• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Байқау 04 Қыркүйек, 2023

Үздіктер анықталды

199 рет
көрсетілді

Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-прак­тикалық орталығы «Мен қазақша сөй­­леймін» акциясы барысында үздік шық­қан­дарды онлайн марапаттау рәсімін өткізді.

Іс-шараны ұйымдастырудағы негізгі мақсат – мемлекеттік тіл­дің қолданыс аясын кеңейту, қа­зақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту және мемлекеттік тілді мең­герген өзге ұлт өкілдерін ын­таландыру болса, байқаудың шарты – әрбір үміткер қазақ ақыны Мағжан Жұмабайұлының кез келген шығармасынан алынған мәтінді жатқа оқып, бейнематериалды әлеуметтік желіде жариялауға тиіс.

Байқау-акцияға еліміздің барлық өңірінен 200-ге тарта адам қатысса, олардың арасында орыс, түрік, әзербайжан, тағы басқа этнос өкілдері бар екен. «Әсіресе бұл іс-шараға Жам­был облысының тұрғындары ай­рықша белсенділік танытты», дейді ұйымдастырушылар.

Жоғарыда айтқанымыздай, әлеуметтік желідегі «лүпіл» саны жоғары үміткерлердің бейнематериалдарын қазылар алқасы саралап, салыстыра отырып, жүл­дегерлерді анықтады.

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Шоғы Мұңалұлы атын­дағы №5 жалпы білім беру орта мектебінің биология пәні мұға­лімі Абдуләзиз Мәжитов (суретте) бас жүлдеге лайық деп танылып, ақ­шалай сыйлыққа ие болса, Ал­маты облысы Қарасай ауда­ны Жібек жолы ауылдық округі Ә.Байсалбаев атындағы орта мектебінің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Нағима Әлиеваға бірінші орын бұйырды. Екінші орынды Шымкент қала­сындағы №41 Макаренко атын­дағы мектеп ұстазы Диана Қы­рықпаева мен Ұлытау облысы Жаңа­арқа ауданының зейнеткері Элла Ким Тян-Сен өзара бөліссе, Теміртау қалалық Тілдерді дамыту орталығының тыңдаушысы Дәния Калимуллова мен Сол­түстік Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкері Илья Масенко үшінші орынды қанағат тұтты.

Сондай-ақ 10 қатысушы ынталандыру сый­лығына ие болды. Бұдан басқа, мәнерлеп оқып, шеберлік көрсеткен көптеген қатысушы Тіл сая­саты комитеті төрағасының дипломымен марапатталды.