• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Үкімет 01 Қыркүйек, 2023

Үкімет: ел алдындағы міндеттің жауапты кезеңі

215 рет
көрсетілді

Премьер-министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының Жолдаулары қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы Мәжілістегі «Amanat» фракциясының кеңейтілген отырысында баяндады.

Алдымен Мәжіліс Спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов фракцияның кеңейтілген отыры­сын ашып, былтырғы референдумда халық Мемлекет басшысының саяси реформаларын толық қолдағанын және жаңарған Ата Заң ауқымды өзгерістердің бастауы болғанын атап өтті. Сондай-ақ ол Президент әр Жолдауында елімізде әділдік пен демократия принциптерін орнықтыру және нығайту жолында жүйелі түрде, кезең-кезеңімен жағдай жасап келе жатқанын айтты.

«Мемлекет басшысының бастамасымен биыл алғаш рет басым дауысқа ие болған партия Премьер-министрдің кандидатурасын ұсынды. Бүгін жаңа саяси маусымның қарсаңында біз тағы бір дәстүрді бастағалы отырмыз. Алғаш рет фракция отырысында Президенттің Жолдауларының орындалуы жөнінде Премьер-ми­нистр­дің ақпаратын тыңдай­мыз. Сон­дық­­тан басым дауысқа ие болған пар­тия ретінде фракция отырысына Үкі­мет басшысын арнайы шақырып отырмыз», деді Е.Қошанов.

Өз кезегінде Премьер-министр Ә.Смайылов Президент жүктеген мін­деттерді орындау бойынша Үкімет­тің атқарған жұмысын баяндады. Ол экономиканы дамыту, кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығы мен өндірісті қолдау, азаматтардың табысын арттыру, әлеуметтік саясатты жақсарту, жұ­мыс­пен қамту, өңірлердің инфрақұры­лымдық дамуы мәселелерін шешу және жұмыс барысындағы өзге де маңызды бағыттарға егжей-тегжейлі тоқталды.

Оның айтуынша, жұмыс істеп тұр­­ған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны кейінгі бір жылда 27%-ға өсіп, 1,8 млн-нан асты. Осы секторда жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны бір жылда 18%-ға артып, 4,1 млн адамға жетті.

«Жалпы, бизнесте әкімшілік жүкте­мені азайту бойынша оң өзгерістер байқалып жатыр. «Таза парақтан реттеу» қағидаты сәтті енгізіліп келеді. Жаңа реттеуші саясаттың шарттарына сәйкес келмейтін 10 мыңнан аса талап анықталды. Қазірдің өзінде оның 9 мыңы заң аясында алынып тасталды», деді ол.

Бұған қоса Үкімет басшысы ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатқаны туралы айтты. Саланы субси­дия­лау көлемі 430 млрд теңгеге дейін өсті. Президент тапсырмасы бойынша кейінгі екі жылда пайдаланылмай жатқан және жекеменшікке заңсыз берілген 8 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды.

«Ауыл аманаты» арнайы бағдарла­масы бойынша ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыс басталды. Осы мақсаттарға 1 трлн теңге, оның ішінде биыл 100 млрд теңге бағытталады. Бүгінде 29 млрд теңге сомасында 5,3 мың шағын не­сие берілді. Нәтижесінде, 4,5 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылды», деді Ә.Смайылов.

Сонымен қатар жаңадан қабылданған Әлеуметтік кодекстің әсері туралы сөз болды.

«Кодекс азаматтарды туғаннан бас­тап егде жасқа жеткенге дейін әлеумет­тік қолдауды көздейді. Балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдау үшін бала күтімі кезеңі 1,5 жасқа дейін ұл­ғайтылды. Көпбалалы аналарға бері­летін жәрдемақы артты. Бүгінде бұл жәрдемақыны 750 мыңнан аса ана ала­ды. 1 қыркүйектен бастап жалпы білім беретін мектептердің 1-4-сынып оқушылары тегін тамақтандырылады. Сондай-ақ биыл әлеуметтік жағдайы осал отбасылардан шыққан 97 мың баланың балабақшаларда тегін тамақ­тану мәселесі шешілді. Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша мүге­де­к­тігі бар және асыраушысынан айырылған адамдарға берілетін әлеуметтік жәрдемақы 23%-ға артты», деді Үкімет басшысы.

Бұл ретте жыл сайын мұғалімдердің жалақысы 25%-ға, дәрігерлердің жала­қысы 30%-ға, орта медициналық персо­налдың және басқа санаттағы жұмыс­керлердің жалақысы 20%-ға артып келеді. Ертеңнен бастап 380 мыңнан аса студенттің стипендиясы өседі.

Ә.Смайылов Президент Жолдаулары халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысының алдыңғы Жолдауларда берген тапсырмалары жалпы орындалды деп айтуға болады. Жүйелі және ұзақмерзімді тапсырмалар­ды іске асыру жалғасып жатыр. Жалпы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағыт­талған ауқымды, жүйелі жұмыс атқары­лып келеді. Үкімет Парламентпен бірле­сіп, алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру жұмысын жалғастырады», деді ол.

Мәжіліс Спикері Парламенттегі жаңа сессиясының ашылуы қарсаңында осындай жиын өткізудің өте орынды екенін атап өтті.

«Қазіргі уақытта Үкіметтің барын­ша жұмыс істеп жатқанын көріп отыр­мыз. Ең бастысы, Президент жүкте­ген міндеттер орындалып жатыр. Азамат­тардың әлеуметтік мәселелерін шешу бойынша оң қарқын байқалуда. Фракция депутаттары Үкіметпен бірге Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жолында осы қарқынды сақтап қалуы қажет», деп қорытындылады Е.Қошанов.