Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларды орындау шеңберінде Білім басқармасының қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы жанынан мектепке дейінгі ресурстық орталық құрылған болатын. Орталық мамандары балабақша тәрбиешілерін әдістемелік тұрғыдан сүйемелдей отырып, бүгінгі таңда бала тәрбиесіне қатысты туындаған көкейкесті мәселелерге орай кеңес беретін болады.
Бүгінде қаладағы 919 мектепке дейінгі тәрбие ұйымдарында 79 600 бала білім алып жатыр. Олардың 194-і мемлекеттік болса, 725-і жекеменшік балабақшалар санатында.
Алматы қалалық білім басқармасының дерегіне сүйенсек, шаһарда балабақша кезегіндегі 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар саны 18 118-ге тең. Осы мәселені шешу үшін жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылып, 6 255 орындық 80-ге жуық балабақша ашу жоспарланып отыр. Оның 75-і жекеменшік балабақша болса, қабылданатын балалар саны 5 395-ті құрайды. Ал 4 мемлекеттік балабақшаға 860 баланы орналастыру көзделген. Бүгінде қала бойынша 2 630 орынға арналған 47 балабақша ашылған, оның 1-і 300 орынға арналған мемлекеттік, ал 46-сы жекеменшік балабақша тізіміне кіреді.
Сонымен қатар биыл жекеменшік балабақшаларға жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік тапсырыс бойынша 5 мың орынға қаржы бөлінген. Жекеменшік балабақшаларда мемлекеттік тапсырыс бойынша 3 801 бала қамтылса, мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес 635 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымда 40 995 баланы қамтып отыр.
Осы шаралардың нәтижесінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамту 93,5 пайызды құрап, жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізу көзделген. Жаңа оқу жылынан бастап мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда халықтың әлеуметтік осал топтарының отбасыларынан шыққан 5 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтамасыз етілетін болады. Қаладағы орын тапшылығын шешу үшін әкімдік ірі құрылыс компанияларымен әлеуметтік әріптестікті дамытып, келер жылға қарай 2100 балаға арналған 11 балабақша ашу жоспарланған.
АЛМАТЫ