«Қазгидромет» алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Синоптиктердің айтуынша, еліміздің басым бөлігінде жаңбыр әлі де сақталады. Алдағы үш күнде өңірлерде найзағай ойнап, қатты жел тұрады, жаңбыр жауады. Сондай-ақ бұршақ жаууы да мүмкін.
Елдің солтүстік-батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында қатты жаңбыр жауып, ауа температурасы төмендейді. Әсіресе солтүстік өңірлерде күн суытады. Түнгі уақытта ауа температурасы 5-10 градус болса, күндіз 10-18 градус болады деп күтіледі.
Тек Қазақстанның батысында, жоғары атмосфералық қысым өрісінің әсерінен ауа райы жауын-шашынсыз болады. Күндіз ауа температурасы 25-30 градусқа дейін жоғарылайды.