Мемлекет басшысының кезекті Жолдауында еліміздің алдағы уақытта атқарылатын стратегиялық даму бағытына айрықша маңыз берілді. Мұндағы басты мақсат – ел экономикасының өркендеуіне серпін беретін өңдеу өнеркәсібінің қарқынды дамуы, сондай-ақ инклюзивтілік және прагматизм қағидаттарына негізделген жаңа экономикалық модель құру. Бұл құжат ең әуелі Қазақстан азаматтарының өмірін, әлеуметтік жағдайын жақсартуға басымдық беруімен құнды.
Бұл ретте ел Президентінің агроөнеркәсіптік кешендегі нақты серпілісті жүзеге асыру үшін Еуразия аумағының жетекші аграрлық орталықтарының бірі ретіндегі бағыт-бағдарын нығайтуға назар аударуы бекер емес. Осыған байланысты агрономияны дамытуға және оның ауыл шаруашылығындағы рөлін күшейтуге күш-жігерді жұмылдыру, осы саладағы барлық ғылыми жетістікті пайдалана отырып, жоғары өңделген өнімге және инновациялық шешімдерге көшу қажеттігі туралы айтқан тұжырымдары көкейге қонады.
Энергетикалық қауіпсіздік, жылу және сумен жабдықтау, елді мекендерді жаппай газдандыру мәселелері егжей-тегжей талданды. Өздеріңіз білетіндей, еліміздің бас қаласына газ жеткізу ісі – әлі күнге дейін күн тәртібінен түсе қоймаған басты мәселенің бірі. Сондықтан табиғи газдың ресурстық базасын барынша кеңейту басым міндет болып қала беретіні, бұл тұрғыда жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысын жеделдету және қолданыстағы қуаттарды барынша пайдалану қажеттігі алға тартылды.
Күн тәртібінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму бағытына әсері мол делінетін тағы бір өзекті мәселе тұр. Бұл – атом электр стансасын салуға байланысты жалпыұлттық референдум өтетіндігі. Мұның өзі азаматтарға елдің болашағына қатысты маңызды мәселе бойынша шешім қабылдауына, референдумға белсенді қатысуына мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы су ресурстарының қоры еліміз үшін мұнай, газ немесе басқа да металдардан мән-маңызы кем болмайтынын атап өтті. Сондықтан Президент су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту үшін мұнымен дербес ведомство айналысуға тиіс деп санайды. Осыған байланысты Су және ирригация министрлігі құрылады дегенді айтты. Сондай-ақ өңірлерде су тұтыну мәдениетінің жоққа тән екенін атап өтті.
Жолдауда Қазақстан үшін көлік-логистикалық әлеуетті дамытудың стратегиялық маңыздылығына айрықша мән берілді. Бүгінде Қытай, Еуропа, Ресей және Орталық Азия арасындағы сауда-саттық қарым-қатынасының қарқынды дамуына байланысты әлем жаңа экономикалық ортаның қалыптасуын бастан кешіп жатқаны атап өтілді. Қазақстан осы сауда жолдарының қиылысында орналасқан, ал бұл ел дамуына алдағы уақытта кең серпін беретін үлкен мүмкіндік екені түсінікті. Бұл ретте Президент көлік-логистика саласын жақсарту елдің экономикалық дамуының қозғаушы күштерінің бірі болуға тиіс екендігіне сенім білдірді. Әрі бұл үшін Көлік министрлігін қалпына келтіру керек деген ұсынысын жеткізді және оған көлік саласын басқарумен ғана шектелмей, жол инфрақұрылымын салумен айналысуды да тапсырды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде инновацияларды цифрландыру мен енгізудің маңыздылығын атап өтті. Елді IT мемлекетке айналдыруға деген ұмтылыс мемлекетіміз бен қоғамымыздың дамуындағы басым бағыт болып саналады. Электронды үкімет пен финтехтің даму индекстері бойынша әлемдегі көшбасшылық, сондай-ақ отандық IT-қызметтер экспортының айтарлықтай өсуі сияқты табысты жетістіктер атап өтілетін болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект технологияларын және осы салаға инвестицияларды тартудың маңыздылығына тоқталды. Ол әлемде жасанды интеллектіні дамытуға және қолдануға инвестициялардың едәуір өсуі күтілетінін және осы саланың сәтті дамуы елдің экономикалық өсуіне айтарлықтай ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті.
Президент ғылым мен инновацияға негізделген экономиканың дамуына ықпал ететін ғылым және технологиялық саясат туралы заңды әзірлеудің маңыздылығына назар аударды. Ол инновациялық инфрақұрылымды құру бойынша жеке бастамаларды қолдаудың пәрменді шараларының қажеттігін айтты. Экономиканың сапалы өсуі өндірістегі бәсекеге қабілеттілікті, адами капиталды, технологиялық жаңғыртуды арттыруға негізделуге тиістігі ескертілді.
Мемлекет басшысы медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру және ақпараттық технологияларды қамтитын креативті индустрияны дамытудың маңызына айрықша мән беріп өтті. Ол қазіргі таңда азаматтардың шығармашылық әлеуеті мен зияткерлік капиталына негізделген креативті өндіріс экономиканы дамытуда және жұмыс орындарын құруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ еліміздің барлық өңіріндегі талантты адамдар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету үшін әрбір облыс орталығы мен ірі қалаларда креативті индустрия орталықтарын құру қажеттігі туралы айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экономикалық даму стратегиясы азаматтарымызға, олардың мүдделері мен қажеттіліктеріне негізделетінін ілтипатпен еске салды. Ол, ең алдымен, балаларға қарсы зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін қатаң жазалау шараларына бағытталған болуы керек. Президент балаларға арналған жол саласының, ғимараттардың, киім-кешек пен тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне баса назар аударды. Білімге қол жеткізудегі теңдікті қамтамасыз ету үшін интернет жылдамдығын арттыру және цифрлық білім беру ресурстарына тегін қол жеткізуді қамтамасыз ету қажеттігі назардан тыс қалған жоқ. Елдің шалғай аудандарында мобильді интернеттің жылдамдығы шамалы екені баршаға мәлім. Ұлттық экономиканың кейбір салаларында, әсіресе техника мен өндіріс саласында мамандардың жетіспеушілігі қатты байқалады. Бұл ретте Мемлекет басшысының нақты және техникалық ғылымдар үшін жоғары оқу орындарына түсу үшін гранттарды ұлғайту қажеттігіне айрықша мән беріп келе жатқаны аян. Ал бұл Жолдауда Президент бес жасқа толған балаларды қамтитын «Келешек» атты қаражат жинаудың бірыңғай ерікті жүйесін енгізуді тапсырды. Бұл – бағдарлама келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін жасалған зор мүмкіндік.
Жолдаудың маған айрықша әсер еткен тағы бір тұсы – Президенттің ұзақ уақыт бойы зиянды жағдайда жұмыс істеген адамдарды әлеуметтік қолдау тетігін әзірлеу туралы шешімі. Бұл өте әділ әрі дер уақытында қолға алынған іс деп санаймын. Осы қызметкерлердің саланы дамытуға қосқан маңызды үлесін және олардың денсаулыққа ықтимал зиянын ескере отырып, мұндай адамдарға 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнайы әлеуметтік төлем беріледі деуі – құптарлық.
Мемлекет басшысы әр азамат тұрақты экономикалық дамудың жемісін сезінуі үшін ұлттық байлықтың әділ бөлінуін қамтамасыз ету керек дегенді талайдан бері айтып келе жатқанына куәміз. Мұндай әділдік пен тиянақты тәртіп, диалог мәдениеті, жауапкершілік пен ынтымақтастық қағидаттары –мемлекетіміздің тұрақты болашағын қамтамасыз етудің ең басты алғышарты.
Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды құру үшін саяси және экономикалық реформалардың маңыздылығына тоқтала келіп, бірінші кезекте қоғамдық сананы өзгертудің өзектілігін жеткізді. Азаматтардың, әсіресе жастардың бойында патриоттық сезімді, білім алуға деген ұмтылыс пен құштарлықты, еңбекқорлықты, тәртіпті қалыптастырудың артықшылығына үміт артты. Қоғамдық құндылықтардың ортақ жүйесін қалыптастыру үшін жауапкершілікті арттырмай болмайтынын қадап айтты. Осыған байланысты Президент Әділетті Қазақстан тұжырымдамасымен тығыз байланысты Абайдың «толық адам» туралы ілімін де атап өтті. Қазақ топырағында өмір сүріп жатқан әрбір отандасты елімізді мықты әрі табысты ету үшін туған жерімізді көркейтуге және дамытуға, байлықты қорғауға шақырды.
Зейнеп БАЗАРБАЕВА,
ҰҒА академигі