• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Маусым, 2010

ҚҰРМЕТ ҚАҒАЗДА ЕМЕС, ХАЛЫҚ СЕНІМІНДЕ

536 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Парламент қабыл­да­ған Тұңғыш Президент, Ел Басы туралы заңнамаға өзгерістер мен то­­лық­ты­рулар енгізу жөніндегі заңдарға қол қоюдан бас тартып, Қазақстан азаматтарына, ел Парламентіне, “Нұр Отан” ХДП Саяси бюросына жолдаған арнауын кеше Сенаттың кезектен тыс жалпы отырысында палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жария етті. Арнауында Елбасы Парламент депутаттарының өзіне жіберілген заңдарға қол қоюдан бас тарту жө­нін­дегі ұстанымын дұрыс түсіну­ле­рін өтініп, “Ел Басы” мәртебесін тек заңдармен немесе өзге де құ­қықтық актілермен белгілеуге бол­майтынын білдірген еді. Пре­зи­денттің ар-намысы мен дербес құқығын, отбасын қорғау Ата Заңда, Пре­зи­дент, Тұңғыш Пре­зи­дент туралы заңдар мен заңна­ма­лық актілерде шешімін тапқан­дығын да қаперге салған болатын. Парламенттің бірауыздан ше­шім қабылдауын Мемлекет бас­шысы халықтың ыс­тық ықыласы мен қалтқысыз се­ні­мінің көрінісі деп бағалайды. Сенат Төрағасы жария еткен арнау мәтінінің әрбір сөзіне терең бойлаған сенаторлар оны аяғына дейін зейін қойып тыңдады. Соңы­нан Президент Н.Назарбаевтың Қа­зақстан Республикасының аза­мат­тарына, Қазақстан Республика­сы­ның Парламентіне, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партия­сының Саяси бюросына арнауын назарға алу туралы Сенаттың қау­лысы бірауыздан қабылданды. Біз отырыстан шыққан сена­тор­лардан арнауға қатысты пікірлерін білген едік. Палатаның Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің мүшесі Тасбай Симамбаев өз пікірін төмендегіше білдірді: Шынында да “Ел Басы” мәр­те­бесін заңдармен, заңнамалық ак­ті­лермен немесе өзге де құжаттармен    бекіту мүмкін емес. Осы тұрғыдан келгенде Қазақстан халқы, әлемдік қоғамдастық Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты онсыз да толық мәнінде Қазақстанның көшбас­шы­сы санайды. Президент өзінің арнауында депутаттарға ризашылығын білдірді. Парламент тарапынан Тұңғыш Пре­зидент, Ұлт көшбасшысы тура­лы заңнамаға өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу жөніндегі заңдар қалай болса солай қабылдай сала­тын шешім емес, ол мыңдаған, тіпті ондаған мың сайлаушылардың ұсыныс-тілектері. Бірақ Мемлекет басшысы аталған заңдарға қол қойған жоқ. Мұның өзі кісілікке лайық кішіліктің келісті көрінісі болса керек. Сондықтан Қазақстан хал­қы өз көшбасшысының қабыл­да­ған шешімін толық мәнінде тү­сі­ністікпен қабылдайды деп сенемін. Қорыта айтқанда құрмет қағазда емес, халықтың сенімінде. Палатаның Заңнама және құ­қық­тық мәселелер комитетінің хат­шысы Серік Ақылбайдың пікірі де ал­ғашқы әріптесінікімен үндес шықты. Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың Тұңғыш Пре­зи­дент, Ұлт көшбасшысы туралы заңнамаға өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу жөніндегі заңдарға қол қоймауына түсіністікпен қарау қажет. Елбасының арнауында бұл ұстаным жан-жақты және дәлелді тұрғыда айтылды, себебі көлденең тартылып, түсіндірілді. Жалпы, біздер өңірлерге барып, сайлаушылармен кездесулер өткіз­ген кезде олар заңдарды қабылдау қажет деген пікірлерін көптеп біл­діріп жатты. Өйткені, қазақ та­рихында ірі тұлғаларын халық ар­дақ тұтып, оларға қосымша атақтар берген. Әсіресе, бұл атақтар елін ер­лікпен қорғаған ерлерге, би-шешендерге беріліп отырған. Айта кететін болсақ, Тәуке ханға халық “әз” деген атауды қосу арқылы оның кемеңгер көшбасшы екен­дігін көрсеткен. Сол сияқты Ең­сегей бойлы Ер Есім деп жатады. Осылайша көсемдерін ерекше құр­меттегеннің белгісі жатыр мұнда. Мұндай атақ беру тек біздің мемлекетімізде ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде бар. Мәселен, Мұстафа Кемалға халық “Түрік­тер­дің атасы” – Ататүрік деген атақ берген. Сол сияқты Қазақстан бас­шысының “Ел Басы” деген атаққа ұсынылуын депутаттардың ғана емес, халықтың да пайымы деп тү­сінген жөн. Әрине, халық арасында Елбасы деген ұғым сіңісті болып қалыптасып қалды. Президенттің шынында да Елдің басшысы екенін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ, елдің аузында жүрген сөз. Бұдан халықтың Тұңғыш Президентке деген сүйіспеншілігі мен үлкен құрметін де көреміз. Біз соны заңдастырған дұрыс деп шешкен едік. Жақында Қазақстанда болып қайтқан Түркия Президенті Абдул­ла Гүл Нұрсұлтан Әбішұлын “Түркі әлемінің көшбасшысы” деп атауы­ның өзінде үлкен құрмет жатыр. Сондықтан біздің шешімімізді де халық түсінеді ғой деп ойлаймын. Бұл қадам Елбасының өкілеттігін күшейту арқылы ел әлеуетін арт­тыру ниетімен жасалған болатын. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.