Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының педагогикалық шеберлік орталығында «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» атты ІІ республикалық форум өтті. Оған еліміздің әр өңірінен келген 180-нен астам жас мұғалім қатысты.
Биылғы форумның басты ерекшелігі – ауылда табысты еңбек етіп жүрген жас педагогтердің бас қосуы. Олардың бәрі ауылдағы білім берудің әлеуетін дамыту аясындағы жобаға қатысып жатқан тірек мектептерде жұмыс істейді. Білім беру жөніндегі жаһандық комиссияның Азия хабы бойынша комиссары Күләш Шәмшидинованың айтуынша, ауыл мектебінде жұмыс істеу – абыройлы міндет. Ал «Жас ұстаз» бағдарламасы кәсіби дамудың жаңа кезеңіне жолдама беріп отыр.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев форумға келген жас ұстаздармен бейресми кездесу өткізіп, еркін пікір алмасты. Ол мұғалім мәртебелі мамандық екенін атап өтті. Сондай-ақ министрліктің ауылдағы жас мұғалімдерге арналған «Болашақ» тағылымдама бағдарламасы туралы айтып берді. Бұған қоса шалғай елді мекендердегі мұғалімдерге халықаралық платформаларда жұмыс істеуге жағдай жасалатынын жеткізді. Биылдан бастап ауыл мектептері мен шағын жинақты білім беру ұйымдарын қолдау бойынша қанатқақты жоба іске қосылмақ.
Сонымен қатар «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин де жас әріптестеріне қарата салмақты ой қозғап, мұғалімдердің ынта-жігері жоғары болса, соғұрлым оң нәтижеге қол жеткізе алатынын айтты. Сөзінің соңын «Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда» деген мақалмен түйіндеді.
Форумның екінші күні де мазмұнды танымдық іс-шаралармен басталды. «Aitas KZ» холдингінің бас директоры, Білім беруді тұрақты дамыту қорының негізін қалаушы Серік Толықпаев пен «Qazaqstan Team» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Олжас Сүлейменов табысқа жетудегі өз тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ форум делегаттары суда жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жасөспірімдер арасындағы алғашқы Азия паралимпиада ойындарының жүлдегері Азамат Оразбекпен, ғалым-зерттеуші, «Mbionics» компаниясының негізін қалаушы Мәулен Бектұрғановпен, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, халықаралық жарыстардың жеңімпазы Мұхит Амантаевпен жүздесіп, пікірлесті.
Жиында жас ұстаздардың кәсіби шеберлігін шыңдау бағытында тиімді жоспарлау, функционалдық сауаттылықты қалыптастыру, эмоционалды интеллектіні дамыту, мұғалім жұмысындағы зерттеулер, оқытудағы саралау және бағалау тақырыптарына құрылған алаңдар жұмыс істеді. Мәселен, «Мұғалім жұмысындағы зерттеулер» тақырыбы киіз үймен ұштастырылды. Қатысушылар соның үлгісінде зерттеу сабағының жоспарын құрастырды. Шұғыла Қалиханова мен Күнсая Өтешеваның шеберлік сабағында жас мұғалімдер зерттеу жұмысын дайындау үдерісімен танысты. «Функционалдық сауаттылықты арттыру» тақырыбы алаңының бапкерлері Қаламқас Әбдікәрімова мен Талғат Мукутовтың пікірінше, педагогтің басты мақсаты – білімді тәжірибеде емес, өмірде қолдануы. Бүгінде функционалдық сауаттылық анықтамасына дағды мен тәжірибе, талдау және түсіну, стандартты емес өмірлік жағдайлар мен сыни тұрғыдан ойлау ұғымдары кіреді.
Мазмұнды іс-шара «Сәттілікке ие бол!» бірегей лотереясымен қорытындыланды. Бірегейлігі сол, барлық жеңімпазға Педагогикалық шеберлік орталығынан вебинарларға сертификаттар мен еліміздегі мұғалімдер армандайтын «Lesson box» қорапшасы табыс етілді.
Бүгінгі таңда Педагогикалық шеберлік орталығы еңбек жолын енді бастаған мұғалімдердің кәсіби дамуы бойынша ауқымды жобаны жалғастырып отыр. Орталықтың online.cpm.kz платформасында «Жас ұстаз мектебі» атты ашық онлайн-курс әзірленіп, әр өңірде «Жасампаз жас ұстаз» клубтары құрылды. «Шамшырақ» алаңы арқылы үздік жас педагогтердің тәжірибесі таратылады. «Бұл форум жас әріптестеріміздің әр мектептің стратегиялық ресурсы екенін дәлелдеді. Олар қазіргі таңдағы білім беруге жаңа идеялар мен жаңа шешімдерді енгізеді, балаға қолайлы атмосфера мен цифрлық білім беру ортасын қалыптастырады. Сонымен қатар форум табысқа жету жолында ең креативті және табысты мұғалімдерді біріктіреді», деді Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Жанбота Қабдыкәрімова.
Айта кетейік, бұл форум былтыр елордада алғаш өтіп, оның жалғасы барлық өңірдегі аймақтық жиындарға ұласқан еді.