оспан, Дәуренбек Бұланбаев, Файзолла Төлтай, Төлеген Меллат, суретшілер – Әділғали Баяндин, Жанат Сейтхамит, Бақыт Зерде, Қарлығаш Қансейіт, Ардақ Әкімбектің әрқайсысына – 500 мың теңгеден сыйақы берілді.
«Ұлытау тауың – аңыз, тасың – абыз» өлеңі үшін ақын Ұмтыл Зарыққан, «Ұлытау. Ұлттың жаратылуы» атты туындысы үшін суретші Дәуренбек Бекназаров байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Олардың әрбіріне 1 млн теңге сыйақы берілді.
– Бұл байқау облыста республикалық деңгейде алғаш рет өткізілді. Ұлытау – сөзбен өрнектесе де, суретпен әрлесе де ешқашан таусылмайтын мәңгілік тақырып. Сондықтан байқау алдағы уақытта дәстүрге айналатын болады. Ал биылғы байқауға ұсынылған барлық сурет, картиналар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты музейдің көрме залына табыс етілді. Алдағы уақытта аталған жоба бойынша екі кітап шығаратын боламыз, – дейді Ұлытау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әнуар Омар.
Ұлытау облысы