• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Руханият 05 Қыркүйек, 2023

Технология тілі

349 рет
көрсетілді

Тіл төңірегіндегі біраз азаматтардың «Қазақ технократтық ұлтқа, қазақ тілі технология тіліне айналуға тиіс» деп талмай айтып келе жатқанына да біршама жылдың жүзі болды. Содан бері не тындырылды? Қандай кемшілік бар? Саралап көрейік.

Біздіңше, оң өзгерістер жетерлік. Жетістіктің үлкені ретінде атақты аме­рикалық Apple корпорациясының қазақ тілін жүйелік тілдердің қатарына қосуын айтуға болады. Соның нәти­жесінде былтырдан бастап қолымызда жүрген iPhone смартфондары ана тілімізде сөйлеп шыға келді. Бірақ мұ­ның артында қыруар жұмыс жатқанын көпшілік біле бермейді. Алпауыт компаниямен толассыз келіссөз өткізу, тынымсыз жұмыс жүргізу айтуға ғана оңай.

Сол жолы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин «Бұл елімізде Apple пайда­ланушыларының саны артып келе жатқанын, ал қазақ тілі әлемдік кеңістікте жалпыға бірдей танылатынын көрсетеді» деп халықтан сүйінші сұрағаны есімізде. Екінші жағынан бұл Apple корпорациясының біздің нарыққа деген қызығушылығының белгісі екенін де ұмытпайық.

Сол секілді TikTok желісіне қазақ тілін қосу жұмыстары қалай жүргі­зіл­­геніне куәміз. Миллиардтаған қолда­ну­шысы бар әлемдегі ең танымал плат­фор­маның қазақшалануы жаңа мүмкін­діктерге жол ашары анық. «TikTok-тың қазақшалануы шынында да қуанышты жаңалық. Қазіргі уақытта елімізде қа­зақтілді қолданушылар санының өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Танымал қосымшаның мемлекеттік тілге көшуі қолданушылар үшін ыңғайлы болып қана қоймай, ана тіліміздің әлемдік деңгейде сұранысқа ие екенін мойындатып отыр» деген Бағдат Мусиннің пікі­рінде жан бар. Өйткені елімізде TikTok қолданушылары арасында қазақ тіліндегі контентке сұраныс артып отыр. Соны ескерген алып компания Қа­зақ­­­станнан арнайы офисін де ашқаны есімізде.

Мұның бәрі қазақ тілінің технология тіліне айналып келе жатқандығының жарқын мысалы. Ал мұндай мысалдар өте көп. Біз соның екеуіне ғана тоқтал­дық. Жалпы ІТ саласында жүрген маман­дардың пікірінше, қазақ тілінің мүм­кіндігі жоғары.

Еліміздің технология индустриясында жұмыс істейтін Techno Women компаниясының басшысы Әсем Нұрға­лие­ваның айтуынша, бұл салада қазақ тіліне деген сұраныс арта бермек. Өйткені қазіргі мектеп оқушыларының 75 пайыздан астамы мемлекеттік тілде білім алады. Демек, осыншама адам қазақ тіліндегі мазмұнға, жалпы өнімге сұраныс тудырады деген сөз. Біз осыған дайын болуымыз керек.

– Рас, қазақ тілі ІТ саладағы негізгі жұмыс тіліне айнала қойған жоқ. Бірақ түбі айналатыны даусыз. Өйткені қо­ғамда сұраныс бар. Сұраныстың нә­тижесінде ІТ салада қазақ тілді сарапшылар шыға бастады. Біраз жыл бұрын дәл осындай үрдісті банк секторынан да байқаған едік. Қазір ақпараттық технологиялар саласындағы оң өзге­рістерге куә болып отырмыз. Сон­дықтан жаңа технологияларға қатысты қазақ тіліндегі контентті көбейту керек, – дейді Әсем Нұрғалиева.

ІТ-технологияға бейімделген ER10 интернет басылымының басшысы Эль­нора Розмут та мемлекеттік тілдегі кон­тентке қызығушылық артып келе жат­қанын мойындады. Сондықтан компания қоғамдағы осы бір сұранысқа икемделе түскенін де жасырмады.

– Қазақ тілі технология тіліне айналсын десек, технологиялар мен стартаптар туралы материалдар жазатын авторларды көбейту керек. Бәлкім, ма­мандарды арнайы даярлаған да дұрыс шығар. Әсіресе журналистика факуль­теттерінен, ІТ университеттерден осындай мамандық ашқан абзал. Өйткені халық бұрынғыдай орысшадан немесе ағылшыншадан қазақшаға аударылған дүниелерге аса қызықпайды. Дұрысы – өзге тілдегі өнімге жалтақтамай материалды қазақ тілінде дайындап ұсыну, – дейді Эльнора Розмут.

«Қазақстан жасанды интеллект ака­демиясы» қоғамдық бірлестігінің пре­зиденті, Л.Н.Гумилев атындағы Еура­­зия ұлттық университетінің жасанды интеллект кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы Алтынбек Шәріпбайдың айтуынша, ұлтты сақтап қаламыз десек, қазақ тілін жасанды интеллектіге енгізу керек.

– Жасанды интеллект модельдері мен әдістері арқылы әзірлеген кез кезген интеллектуалды жүйемен табиғи тілде диалог жасап қатынасуға болады. Біздің елде мұндай тіл – қазақ тілі. Мен өзімнің шәкірттеріммен бірігіп жасанды интеллект және компьютерлік лингвистика саласында қазақ тілінің математикалық теориясын жасадым. Бұл салада білімім де, тәжірибем де жет­кілікті. Сондықтан жасанды интеллект саласында болжам және мәселенің шешімі жөнінде пікір айта аламын. Қазіргі жағдайдағы бір қауіпке келсек, ол жасанды интеллектінің салдарынан көп елдің тілі жойылып кетуі мүмкін. Жасанды интеллектіні кім алдымен жасады, кім өз тілін оған енгізді, тек сол тілдер сақталып қалады. Сондықтан егер қазақ тілі осы жүйеге іліксе және сондағы диалогтің бір құралы бол­са, онда ол мәңгілік жойылмайды. Бұл бағыттағы атқарылар жұмыс мемле­кеттің жаһандық, стратегиялық проблемасына айналды деп түсінемін, – дейді Алтынбек Шәріпбай.

Шынымен де, ғалым ғаламдық мәсе­лені айтып отыр. Бұдан біздің елдің сырт қалуға қақысы жоқ, әлбетте. Ендеше, қазақ тілінің технология тіліне айна­луына тер төгейік.