• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Ұлттық спорт 30 Тамыз, 2023

Ұлттық спорт және мемлекеттік мүдде

290 рет
көрсетілді

Ұлттық спортты дамытуға Үкіметпен қатар белсенді азаматтар, төл өнердің жанашырлары ниетті екенін білеміз. Бұл ретте қазақ күресінен халықаралық деңгейде ұйымдастырылған балуандар бәсекесін талай мәрте тамашалап, мәре-сәре болдық.

Осындайда сайын даланың төсінде еркін ойқастап, жүйрік жаратқан, көкпар тартып, теңге ілген, бәйгеге түсіп, ат үстінде аударыспақтан күш сынасқан қазақ ұлдарының ойынын қайта жаңғыртуға не кедергі деп толғанасың. Кеше Ұлттық спорт қауымдастығы мен БАҚ басшылары бас қосып, осы тақырыпты тереңнен қаузады, орамды ой айтты.

Басқосуда Ұлттық спорт қауымдасты­ғының президенті Исламбек Салжанов қауымдастықтың жыл ішінде үйлесімді іске асырған жұмыстарын түгендеп, саладағы өзекті мәселелер мен кедергілерді де жіпке тізгендей баяндады. Жаңа басшылықтың ұлттық ойындарды жаңаша бағытта дамытуға ден қойып отырғаны бірден байқалды. Мысалы, жыл ішінде Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына енген 9 федерацияның жетеуінің басшысы жаңадан сайланған. Әрі олардың барлығы дерлік түрлі салада істің көзін таба білген кәсіпкерлер екен.

Суретті түсірген – Игорь Бургандинов

– Бүгін біз ұлттық спортқа қатысты мәселелерді ортаға салсақ, пікірлессек, кеңессек деп ниеттендік. Себебі баршаңыз білесіздер, ұлттық спорттың артында ұлттың тарихы, дәстүрі, рухы тұр. Бізге дейін қауымдастықтың құрамында 6 федерация болған. Қазір 9-ға жетті: «Көкпар», «Бәйге», «Жамбы ату», «Аударыспақ», «Теңге ілу», «Құсбегілік», «Дәстүрді садақ ату», «Тоғызқұмалақ», «Асық ату». Ұлттық спортты насихаттау, дамыту бағытындағы жұмыстар үзілген жоқ. Кешегі сайланған федерация прези­денттері – тәуелсіздік жылдарында белгілі бір жетістікке жеткен, өздерін ұлт жанашыры ретінде танытқан азаматтар. Олар білімі, тәжірибесін және маңдай терімен тапқан қаражатын ұлттық спортты дамытуға жұмсап отыр. Қолдан келгенше федерцияны дамытуға үлес қосып келеді, деді И.Салжанов.

Осы орайда Ұлттық спорт қауымдас­тығының президенті 9 федерация өз алдына бөлек ұйымдастырған айтулы аламандар жайында тарқатып айтып берді. Соның ішінде қауымдастық спортшылары 12 халықаралық жарыста 39 алтын, 27 күміс, 29 қола медаль жеңіп алғанын айрықша айтуға болады.

Ұлттық спорт түрлері қауымдасты­ғының құрамындағы 9 федерацияда республика бойынша 7 500-ге жуық жаттықтырушы бар. Яғни олар елдегі 15 639 ұлттық спорт секциясында жұмыс істейді. Нәтиже тәп-тәуір. Дегенмен ұлттық спорттың дамуына кесе-көлденең тұрған кедергілер де бар. Айтар болсақ, спорт жанашырларын ең бірінші кезекте инфрақұрылымның жайы алаңдатады. Иә, қазір қауымдастық құрамына кіретін 9 спорттың алтауы атпен тікелей байланыс­ты болып тұр. Спорттың осы түрлерінен жарыстар жазда көгалда өтсе, қыста өткізу үшін елде халықаралық стандарттарға сай жабықталған бірде-бір нысан жоқ. Елде 40-қа жуық ипподром болғанымен, өкінішке қарай, олар да халықаралық жарыстар өткізуге жарамайды. Салдарынан қауымдастық жүзден жүйріктер бақ сынайтын ұшқыр бәйгеден де халықаралық жарыс өткізе алмай отыр. Сосын, маман даярлауға, халықаралық жарыстар өткізуге мықтап ден қою қажет. Бұған тағы қаржы керек. Абырой болғанда Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының басшылығы елдігі ЖОО-мен берік байланыс орнатып, маман даярлау бойынша оқу бағдарламасын әзірлеуге кірісіп кеткен.

Дөңгелек үстелде И.Салжанов халық­аралық жарыстарда топ жарып, үздіктерді қапы қалдырып жүрген шабандоз Бауыр­жан Мырзабаев жөнінде тебірене, мейірлене әңгімеледі. Бауыржанды елде екінің-бірі тани қоймас. Ол – Алматының тумасы. Бала жастан аттың құлағында ойнап өскен. Чехияда қорада қара жұмысқа жегіліп жүргеніне қарамай, жүйрік жаратып, Чехияның үш дүркін жеңімпазы болған. Кейін Германияда 111 бәйгені ұтып, рекорд орнатқан. Мұнымен тоқтамай, Жапония халқын да тәнті еткен. Орайлы сәтте И.Салжанов журналистерді халықаралық медиада есімі жиі айтылатын Бауыржан Мырзабаевтың көркем фильм түсіруге бергісіз өмірін елге танытуға шақырды.

Осыдан соң Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай, Ұлттық медиа қауымдастығының төрағасы Кемелбек Ойшыбаев, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы, «Хабар» агенттігі акционерлік қоғамының бас директоры Берік Уәли, Túrkistan халықаралық саяси апталығының бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы және басқа да ақпарат құралдарының басшылары ұсыныс-пікірін айтты. Оның ішінде ұлттық спортқа ғылыми негіз беруге, маман даярлауға, тіпті әр ақпарат құралы бір спортты кемеліне жеткізіп насихаттау туралы да ұсыныс айтылды. Соңыра телеарна, баспасөз, сайт басшылары ұлттық спортты танытуға негізделген тың идеяларын, бағдарламаларын ұсынды.

Қазір қауымдастық өкілдері көшпен­ділер ойынына дайындықты бастап кеткен. Есте болса, IV Дүниежүзілік көш­пелілер ойыны былтыр Түркияда өткен еді. Енді келер жылы дуы басым додада бақ сынайтын жаһан спортшылары бізге келеді. Осы жарыстың абыройлы өтуін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та назарға алған. Көшпелілер ойыны бірінші рет ұйымдастырылғанда, жарысқа қатысуға 19 мемлекеттен 583 спортшы ниет білдірсе, былтыр Түркияда өткен ойын­да 102 елден 3 мыңнан аса спортшы бақ сынаған. Келер жылы, яғни елде өтетін жарысқа да 3 мыңнан аса спортшы және 15 мыңнан аса турист келеді деген жоспар да бар екен.

Кездесу барысында Ұлттық спорт қауымдастығы V Дүниежүзілік Көш­пелі­лер ойындары қарсаңында, яғни 1 қыр­­­күйектен «Alaman» медиа байқауын жа­­рияланатынын хабарлады. Бұл қадам – ұлттық спорт түрлерін кеңінен на­сихаттауға жол ашады деп түйдік. Бай­қауға материалдар қыр­күйектен бастап келер жылы 1 наурызға дейін қабылданады. Байқауға қаламы ұшқыр ел журналистері, авторлар және шетелдік БАҚ-тан да тілшілер қатысып, үздік бағдарлама, үздік аналитикалық материал, үздік танымдық материал, үздік сұхбат, үздік фотосурет, шетелдік БАҚ-та жарияланған үздік материал, әлеуметтік желідегі үздік материал аталымдары бойынша жүзден жүйріктер анықталмақ. Әр аталым бойынша жеңімпаздар 1 млн теңгеден алса, қалған жүлдегерлерде сәйке­сінше қомақты қаржылай сый­ақымен марапатталады.