Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектебінде өткен «World Robot Olimpiad-2023» әлем чемпионатында жас инженерлер теңізде және құрлықта қауіпсіздік пен тиімді логистиканы қамтамасыз етуге бағытталған инновациялық жобаларды ұсынды. Стартап авторлары цифрлық технологиялар арқылы әлемді жақсартуда заманауи мүмкіндіктердің көп екенін дәлелдеді.
– Өткен жылы әлем мұхиттарында 10 мыңнан астам контейнер су астында қалды. Олардың 1 500-нің бортында улы заттар болғандықтан, бұл жағдай экологияға үлкен қатер туғызды. Біз осы бағытта кемелерді құтқару жүйесін жасадық. Ол кемелерді жинап, Қазақстанның ең үздік нейрондық желілерін пайдалана отырып таратады. Жобаның мақсаты – жасанды интеллектті пайдалану арқылы теңіздегі логистикалық компаниялардың тиімділігі мен өнімділігін арттыру, – дейді сайыстың «Future Innovators» санатында екінші орынды иеленген Астана қаласындағы NIS IB шәкірттері, ACRS ақылды жүйесінің авторлары Әділет Аусарбеков пен Әлиәмір Құрманғазы.
Сонымен қатар балалар мұхиттағы қоқыстарды бақылауға көмектесетін цифрлық картаны таныстырды.
Тараз қаласындағы NIS-тің жас конструкторлары да еліміз бен әлемдегі экологиялық ахуалдың жақсаруына өз үлестерін қосуға ниетті. Ұшқышсыз жүзу аппараттары ның жүйесін 10-сынып оқушылары, чемпионаттың «Future Innovators» санатының үздіктер рейтингін бастап тұрған Аймер Кошмаметов пен Алияр Сағындықов ұсынды.
– Біз мұнайдың теңізге таралу жағдайын жиі естиміз. Алайда бүгінде теңізді тазартудың дәстүрлі әдістерінің тиімділігі аз. Каспий теңізінің 5 пайызынан астамында мұнай дақтарын көруге болады. Мұның басты себебі – мұнай көлігіндегі апаттар. Осындай қатерлі жағдайлар туындағанда мұнайдың теңізге таралып кетуін болдырмау үшін теңіз көліктерін роботтармен жабдықтауды ұсынып отырмыз. Төтенше жағдай кезінде бұл дрондар фондық тосқауыл жасап, кемені қоршайды және арнайы техника келгенге дейін мұнайдың суға таралып кетуіне жол бермейді, – дейді жоба авторлары.
Алматы қаласындағы химия-биологиялық бағытындағы Зияткерлік мектептің 9-сынып оқушылары, «Future Innovators» санатының үздіктер рейтингіне енген Дархан Қарақұлов пен Дінмұхамед Көшербаев теңіз логистикасын экономикалық тұрғыдан жақсарту идеясын қарастырып, роботтехника мен бағдарламалауды түйістірген «Автоматтандырылған порт краны» жобасын әзірледі. Болашақ ғалымдардың айтуынша, жоба порттар мен теңіз логистикасындағы операциялардың қауіпсіздігін жақсартуға және қамтамасыз етуге бағытталған. Ол контейнерлерді тиімді және тез жылжытуға бағытталған автоматтандырылған кран үлгісін ұсынады. Бұл жұмыс уақытын қысқартумен қатар еңбек шығындарын азайтып, порт қызметінің жалпы өнімділігін арттырады.
«World Robot Olimpiad-2023» ұлттық чемпионаты қорытындысына сәйкес, республикамыздың барлық өңірінен келген қатысушылардың ішінен топ жарып 24 команда жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан табылса, 32 топ үздіктер рейтингіне кірді. 1-орынға ие болған командалар биыл қараша айында «World Robot Olimpiad-2023» әлемдік олимпиадасына қатысу үшін Панама еліне аттанады.
АЛМАТЫ