Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында ең көп маңыз берілген су мәселесі болды. Мемлекет басшысы еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатқанын, су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұрғанын және аталған олқылықтың орнын толтыру үшін шұғыл шаралар қажет екенін айтты. Осыған орай, су мәселесін безбендеп көрген едік.
Жүрдек пойызбен Астанаға жол тартып барамын. Қуарған жазық дала. Айнала сондай сұрықсыз. Текке отырмай, кітап оқиын дедім. Алыс сапарға Сет М.Сигелдің «Су болсын» кітабын ала шыққанмын. Кітап мұқабасындағы «Израильдің сусаған әлемге берген амалы» деген жазуға бірден көзім түсті. Ойлап көріңізші, күн сайын су тапшылығы туралы түрлі жаңалық естиміз. Сөйте тұра себебіне үңілмейміз. «Судың да сұрауы бардың» мәнін «Су болсыннан» тапқан секілдімін.
Су тапшылығының алдын алмасақ, таяу арада әлем халқының 20%-ы, яғни шамамен 1,5 млрд адам су дағдарысының алғашқы құрбаны болмақ. Қазірдің өзінде 600 млн адам су тапшылығының зардабын көріп отыр. Суға мұқтаждықтан азық-түліктің қымбаттауы, қуат көзінің азаюы, жанар-жағармай бағасының шарықтауы, халықтың негізгі қажетіне қол жеткізе алмауы әлеуметтік толқуға әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Мұны былай қойғанда, ішерге су таппай қалуымыз ықтимал. Осы орайда аумағы тұтастай шөл даланы алып жатқан Израильдің сулы мемлекетке айналуы бәрінің таңданысын тудырады. Шын мәнінде, суға қатысты мәселеден ада, алаңсыз өмір сүру үшін Израильдің су шаруашылығындағы озық технологиясын меңгеру маңызды. Мәселенің байыбына бара бермейтін де шығармыз. Халық саны күн сайын артады, суға қажеттілік те ұлғая түседі. Бұл – табиғи заңдылық. Ал су ресурсының көлемі кемімесе, артпайтыны түсінікті.
«Су болсынды» оқып отырып, су көзінің азаюына әсер ететін негізгі факторларды атап көрсеткім келеді. Әлемде туу көрсеткіші кемігенімен, өткен онжылдыққа қарағанда, өмір сүру ұзақтығы едәуір артқан. Халық саны көбейіп қана қоймай, әл-ауқаты да өсіп келеді. Мысалы, кітаптағы мына бір деректерге сүйенсек, 2000 жылы әлемде 1,4 млрд орта тап өкілі болса, 2009 жылы 1,8 млрд-тан асты. 2020 жылға қарай әлемдегі орта тап өкілі 3,25 млрд-қа жетеді деп болжанған еді. Демек, суға деген сұраныс одан сайын артады. Ауқатты жандардың күнде суға шомылуы, хауызға су толтырып, бау-бақшасын суаруы, көлік, кондиционер, өзге де тұрмыстық құрал-жабықтарды пайдалануы секілді күнделікті әрекеттері де су мөлшерінің азаюына едәуір әсерін тигізеді. Жарты кг жүгері өсіруге қарағанда жарты кг сиыр етін алуға 17 есе көп су кетеді екен.
Ауқатты жандардың дәнді-дақылдар мен ақуызға бай тағамдарды жиі тұтынуы – түсінікті жайт. Осының бәрін есептесек, орта таптың суды көп пайдалануы су дағдарысын ушықтыра түседі.
Тұщы су қорының азаюына тағы бір себеп – судың ластануы. Халыққа ауыл шаруашылығы өнімдерін мол дайындау үшін егістікке түрлі тыңайтқыштар мен пестицидтер көптеп себіледі. Егістікті жайып суарудың кесірінен химикаттың көбі өзен-көлге ағып кетеді немесе жаңбыр жауғанда жерасты су қабатына сіңіп, ауыз суды ластайды. Қазба байлығын өндіруде жер қыртысын сумен бұрғылау әдісі кеңінен қолданылады, бұған да көп мөлшерде су қажет. Сондай-ақ жер қыртысын бұрғылауда химиялық реагенттерді шамадан тыс қолдану су көздерін ластап жатыр. Су көзі қалай ластанса да, оны қайтадан қалпына келтіруге көлемді қаражат керек. Кей жағдайда суды тазарту мүмкін болмай қалады.
Күн сайын әлемнің әр қаласындағы тесілген құбырлардан ұқыпсыздық пен бейғамдық кесірінен талай су ысырап болады. Елімізде су шаруашылығы кешені мен объектілерді күтіп ұстамаудан судың 50%-ы кәдеге жарамай, текке ағады. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қарамағындағы Су ресурстары комитетінің мәлімдеуінше, еліміздің су шаруашылығы кешеніне 473 бөген, 87,8 текше шақырымды құрайтын 331 су қоймасы, 125 су торабы, 3 392 канал және басқа да 1 667 құрылысжайлар кіреді. Комитет мамандарының айтуынша, оның көпшілігі 30-50 жылдан аса уақыттан бері еш күрделі жөндеу көрмеген. Жалпы, су шаруашылығы нысандарының 60%-дан астамы әбден тозған. Тозығы жеткен каналдардан егістік алқаптарына су жетем дегенше, жартысынан көбі құмға сіңіп кетеді. Жауапсыздық жалғаса беретін болса, апатты жағдайдағы су қоймалары ел экономикасы мен халық жағдайына ірі шығын әкелуі бек мүмкін.
Айтқандай, шетелде жаңбыр суын да заңдастырып қойғанын білемісіз? Мысалы, Израильде үйіңіздің шатырына шелек қойып, жаңбыр суын жинап алсаңыз, Үкімет меншігіне қол сұққанмен бірдей. Жаңбыр тамшысы жерге түскен сәттен бастап қоғам меншігіне өтеді. Демек, сіз «Су туралы» заңды бұзып отырсыз. Израильде суды қастерлеп үнемдеуді әркім өз парыз-міндеті деп санайды. Бала тәрбиесінде де суды қадірлеу мәдениетінің орны маңызды. Тіпті мектепте де оқушыларға суды қалай пайдалану, қалай жуыну керегі үйретіледі. Осындайда Израильдегі бір тұрғынның естелігі еске түсіп отыр. Ол бала күніндегі ваннада шомылған сәтін әлі күнге дейін айтып жүреді. Анасы жуындырып, денесін сүлгімен сүртіп, таза киімін кигізген соң, пластик шелегін алып, ваннадағы сабынды сумен ауладағы гүлдерін суаратын. Сөйтіп, анасына қарап, әр тамшы судың сұрауы барын санасына сіңіріп өсті. Суды қастерлеу үшін біз де этнопедагогиканы жаңғыртып, тәрбие мәселесіне көңіл аударғанымыз жөн.
Мәселені шешуде су қадірін білу мен тиімді пайдалану жеткіліксіз. Үйге таза су жеткізіп тұратын инфрақұрылым, су шаруашылығы қондырғылары тегін салынбайды. Әрі аталған нысандарды күтіп ұстау, жөндеу жұмыстарына да қаражат қажет. Израиль су басқармасы суды пайдалану деңгейін азайту үшін су бағасын көтеру тетігін әдейі қолданған. 2008 жылы елдегі әр адам тұтынған суының нақты құнын төлеуі керек деген заң күшіне енді. Яғни ешқандай қоғамдық ұйымдарға су тегін берілмейді. Баға тетігінің нәтижесінде күнделікті тұрмыста тұтынылатын су мөлшері 16%-ға төмендеген. Өз елімізде де су құнын реттеп, арнайы дербес есептегіш құралдарды пайдаланар болсақ, суды бейберекет қолдануды азайтар едік.
Израильдің инновациялық жетістігінің бірі – су есептегіштегі көрсеткішті қашықтан тексеру технологиясы. Аталған есептегіш құралға қосылған планшет немесе басқа да электронды құрылғылар арқылы үйдегі пайдаланылған су мөлшерін әр төрт сағат сайын біліп отыруға болады. Қандай да бір үйде, мемлекеттік мекемеде су қалыптан тыс мөлшерден асып кетсе, құбыр тесілген болуы мүмкін деп болжам жасалып, арнайы мамандар жағдайды дер кезінде реттейді. Аталған жобаларды іске асырып, түбегейлі өзгеріс жасау үшін елімізде арнайы су шаруашылығы мәселесін қарастыратын мемлекеттік құзырлы органның құрылғаны өте дұрыс шешім болды.
Израильдік су маманы Симха Бласс жас кезінде фермалардың бірінде қазылып жатқан су ұңғымасын тексеруге барғанда ағаштардың бірі өзгелерінен әлдеқайда биік екенін байқайды. Ағаштың бәрі бір уақытта, бір топыраққа егілгенін, күн сәулесі мен жауын-шашынның да бірдей түсіп, ауа райы да бірдей әсер ететіні анық. Жас ғалым айналаға қарап жүріп, металл су құбырынан ағаш түбіне су тамшылап тұрғанын көреді. Алайда «Басқа жұмысым да көп еді» деген оймен аса бір мән бермейді. Дегенмен де, өзгелерден биік өскен ағаш Симха Бластың есінен шықпай, әрдайым толғандыратын. Жасы 59-ға келгенде Бласс осы ағашқа қайта қызығып, зерттеу жұмысы нәтижесінде егін суару жүйесіне жарқын жаңалық әкеледі. Бұл кезде шаруалардың көбі егістікті тек жайып суаратын. Жайып суару әдісі өркениет пайда болғалы қолданылып келе жатқанымен, әдістің тиімсіз тұсы көп. Су өз бастауынан егістікке жеткенше біраз бөлігі буланып, қалғаны құмға сіңіп кетеді, яғни судың тең жартысы рәсуа болады. Өсімдік тамырына судың толық сіңуі үшін де көп мөлшерде су қажет. Өкінішке қарай, су тапшылығы байқалатын өңірлерде әлі күнге дейін осы әдіс қолданылып келеді. Жайып суаруға балама саналатын жаңбырлатып суару әдісін пайдалансақ, судың үштен бір бөлігі ысырап болады екен. Желдің әсерінен бүріккіштің теріс бағытқа жылжып кетуінен өсімдікке біркелкі су бармай қалады. Әрі күн ыстықта судың біразы жерге тамбай жатып, буланып кетеді. Тамшылатып суару әдісіне көшсек, су аз буланып әрі өсімдік тамырына тіке барады. Су үнемделеді, өнім көлемі мен сапасы артады, тыңайтқыштар тікелей өсімдік тамырына барады. Тамшылатып суару топырақ, ауа, су құрамының ластануын азайтып, экологияға қауіпті балдырлардан қорғайды. Жайып суару әдісі толассыз жаңбыр жауып, артынан ұзақ уақыт құрғақшылыққа ұласатын табиғи құбылысқа ұқсайды. Сол себепті тамшылатып суару егін шаруашылығы үшін таптырмас технологияға айналып отыр. Әрине, тамшылатып суаруға арналған қондырғыларды орнату қомақты қаражатты талап етеді. Дегенмен сол қаражаттың кейін еселеп қайтатыны анық.
Біздегі жағдайға тоқталсақ, бүгінге дейін трансшекаралық өзендердің мәселесін шеше алмай жатқанымыз белгілі. Су таласы бүгін шешілмейді. Территориямыздан орташа есеппен жыл сайын 100 млрд текше метр су өтсе, соның жартысы шағын өзендердің үлесіне тиеді. Демек, ішкі су жүйесінің де қуаты мол. Алайда шағын өзендер шаруашылықтың салдарынан құрып барады. Мұны 1981-1990 жылдары Су шаруашылығы және мелиорация министрі болған белгілі гидротехник Нариман Қыпшақбаев та растап отыр.
– Шағын өзендер адамдардың іс-әрекетіне өте жеңіл тиеді, кез келген жерден бөгет сала салады, кез келген жерден құрта салады. Алматының маңында қаншама шағын өзен болды. Сол қаптаған өзеннен Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Ақсай мен Есентай ғана қалды. Алматының үстінен өтетін 20 шақты өзеннен бүгінде үшеуі ғана бар. Өйткені арнасын бекітіп, топырақпен үстін жауып тастады, бәрін құртып, кафе, кеңсе салды. Үкімет шағын өзенге көңіл бөлуі керек. Көлдердің де жағдайы өте нашар. Көкше өңірінде Ақан сері әнге қосатын Сырымбет деген көл бар. Дөп-дөңгелек, айнадай тап-таза. Сол көлге таудың қары еріп, жылғалап құйылады. Бұл көлді адамдар не істеді? Жылғалардың үстіне апарып үй салды, жол салды, бәрін бітеп тастады. Содан кейін «Саумалкөл құрып, Сырымбеттің суы төмендеп жатыр» деп ойбайлайды. Нұра өзені де – ішкі өзен. Қарағанды, Теміртау, Абай, Саран қалаларының қалдық суларынан басқа Нұрада су жоқ. Таза суы Самарқан су қоймасына кетеді, ол суды Қарағанды металлургия комбинаты пайдаланып отыр. Өзеннің суын қойма ұстап қалады, босаған арнаға қалдық су құйылып жатыр. Оның жағасына барсаң, өзен емес, қалдық лас су ғана бар. Нұрамен тағдырлас өзендер өте көп, – дейді Н.Қыпшақбаев.
Шетелдік су тазарту технологиясына қайран қаласың. Израильде теңіз суын тұщы суға айналдыру технологиясы дамыған. Ал мұнда диқандар тұщы сумен қатар қалдық суды да алтындай көреді. Қалдық суды тазарту үдерісінен энергия өндіру де қарастырылып жатыр. Станоктағы қалдық судың бетінде жиналатын майдың өзі өнеркәсіпте қайта пайдаға жарайды. Қалдық су құрамындағы целлюлоз талшықтарын әжетхана қағазын жасауға қолданады. Екі түймелі унитаз орнату да – Израиль инновациясының жетістігі. Мұндай әжетхананы пайдалану арқылы күнделікті тұрмыстағы су шығынын 20%-ға азайтуға болады. Шетел тәжірибесіне үдере көшпесек те, мәселені сатылап реттеуге, озық технологияны ел шаруашылығында сынап көруге болады. Әлемде су жоқ емес, су бар. Тек тиімді пайдалансақ екен.
Айсұлу СЪЕЗХАН,
«Egemennіń» штаттан
тыс тілшісі