• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Инновация 04 Қыркүйек, 2023

Astana Hub аймақтарға серпін береді

172 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында елімізді инновациялық жолмен дамыту үшін Астанада және Алматыда қажетті экожүйе қалыптастыруға мән беріліп отырғанын, бірақ мұнымен шектелуге болмайтынын баса айтты. Сондай-ақ халықаралық Astana Hub технопаркінің тәжірибесін аймақтарға тарату маңызды екенін жеткізді.

«Мен аймақтарға барған­да дарынды әрі ойы ұшқыр, яғни креативті азаматтармен үнемі кездесемін. Біз олардың өз әлеуетін толық ашуына жағдай жасауымыз керек. Аймақтағы жоғары оқу орындарының негі­зінде біртұтас инновациялық эко­жүйе құру қажет. Оны нақты сек­тормен тығыз ынтымақтаса оты­рып жүзеге асырған жөн. Бұл жұ­мысты әрбір облыс орталығында жүргізу керек. Astana Hub-тың тә­жірибесін кеңінен пайдаланған жөн», деді Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында.

Сондай-ақ Президент Қазақ­станды IT-елге айналдыруды және еліміздің Еуразиядағы тран­зиттік тораптық хаб ретіндегі позициясын нығайтуды тапсырды.

– Президент Жолдауда біз­дің электронды Үкімет пен фин­техті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қата­рын­да тұрғанымызды атап өтті. Отандық IT-саланың экспорт кө­лемі өткен жылдың өзінде бес есе өсті. Жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 500 млн долларға же­туі мүмкін. Бұл – факт. Сонымен қатар Мемлекет басшысы біздің алдымызға 2026 жылға қарай IT-қызметтердің экспортын 1 млрд долларға жеткізу жөнінде жаңа міндет қойды Бұған, әрине, ірі шетелдік IT-компаниялармен бірлескен кәсіпорындар ашу арқылы қол жеткізуге болады. Мемлекет басшысы жасанды интеллект технологияларын қол­данудың маңызын атап өтіп, білікті мамандарды даярлауға баса назар аударуды тапсырды. Біз бұл міндеттерге қол жеткізу үшін күнделікті жұмыс істейміз. Мен бұған дейін Astana Hub тәжірибесін өңірлерде қалай та­рататынымызды бірнеше рет айттым. Енді Президент біздің алдымызға нақты міндет қойды. Ол – нақты сектормен тығыз үйлестіре отырып, барлық облыс орталығындағы өңірлік уни­верситеттер базасында тұ­тас инновациялық экожүйе құ­ру. Мемлекет басшысының цифр­­ландырудың басшылық қа­­­ғи­даттарын заңнамалық дең­гейде бекітуді тапсыруы – біз үшін маңызды жаңалық. Бұл өте қисынды және уақтылы қа­был­данған шешім деп есептеймін, – деді Цифрлық даму, иннова­циялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрі Бағдат Мусин.

Сонымен Astana Hub тәжі­рибесін аймақтарға қалай тара­туға болады? Бұл сұраққа министр жауап берді.

– IT сектор – ең жылдам әлеу­меттік лифттердің бірі. IT сала­сының мамандары әдетте еш­қан­дай «аға-әпкесіз» өз күш-жі­гері мен білімі арқылы өседі. Сон­дықтан мен IT саласының мүм­кіндіктерін тек Астана­мен ғана шектелуін қаламаймын, аймақ­тарда да бұл саланы дамыту ке­ре­гін үнемі айтып келемін. Кез кел­ген адамның өз аймағында IT қа­уымдастық тауып, солармен ықпалдастықта жұмыс істеуге мүмкіндігі болуы керек. Ондай қауымдастықтар технологияға деген сүйіспеншілікті арттырып өмір траекториясын түбегейлі өз­герте алады. Өз тәжірибемізден мысал келтірейін. Жанболат – жас инженер-құрылысшы. Мұ­най компаниясында 4 жыл жұ­­мыс істеген. Ол тек өз елімізде ғана емес, әлемдік деңгейдегі қыз­мет­­кер ретінде де сұранысқа ие бол­ғысы келді. Оның пікірінше, IT әрқашан сұранысқа ие әрі мүм­кіндіктерін кең ауқымда жү­­зеге асыруға болатын сала. Жан­­болат IT саласының әртүрлі ба­ғы­тын зерттеумен айналыс­ты, өйт­кені оның жаны жаңа бе­лес­терді бағындыруды қалады. Өт­кен жы­лы Жанболат «Теch Orda» бағ­дарламасының гран­ты­на ие болды. nFactorial FullStack мек­­тебінде оқуын аяқтағаннан ке­йін ірі банктердің біріне жұ­мыс­қа орналасты. Әрине, Жан­бо­лат үшін бағдарламалау оңай бол­ған жоқ. Бірақ ол сәтсіздіктер мен қиындықтарға қарамастан, әлем­нің кез келген нүктесінен он­­лайн жұмыс істеуге және жа­һан­дық еңбек аренасында бәсе­кеге қа­бі­летті болуға деген талпынысы арқылы үлкен жетістіктерге қол жет­кізді. Осы жерде мен Tech­Orda­ бағдарламасына тоқ­тал­ғым келеді. Осы жоба аясын­да Жан­бо­лат сияқты білімге құш­тар жастар IT саласында жаңа дағ­дыларға ие болып отыр. Біз бағ­дарламаның екінші легін іске қосып жатырмыз. Онда әрбір қазақ­стандық кез келген өңірден IT-тех­нология бойынша тегін бі­лім ала алады, – деді Бағдат Мусин.

Биыл Цифрлық даму, инно­вациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрлігі 3 мыңнан астам грант бөлді. Бір грант­тық ваучер 600 мың теңгені құрай­ды. Бұл бағдарлама Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай 100 мың IT маман даярлау тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатыр. Өтінімдерді 18 бен 45 жас аралығындағы студенттер мен ересектер astanahub.com сайты арқылы бере алады. Еліміздің әр­бір азаматы мамандықты нөл­ден бастап игереді және бі­лік­ті­лігін арттыра алады. Өтініштер 2023 жылдың 11 қыр­күйегіне дейін қабылданады. Қосымша ақпаратты таңдалған IT мектептен немесе 2222 теле­фон нөмірі ар­қылы алуға болады. Бағ­­дар­ла­ма веб-әзірлеуді, 3D ди­­зайнды, бағдарламалық қам­та­масыз етуді, мобильді қосым­ша­­ларды, сон­дай-ақ Big Data және Blockchain сияқты басым бағыттардың то­лық спектрін қам­­тиды. Оқыту мем­лекеттік жә­не орыс тілдерінде жүр­гізіледі, оқу мерзімі 6 айдан 2 жыл­ға де­йін­гі аралықты қамтиды.

– Бүгінде IT саласында өз ор­нын тапқысы келетін мыңда­ған үміткер бар. Сондықтан біз оларға тек оқу бағдарламалары арқылы ғана емес, белсенді түр­де дамып келе жатқан 14 аймақ­тық хаб арқылы да көмек беруге дайынбыз. Олардың 8-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр: Abai IT Valley, Digital Jetisu, сондай-ақ Oskemen, Zhambyl, Kyzylorda, Jaiq, Turkistan, Aqtobe IT Hub. Тағы 6 аймақтық хаб ашылғалы жатыр. Бұдан бөлек қосымша іс-шаралар да өткіземіз (Pizza pitch, Speaker Talk) және олар­ға Digital Nomads, BNB Chain спикерлерін шақырамыз. 10 облыс Google Developers Group және басқа да әлемдік алпауыттармен ынтымақтастықта жұмыс істеуді бастады. Жалпы, өңірлік хабтар жұмысының нәтиже­ле­рі еліміздегі саланың жүйе­лі да­муы­на берік негіз қалайды. Өңір­лердегі тәжірибе қазірдің өзін­де оң нәтиже көрсетіп отыр. Қазірдің өзінде хабтарда бас­тапқы идеялары мен стартаптары бар жас және дарынды кә­сіпкерлер тәрбиеленіп жатыр. Олар оқудан кейін Астана хабта идеяларын әрі қарай жетілдіріп, масштабын ұлғайтып, жеделдету мүмкіндігіне ие болады. Сон­дай-ақ олардың тәжірибесі шетел­дегі серіктес бағдарламарлармен де ұштастырылады. Жыл басынан бері өңірлерден 54 жаңа компания тіркелді. Бұл – үлкен жетістік. Оның үстіне, біз екі жыл ішінде ІТ-қызмет экспорты­ның 10 есе артқанын және табыс көлемінің былтыр 333 млн дол­ларға жеткенін мақтанышпен айтамыз. Жоғарыда айтқан жетіс­тіктеріміздің нәтижесінде осы бағыттағы мемлекеттік саясаттың IT саласын дамытуға, инвестиция тартуға және IT өнімдерінің экспортын арттыруға оң әсерін тигізгенін үлкен сеніммен жет­кізгіміз келеді. Қысқасы, жұ­мыс жалғасады. Бұл салада әлі де үл­кен жетістіктерге жетеміз, – дейді министр.