Алматының Алатау ауданында балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында инновациялық орталық ашылды. Қарқынды дамып келе жатқан ауданда биыл 1-сыныпқа баратын балалардың саны 6 мыңнан асса, қаладағы 302 мыңнан астам оқушының 55 мыңы осы ауданда тұрады.
Мемлекет басшысының 100 заманауи оқушылар сарайын салу бағдарламасын жүзеге асыру аясында бой көтерген орталықта 33 үйірме жұмыс істейді.
Қала әкімі Ерболат Досаев жаңа орталық аудан мектептері мен балабақшаларға жақын маңнан ашылғанын жеткізіп, ең жоғары стандарттар бойынша білім беру технологияларымен жабдықталғандығын атап өтті. Орталықтың ашылуымен Алатау ауданында оқушылар мен ата-аналарға ыңғайлы білім беру кластері құрылып отыр. Арнайы бағдарламалармен қамтылған секциялар балаларға мектепте алған білімін тереңдетуге және кеңейтуге мүмкіндік береді.
Шығармашылық орталықта тігін шеберханасы, аспаздық студиясы, спорт залдары, актерлік шеберхана, музыкалық және дыбыс жазу студиясы, қысқы бақта орналасқан арт-студия бар. Мұндағы коворкинг аймағы, балалардың көңілін көтеруге арналған интерактивті проекциялық зал және оқушыларға арналған демалыс аймағы, ашық терраса да балалардың көңілінен шықты.
Орталықта сонымен бірге модельдеу, VR сыныптары, авиамодельдеу, өнеркәсіптік дизайн сияқты секциялар жұмыс істейді. Балаларға кәсіптік бағдар беруге бағытталған студиялар колледждермен және жоғары оқу орындарымен де тығыз байланысты жұмыс істейді. Мысалы, аспаздық студиясы Сервистік қызмет көрсету колледжімен, ал физика және химия зертханалары қаладағы жоғары оқу орындарымен балаларды тартымды бағдарламаларымен қызықтыратын болады. Осы орайда қала әкімі WorldSkills форматындағы чемпионаттарға қатысатын тәжірибелі тәлімгерлер мен бейінді жоғары оқу орындары мен колледж студенттері шығармашылық орталыққа келетін балалармен ынтымақтастықты дамытуға белсене қатысуы қажет деді.
Орталықта ерекше қажеттіліктері бар балаларды да секцияларға тарту мүмкіндігі қарастырылған. Мысалы, моториканы дамытуға бағытталған секциялар, виртуалды кабинет бағдарламалары инклюзивті бағытта іске асады. Мұнда логопед, дефектолог, психолог мамандар үшін арнайы залдар мен коррекциялық кабинеттер бар.
АЛМАТЫ