Тәуелсіздігін алғаннан кейін елімізге Кеңес үкіметінен атом бомбасының мол «мұрасы» қалды. Тоғызыншы территорияның қай бағытта дамитыны, қандай жолды таңдайтыны да «төртінші арсеналды» қалай пайдаланатымызға тікелей байланысты еді. Еліміз бейбіт жолды таңдады, сонымен бірге әлемге қауіпсіздік пен тұрақтылықты дамыту жолында үлгі көрсетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ІІ Еуразиялық экономикалық форумда сөйлеген сөзінде: «Әлемдік саясат тарихында ерекше прецедент немесе құбылыс пайда болды – саяси, құқықтық, әскери, экономикалық, валюталық, мәдени, гуманитарлық кеңістіктері ортақ, одақтас үкіметі мен парламенті бар «екі ел, бір мемлекет» формуласы бойынша мемлекет құрылды. Тіпті қазір ядролық қару да екеуіне ортақ. Сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан және Армения қатысқан интеграцияның тағы бір деңгейі бар. Біз бұл шындықпен санасуымыз керек. Мұндай жағдайда қалай жұмыс істейміз? Бұл – концептуалды мәселе», деді.
Мәскеудің қақ төрінде марқасқа саясаткерлер жиналған жиында осылай деген Президенттің сөзін әлемдік сарапшылар жоғары бағалады. Сынағандар да табылды. Тіпті осындай одаққа қосылуға ұсыныс білдіргендер де бар. Кейіннен Солтүстік Қазақстан облысына барған сапарында Қ.Тоқаев мәселеге нүкте қойды. «Ядролық қаруға келетін болсақ, бізге бұл қару қажет емес. Себебі біз Ядролық қаруды таратпау туралы және Ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы шарттарға қосылдық. Біз осы халықаралық құжаттар аясындағы міндеттемелерге адал болып қала береміз», деді Мемлекет басшысы.
Тоғызыншы территорияның атом бомбасына үзілді-кесілді қарсылық білдіруінің өзіндік себебі бар. Себебі Ұлы дала жаппай қырып-жою қаруының зардабын аз тартқан жоқ. Өздеріңізге мәлім, америкалықтар Хиросима мен Нагасакиге бомба тастағаннан кейін шартараптағы екі алып держава – АҚШ пен КСРО ядролық қаруды игеруге белсене кірісті. Кеңес үкіметі осы бағыттағы жұмысты жеделдету үшін 1947 жылы Семейде полигон ашу туралы шешім қабылдады. Осылайша, 1949 жылғы 29 тамызда Қазақ даласында алғашқы атом бомбасы сынақтан өтті.
Ұлы даланың ғасырларға созылатын ядролық сынаққа қатысты қайғы-қасіреті осылай басталған еді. Жарты ғасырға жуық уақыт ішінде Семей полигонында 468 ядролық қару жарылды. Салыстыру үшін бір ғана дерек келтірейік. Елімізде сыналған атом бомбалары – бүкіл КСРО-да жасалған сынақтардың үштен бірі. Осының өзі Семейдегі полигонда жарылған ядролық қару қуатының қасіретін анық аңғартады.
Кеңес өкіметі келмеске кеткен соң, 1991 жылғы 28 тамызда Қазақ елі үшін аса маңызды құжат – Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойылды. Ғасырдың зұлмат қаруына қарсы күрес мұнымен тоқтап қалған жоқ. Еліміз халықаралық аренада атом бомбасына байланысты өз ұстанымын нақты білдіріп, шартарапты одан бас тартуға шақырып келеді. Сондықтан болар бүгінде дөңгеленген дүние Қазақ елін ядролық қарумен күрестің көшбасшысы санайды.
Тағы бір айта кетерлігі, Біріккен Ұлттар Ұйымы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде жариялады. Аталған бастаманы Қазақстан тарапы ұсынған болатын. БҰҰ Бас Ассамблеясы оны бірауыздан қабылдады. Осылайша, Семей топырағында атом бомбасы жарылғаннан 60 жыл өткен соң адамзат үшін маңызды қарарға қол қойылды.
Қазақстанға мұраға қалған мол арсенал «қырғи-қабақ соғыс» кезіндегі КСРО-ның басты бәсекелесі АҚШ-ты бейжай қалдырған жоқ. Тіпті батыстың басқа елдері де Ұлы далаға алаңдаушылық білдірді. Халықаралық қоғамдастық та одақ тарқағаннан кейін жаңадан тәуелсіздігін алған елдерге күмәнмен қараған-ды. Қазақстанның оқтұмсықтары Батыстың беткеұстар дипломаттарының ұйқысын қашырды десек қателеспейміз. Егемендік алғаннан кейінгі жылдары екіжақты келісімді сылтауратып шетелдік шенеуніктер бірінен соң бірі елімізге жиі келетін. Тарихи жылнамаларға көз жүгіртсек, әңгіме арасында еліміздің ядролық қаруы сөз болғанын аңғарамыз.
Мәселен, 1991 жылғы 31 тамызда Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі, қайсарлығымен танылған Маргарет Тэтчер Алматыға ат арылтып жеткен-ді. «Темір леди» сол кездегі Мемлекет басшысымен әңгіме кезінде «Қазақстан ядролық қаруын не істейді?» деп сұрақты төтесінен қойыпты. Бұл Тэтчерді ғана емес, бүкіл батысты алаңдатқан сұрақ екенін айтпаса да түсінікті.
Кейінірек 1991 жылғы 17 желтоқсанда АҚШ-тың сол кездегі мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер елімізге келді. Осы сапарды жан-жақты жазған америкалық басылымдар Қазақстанның қауіпсіздік кепілдігі берілмейінше ядролық қарудан бас тартпайтынын хабарлады. Кейінірек дипломаттарымыздың белсенді жұмысының арқасында оң нәтижеге қол жетті. Осылайша, әлем тарихында тұңғыш рет сыртқы саяси диалогте ядролық қаруға ие болу емес, керісінше одан бас тарту маңызды тетікке айналды.
Қазақстанның ядролық арсеналы Батыс елдерін ғана қызықтырып қойған жоқ. Араб әлемі де оқтұмсықтарды сатып алуға ниетін білдіріпті. 1992 жылы сол кездегі Ливия басшысы Муаммар Каддафи Қазақстанның атом бомбасын сақтап қалуы үшін миллиардтаған доллар қаржылай көмек беруге әзір екенін жеткізген. Тәуелсіздігін енді алған мемлекет үшін бұл – арбайтын ұсыныс. Бірақ еліміз мұндай жомарт ұсыныстан бас тартты.
Қиын жолдан өткен еліміз халықаралық аренада бейбітсүйгіш мемлекет екенін паш етуден жалыққан емес. Осыған байланысты түрлі деңгейде іс-шаралар өткізіп келеді. Мысалы, таяуда Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні аясында «Ядролық қарудың гуманитарлық салдары және Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ» тақырыбында өңірлік конференция өтті. Жиында Қазақстан Сыртқы істер министрлігі, «Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығы», Халықаралық Қызыл Крест Комитеті, «Ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық науқаны» (ICAN) және Sokka Gakkai International үкіметтік емес ұйымдары ұйымдастырды. Конференцияға Орталық Азия мемлекеттерінің дипломаттары мен үкіметтік сарапшылары қатысты.
Конференция барысында Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров құттықтау сөз сөйлеп, ядролық сынақтарға жаһандық тыйым салуды сақтаудың маңызын атап өтті. Атом бомбасынан азат әлем құру жолындағы ұжымдық күш-жігердің негізгі элементі ретінде осы саладағы жұмысқа ерекше екпін берді.
Қазақстан дипломаты Астанадағы іс-шара ядролық сынақтардан және ядролық қарудан азат әлемді құру бойынша бірқатар жаһандық іс-шаралар кешенінің бөлігі екенін жеткізді. БҰҰ Бас Ассамблеясы Ұйымның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде дәстүрлі отырысты өткізіп, бұл күнді атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан мен Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт ұйымының бірлескен мәлімдемесі жарияланды. Құжатта әлем елдерін осы бағытта жұмысты жалғастыруға шақырылған.
Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймаққа арналған панельдік сессия кезінде Ядролық сынақтар мен қоршаған ортаны оңалту құрбандарына көмек көрсету жөніндегі Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың (ЯҚТСШ) жұмыс тобы шеңберіндегі Қазақстанның қызметі баяндалды. Сондай-ақ осы мәселе бойынша Халықаралық траст қорын құру жөнінде еліміз бастама көтерді.
Конференцияға қатысушылар ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы негізгі халықаралық құқықтық құжаттардың, оның ішінде Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт, Ядролық қаруды таратпау туралы шарт, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарт жөнінде пікір алмасты.