• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Инфографика 05 Қыркүйек, 2023

Үш банк: үміт пен күдік

301 рет
көрсетілді

Апта басынан бері ішкі қаржы нарығы «елге шетелдік үш банк келуі мүмкін» деген хабардан толқып кетті. Таратып айтсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Жолдауында банк­тер корпоративтік несиелеу тұрғы­сында, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен санаулы ғана ірі банктер айналысатынын атап өткен болатын. «Сондықтан осы саладағы бәсекелестікті арттыру мақсатында шетелдік сенімді үш банкті елге тарту керек», деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кезекті бір Үкімет отырысынан кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбіл­қасымова журналистермен кездесіп, сол арада  банктеріміздің  шетелдік банктердің бәсекелестігіне төтеп бере алатындығы тұрғысында пікір білдіргені бар-тын. Төрағаның айтуынша, бәсекелестік ресурстардың қолжетімділігін арттыруы жағынан ғана болуы мүмкін. Бірақ біздің банктер ресурстардың қолжетімділігі өкпелетпейтіндей жағдайға жақындап келе жатқандығын ескере кеткеніміз жөн.  

Банктің тұрақтылығын және бәсекеге қабілеттілігін оның цифрландыру деңгейі анықтайды. Біздің банктердің цифрландыру деңгейі посткеңестік мүше елдермен салыстырғанда көшілгері. Мұны алыс-жақын шетелдерге шыққанда талай рет көрдік.

Агенттік төрағасы айтып өткендей, жаңа банк келсе, бірінші кезекте базалық мөлшерлемеге, экономикадағы ақшаның құнына назар аударады. Содан кейін Ұлттық банк бекіткен ойын ережесіне бейімделеді. Егер қаржыландыру көзі «төркінінде» болса, онда әңгіме басқа.

Демек шетелдік банктер келсе, несие пайызы төмендеп кетеді деп үміттеніп қалуға болмайды.

Мемлекет басшысының «шетелдік сенімді үш банкті елге тарту керек» деген бірауыз сөзінен кейін сәуегей сарапшылар ішкі нарыққа кіретін банктердің «географиясы» мен «биографиясына» дейін нақтыланып қойғанын айтып жатыр. Кейбір сарапшылар бұл тізімде ресей­лік банктердің түсіп қалғанына сенім­ді. Себебі санкцияның қыспағында отыр­ған елдің қаржы институтын елге алып келу үшін біраз күш керек. ЕАЭО-да, тіпті Орта­лық Азия аймағында мықты ком­мер­ция­лық банктер жоқ. Ішкі болжам сол үш банктің кемі екеуі ҚХР банктері болуы әбден мүм­кін деген қисынға басым­дық береді. Се­бебі Қытайдың елдегі инвес­тициялық жо­ба­ларының беталысы әрта­рап­тан­дыры­ла бас­тады. Алдағы бірер жыл­да елде тір­келген Қытай банктері олар­ға қызмет көр­се­теміз деп «шаршап» қалуы да әбден мүмкін.

Мемлекет басшысының сенімді үш банк дегенді сеніммен айтуының да экономикалық себебі бар. Соңғы төрт жылда банктер іріленді, жаңа банктер пайда болды. Микро қаржы институттарының екінші деңгейлі банкке (ЕДБ) айналуы­на мүмкіндік берілді.

Президент ЕДБ-ге «табыстарыңды мемлекетпен бөлісіңдер дегенін өткен аптада қайталап тұрып тағы да ескертті. Себебі ЕДБ-нің ҰБ ноталарына қаржы салып, 10-17 пайызбен таза табыс тауып жүргенін, соңғы жарты жылда олардың табысы 2,1 млрд доллардан асып кеткенін сарапшылар талайдан бері айтып келеді. Бұл мәселені біз де газетімізде бірнеше рет көтердік.

ЕДБ-нің экономиканы несиелеу деңгейі 15-20 пайыздан аспай тұр. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50-70 пайыздың айналасында. Соңғы оншақты жылда ЕДБ біз сенетін жобалар жоқ десе, несие па­йызы жоғары, бізге «ұзын несие керек» деп жылайды. Демек, елдегі нарыққа келуге шешім қабылдаған үш банк біздің «еркетотай» банктерден «таяқ» жеп, елдеріне кері кетеді немесе Фридом банк сияқты төл банктердің табиғатымен интеграцияланып кетеді.

Біздің ішкі қаржы нарығына шетелдік банктердің келіп-кетуі жаңалық емес екені осыған дейін талай рет айтылды. Соңғы онжылдықта бірі келсе, бірі кетіп жатты. 2020 жылдың желтоқсанынан бас­тап әлемнің қаржы нарығында жұмыс істеп жатқан және орналасқан жері ДСҰ-ға мүше елдердің банктері елімізге келіп жұмыс істеуге және бұл құқықты кез келген банк пайдалануға құқылы.

Ұлттық банк Қазақстанға келіп, филиалын ашуға ниет танытқан шетелдік банктерге барлығы бес талап қоятынын осыдан бірер жыл бұрын айтқан. Ол банк бірінші кезекте қадағалаушы органының лицензиясына ие болуы керек. Бұған қоса 20 млрд доллардан кем емес сомадағы активтерге ие болуға міндетті. Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл банкте қаржының жылыстауына қарсы күрес шараларын дайындау тобында (FATF) болуы, ҰБ-пен резидент-банк шыққан елдің қаржылай қадағалаушы органы арасында келісім, алдағы 5 жылға арналған жылдық қар­жы жоспары болуы да міндетті. Көп көңілінде «несие алар кезде банк комис­сиясы төмендеп, депозиттердің сыйақы мөлшерлемесі жоғарылай ма?» деген сауалға сарапшылардың жауа­­бы мәз емес. Себебі, шетелдік банк­тер­ді қар­жы­ландырушы көз – Ұлттық банк. Демек, бас банк бұлар үшін банк маржасын төмендете алмайды. Демек, олардың ішкі нарыққа келуі банк сервисі, технологиясының жаңғыруына ғана септігін тигізеді.

Қазақстан қаржыгерлер қауым­дасты­ғының жетекшісі Елена Бахмутова шетел­дік банктердің Қазақстанға келіп, лицен­зияларға сәйкес жұмыс істеп жатқанын, ДСҰ-мен келісімдер күшіне енгеннен кейін банк филиалдары ресурстарды теңгемен ұсына алатынын айтады. Себебі осыған дейін ресейлік «Сбербанк» отандық банк­термен бірлесе, бәсекелесе жұмыс істеді, Halyk Bank және Kaspi сияқты ірі ойыншыларымыз халықаралық нарықтарға өз бетімен шыға бастады. Бірақ шетелдік банктердің бәрі елдегі несие пайызына өзгерістер енгізе алмады.

Сарапшы Ерлан Ибрагимнің айтуынша, шетелдік банктер ең алдымен баратын елінің ішкі мүмкіндігіне басымдық береді. Ішкі мүмкіндікке қуат беретін фактор – халық саны. Елге келіп, филиалын ашпақ болған банктер үшін халық саны 50-60 млн, оның көпшілігі 30-35 пайызы экономикалық белсенді азаматтар болуы керек. Біз бұл талапқа сай келмейміз. Содан кейінгі екінші мәселе бізде 100 млрд АҚШ долларынан асатын жергілікті жобалар аз. Ал елдегі ірі компаниялар біздің ЕДБ-нің көмегіне жүгінбейді.

«Біздің нарық бірінші кезекте Ресей Федерациясы, Қытай Халық Респуб­ликасы, Өзбекстанның банктері үшін тар­тым­ды. Себебі экономикада осы жо­ғары­дағы екі елдің үлесі салмақты. Егер ин­вес­тициялық тартымдылығымыз оңа­лып жатса, Орталық Азиядан қырғыз, түрік­мен банктері келуі мүмкін. Олар біздің банктік сервиске аса көп өзгерістер енгізе қоймайды», дейді сарапшы.

Содан кейінгі сарапшы айтқан екінші мәселе шетелдік банктер бірінші кезекте халық санына, оның ішінде экономикалық белсенді топтың үлес салмағына назар аударады. Бірінші талап – халық саны 50 млн, экономикалық белсенді топ сол халықтың кемі 30 пайызын құрау керек. Біздегі жағдай екі талапқа да сай келмейді. ЕДБ-нің несие қоржынында бизнеске бөлінген несие емес, тұтынушылық несие­нің салмағы басым. Соңғы мәліметтер бойынша соңғысының үлесі 60 пайыздан асып кетті. Бұл да елге ат басын бұрғысы келген шетелдік банктерді шошындыратын фактор. Сарапшының айтуынша, экономиканы несиелендіру – банктің күретамырының тынысын ашатын фактор. Ал бізде ішкі нарықта құны 100 млрд АҚШ долларынан асатын, жергілікті банк­тер қаржыландырған жобалар аз. Елдегі ірі кәсіпорындар қазақстандық қаржы институттарының көмегін қажетсінбейді.

Е. Ибрагим айтып өткендей, соңғы 20 жылда шетелдік қаржы институттарының келуі емес, кетуі жиірек байқалды. 2007 жылдары UniCredit итальяндық банкі өзінің Банк Austria Creditanstalt құрылымы арқылы сол кездегі үшінші ірі банк – АТФБанкті толығымен сатып алды.

Қаржы институтының баспасөз хабарламасында мәміленің құны 2,175 млрд доллар болғаны айтылған. Сол кезде UniCredit АТФБанктің көмегі­мен Ресей нарығындағы қатысуын кеңей­те алады. Өйткені сол тұстарда «Омбы облысында қазақстандық қаржы инсти­тутының филиалдары ашылды» деген хабарлар тарады. 2013 жылы UniCredit тобы АТФБанкті KNG Finance-ке сатып, Қазақстаннан кетіп қалды. Содан бергі 11 жылда батыс елдерінің жетекші банктері жетекші қазақстандық банктерді сатып алды деген хабар шыққан жоқ. Шетелдік банктердің Қазақстан нарығынан шығу себептерінің әртүрлі екені қазір сараланып жатыр. Бірі – бизнес құрылымын өзгертеді, енді бірі шығындарды азайтумен айналысады.

Е.Ибрагим айтып өткендей, біздің елге құрылымдық мәселелері бойынша ай­мақтағы кейбір озық елдердің тәжіри­бесін енгізуді қолға алатын кез келді. Бұл ретте бізге шағын, бірақ өте ашық экономикасы бар Гонконгке н­азар аударуға болады. Гонконгтің сауда­­ны дамыту жөніндегі кеңесінің құры­лы­мы біздің нарықтың табиғатына жақын. Бұл ұйым жыл сайын 40-тан астам ша­ғын және орта бизнес өкілдерін әлеует­ті на­рықтарға алып шығады. Кеңес сонымен қатар кәсіпкерлерге өздерінің сауда өкілдіктері арқылы шет елдердің бизнес қауымдастықтары мен мемлекеттік ұйымдарына кіруге мүмкіндік береді. Қазір қазақстандық шағын және орта бизнес секторына ішкі нарықтың мүмкіндігіне назар аудару керек», дейді Е. Ибрагим.

Кез келген қаржы институтының таби­ғаты экономиканы несиелендіруді құп көреді. Ал біздің жағдайымызда бұл қағида тұтынушылық несиеге ойысып кетті. Тіпті, олардың қалыпты деңгейден асып кетуі банк тәуекелінің деңгейін көтеріп жіберді.

Қаржы талдаушысы Сергей Полы­галовтың айтуынша экономикадағы белгі­сіздік­тер қазақстандық нарықтың инвести­ция­лық сипатына кері әсер етіп отыр. Эконо­мистің пайымынша, әлемдік пайыздық мөл­шерлемелердегі несиелік пайызды біздің нарық көтере алмайды. Себебі біздің елде тіркелген банктер біздегі ойын ережелерімен жүруі тиіс. Бұл фактор шетелдік банктерді әлеуеті жағынан отан­­­дық банктермен жана­ма түрде теңес­тіреді. «Біздің елге келген шет­елдік банк­тердің бизнес моделі бірін­ші ке­зекте есеп айырысу-кассалық қыз­мет көр­сетумен ғана ерекшеленуі мүм­кін» де­ген пікірді бұл сарапшы да қолдай­ды. «На­­рық­тағы шетелдік банктердің бәсеке­лес­­тік­­ке ықпал ету дәрежесі өте аз. Күні кеше­­ге дейін олар­­дың артықшылығы қыз­мет көр­сетудің айтар­­лықтай жоғары дең­гейі да­мыған IT болып келді. Қазір біздің банк­­тер­­дің ақпарат­тық технологиялық қуаты жоға­ры. Демек отан­дық қаржы институттары­на бәсе­ке­­лестік қысым қызмет көрсету жағы­нан болуы мүмкін деген қауіп сейілді», дейді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, батыс банктері әзірге әліптің артын бағып отыр. Әзірге бізге Азия аймағынан келуі мүмкін, олар­дың қаржылық күші мен әлеуеті біздің банк­термен деңгейлес. Демек бұл елдерден кел­ген қаржы институттары біздің банк­терге сервистік қызмет көрсету жағынан бәсе­келес бола алмайды. «Нарықтағы бәсе­келестік ойын ережесіне өзгерістер алып келеді. Бірақ біздің елге келемін деп кезек күтіп тұрған банктерді көріп тұрған жоқ­пын. Бізге қазір өзімізбен деңгейлес банк­тер емес, ғасырлық тәжірибесі бар мықты ойын­­шылардың келгені маңызды. Бірақ ішкі нарық оған әзірге дайын емес», дейді сарапшы.

ХХI ғасырдың тек адам капиталы үшін ғана емес, инвестиция үшін де күреске бағыт алып бара жатқанын байқау қиын емес. Сарапшылар шетелдік банктерді елде ұстап тұру үшін проценттік мөлшерлемені өзгертуі мүмкін дегенді жиірек айта бас­тады. Егер жағдай осы бағытпен жалғаса берсе, біздің банктер салымшыларынан айы­рылып қалуы да әбден мүмкін еді. Бірақ Ұлттық банк қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында шетелдік банктердің филиалдарын реттеу резидент банктерге қолданылатын қолданыстағы реттеуші тәсілдерге негізделетінін хабарлап, бұл мәселеге нүкте қойды. Осы кезге дейін жанкештіліктен қуат алып тұрған ашық бәсекені руханият саласынан жиірек көретінбіз. Енді жанкештілік сегментіндегі ойын ережесі қаржы нарығына қарай ойыса бастады. Тағы қайталап айтайық, ішкі нарық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «үш банк» деп үкілеп отыр­ған қаржы институты қай тараптан келе­ді» деген жауапқа сауал іздеп толқып тұр. Өйт­кені біздің банктер «Қазақстанға келсең кел, өз-өзіңе сенсең кел!» дейтін деңгейге жете қойған жоқ... Ал мемлекет банктердің еркелігін енді көтере алмайтынын әрбір шешімімен аңғартып жатыр... Енді өз-өзіне сенген банктер ғана ашық бәсекеде ойын ережесін өзгертуге әрекет жасайды...

 

АЛМАТЫ